Биология пәнінен таңдау курс Антропология

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ ИНСТИТУТЫ















Таңдау курс

Тақырыбы: Антропология






Құрастырған: Нургазиева Г.Е., Баймуратова З.М. биология-химия,

Жумагулова А.С. география,

Алымкулова Н.А тарих пәндерінің мұғалімдері


Бағыты: жаратылыстану - математика












2015 жыл



Курстың білім мазмұнындағы құрылым: «Антропология» жалпы биологиядағы «Органикалық дүниенің эволюциясы» тарауының құрамды бөлігі.

Түсінік хат

Антропология ғылымы адамның ежелгі адам тәрізді маймылдардан шығып, осындай дәрежеге дейін көтерілуі биологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты деп түсіндіреді. Адам эволюциясына әсер еткен биологиялық факторлар: тұқым қуалайтын өзгергіштік, тіршілік үшін күрес, табиғи сұрыпталу. Алайда «саналы адам» түрінің пайда болуында әлеуметтік факторлар шешуші рөл атқарады. Олар: еңбек, сөз, қоғамдасып тіршілік ету, әлеуметтік заңдылықтардың қалыптасуы және т.б. Адам эволюциясында еңбектің рөлі зор. Адамның еңбек етуі еңбек құралдарын жасаудан басталады. Адамның маймылға ұқсас ата тегі еңбек құралын өзі жасап, оны бірте-бірте күрделендіріп, пайдаланып, өзінің тіршілік ортасына бейімделе келе түрлі морфологиялық және физиологиялық өзгерістерге ие болды. Мұның себебі: су тартылып, орман алқаптарының көлемі азайып, ашық далалы жерлер түсіп, ашық алаңқай жерлерде қоректерін тауып жеп, күн көре бастады. Ашық далада жауының көзіне бірден түсетін болғандықтан, олардан қашып қорғануға тура келді. Қоректік заттары өзгеріп басқа өсімдіктермен, майда жәндіктермен қоректене бастады. Осыған байланысты еңбек құралдары қажет болды. Ол құралдарды іздеп табу немесе жасау керек еді. Міне осының бәрі бірте-бірте екі аяқпен тік жүріп қозғалуды қажет етті. Тік жүру адамның дене құрылысын біршама өзгертті. Бүкіл салмақ омыртқа жотасына түскендіктен, оған солқылдақтық қасиет беретін иілімдер пайда болды. Аяқтың басы жүруге серпімділік беретіндей болып өзгерді, жамбас қуысы кеңейді. Қорегінің өзгеруіне байланысты жақ сүйектері кішірейді. Тік жүрудің нәтижесінде адамның екі қолы босап, қолдың көмегімен қоректік заттарын іздеп, тауып жеп, түрлі құрал-саймандар жасап, жауынан қорғана білді. Еңбек қоғамдасып тіршілік етуге бастама берді. Адам өз еңбегі арқылы табиғатты өзгертіп, оны тиімді пайдалана алатын дәрежеге жетті.

Курстың мақсаты:

- саналы адамның қалыптасу тарихы туралы оқушыларға түсінік беру, тарихи материализм және диалектикалық көзқарастарын қалыптастыру

Курстың міндеттері:

- адам эволюциясының әлеуметтік және биологиялық қатынастарын түсіндіру;

- онтогенездің негізгі кезеңдеріне қоршаған ортамен тұқым қуалаушылықтың әсерін, адамның жеке тұлғалық даму механизмі мен заңдылықтарын түсіндіру;

- адамның морфологиялық сипатына экологиялық факторлардың рөлі және оның популяциялық жеке тұлғалық деңгейін түсіндіру;

Мамандыққа дайындау

Медицина, психология, педагогика, социология, политология

Пәнаралық байланыс:

Зоология, анатомия, жалпы биология, география, тарих

Ұйымдастыру формалары:

Лекция, семинар, конференция, сарамандық жұмыстар, топ серуен, оқушылардың шығармашылық жұмыстары, рефераттар, ізденіс жұмыстары, ғылыми жобалар жазу

Курстың мазмұны:

І бөлім Кіріспе (2 сағат) Оқушыларға адам туралы ілімнің негізгі бөлімдерінің құрылымы мен принциптері туралы толық мағлұмат беріледі.

ІІ бөлім Антропогенез (эволюциялық антропология). Адамның жануарлардан пайда болғанына дәлелдемелері (5 сағат) Адамның жануарлар дүниесінен алатын орны туралы толық түсінік қамтылады.

ІІІ бөлім Адам эволюциясының негізгі сатылары (5 сағат) Адам эволюциясының негізгі сатыларымен таныстыру арқылы оқушылардың тарихи көзқарастары қалыптасады.

ІV бөлім Адам қоғамының шығу тегі (3)

Қауымдастық-туыстық қоғамның пайда болуы, қоғамдық қарым-қатынастарды түсіндіреді.

V бөлім Адам морфологиясы. Адамның өсуі мен дамуы (7)

Онтогенез заңдылықтары туралы жас ерекшеліктері антропологиясымен, ата-тегін зерттеуді толық меңгертеді.

VІ бөлім Конституциялық антропология элементтері (3)

Конституцияның медициналық және экологиялық аспектілері, әртүрлі ауруларға ағзаның бейімделуі туралы білімдерін толықтырады.

VІІ бөлім Нәсілшілдік (этникалық антропология) (9) Дүниежүзі халықтарының антропологиялық құрамы, этнос ерекшеліктері, этностардың әртүрлі географиялық аймақтарда орналасуын анықтау арқылы білімдерін шыңдайды.

Күнтізбелік жоспар




1

6

Адамның шығу тегінің теориясы. Приматтардың табиғи сұрыпталуы нәтижесінің біртіндеп өзгеруіне байланысты шығу тегі теориялары

1

7

Ф.Энгельстің антропогендік еңбек теориясы

1

ІІІ

Адам эволюциясының негізгі сатылары

5

8

Австролопетиктер

1

9

Питекантроптар

1

10

Неандертальдықтар

1

11

Қазіргі заман адамдары

1

12

Қазіргі заман адамы және эволюциясы, адамның дамуы туралы әртүрлі көзқарастар

1

ІV

Адам қоғамының шығу тегі

3

13

Алғашқы қауым, алғашқы ұжымдық қоғамның пайда болуы

1

14

Қауымдастық - туыстық қоғамның пайда болуы

1

15

Неке және отбасы. Қоғамдық қарым-қатынастар. Діни мәдениет.

1

V

Адам морфологиясы. Адамның өсуі мен дамуы

7

16

Антропометрия, антропометриялық өлшемдер

1

17

Эмброгенездің негізгі кезеңдері. Мидың ұрық кезінде даму ерекшелігі. Оргоногенез.

1

18

Онтогенез заңдылықтары туралы жас ерекшеліктері антропологиясы

1

19

Ата-тегін зерттеу. Жас ерекшеліктеріне байланысты мінез-құлқы. Жеке даму кезеңдері

1

20

Ағзаның өсуі мен дамуына әсер ететін факторлар

1

21

Ер адамдар мен әйел адамдардың өмір сүру ерекшеліктері. Көп жасайтын адамдарға әсер ететін биологиялық және әлеуметтік факторлар. Биологиялық жас

1

22

Адамның дамуы және өсуін бақылайтын орта және тұқым қуалау факторлары; генетикалық бақылау, биогеографиялық, әлеуметтік-экономикалық факторлар. Урбанизация және өсу

1

VI

Конституциялық антропология элементтері

3

23

Жалпы және жеке конституция. Конституцияның анатомиялық көрінісі. Конституцияның медициналық және экологиялық аспектілері

1

24

Конституцияның медициналық және экологиялық аспектілері. Әртүрлі ауруларға ағзаның бейімделуі

1

25

Биоәлуметтік антропология мәселелері: Даун синдромы, ісік аурулары, сақау, саңыраулық, мутациялардың көрінісі - адамның жеке дамуының анатомиясы

1

VII

Нәсілшілдік (этникалық антропология)

9

26

Этникалық антропология пәні. Нәсіл туралы жалпы түсінік

1

27

Нәсіл белгілерінің пайда болуының негізгі белгілері

1

28

Ұлт және нәсіл. Нәсілдік жіктеу. Аз және көп нәсілдер

1

29

Нәсілдердің араласуы

1

30-32

Дүниежүзі халықтарының антропологиялық құрамы. Этнос ерекшеліктері. Этностардың әртүрлі географиялық аймақтарда орналасуы

3

33

Нәсілшілдік теориясының ғылыми тұрақсыздығы

1

34

Қорытынды

1






























Cабақтың тақырыбы: Тіршіліктің пайда болу тарихы.

Сабақтың мақсаты: 1. Оқушыларды тіршіліктің пайда болу тарихымен таныстыру.

2. Оқушыларға тіршіліктің даму тарихын түсіндіру арқылы, дүниетанымдарын арттыру.

3. Ізденіске тәрбиелеу.

Сабақтың пәнаралық байланысы: Тарих, география

Сабақтың түрі: кіріктірілген.

Сабақтың көрнекілігі: Геохронологиялық шкала (кесте), сурет.

Сабақтың әдісі: Сұрақ жауап, баяндау, кесте толтыру.

Ғаламшарымыздың биологиялық тарихы: Кайнозой. Жаңа өмір заманы (ұзақтығы 66 млн жыл)

Антропоген (төртінші) (1,8 млн жыл) Мұздық алаңның мезгіл-мезгіл кеңеюі. Қырымға және Еуропаның ортасына дейін жеткен 3-5 ірі мұз басу. Мұздыққа таяу климаттың ылғалдығы және мұздықтан алыс климаттың құрғақ болуы. Мұхит деңгейінің 80-120 м төмендеуі, суыққа төзімді формалардың (зілдер, жүндес керіктер, солтүстік бұғылары), шөл формаларының өте көп мөлшерде дамуы. Ірі жыртқыштар, шөпқоректілер және гоминидтердің пайда болуы. Жылы климатта гүлді өсімдіктер, мұздықтарда тундралық өсімдіктер және солардың аралығындағы қылқанды өсімдіктердің таралуы. Адамның жаралуы және пайда болуы. Жоғары жүйке әрекетінің (ойлау, ес) пайда болуы.

Неоген (үшінші) (25-1,8 млн жыл) Альпі, Карпат, Гималай, Кавказ таулары қалыптасты. Теңіздің тартылуы, Антарктиданы мұз басу, солтүстік жөне оңтүстік Америка арасында фаунаның алмасуы. Австралияда – қалталылар дүниеге келді. Жәндіктер мен өсімдіктердің түрлік құрамы қазіргі замандағыларға жақындаған. Жабық тұқымды өсімдіктер және сүтқоректілер: аю, мысық, керік, бұғы, жайлаң (жираф), жоғары сатылы приматтардың (адамтәріздестердің) үстем болуы. Австралопитектің пайда болуы. Тайга және тундра флорасы қалыптасуы. Адамтектес приматтарда қарапайым әрекеттің пайда болуы

Палеоген (66-25 млн жыл) Теніздердің сансыз көп көтерілуі және қайтуы, тау түзілу. Теңіздерде қосжақтаулы ұлулар, мүкденелілер, сүйекті балықтар тіршілік етті. Континенттік сукоймаларда құйрықты және құйрықсыз қосмекенділер, тәмсақтар (крокодил) болды. Құрлықта тасбақалар, кесірткелер өмір сүрді. Төменгі сатылы приматтар (лемурлар) өркендеді. Бунакденелілер алуан түрде кездесіп, жабықтұқымды өсімдіктер үстемдік етті. Өте ежелгі маймылдар (парапитектер), кұстардың осы заманғы тұқымдастары, тұяқтылар болды. Приматтардың миы жөне сезім мүшелері дамыды

Сүткоректілердің эволюциясы. Сүтқоректілерді өте ертеде мезозой заманында тіршілік еткен аңтісті жорғалаушылардан шыққан деп есептейді. Сүткоректілердің жер бетіне кең таралып тіршілік етуі дене құрылысының, жүйке жүйесінің күрделеніп, жылықандылыққа ие болуына байланысты жүрді. Ал жылықандылық түкті жамылғының болуы, жүректің төрт бөліктен тұруы, кіші жөне үлкен қанайналым шеңберлерінің түзілуіне байланысты қалыптасқан. Сүткоректілер үш класс тармағына бөлінеді: жұмыртқа салушылар, қалталылар және ұрықжолдастылар.

Мезозой заманының соңына жақын пайда болған ұрық жолдастыларды жоғары сатыдағы сүтқоректілер деп атады.

Бертін келе кайнозой заманында тіршілік еткен жәндіктермен коректенетін сүтқоректілерден приматтар отряды бөлініп шықты. Осы приматтар отрядына жататын адам төрізді маймылдардан биологиялық және әлеуметтік факторлардың әсеріне байланысты адам пайда болды.







Cабақ тақырыбы: Адамның шығу тегі.

Сабақтың мақсаты: 1. Оқушыларды адамның шығу тегі эволюциясымен таныстыру.

2. Оқушылардың шығармашылық, ойлау қабілетін арттыру арқылы тарихи ғылыми көзқарастарын қалыптастыру.

3. Жан-жақты ізденіске тәрбиелеу.

Сабақтың пәнаралық байланысы: Тарих.география

Сабақтың түрі: Семинар.

Сабақтың көрнекілігі: маймылдар миының және қолының моделдері, сызба-нұсқа, суреттер.

Сабақтың әдісі: Сұрақ жауап,баяндау, топтастыру.


Адамнын шығу тегі мен тарихи даму кезеңдерін, нәсілдік ерекшеліктерін зерттейтін ғылым саласы антропология деп аталады. Адам мен жануарлардың дене құрылысында көптеген ұксас белгілер бар. Швед ғалымы К.Линней өзінің "Табиғат жүйесі" атты еңбегінде адам мен маймылды сүтқоректілер класының өкілі ретінде бір туысқа жатқызған (1735). XIX ғасырдың бас кезінде француз ғалымы Ж.Б.Ламарк адамның жерде жүруге бейімделген маймыл тектес ата-тектен шықкандығын айтты. Ағылшын ғалымы Ч.Дарвин 1871 жылғы "Адамның шығу тегі және жыныстық сұрыпталу" атты еңбегінде: "Адам — тіршіліктің тарихи даму сатысындағы ең жоғары әрі соңғы буыны" деп көрсетті. Ол: "Адам мен адам тәрізді маймылдардың арғы ата тегі бір»— деген тұжырым жасады. Адамның жануарлар дүниесі жүйесіндегі алатын орны. Адамның жануарлар дүниесінің өкілі екендігі оның ұрықтық дамуы кезіндегі қалыптасатын белгілерінен айқын көрінеді. Ұрықтың алғашқы даму кезеңі — зигота бір жасушалы қарапайымдыларға ұқсаса, дамуының келесі бластула кезеңі вольвокске ұқсайды. Ұрық біртіндеп күрделеніп гаструлаға айналғанда, денесі екі қабаттан тұратын ауыз қуысы және ішек қуысы бар гидраға ұқсайды. Міне, осылай даму барысында ұрықтың құрылысы күрделеніп, мүшелер жүйесі калыптаса бастайды. Адам ұрығының дамуының алғашқы кезеңінде барлык хордалылар (желілілер) типінің өкілдеріндегі сияқты ұрықтық арқа жағында жүйке түтігі, оның астында хорда (желі), ал хорданың астыңғы ала ас қорыту мүшелері орналасады. Ас қорыту мүшелерінің алдыңғы кеңейген жұтқыншақ бөлімінің екі бүйірінде көптеген желбезек саңылаулары болады. Адам хордалылар типінің ішіндегі омыртқалылар тип тармағына жатады. Өйткені даму барысында омыртқа жотасы, екі қолы мен аяқтары қалыптасып, денесінің бауыр жағында жүрек, жүйке түтігінің алдыңғы жағынан мидың бес бөлімі түзіледі.

Адам сүтқоректілер класына жатады. Себебі алдыңғы мидың көлемі ұлғайып, құрылысы күрделенеді, балаларын сүтпен асырайды, тістері (азу тіс, ит тіс және күрек тістер), дене қуысындағы көкет, құлақ қалқаны мен ортаңғы құлақтағы үш дыбыс сүйектері (төс, үзеңгі, балға) тек сүтқоректілерге тән белгілер екенін керсетеді. Адамның да ұрығы анасының жатырында дамып жетіледі, ұрықтың қоректенуі ұрықжолдасы (плацента) арқылы жүреді. Адамның қолындағы бас бармақтың қалған 4 саусаққа карама-қарсы орналасуы және саусақтарда жалпақ тырнақтың болуы, бұғана сүйектерінің жақсы жетілуі, сәбилердегі сүт тістердің кейінірек тұрақты тістермен алмасуы адамның приматтар отрядына, оның ішіндегі адам тәрізді маймылдар отряд тармағына жататынын көрсетеді. Адам осы отряд тармағының таралуы маймылдар тобына жатады. Бұл топтан адамдар тұқымдасы бөлініп шығып, өз алдына адамдар туысын құрайды. Бұл туыстың қазіргі түрі — саналы адам (Homo sapiens).

Адамның жануарлар дүниесіндегі орны

Хордалылар типі омыртқалылар тип тармағы [pic] сүткоректілер класы ұрықжолдастылар класс тармағы приматтар (маймылдар) отряды [pic] адам тәрізді маймылдар отряд тармағы Адамдар туысы Саналы адам түрі

Адамның жануарлар дүниесінің өкілі екендігін дәлелдейтін рудименттік және атавизмдік белгілер бар.

Рудименттік деп ата тегінен қалған қалдық белгілерді айтады. Рудименттік белгілерге мысалы, соқырішек, құлақ айналасындағы бұлшық еттер, терідегі түктер, құйымшақ, т.б. жатады. Бұлар белсенді қызмет атқармайды.

Атавизм деп арғы ата-тектің белгілерінің қайталануын айтады. Ондай белгілерге сирек жағдайда байқалатын денесін қалың түк басқан баланың дүниеге келуі немесе көп емшектілік, құйрықты нәрестелердің туылуы мысал болады.

Антропогенездің биологиялық және әлеуметтік факторлары. Антропология ғылымы адамның ежелгі адам тәрізді маймылдардан шығып, осындай дәрежеге дейін көтерілуі биологиялық және әлеуметтік факторларға байланысты деп түсіндіреді. Адамэволюциясына әсер еткен биологиялык факторлар: тұқымқуалайтын езгергіштік, тіршілік үшін күрес, табиғи сүрыпталу. Алайда "саналы адам" түрінің пайда болуында әлеуметтік факторлар шешуші рөл атқарды. Олар: еңбек, сөз, қоғамдасып тіршілік ету, әлеуметтік заңдылықтардың қалыптасуы және т.б.

Адам эволюциясында еңбектің рөлі зор. Адамның еңбек етуі еңбек құралдарын жасаудан басталады. Адамның маймылға ұқсас ата тегі еңбек құралын өзі жасап, оны бірте-бірте үрделендіріп, пайдаланып, өзінің тіршілік ортасына бейімделе келе түрлі морфологиялық және физиологиялық өзгерістерге ие болды. Мұның себебі: су тартылып, орман алқаптарының көлемі азайып, ашық далалы жерлер пайда болды. Ағаш басында тіршілік еткен маймылдар енді жерге түсіп, ашық алаңқай жерлерде қоректерін тауып жеп, күн көре бастады. Ашық далада жауының көзіне бірден түсетін болғандықтан, олардан қашып қорғануға тура келді. Қоректік заттары өзгеріп басқа өсімдіктермен, майда жәндіктермен қоректене бастады. Осыған байланысты еңбек құралдары қажет болды. Ол құралдарды іздеп табу немесе жасау керек еді. Міне, осының бәрі бірте-бірте екі аяқпен тік жүріп қозғалуды қажет етті. Тік жүру адамның дене құрылысын біршама өзгертті. Бүкіл салмақ омыртқа жотасына түсетіндіктен, оған солқылдақтық қасиет беретін иілімдер пайда болды. Аяқтың басы жүруге серпімділік беретіндей болып өзгерді, жамбас қуысы кеңейді. Қорегінің өзгеруіне байланысты жақ сүйектері кішірейді. Тік жүрудің нәтижесінде адамның екі қолы босап, қолдың көмегімен қоректік заттарын іздеп тауып жеп, түрлі кұрал-саймандар жасап, жауынан корғана білді. Ендеше, қол — еңбек құралы ғана емес, ол — еңбектің жемісі. Ал еңбек — адам эволюциясының негізгі факторы.

Қоғамдасып тіршілік ету. Еңбек қоғамдасып тіршілік етуге бастама берді. Адам төрізді маймылдардың кейбір топтары енбек құралдарын жасай алмады. Ондай топтардың көбісі тіршілік ортасының қолайсыз жағдайларына төзе алмай немесе өздері сияқты басқа топтармен бәсекеде жеңіп шыға алмай, жер бетінен жойылып кетіп отырды. Бейімділік кабілеті жоғары топтар бірлесіп еңбек құралдарын жасап, аң аулап, қоғамдасып жауларынан қорғанып, өз балаларына қамқорлық жасап күн көрді. Топтардың үлкендері еңбек құралдарын жасау жолдарын және аңшылықтың әдістерін кішілеріне үйретті. Тәжірибе алмасу алғашында бір-бірімен ымдасу арқылы болса, бара-бара дыбыс шығарып белгі беру — сөз аркылы қарым-қатынас жасауға жол ашты. Қоғам мүшелерінің сөзі арқылы қарым-қатынас жасауы ойлау қабілетінің дамуына әсер етті. Бұл жағдай мидың одан әрі жетіліп, құрылысы мен қызметінің күрделенуіне себеп болды. Осы кезенде тіршілік еткен адамдарда жануартектес азықтармен қоректену нәтижесінде шайнау бұлшық еттері жетіліп, жақ сүйектері кішірейді, ішектері біршама қысқарды. Аң аулап, жыртқыштардан қорғануда отты пайдалану тиімді болды. Сонымен бірлесіп еңбек етудің нәтижесінде адамдар жануарлар табынынан бөлініп, өз алдына адамзат қоғамын қалыптастырды. Адам өз еңбегі арқылы табиғатты өзгертіп, оны тиімді пайдалана алатын дәрежеге жетті.

Кесте толтыру

Антропогенездің қозғаушы күштері




Сабақтың тақырыбы: Приматтар және адам эволюциясының негізгі кезеңдері

Сабақтың мақсаты: 1. Оқушыларды адам эволюциясының негізгі кезеңдерімен таныстыру.

2. Оқушылардың шығармашылық, ойлау қабілетін арттыру арқылы тарихи ғылыми көзқарастарын қалыптастыру.

3. Жан-жақты ізденіске тәрбиелеу.

Сабақтың пәнаралық байланысы: Тарих.география

Сабақтың түрі: Семинар.

Сабақтың көрнекілігі: маймылдар миының және қолының моделдері, сызба-нұсқа, суреттер.

Сабақтың әдісі: Сұрақ жауап,баяндау, топтастыру.

Приматтар (маймылдар) эволюциясы антропологиялық деректер бойынша, осыдан 30—35 млн жыл бұрын өте ертедегі жәндікқоректі сүтқоректілерден жануарлардың бір тобы бөлініп, приматтарға бастама берген. Приматтар жоғары сатыдағы сүтқоректілер болғандықтан, құрылыс ерекшеліктері едөуір күрделі, миы жақсы жетілген, көздері қатар орналасып, алға қарай бағытталған, аяқ башпайларында тырнақтары бар және емшектері екеу болған. Приматтардың бір тармағынан адам тәрізді маймылдардың ата тегі — парапитектер шыққан.


[pic] Дриопитек (З.Буриан бойынша)

Олар ұсақ жәндіктермен қоректенген. Олардың сүйектері мен тістерінің құрылысы адам тәрізді маймылдарға ұқсаған. Кейінірек парапитектерден қазіргі гиббондар мен орангутан және ертеректе жойылып кеткен дриопитектер тараған. Дриопитектер осыдан 25 млн жыл бұрын Азия мен Еуропаның оңтүстік аймақтарында, Африкада тіршілік еткен деген деректер бар. Олар алдыңғы аяқтарының көмегімен ағаштарға өрмелеп шығып, бұтақ- тан-бұтаққа секіріп, қоректерін тауып жеп күн көрген. Ауа райының салқындап, ормандардың оңтүстікке қарай ығысуына байланысты ашық далалы жерлер пайда болған. Маймылдардың кейбір топтары ағаштан түсіп, жерде тіршілік етуге көшкен. Түрлі мекен ету орталарына бейімделу барысында дриопитектерден 3 тармақ бөлініп шықты. Олардың біреуінен қазіргі горилла, екіншісінен шимпанзе, ал үшіншісінен адамның арғы ата тегі — австралопитектер пайда болған.


[pic] Австралопитек (З.Буриан бойынша)

Австралопитектер екі аяғымен тік жүрген, бойының биіктігі 100-120 см, дене салмағы 20-50 кг шамасында болған. Олар біздің ежелгі арғы ата тегіміз болып есептеледі. Австралопитектер ашық далалы жерлерде тіршілік етіп, өсімдіктектес және жануартектес азықтармен коректенген. Тістерінің құрылысы адамның тістеріне ұқсас болған. Еңбек құралы ретінде малтатастарды (галечник) және ірі тұяқты жануарлардың ұзын сүйектерін өңдеп пайдаланған. Миының массасы 550 г-ға жуық болған. Ғылыми мәліметтерге қарағанда кейінірек, шамамен, осыдан 2-3 млн жыл бұрын австралопитектерге қарағанда адамға жақындау тұрған ата-тек өкілдері өмір сүрген. Олардың миы біршама жақсы жетілген, массасы — 650 г. Малтатастардан алуан түрлі

құралдар жасай білген, аяқ-қол саусақтарынын орналасуы өзгеріп, адамдарға көбірек ұқсаған. Мұны ғылымда епті адам (Homo habUis) деп атайды.

[pic]

Питекантроп

(З.Буриан бойынша)





Адам эволюциясының кезеңдері. Адамның даму тарихы 3 кезеңге бөлінеді: ежелгі адамдар, ертедегі адамдар жөне қазіргі адамдар. Антропологиялық деректер бойынша, ежелгі адамдар осыдан 1 млн жыл бұрын өмір сүрген. Олардың қатарына қаңқа қалдықтары Ява аралынан табылған питекантропты, Қытай жерінен табылған синантропты және қалдықтары Германиядан табылған гейделъберг адамын жатқызады. Бұлардың жалпы сыртқы бейнесі адамға ұқсағанымен, маймылдарға тән белгілері басымырақ байқалады. Мысалы, қас үсті доғасы қалың әрі алға қарай шығыңқы, маңдайы тайқы, жақ сүйектері ірі, ал иегі шығыңқы емес. Миының массасы 800—1000 г шамасында, бойларының биіктігі 160-170 см. Олар үңгірлерде тұрып, отты пайдаланған. Топтасып аң аулап, тастан және сүйектен үшкірлеп, қашап құралдар жасаған. Ұстап өлтірген жануарлардың етін жеп, терісін сыпырып, киім ретінде пайдаланған.

Ежелгі адамдардың пайдаланған еңбек құралдары Қазақстан жерінен де табылған. Осы аталған ежелгі адамдарды бір топқа біріктіріп, тік жүретін адамдар (Homo erectus) деп атайды.

[pic] Неандертальдық адам (З.Буриан бойынша)

Ертедегі адамдардың бірнеше тобын ажыратады. Олардың ішіндегі жақсы зерттелгені неандертальдық адамдар. Бұлар осыдан 200 мын жыл бұрын Еуропа, Африка және Азияның оңтүстік аймақтарында өмір сүрген. Неандертальдық адамдардың бойларының биіктігі 160-165 см, аяқ-қол бұлшық еттері жақсы жетілген, миының көлемі ұлғайып, 1400 см3 шамасында болды. Олар бір-бірімен сөз арқылы қарым-қатынас жасап, қазіргі адамдарға көбірек ұқсаған. Еңбек құралдары күрделеніп өзгерген. Топтасып өмір сүрген. Еркектері бірігіп аң аулап, әйелдері мен балалары өсімдіктердің жемісін, тамырын жинап, тамақ пісірген, аң терілерінен киім тігіп киген. Ендеше, адамның даму тарихындағы

осы кезеңде биологиялык факторлармен қатар әлеуметтік факторлардың әсері де айқын байқала бастаған.

Ертедегі адамдар мен қазіргі адамдардың, яғни біздердің арамыздағы байланыстырушы буын - кроманъон адамы . Кроманьон адамын осы заманғы алғашқы адамдар деп атайды. Олардың қаңқа қалдықтары Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылған. Кроманьон адамдары осыдан 40 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олардың сүйектері кейін Еуропа, Азия, Африка, Аустралия және Қазақстанның да көптеген жерлерінен табылған. Бұлардың денесі ірі, бойлары биік 170-180 см, миының көлемі қазіргі адамдардың миымен шамалас — 1600 см3. Маңдай сүйегі тайқы емес, алға шығыңқы, қас үстіндегі қалың доға жойылған, көздері үлкен. Иегі алға қарай шығыңқы, бұл айқын сөз сөйлеудің жақсы жетілгенін көрсетеді. Еңбек құралдары алуан түрлі, өте жетілдірілген, үңгірлерде немесе өздері жасаған баспаналарда тұрған. Үңгір қабырғаларына салған түрлі түсті суреттер, қолдан жасалған ыдыстар, үй бұйымдары қол өнерінің жаксы дамығанын көрсетеді. Адам эволюциясының осы кезеңінде биологиялық факторлар өз күшін жойып, бұл кезеңде әлеуметтік факторлар негізгі рөл атқарып, саналы адам (Homo sapiens) калыптасты.

Берілген кестені толтырып, адам эволюциясының кезендеріне сипаттама беріңдер.


Адам эволюциясының кезеңдері

Өзгеріске көбірек ұшыраған мүшелер

Өзгеру

сипаты

Өзгерудің себептері

Австралопитектер

Ежелгі адамдар (синантроп, питекантроп, гейдельберг адамы)

Неандертальдықтар

Кроманьондықтар

Қазіргі адамдар





Сабақтың тақырыбы: Адам нәсілдері

Сабақтың мақсаты: 1. Оқушыларды нәсілдердің түрлерімен таныстыру.

2. Оқушылардың шығармашылық, ойлау қабілетін арттыру арқылы тарихи ғылыми көзқарастарын қалыптастыру.

3. Жан-жақты ізденіске тәрбиелеу.

Сабақтың пәнаралық байланысы: Тарих, география

Сабақтың түрі: Семинар.

Сабақтың көрнекілігі: әр нәсілдің суреттері, карта

Сабақтың әдісі: Сұрақ жауап,баяндау, топтастыру.


Бүкіл жер шарын мекендейтін, екі жарым мыңнан артық тілде сөйлейтін 6,2 млрд адамның барлығы бір ғана саналы адам (Homo sapiens) түріне жатады. Барлық адамдардың анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері бірдей, олардың тіршілік әрекеттері жалпы биологиялық заңдылықтарға бағынады. Соған қарамастан, тіршілік еткен табиғи орта жағдайларына бейімделудің нәтижесінде оларда алуан түрлі морфологиялық айырмашылықтар қалыптасқан. Атап айтқанда: дене бітімі, бет пішіні, терісінің түсі, шашының түсі мен бұйралығы және т.б. Міне, осы аталған ерекшеліктерге байланысты адамдар негізгі 3 нәсілге бөлінеді: негроидтік (қара нәсіл), еуропеоидтік (ақ нәсіл) және монголоидтік (коңырқай нәсіл)

[pic]

[pic]


Адам нөсілдері: 1 - еуропеоидтік, 2 - монголоидтік; 3 — негроидтік


Негроидтік нәсілге тән белгілер: терісінің түсі қара қошқыл, шаштары толқынды немесе бұйра, мұрындары жалпақ, танаулары кең, еріндері қалың, сақал-мұрттары өте сирек. Бұл аталғандардың бәрі ыстық климат жағдайларына бейімділікті сипаттайтын белгілер. Мысалы, терінің қара қоңырқай түсті болуы ультракүлгін сәулелердің зиянды әсерінен қорғайды. Шаштың қалың, бұйра болуы оның арасына ауа кіріп ыстық өтуден сақтайды. Негроидтік нәсілдің кеңінен таралған аймағы — Африка.

Еуропеоидтік нәсілдердің терісі ақшыл, шаштары аздап толқынды немесе тік, мұрындары ұзынша келген шығыңқы, танаулары тар, еріндері жұқа, ер адамдардың бетінде қалың сақал мен мұрт өседі. Мұндай белгілер климаты суық аймақтарға бейімделу барысында қалыптасқан. Мысалы, шығыңқы тар танаудың қуыстарында суық ауа жылынады. Еуропеоидтік нәсілдердің алғашқы шоғырланған аймағы Еуропа мен Азиянын кейбір бөліктері болса, қазіргі кезде олар дүние жүзінде кеңінен таралған.

Монголоидтік нәсілдердің терісінің түсі қоңырқай немесе ақшыл, шаштары қайратты, тік болады; еріндері мен мұрындарының көлемі орташа; бет пішіні жалпақ біртегіс, бет сүйегі шығыңқы, көздері қысыңқы болып, рудименттік (калдық түріндегі) үшінші қабағы айқын байқалады. Бұл ерекшеліктер аңызақ жел мен шаңнан, қара суықта үсуден қорғауға бағытталған бейімділік белгілер.

Монголоидтік нәсілдер, негізінен, Орталық Азияда, Индонезия мен Сібірде таралған. Әр нәсілдің өз ішінде кішігірім нәсілдер немесе нәсіл тармақтары болады. Мұндай кішігірім нәсілдер де басқаларынан өздеріне тән нақты бір белгілерімен ажыратылады.

Нәсілшілдіктің кертартпалык мәні. Нәсілдер туралы ғылым нәсілтану деп аталады. Нәсілдердің шығу тегі туралы ғылымда әр қилы тұжырымдар бар. Олардың шыңдыққа жақыны нәсілдер осы заманғы адамдар топтарының климат жағдайлары алуан түрлі аймақтарда мекендеп, бір-бірінен оқшауланудың нөтижесінде пайда болған деп түсіндіреді. Шын мәнісінде, тұқым куалаушылық пен өзгергіштіктің негізінде әр түрлі тіршілік ортасына бейімделуге байланысты қалыптасқан морфологиялық белгілер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп нығая түскен. Бүл жерде тұрақтандырушы сұрыпталу маңызды рөл атқарған деуге болады. Барлық нәсілдер эволюциялық дамудың бір деңгейінде орналасқан. Олар барлық биологиялық ерекшеліктері бойынша бір-бірімен тең. Нәсілдердің ақыл-есі, ойлау жөне сөйлеу қабілеті мен іс-әрекеттерінде ешқандай айырмашылық жоқ, бұл нәсілдердің бірлігін көрсетеді. Кейбір нәсілдердің экономикалық және мәдени даму деңгейінде айырмашылықтарының болуы әлеуметтік факторларға байланысты қалыптасқан. Соңғы кездегі қоғамдық қарым-қатынастардың дамуы мен миграциялық процестердің өсуі, нәсілдер арасында некелесудің мүмкіндігі бірте-бірте нәсілдердің оқшаулануы мен олардың арасындағы морфологиялык айырмашылықтардың азаюына себеп болуда.

Бірқатар елдерде кейбір ғалымдар нәсілдерді "жоғары" және "төмен" дәрежедегі деп бөліп қарастырады.

Еуропалық және америкалық нәсілшілдер өздерін "жоғары" нәсілге жатқызып, қалғандары "төмен" нәсілдің адамдары дегенді уағыздайды. Олар кейбір халықтардың әлеуметтік дамуының төмен болуын олардың ақыл-ойының жеткіліксіздігі, яғни биологиялық "сапасыздығы" деп көрсеткісі келеді. Мұның себебі, нәсілдердің шығу тегі бір емес: еуропеоидтік нәсіл неандертальдық адамдардан, монголоидтік нәсіл синантроптардан, ал негроидтік қара нөсіл тіпті ертеректегі австралопитектерден шыққан дейді. Сондықтан олардың дамуы да біркелкі болмаған, "қара нәсіл ең артта қалған төменгі топты құрайды" деп көп уақыт оларды кұлшылықта ұстаған.

Шын мәнісінде адам баласының қазіргі жағдайы оның экономикалық және мәдениет саласындағы жетістіктері кандай да бір жеке нәсілдің енбегі емес, ол көптеген ғасырларға созылған бүкіл адамзаттың іс-әрекетінің нәтижесі деп танылады.

Берілген кестені толтыру.

Нәсілдер

Морфологиялык ерекшеліктері

















Қолданған әдебиеттер:



  1. Ежелгі Қазақстан. Энциклопедия. Алматы, 2002 г.

  2. История Казахстана. С древнейших времен до наших дней. т. 1,2. Алматы, 1996 г

  3. Кляшторный С.Г. Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. Алматы, 1992 г.

  4. Нұрпейсов К, Аяғанов Б, Жақсылықов Н, Қазақстан тарихы. 11-сыныпқа арналған оқулық. Алматы, 1997 ж.

  5. Дарвинизм. Педагогикалық институттарға арналған оқулық. Алматы. «Мектеп» баспасы, 1973 ж.

  6. Қ.Құрманов. Қ.Б Физикалық география терминдері мен ұғымдарының орысша-қазақша анықтамалық сөздігі. Алматы «Рауан», 1993 ж.

  7. Бірмағамбетов Ә., Мамырова К. Физикалық география: Жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. Алматы, Атамұра, 2007 ж.