Өркеннің көптүрлілігі
Өркен түрлері және өсімдік тіршілігінің ұзақтығы. Өркеннің өсу ерекшеліктеріне және оны түзетін вегетативтік мүшелері тіршілігінің ұзақтығына қарай өсімдіктер бірнеше түрге бөлінеді. Олар: 1) сүректі өсімдіктер; 2) шөптесін өсімдіктер; 3) жартылай сүректі өсімдіктер.
Сүректі өсімдіктердің жер бетіндегі және жер астындағы мүшелері толығынан сүректенеді. Сүректену дәрежесі және бұтақтану ерекшеліктеріне байланысты сүректі өсімдіктердің өзі ағаштар, бұталар, бұташықтар, жартылай бұталар болып төрт топқа бөлінеді.
Ағаштардың бөрікбасын түзетін жанама бұтақтарымен салыстырғанда ерекше көзге түсетіні - бойлап та, ендеп те қарқынды өсіп жетілген жалғыз негізгі діңі болады. Ағаштардың діңі бірнеше ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы тіршілік етеді.
Бұталардың ағаштардан басты айырмашылығы - негізгі діңінің болмауы немесе нашар жетілуі. Бұтақтануы тамыр мойынан басталып, бірнеше шағын дің жетіледі. Бұталарға бөріқарақат, таңқурай, қарақат, қарлыған, серігүл, ырғай, орманжаңғақ, анар және т.б. көптеген өсімдіктер жатады.
Бұташықтар биіктігі шамамен 50 см-ден аспайтын орташа есеппен 10-30 см шамасындағы шағын сүректі өсімдіктер. Оларға нағыз қаражидек, ит бүлдірген, мүкжидек және т.б. жатады.
Шөптесін өсімдіктердің басым көпшілігінде күзде тіршілігін аяқтайтын шөптесін сабағы болады. Тіршілігінің ұзақтығына қарай шөптесін өсімдіктер бір жылдық, екі жылдық және көп жылдық деп үш топқа бөлінеді.
Бір жылдық шөптесін өсімдіктер өзінің тіршілігін бір вегетациялық кезеңде бастайды және аяқтайды. Бұлар көбіне мәдени өсімдіктер: астық дақылдары, ас бұршақ, қытай бұршақ, үрме бұршақ, жержаңғақ, кенепшөп, күнбағыс, зығыр және т.б.
Бір жылдық шөптесін өсімдіктердің қатарына эфемерлер де жатады. Эфемерлер шел және шөлейт аймақта жылдың қысқа қолайлы кезеңінде, ерте көктемде өсіп жетілуге бейімделген өсімдіктер. Бұлар ерте көктемдегі жауын-шашын ылғалын пайдаланып, өсуін ерте бастайды, сөйтіп, ыстық түсіп жер кұрғағанға дейін бірнеше аптаның ішінде гүлдеп, жемісін беріп, тұқым шашып үлгереді.
Кейде бір вегетациялық кезенде бірнеше рет ұрпақ береді. Мысалы, көктемшөп, крупка т.б. осындай қасиеттке ие.
Екі жылдық шөптесін өсімдіктерде бірінші жылы тамыры мен жертаған жапырақтары жетіледі де, екінші жылы сабағы өсіп шығып, гүл және жеміс береді, сөйтіп тіршілігін аяқтайды. Екі .жылдық өсімдіктерге мыналар жатады: сәбіз, қызылша, ақжелкен, аюкұлақ, түйетікен сияқты көптеген арамшөптер; жалбызтікен, меңдуана т.б. сияқты дәрілік өсімдіктер.
Көп жылдық шөптесін өсімдіктер алуан түрлі және жер шарының барлық табиғат аймақтарына кең тараған. Арктика мен Антарктика және биік тау жоталарында өсетін көп жылдық шөптесін өсімдіктердің жер бетінде жетілген бөліктері қар астында қалып, көктемде қар ери бастаған кезде оның толық жетілген өркені, гүл шанағы, кейбіреулерінің (альпі еңлікгүлі, супияздар, альпі қазтабаны, альпі сарғалдағы және т.б.) ашылған гүлдері өсіп шығады. Көп жылдық шөптесін өсімдіктердің бұл сияқты биологиялық ерекшеліктері қысқа вегетациялық кезеңге бейімделудің айқын белгісі.
Көп жылдық шөптесін өсімдіктердің алуан түрлі экологиялық түрлерін екі топқа біріктіруге болады. Олар: 1) жер бетіндегі бөлігі көп жылдық болатын және 2) жер бетіндегі бөлігі бір жылдық болатын топтар. Мұның бірінші тобына тропика мен субтропиканың көп жылдық шөптесін өсімдіктерінің басым көпшілігі жатады. Бұл өсімдіктердің көпшілігі қоңыржай климаттық белдеудің бөлме өсімдіктері (бегонияның, қазтамақтың, кактустың түрлері және т.б.) ретінде өсіріледі. Екінші топ негізінен қоныржай климаттық белдеудің дала, шөлейт, шөл аймақтардың көп жылдық шөптесін өсімдіктері. Бұлардың жер астындағы бөлігі көп жылдық болады да, ал жер үстіндегі бөлігі күзде тіршілігін аяқтайды. Жер астында қалған бөліктен жыл сайын көктемде қайтадан жер үсті бөлігі өсіп шығады.
Көп жылдық шөптесін өсімдіктердің бір тобы - эфемероидтар. Бұлардың жер бетіндегі мүшелерінің тіршілігі қысқа, вегетациясын ерте көктемде бастап, гүлдеп, жемісін беріп жаздың ыстығында тіршілігін аяқтайды. Жер астындағы мүшелері (түйнек, жуашық, тамырсабақ) қоректік заттардың қорын жинап, тыныштық күйге көшеді де күзгі ылғалды пайдаланып жас өркендер беріп, вегетациясын жалғастырады. Мысалы қызғалдақ, қазжуа, лапыз, бәйшешек және т.б.
Көп жылдық шөптесін өсімдіктер мен сүректі өсімдіктердің өмір сүру ұзақтығы, негізінен түрдің тұқым қуалаушылық ерекшеліктеріне және олардың өсетін ортасындағы экологиялық жағдайына байланысты. Көп жылдық шөптесін өсімдіктер орта есеппен 5-10 жыл өмір сүреді. Сонымен қатар 100 жыл және одан да ұзақ өмір сүретіндері де кездеседі.
Ағаштар, әсіресе жер шарының тропикалық және субтропикалық климаттық белдеулерінде ұзақ өмір сүреді. Африка баобабының 5150, ал айдаһар ағашының 6000 жылдық даналары бар. Ұзақ жасауы және биіктігі жағынан алып ағаштардың бірі - мамонт ағашы, бұл жабайы күйінде Калифорнияның тауларында ғана сақталған. Калифорнияда биіктігі 142 м, жуандығы (түбінде) 36 м болатын мамонт ағашы бар. Тез өсетін биік ағаштың бірі - эвкалипт, бұл жабайы күйіңде Австралияда кең таралған орман ағашы.