Сабақ жоспары Денсаулық-зор байлық (6-сынып)

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Мектеп: Атығай жалпы орта білім беретін мектеп

Сабақтың тақырыбы: Денсаулық – зор байлық

Мұғалім: Альжанова Салтанат Асылбековна

Сынып: 6 Оқушылар саны: 12

Құндылықтар: Ішкі тыныштық Қасиеттер: төзімділік, адалдық, пәктік


Мақсаты: - оқушыларға жан саулығының тән саулығына әсері туралы

түсінік беру.

Міндеттері:

- оқушыларға адам денсаулығына ой тазалығы мен таза ниеттің әсері туралы түсінік беру;

- оқушылардың жағымды ойлай білу қабілеттерін дамытуға ықпал ету;

- өзіне және өзгеге адал болуға тәрбиелеу.


Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Шаттық шеңбері

Сәлеметсіңдерме, оқушылар. Сендермен кездескеніме өте қуаныштымын. Сендерді шаттық шеңберіне шақырамын, әдеттегідей өлеңмен бастайық:

Дені сау адамға өмір – жұмбақ,

Кәусардай мөлдірейді көңіл бұлақ.

Кеуденің сәулесіндей көз жанары,

Тірліктен жайнап өтер небір шырақ.

Тыныштық сәті

Баяу мызыка ойнап тұрады.

Ыңғайлы және еркін отырыңыздар. Көздеріңізді жұмыңыздар. Өздеріңізді орманда жүрмін деп есептеңіздер. Жапырақ иісін иіскеп, құстар әнін тыңдап, орманда қыдырыңдар. Қыдырып жүріп, үңгірге жақындаңдар. Қабырғасын қолмен ұстап, тастың қаттылығын сезін. Үңгірдің қасында сарқырап су ағып жатыр. Соны тап. Судың аққанын және орман тыныштығын, құстардың әнін естуге тырыс. Осының барлығына ішкі жан дүниеңді аш: өзіңе ыңғайлы орынға отырып, тыныштықпен үйлесімге кел. «Иә» деген сөз барлық әсерге ие, осы сөзбен сіздің жаман көңіл - күйіңіз кетсін. «Иә» менің тамаша бүгінім мен ертеңім. Ішіңізден күлкіні сезіңіз. Өз өткеніңіз, ертең, бүгініңізге күлімдеңіз. Бұл күлкі жаңа ашылған раушан гүлі сияқты. Ол сіздің ішіңізде ашылып, бүкіл денеңізге хош иіс береді. Баяу көздеріңді ашыңдар. Демалғандарыңды сездіңдер ме?

Үй тапсырмасын тексеру

I топ – «Кока-коланың пайдасы мен зияны»

II топ – «Сағыздың пайдасы мен зияны» туралы шағын презентация әзірлеу.



Дәйексөз

«Сау дене, азат ақыл, адал көңіл – үшеуімен болады бақытты өмір».

Әйтеке би

  1. Дәйексөзді қалай түсінесіңдер?

Дәйексөзді барлығымыз бірге қайлап айтайық, содан соң дәптерге жазып алыңдар.


«Көп жасау, дені сау, бақытты болу – адамның өз қолындағы іс» демекші, өз денсаулығымызды бағалай білуді үйренейік, денсаулықтың қадірін сақтай біліңдер. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік».


«Бақыт құшағында» атты бейнесюжетке назар аударайық.


Әңгімелеу (мәтінмен жұмыс)

Мына бір аңыз-әңгімеге құлақ салыңдар.

Ертеде бір шаһарда мейірімді, дана қарт өмір сүріпті.Күндердің күнінде саудагерлер сату үшін шаһарға темекі алып келіпті. Шаһар тұрғындары бұрын көрмеген тауарды қызық көріп, саудагерлерді жапырлап қоршап алады.Саудагерлер:

  • Керемет жапырақ! Құдіретті жапырақ! Барлық ауруға ем болады! Алған да арманда, алмаған да арманда! Келіңдер! Дәмін татып көріңдер! – деп жар салады.

Дана қарт адам басын айналдыратын осы бір өсімдікті жақтырмай қалады. Ол жиналып қалған қауымға:

  • Алыңдар! Бұл «құдіреттің» басқа да пайдалары бар: темекі шеккен адамның үйіне ұры түспейді, ит қаппайды және де ол ешқашан қартаймайды,- депті.

Саудагерлер қуана кетіп:

  • Айтқаныңыздың бәрі рас. Бірақ «құдіретті» жапырақтың мұндай қасиеттері бар екенін сіз қайдан біліп қойдыңыз?! – деп, таң қалады.

  • Темекі шегетін адамның үйіне ұры түспейді, өйткені ұрылар түнде тыныш болғанын жақсы көреді. Ал темекі шегетін адам түнімен күркілдеп жөтеліп, ұйықтамайды. Көп ұзамай темекі адамның денсаулығын әлсіретеді де, адам тез қартайып, таяқпен жүруге мәжбүр болады. Таяқпен жүрген адамға қай ит жоласын?! Ол адам ешқашан қартаймайды, себебі жасына жетпей көз жұмады...

Аңырап қалған жұрт ойланып қалады...

Талдау сұрақтары:

  • Өзгелерге зиянды заттарды ұсынатын адамдар үнемі шындықты айта ма?

  • Кейбір адамдар неліктен темекіге,ішімдікке әуес болады?

  • Зиянды нәрселерден қалай бас тартуға болады?

  • Зиянды заттардың адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін білесіңдер ме?


1-тапсырма

Нақыл сөздерді өз ойларыңмен толықтырыңдар:

  • Тәртіп пен еңбек - ... кепілі.

  • Жақсы күлкі - ... сенімді белгісі.

  • Әдемілік - ... жемісі.

  • Сергек әрі жайдарман көңіл-күй - ... ең жақсы шипалы дәрі.

  • Ден шынықтыру ойындары ... жәрдем етеді.



2-тапсырма

  1. Темекі зақымдайтын адам ағзасының мүшелерін жазып суретін салыңдар.


Үй тапсырмасы:

Денсаулықтың он құпиясын талдау.

1- 6-

2- 7-

3- 8-

4- 9-

5- 10-

Қорытынды бөлім.

Түйіндеме

Салауатты өмір салтын сақтап, ұзақ өмір сүргісі келетіндерге кеңес:

  • Ұстанымың – салауатты өмір салты болсын және оны бұлжытпай сақта;

  • Денсаулығыңды жастайыңнан сақта;

  • Әркез мейірімді, ұстамды, сабырлы, ақылды бол, мазасыздық пен әбіржу жүрекке күш түсіреді;

  • Жақындарыңды құрметте, ақыл-кеңестеріне құлақ сал, - олар сенің өміріңдегі басты құндылықтар;

  • Өзіңе қызықты, рухани жақтан қанағаттандыратын іс-әрекеттерді таңдап ал;

  • Таза ауада көбірек болуға тырысып, дене еңбегімен шұғылдан,

  • Уайым-қайғыға берілме, көңіл-күйіңді түсірме;

  • Қалыпты нәрсенің бәрі денсаулыққа пайдалы, ал шамадан тыс нәрсе – зиянды;

  • Жаның мен тәніңді мұқият тыңдай біл, оны сезін, зертте, сырына үңіл, үніне құлақ сал.


«Жүректен жүрекке» шеңбері

Сабағымызды жүрекжарды тілектерімізбен аяқтайық. Барлығымыз шеңберге тұрып, шын жүректен бір-бірімізге денсаулық тілейік.