Асыл әжем,ақ әжем!(әжелер сайысы)

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Құрметті әжелер,аналар,балалар,8-наурыз аналар мерекесіне арналған «Асыл әжем,ақ әжем...» атты мерекелік сайысқа қош келдіңіздер!



Ана десем алғыс алам халқымнан,

Ана десем теңіз болам шалқыған.

Ана десем ашылады қабағым

Ана десем әділдікті ұғамын

Біз ғана емес

Қадір тұтқан бабалар,

Аналардан туған небір даналар

Ана деген тіршіліктің тірегі

Армысыздар қасиетті аналар!



-Ардақты аналар,мерекелеріңіз құтты болсын!Отбасыларыңызға құт-береке,бірлік,дендеріңізге саулық тілейміз!

--Ендігі кезекте,сайысқа қатысатын ақжаулықты әжелерімізді ортаға шақырамыз.Сайысымызды бастамас бұрын әділқазылар құрамын бекітіп,әжелерімізді сайыстың шартымен таныстырайық.

1-ші бөлім:«Мен,анамын,ұрпағын әлдилеген...»(өзін таныстыру)

2-ші бөлім:Ұлттық тағам(ас мәзірі)

3-ші бөлім:«Үйге нәресте келді...»

Әжелерге қойылатын шарттарымыз мынадай:

1) Нәрестені(қуыршақты)жаялыққа орау(уақыт беріледі)

2) Әженің әлдиі(әжелер немерелеріне нәресте кезінде айтқан әндерін,өлең немесе ертегіні есіне түсіріп орындайды.)

3) Нәрестеге байланысты ырымдар туралы айту.

4-ші бөлім:«Өнер сайысы»(немересімен бірге)

5-ші бөлім:«Жанкүйерлер сайысы»

Сайыстың 1-ші шарты бойынша әжелер өздерін таныстырады.

Әділқазылар әжелеріміздің бағасын саралағанша балаларымыздың тақпақтарын тыңдайық:



Нұрай Ж:Ардақтыда асыл жан анасыңдар,

Анасыңдар өмірде данасыңдар

Жер бетінде тіршілік бағын егіп

Ұлылықпен биік боп қаласыңдар!

Назерке: Сенен өскен балалар,

Батырлар мен даналар

Құттықтаймыз мейраммен

Құрметті аналар!

Амангелді:Ана десем алғыс алам халқымнан

Ана десем теңіз болам шалқыған

Ана десем ашылады қабағым

Ана десем әділдікті ұғамын.



Ән: «Көктем» хор

Сайысымыздың 2-ші «Ұлттық тағам»бөлімі бойынша әжелер дайындап келген ұллтық тағамдарын ұсынып,қорғайды.

-Балалар,бүгінгі тақырыбымызға байланысты мен сендерге

жұмбақ жасырғым келіп тұр.Шешуін таба аламызба екен?

Бала,бала,бала деп

Түнде шошып оянған

Түн ұйқысын төрт бөліп

Түнде бесік таянған

Бұл кім?

Балалар: ана,ана,ана

Жүргізуші:Әрине бұл біздің аналарымыз.Ана перзент тәрбиелеуші.Ендеше осы асыл аналарымызға арналған

балалардың тақпақтарына кезек берейік.

Дана: Пайдаланса уақытты

Біздер қыздар бақытты

Арманға жетер балалар

Аман болсын аналар!

Ерасыл:Мені жақсы көреді,күндей күліп жүреді,

Көп ертегі біледі,маған айтып береді.

Мен гүлдерді жұлмаймын,

Торғайларды қумаймын.

Айтқан сөзің тыңдаймын.

Апайымды сыйлаймын.

Айнель: Мерекені қарсы алып,

Мәз болады барша жұрт

Гүл ұсынып анаға

Берем өзім ән салып.

Айымхан: Ана біздің күніміз

Ананың біз гүліміз

Ұландарды қуантып

Ұзақ өмір сүріңіз.

Гүлсая: Еркелесе «күнім» дейді

Ұрысқаны білінбейді.

Маңдайымнан иіскеп мені

«Құлыншағым»,«күнім» дейді.

Уалихан: Шалқып тасып әніміз

Жадырасын жанымыз

Ана сені құттықтап

Әндетеміз бәріміз.

Ән: «Ақ мамам!» Айтбаева Ақерке







Сайысымыздың 3-ші бөлімі бойынша «Үйге нәресте келді»

1-ші шарты әжелерге нәрестені жаялыққа орауға уақыт беріледі



2-ші шарты бойынша әженің әлдиі(әжелер немерелеріне нәресте кезінде айтқан әндерін,өлең немесе ертегіні есіне түсіріп орындайды)

3-ші шарты бойынша нәрестеге байланысты ырымдар туралы айту.

Әділқазылар әжелердің ұпайларын саралағанша балалардың тақпақтарын тыңдайық.

Бүгінгі ертеңгілігімізге жиналған,сайысқа қатысып отырған құрметті де ардақты әжелерімізді ерекше атап құттықтаймыз!

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар»-деп халқымыз текке айтпаған,ендеше балаларымыздың әжелеріне арналған тақпақтарына кезек берейік.

Алихан Н: Менің әжем сабырлы

Табар дер кез ақылды

Менің әжем бауырмал

Жинап алыс жақынды.



Еркеназ: Сырқаттанса ақ әжем

Өзім емдеп жазамын

Әжесіне қолқанат

Мен ақылды баламын.



Дархан:Шақырса даладан,жүгіріп барамын

Әже деген,көп шығар

Әжемдей бірақ жоқ шығар

Мейірімді бұл кісі

Қандай әсем күлкісі.

Аружан: Құрт пен балын жинаған

Балаларға сыйлаған

Бұл әжемнің өмірі

Таусылмайтын жыр маған.

Балалардың орындауында «Орыс биі»

Сайысымыздың келесі 4-ші бөлімі бойынша

«Өнер сайысы» әжелер немерелерімен бірге өнер көрсетеді.

Әділқазылар ұпай санын есептегенше әжелер туралы тақпақтарымызды жалғастырайық.

Нұрдана: Ертек қандай көп еді

Күнде айтып береді

Қуанатын балаша

Әжем менің тамаша.

Асанәлі: Әжемді мейрамымен құттықтаймын

Айтатын ән беретін гүлім дайын

«Әжетай сені жақсы көремін»деп

Ақырын құлағына сыбырлаймын.



Байанас: Әжем маған базардан

Алма сатып әкелді

Ең үлкенін жақсысын

Маған таңдап әперді.

Өркен: Аналарды сүйеміз

Сөзін ойға түйеміз

Әжені де ардақтап

Әдеппен бас иеміз.

Ән: «Ана» орындайтын Гүлсая,Амангелді,Айымхан

Сайысымыздың келесі түрі «Жанкүйерлер сайысы»

Күні бүгінге дейін тәрбиелік мәнін жоймаған халқымыздың кейбір салт-дәстүрін,тыйым мен ырым сөздерін алып қарасақ,көтерген мәселесі бала жанына,зердесіне ізгілік,инабаттылық дәнін себеді.Сондықтан әжелеріміздің жанкүйерлеріне қоятын сұрақтарымыз бар.Әр әженің жанкүйерлерінен бір адамнан ортаға шығып,тапсырмаға жауап береді.

1 Бесікке байланысты ырым-тыйымдар:

Бос бесікті тербетуге болмайды. Бос бесікті тербеткен жаман ырым саналады.
Үйге келген адам бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген.
Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, аяқ астына тастауға болмайды. Қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым саналады. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға жорып, тек жақын туыстары қалап алып, жаңа түскен келіннің отауының төріне қойған. Бесікті ашық қалдырмайды, орап қояды. Бос бесіктің өзін анда-санда отпен аластап, жын-шайтаннан қорғаған.

2 Нанға байланысты ырым-тыйымдар:

Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Нан - дәм басы, онсыз өмір жоқ. Сондықтан да дастарқанға алдымен нан қойылады. Жерде жатқан нан болса, алып, адам баспайтын жерге қою керек.
• Таңертең нан ауыз тимей үйден шығуға болмайды. «Асығыспын, нан ауыз тиейін», «Ең құрыса, нан ауыз ти» деген сөздер бекер айтылмаған.
• Нанды төңкеріп қоюға болмайды. Нан - қасиетті дәм. Онымен ойнауға болмайды. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды. Кемтар адам ғана нанды бір қолмен сындырады.
• Нанды басып Құранды алуға болмайды, ал аяқтың астына Құранды қойып нанды алуға болады.

3 Сүтке байланысты ырым-тыйымдар:

Тойға немесе асқа қымыз әкелген сабаны біржолата сарқып босатпайды, түбінде міндетті түрде бір ожау болса да қымыз қалуы керек.
• Жерге төгілген ақты (сүт, айран) басуға болмайды. Сүт төгілген жерге тұз себеді. Іркітті ашық далада піспейді, құты кетіп қалады.
• Сауылған сүттің бетін ашып қоюға болмайды. Беті ашық қалса, шаң-тозаң немесе улы жәндіктер түсіп кетіп, сүтті бүлдіреді.
• Сүтті үрлеп ішпейді, майлылығы азаяды.
• Сүттен жасалған тағамдарды жерге түкіріп тастауға болмайды. Сүт тағамдарын жерге түкіріп тастау күнә болып саналады.
• Сүт сауатын шелекті су басына апармайды, құты кетіп қалады.
• Ақтың жуыңдысын адам жүретін жерге төгуге болмайды.
• Малдың бірінші сауымынан алынған майды асқа қолданбайды. Онымен босағаны, табалдырықтың жоғарғы бөлігін майлайды.

4 Отқа байланысты ырым-тыйымдар:

Отты шашуға, аттауға және басуға болмайды. Отты шашса, аттаса немесе басса, отбасының берекесі кетеді.
• Отқа түкірмейді. Қазақ халқында от қасиетті нәрсе болып саналады.
• Отты су құйып өшірмейді, өйткені оны қайта тұтату қиын болады.
• Түнде үйден күл шығармайды. Себебі күл төгілген жерді басуға тура келеді.
• Күл төгілген жерді басуға болмайды. Барлық жаманшылық күлмен кетеді, оны басу сол жаманшылықты үйіңе әкелгенмен бірдей.

5 Киімдер туралы ырым-тыйымдар:

Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Оң қолдан бастап киім кию жақсы ырым саналады.
Киімді желбегей жамылмайды, өйткені екі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылып жүреді.
Тозбаған киімді тастауға болмайды. Қазақ халқында тозбаған киімді тастау -жаман ырым. Егер адам оны кигісі келмесе, біреуге сыйлау керек.
Кір киімді киюге болмайды. Киімді әрқашан таза және ұқыпты ұстаған жөн.
Көпшіліктің алдында жалаңаш-жалпы жүруге болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.
Өте ұзын немесе қысқа киім киюге болмайды. Бұлай киіну адам жұмыс істеген кезде қолайсыздық тудырады.
Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса ұшып түседі.
Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Ер баланың киімін кию жаман ырым саналады.
Шалбар мен етікті тұрып киюге болмайды. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киетін болған.
Киімнің жағасын басуға болмайды. Киім жағасын басу жаман ырым саналады.
Жастық орнына шалбарды жастамайды. Шалбарды жастану настықтың белгісі болып саналады.
Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың бәрі адамның маңдайына жазылады, сондықтан да бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.
Аяқ киімді төңкеріп қоюға, теріс киюге болмайды. Өйтсе, адамның жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды.
Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ - жаулықтың, қара - қайғының белгісі болып саналады.
Бөтен адамға бас киім бермейді және айырбастамайды. Адам басы кемиді деп санайды.
Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.

6 Жөн-жосық туралы ырым-тыйымдар:

Жасы кіші болса да әкесі үлкен «Жолы үлкен» болып саналады. Яғни салт –дәстүрде жол, кезек соған беріледі.
• Қыз үйдегі келіндерден жоғары отырады. Қыздың ағаларынанда жоғары отыруға хақы бар. Өйткені «Қыздын жолы жінішке» дейді халық.
• Сәбиді бесікке салғанда жол құдағидыкі деп саналады немесе сол елдің әжесіне, ел

сыйлаған анаға береді. Бесікті отпен аластайды.
• Бата беру , ас қайыру қонақтардың намесе ақсақалдардың жолы үлкеннің үлесінде.
• Алыстан қонақ келсе, сол үйдің көршісі және ауыл ақсақалдары шақырылады. Сыйластық белгісі осыдан көрінеді. Алыстан келген қонаққа ауылдың үлкен-кішісі сәлем беруге тиіс.
• Үй ге келген кісіге «Кімсің?» демейді, оны төрге шығарып, қонақасы береді.
• Туған –туысқанына, еліне келгендер алдымен ауылдын үлкеніне түседі немесе соларға

сәлем береді.
• Көшіп келе жатқандарға «Көш оң болсын» деп ат жалдатып, дәм-тұз ұсынады.
• Байғазы, көрімдік, сүйінші сұрағандарды құр қол қалдырмайды. «Айттық» сұрағандарға айттық беру міндет.
• Үйге келген кісіге дәм ауыз тигізеді. Дәм қашанда достыққа, сыйластыққа шақырады.
• Үйге келген адам шаруасын тұрып айтпайды, отырып болған соң асықпай жеткізеді.
• Айпкер айыбын төлеп кешірім сұраса, қарсы жақ кешірім жасауға тиіс.
• Олжасын жолдасына ұсынады немесе бөліседі. Аты озып келгендер, күресте жыққан палуандар, женген ақындар алған бәсекесін елдің ақсақалдарына, үлкен шаныраққа байлаған.
• Жігіттің ата-анасымен танысуға келген қызға лайықты сый-сияпат ұсынады.
• Ауыр қылмыс жасағандар қатаң жазаланады намесе елден қуылады. Олардын артынан жұрт бір уыс топырақ шашады. Бұл- қылмысты қайта болдырмаудың жолы.
• Қонақ қондырмау, қонақ шақырмау ұлт дәстүрін силамайтын, жөн-жосықты білмейтіндердің ісі.
• Жетім баланын басынан сипау, жетімге көмек беру, қайыршыға садақа ұсыну, біліктілік пен адамгершіліктің белгісі.
• Қонаққа домалақ жілік, жамбастын құйымшағы салынбайды. Қазақ ұғымынды бұлар – кәдесіз. Қызға кәрі жілік ұсыну- әбестік. Ұзатылған қыздын күйеуіне төс тартылады. Ақты (сүт, айран,қымыз) жерге төкпейді. Малдың желіні кетеді.
• Елшіні өлтірмейді («Елшіге өлім жоқ» деген содан қалған).
• Тойға, қуанышқа құр қол бармайды. Той жасағандарға-«Тойхана», «сый-сиапат», мүшелі тойға –«сыйлық», үйлену тойына –«немеурін», құдалыққа –«киіт» апарады.
• Көшіп келген отбасына тұрғылықты жұрт «ерулік» береді. Көшкен отбасы коршілеріне «айырылысар көже» береді.
• Келген кісіге үй иесі окпесін айтпайды.
• Сәрсенбі – сәтті күн. Қазақ игі істерді қызық –қуанышты осы күні бастайды. Сейсенбі-сәтсіз күн. Сапарға шықпайды, іс бастамайды. Бейсенбі, жұма – исламның қасиетті күні. Бұл күні әр адам әруақтарды еске алады, дұға бағыштайды.

Әділқазылар бағаларын саралағанша ,аналарымызға арналған тақпақтарымызды жалғастырайық

Ильяс: Достықты біз ойлаймыз

Бірге күліп ойнаймыз

Қыздарды да құттықтап

Мерекесін тойлаймыз.

Ақерке: Құшағыңа кіргенде

Жылынамын бір демде

Не жетеді көзіңе

Мейірімді күннен де

Құттықтаймын анашым

Мейрамыңмен бүгінгі!

Манас М: Мейірімді сымбатты

Қадірменді қымбатты

Ең жақын жан балаға

Кім десеңдер ол-Ана

Нұрай К: Үн қатасың бал тілмен,

Еркелеймін әр күн мен

Құттықтаймын анашым

Сегізінші наурызбен.



Манас Д: Айналайын дегені

Жанға рахат береді

Көңіліңді табады

Әнді қалай салады.

Ән:«Мамама» орындайтындар: Нұрай К,Аружан,Манас Д

«Қыз өссе-елдің көркі»-деп,халқымыз тегін айтпаған.Расында да қараңдаршы ,балалар,біздің қыздар қандай әдемі,сүйкімді!Ұлдарымызда нағыз жігіттер.Осы жігіттеріміздің қыздарға арнаған тақпақтары бар екен,соған назар аударайық!

Алихан Х: Біз қыздарды тыңдаймыз

Итеріп қумаймыз

Бұрымынан тартқылап

Біз тентектік қылмаймыз!

Ғазиз: Қыздар айтса ұғамыз

Жолды беріп тұрамыз

Бақшаға олар келгенде

Алдарынан шығамыз!

Санжар:Тату-тәтті жүреміз

Біз қыздарды сүйеміз!

Әрқашанда оларға

Басымызды иеміз!

Барлық ұлдар топтың қыздарына гүл ұсынады.



Би «Аппақ гүлдер»

Сайысымыздың жеңімпаздарын анықтау үшін сөз кезегін әділқазыларға береміз.

Қайырымды қасиетті

Ең ардақты ақ әжем

Әрбір сөзі өсиетті

Баға жетпес,бал әжем

Аман-есен жүріңізші

Бар тілегім сол әжем-дей отырып,бүгінгі сайысымызды аяқтаймыз.



Хор:«Әжетайым»