Ересектер тобында өткізілген
«Айлакер түлкі» ертегісін сахналау конспектісі
Дайындаған: Урисбаева Гулмира Бердихановна, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
әкімдігінің білім бөлімінің «№54 «Айналайын» балабақшасы» мемлекеттік
коммуналдық қазыналық кәсіпорнының әдіскері.
Биримжанова Куляш Кадырбековна, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
әкімдігінің білім бөлімінің «№54 «Айналайын» балабақшасы» мемлекеттік
коммуналдық қазыналық кәсіпорнының тәрбиешісі.
Мақсаты: Ертегі арқылы балалардың тілін дамыту, диалогты сөйлеу қабілетін дамыту, сөздің эмоциянальдық мәнерлілігін түсіне білуге, кейіпкерлердің көңіл-күйлерін көрсете білуге, өздерінің рөлдерін іскерлікпен, шығармашылықпен орындауға үйрету,, ертегі арқылы балаларды достық сезімге тәрбиелеу.
Керекті құралдар: Ертегі декарациялары, әуендік көркемдеу, кейіпкерлердің костюмдері.
Тәрбиеші: Қош келдіңіз, қонақтар,
Өнерлі балалар бізде бар,
Балаларым дарынды,
Ойландырар бәріңді.
Жүргізуші бала: Өнерліміз бәріміз.
Көтерейік көңіл біз,
Түсіреміз есіңізге,
Ертегілер елін біз.
Тәрбиеші:Тату достар өздері
Күлімдейді көздері
Айлакер түлкі ертегісін
Көрсетеді өздері.
Рөлде ойнайтындар: Түлкі, әтеш, тауықтар, балапандар, аю, қонжықтар, қасқыр, төбет, сауысқан.
(Әуен ойналады.Балапандар үйшіктен шығып, үй жанында билеп жүреді)
«Балапандар» биі
Түлкі қумандап есіктен кіріп, тауықтардың арасымен жүріп, соңғы балапанды алып кетеді. Тауықтар шулап қоя береді.
1-ші тауық: Ой, сұмдық,сұмдық!
2ші тауық: Қу түлкі балапанымызды ұрлап кетті.
Балапандар: Ой, ой,ой ұрлап кетті.
Қораз есіктен кіріп залды айналып жүреді, тоқтайды: Не болды, не болды сонша шулап, шуламаңдар. Не болғанын түсіндіріп айтып беріңдер.
1-ші тауық: Түлкі бір балапанды алып кетті.
2 –ші тауық: Біз әзер дегенде құтылдық.
Қораз: Шуылдамай, тұра тұрыңдар. Бұған қандай амал жасасақ екен. Мүмкін аюға барып айтармыз. Ол бізге көмектесер.
(Тауықтар залды айналып, аюға келеді)
Аю үйшіктің артынан шығып қарсы алады.
Қораз, тауықтар балапандар: Сәлеметсізбе аю ағай! Біз сізге арыз айта келдік. Бізге көмектесе көріңіз!
Аю: Қош келдіңіздер! Ал арыздарыңды айта беріңіздер. Көмектесе алсам көмегімді аямаймын.
1-ші тауық: Түлкі бізге тыныштық беруді қойды.
2-ші тауық: Күнде келіп біздің бір балапанымызды алып кетеді.
Балапандар: Енді бізді де алып кетеді. (жылайды).
Аю: Сауысқан қайда ұшып жүр екен? Сауысқан, сауысқан сен қайдасың? Тез мында кел. (Сауысқан ұшып келеді)
Аю: Сауысқан, шақыр маған қу түлкіні!
Сауысқан: Жарайды аю аға, қазір шақырып келемін. (ұшып кетеді).
Аю: Мен қу түлкінің бұл жерге қалай тез келетінін білемін, ол көңілді болуды ұнатады.
Аю: Қонжықтарым келіңдер,
Қане би билеп беріңдер.
«Аюлар биі»
Би біткен соң, қонжықтар шығып кетеді де, аю қалады. Осы кезде қолтығында жастығы бар түлкі келеді.
Түлкі: Сіз мені шақырдыңызба аю мырза!
Аю: Әй, сен неге тауықтар мен балапандарға маза бермейсің, күнде балапан ұрлайтын көрінесің. Бұны қалай түсінуге болады.
Түлкі: Аюжан-ау, менің ойлағаным сіздің қамыңыз ғой. Арқаңызға сыз өтпесін деп, тауықтың жүнінен сізге мамық жастық әзірлеп жүр емеспін бе? Міне, аю алыңыз. Бұлар мұндайды ойлаушы ма еді. Мен сіздің тыныштығыңызды ғана ойлаймын. Бұлар болса, мені жамандап арыз айтқанды біледі.
Аю тауықтарға бұрылып: Сендер жала жауып жүр екенсіңдер ғой. Бара беріңдер. Қараңдаршы, түлкі қандай жақсы. Енді маған біреуді жамандап, арыз айтушы болмаңдар.
(Түлкі аюдың қолтығынан ұстап шығып кетеді)
1-ші тауық: Ой, енді қайттік, не істейміз?
2-ші тауық: Кімге барамыз, кімнен көмек сұраймыз?
Балапандар: Кімге барамыз, кімнен көмек сұраймыз?
Қораз: Жүріңдер қасқырға барайық, мүмкін көмектесер, әділдігін айтар.
Қораз бастап, балапандар залды айналып жүреді.
(Осы жерде декарация ауысады)
Қасқыр ағаштың түбінде жатып ән айтады.
Оттай жанған көзім бар,
Азулы өткір тісім бар.
Мен көкжал қасқырмын,
Қоянды қорқытып састырдым.
У-у-у-у-у-у-у-у-у
(Қораз тауықтармен залды айналып келіп тұрады. Қасқырдың қасына келеді)
Қасқыр: Не болды, неғып шулап жүрсіңдер?
Қораз: Сұм түлкі бізге күн көрсетуді қойды.
1-ші тауық: Сізден көмек сұрай келдік.
2-ші тауық: Балапанымызды ұрлап кетеді.
Балапандар: Енді бізді де ұрлап кетеді. (жылайды)
Қасқыр: Сауысқан-сауысқан қайдасың, жылдам кел. (сауысқан ұшып келеді)
Сауысқан: Қасқыр мырза! Мені шақырдыңыз ба?
Қасқыр: Сауысқан, тез қу түлкіні шақырып кел!
Сауысқан: Бұйрығыңызды орындауға дайынмын. Қазір шақырып келейін. (ұшып кетеді)
Қасқыр: Сендер қорықпаңдар, қу түлкі келген соң, оның сазайын өзім беремін. Көңілдеріңді көтеріңдер. Қане би билейік.
«Тауық пен балапандар» биі (көңілді әуен)
(Түлкі қумандап, залды айналып келіп тұрады)
Қасқыр: Сен, неге тауықтарға маза бермейсің, неге балапандарды ұрлайсың.Сенің жүрген жерің айқай-шу ғой.
Түлкі: Ойбүй, қасеке, менің ойлағаным сіздің қамыңыз емес пе? Тауықтар мен туралы өтірік айтады. Сіз тоңбасын деп, тауықтың мамығынан көрпе жасап әкелдім. Мә, алыңыз!
Қасқыр: Мынауың табылған ақыл екен.
Қасқыр тауықтарға бұрылып: Өй, шуылдақтар, неге өтірік айтасыңдар, мен түлкіге ғана сенемін. Арыз айтушы болмаңдар.
(Түлкі қасқырдын қолтығынан ұстап, қылмындап шығып кетеді.)
Қораз бен тауықтар: Бізге ешкім сенбейді. Қу түлкі қасқырды да алдап алып кетті.
Балапандар: Енді бізге ешкім де көмектесе алмайды.
Қораз: Жүріңдер төбетке барайық, ол бізге міндетті түрде көмектеседі. (залды айналып төбетке келеді)
Төбет: Ав,ав не болды?
Тауық, қораз: Түлкі бізге тыныштық беруді қойды. Барлық аңдардан көмек сұрап едік, ешқайсысы да көмектесе алмады. Не істерімізді білмей сізге келіп тұрмыз.
1-ші балапан: Аю да бізге сенбеді.
2-ші балапан: Қасқыр да бізге сенбеді. (жылайды)
Төбет: Жарайды, жақсы жыламаңдар! Мен сендерге көмектесемін. Біз күшті, көңілді болуымыз керек. Ол үшін бізге көңілімізді көтеруіміз керек. Осы ойын арқылы түлкіні жеңеміз.
(Төбет саусақпен ойын жүргізеді.)
Төбет:Ал, қанеки бірге жасайық.
1. Қатал мінезімізді көрсетейік
2. Ойланып көрейік.
3. Қалай ашуланамыз.
4. Қалай қорқытамыз.
5.Көңілді болайық.
Төбет: Міне сендердің қолдарыңнан бәрі келеді. Бір-бірімізбен дос болуымыз керек. Түлкіні жеңу үшін, сенімділік, бірлік керек. Бәріміз біріксек, бізді ешкім жеңе алмайды.
(Түлкі бұраңдап кетіп бара жатады)
Төбет: Әй, қу түлкі бері кел, сөйлесейік, сен неге тауықтарға маза бермейсің.
Түлкі: Төке, менің ойлағаным сіздің қамыңыз ғой, сізге мамық төсек дайындап жүрмін.
Төбет: Қу түлкі мені де алдамақшысың ғой! Енді тауықтар мен балапандар ешкімнен қорықпайды. Біз бәріміз біргеміз.
Қораз: Біз енді сенен де, басқадан да қорықпаймыз.
Тауықтар, балапандар: Сен бізді қорқыта да, алдай да алмайсың.
Түлкі: Кешіріндер, мені. Мен бәрін түсіндім. Енді ешкімге тиіспеймін, бәріңмен де дос боламын. Жақсы өмір сүру үшін бірлік, сенімділік, достық керек екен. Енді ешкімді алдамаймын.
Төбет: Түлкі уәдесін берді. Оған сенейік. Мүмкіндік берейік. Одан да бәріміз достық биін билейік.
(Барлық аңдар бірігіп, достық биін билейді. Би біткен соң, жарты шеңбер болып иіледі. Жүргізіші бала рөлде ойнаған балаларды таныстырады)