Доклад на тему: Балаға салт - дәстүр арқылы тәрбие беру

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


К.З. Аденбаева

«Снегурочка» сәбилер балабақшасы

БАЛАЛАРҒА САЛТ – ДӘСТҮР АРҚЫЛЫ АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕ БЕРУ


Нравственное воспитание через занятия по ознакомлению традиции и обычая казахского народа является важной частью воспитания ребенка в дошкольных учреждениях


Acquaintance with traditions and customs of Kazakh people is the main part for development of pre-school children


Заманымыздың өзекті мәселелерінің бірі-жас ұрпаққа патриоттық-адамгершілік тәрбие беру. Қазақстандық патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу тұрғысында елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Балаларға Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбие беру- мұғалімнің аса маңызды және жауапты да қадірменді парызы»,- дейді.

Патриоттық сезімді тәрбиелеудің бастауы-еліміздің рәміздерін құрметтеу болып табылады. Балалар ересектер тобында рәміздерді атауға үйренсе, мектепалды даярлық тобында оларды сипаттауға үйренеді. Балалар рәміздердің суреттерін отбасында, кітаптан, төлқұжаттан көргенде қазақша сипаттап бере алады.

Балабақшадағы балаға берілетін бүгінгі тәрбиенің еңбасты өзекті жері- ол ата -бабадан қалған асыл мұрамызды насихаттау болып табылады. Біз, яғни, болашақ ұрпақ тәрбиесімен айналысатын тәрбиешілер, халқымыздың таусылмас бай, асыл мұраларына жүгінсек, ұрпағымыз біздің іс-тәжірибемізден, ой-санамыздан, парасаттылығымыздан тәлім-тәрбие алуы тиіс. Тіл білген адам-мәдени, рухани жан азығы мол адам. Адамның ойы оның білімінен көрінеді, ал тілдің өзі адам психологиясын байытатын құрал. Сондықтан, балабақшадан бастап өз ана тілімізде сөйлеп, өз халқымыздың қадір-қасиетін, рухани құндылығымызды біліп өссек, болашақ ұрпақ та өз тілін қадір тұтады. Бала бойына Отанына деген сүйіспеншілік қасиет сәби шағынан бастап сіңеді. Тіліміздің құндылығы бала жүрегінде сақталады.

Өз Отанын, елін сүю, елінің патриоты болу- әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан әркімнің жеке басының ұлтына, түсіне және дініне қарамастан бір-біріне, салт-дәстүріне, мәдениетіне түсіністік танытуымен бірге жас буынның өз ата-мекеніне, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, мақтаныш сезімдерімен тәрбиелеу міндетті. Ұрпақ тәрбиесінің құралы да ұлт мәдениеті. Өйткені жас ұрпақ өзінің туған ұлтының мәдениетін жетік білмейінше, тілін, Отанын, жерін, ата-мекенін бар жанымен сүймейінше шын мәніндегі Отаншыл тұлға бола алмайды, әрі басқа ұлттың мәдениетін танып қабылдай алмайды. Көп ұлтты Қазақстан дербес мемлекет болғаннан кейін, оның келешекте дамуына жан-жақты, мәдениетті тұлғаны тәрбиелеу қажеттілігі туды. Көп түрлі мәдениет, әр түрлі салт-дәстүр, ғұрып, сан алуан аралас некелер ерекше қарым-қатынас негізін туғызып, бірлесіп тұруға үйретеді.

Адамгершілік – адамның бет-пердесін, талабы мен мақсатын, зердесін, кісілігін танытатын қасиеттер. Ал патриоттық, ұлтжандылық, Отанды, туған жерді сүю, қадірлеу, қорғау, өз елінің ұланы екеніне мақтаныш сезімдерін тудыратын асыл қасиеттер екені баршамызға мәлім. Олай болса, әрқайсымыздың ісіміз адамгершілік, патриоттық сезімдерін дамыту мақсатында, балаларды сол бағытта тәрбиелеуге зор үлес қосады.

Қазіргі заманда әрбір жас ұрпақтың өзінің ұлттық, әлеуметтік тегін зерттеу, өз шежіресіне деген қызығушылығы байқалады.Сондықтан, өз әулетінің тегін зерттеу кезінде балаға терең мағыналы қағидалардың мәнін түсіндіру өте маңызды:

  • әр адамның тамыры – отбасының, өз халқының тарихы мен салт -дәстүрінде, өлке мен елінің бұрынғы және осыған дейінгі тарихы;

  • отбасы -әлеуметтік ұйым, ұлттық салт- дәстүрлердің сақтаушысы;

  • отбасының бақыты – халықтың, қоғамның, елінің амандығы.

Біздің халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары енді ғана зерттеліп, жиналып, талданып, көпшілік оған енді ғана назар аудара бастады. Мұның тек рухани, мәдени жағы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақ тәрбиесіне де үлкен рөл атқаратынын естен шығаруға болмайды. Қазақ халқының осындай тәлім -тәрбиелік немесе әдет-ғұрыптарының мәніне терең ұғыммен қарап, сырын ашатын болсақ, одан көп ғибратты істерге қанық боламыз.

«Халық педагогикасынсыз педагог та жоқ, педагогика да жоқ», - деп К.Д.Ушинский тегін айтпаған.

Бұның халық педагогикасындағы, мәдениетіндегі, психологиясындағы көп салалы істердің елеулі тармағы екеніне көз жеткіземіз. Ең алдымен, жеті аталық ұстанымға негізделген бұл жол - қазақ халқының этнобиологиялық, этномәдени, этнопедагогикалық, этноәлеуметтік, ұлттық рухани тұтастығын қамтамасыз етіп отырған жөн. Отбасы мүшелерінің әлеуметтік рөлдері ел-жұрттың, ауылдастың, рудың, аталастың, әулеттің және үш жұрттың мүддесін, яғни, рухани тұтастығын көздейді.

Өз халқының тарихын және мәдениетін білу – баланың дүниеге келген күнінен басталады. Бала қазақ болып туылғанын, өзінің өлең төсегі - бесігінен сезінеді. Анасының әлдиін естіп, туған жерінің, туысқандарының, бауырларының аялауынан бойына жан азық, рухани байлық алады. Сәби өнегелі бала болып өсуі үшін үлкендер оған денсаулық және рухани кеңістікті әзірлейді. Яғни бала шырылдап дүние есігін ашқаннан бастап, халқымыздың ата дәстүрлері арқылы сусындайды.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,-деп Абай атамыз жырлағандай, балабақашада бүлдіршіндерге мынадай дәстүрлерді танытуға болады. Атап айтсақ,

Қырқынан шығару. Баланың туғанына қырық күн толғаннан соң оны ыдысқа қырық қасық су құйып шомылдырады. Сәбидің қарын шашы, тырнағы алынады. Баланы қырқынан шығарудың маңызы мынада: қырық күннен кейін бала ширап көз тоқтатады, құбылыс, дыбысты сезе бастайды.

Ит көйлек: жаңа туған нәрестенің алғашқы көйлегін «ит көйлек» деп атайды. Өйткені ол жөрмелеп, іліп қана тігіледі. Бала қырқынан шығарылғаннан соң, әлгі көйлекке тәтті түйіп, оны иттің мойнына байлап жібереді. Итті балалар қуып жетеді де, ұстап тәттісін бөліседі. «Ит көйлекті» баласы жоқ келіншектер ырым қылып алады. «Ит көйлек» атының шығуы халық итті «жеті қазынаның бірі» деп бағалағандықтан шыққан.

Бесікке салу: бесіктің сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор. Бесіктегі сәбидің бойы, қол аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан қорғайды. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап оған тұмар, бүркіттің тұяғын, үкінің қауырсынын тағып қояды.

Бесіктің жабдықтары: жастық, мамық жөргек, түбек, шүмек, қолбау, аяқ бау. Бесік қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтынбұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы, үлкен немесе елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне, әйелдерге тапсырылады. Олар бесікті отпен аластап «тыштыма» жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза зат жабылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар»,яғни кәделі сый беріледі.

Тұсау кесер- сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ала жіппен баланың аяғын тұсап, оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді. Тұсау кесердің жібін дайындаудың бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері де бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішігінен де өреді, адал болсын деп ала жіптен де жасайды.

Ашамайға мінгізу-сүндет той: 5 жастағы балаға жігіт болғанының белгісі деп қолына қамшы ұстатып, жасауымен ат мінгізеді. Ол енді азамат ретінде ата-анасымен, ата--әжесімен қатар мінген атына қарау керек(су, шөп, жем беру, баптау) сонымен қатар баланы сүндетке отырғызып, туған-туысқандары сыйлықтар сыйлайды, той ұйымдастырылады.

Тіл ашар, сырға тағу тойы: қыз бала 5-6 жасқа толғанда оның мектепке баруына байланысты ата-анасы әсем киім әперіп, той жасайды және құлағын тескізіп әжесі алтын сырға салады.

Бәсіре: Баланың есі кіріп оң-солын таныған соң, оған «бәсіре» тай атайды. Балаға оны көрсетіп оған күтім жасауды үйретеді. Бәсіре тайды күтіп-баптау баланың көңілін өсіріп, еңбекке ынталандырады.

Ас қайыру: Баланың тілі жетілген кезде үлкендер оған күнделікті тамақтан соң ас қайыру батасын үйретеді: «Басымызға жас берсін, үйімізге бақ берсін, ішкен-жегеніміз бойымызға сіңе берсін». Осы батаны қазақ баласы өмір бойы тәртіп талабы ретінде орындау қажет.

Балдырғанның сыпайылық сөздері мыналар: «келіңіз, төрлетіңіз!», «рұқсат етіңіз», «мүмкін болса», «айыпқа санамаңыз», «кешіріңіз», «абайлаңыз». Осы аталған тәрбиелі сөздер қазақ халқының тәрбиелілігін, ата-ана отбасында дер кезінде орындауымен қатар баласының алдында жеке басының өнегесі мен беделі бола алады.

Отбасындағы салт-дәстүрлердің маңызды әсерін жойып алмас мақсатында ұлттық ойындар арқылы баланың санасына қоршаған дүниенің қыры мен сырын сіңіруге түрлі тәрбиелік шаралар қарастырылады. Олар әр пәнде қолданылатын ұлттық ойындар. Себебі сабақ барысындағы ойын - сабақты түрлендіріп, мазмұнын байыта түседі, балалардың бойындағы білсем деген талпыныс пен құмарлықты оятады, балалық қиялдарын қозғап, зейіндерін кеңейте түседі, өмір тәжірибелерін толықтырады.

  • қимылды ойындар – күні бойы сабақтар арасында, серуендерде, үзілістерде өткізіледі;

  • логикалық ойындар – ұжымдық тапсырмалар ретінде барлық сабақтарда өткізіледі;

  • мәнерлеп сөйлеу мен шешендікке баулу ойындары өткізіледі;

  • тіл дамыту және көркем әдебиет сабақтарында баланың жеке дара қабілетін ашу үшін өткізіледі.

Зер сала қарасақ, тілімізде кездесетін, яғни «Домбыра ойнау», «Сумен ойнау», «Жұмбақ жасырып ойнау», «Жаңылтпаш айтып ойнау», «Доп ойнау», «Асық ойнау», «Дойбы ойнау» сөз тіркестері халықтың көне мәдениетінің бір куәгері – ойын туралы түсініктің тым әріден басталғанынан хабар береді.

Мектепалды дайындық топ мұғалімдері қолданатын дидактикалық, желілі - рөлді, қимылды ойындар құралдары жетіп артылатынын жоққа шығара алмаймыз. Ал баланы нағыз өз елінің Отансүйгіш азаматы етіп тәрбиелеуде бүгінгі таңда ұлттық қуыршақтардың болуы заман мен уақыттың талабы деуге болады.Егер Қаңбақ шал, Қобыланды, Алпамыс, Мақта қыз, Алдар көсе, Ертөстік, Қажымұқан сияқты ойыншықтар өзінің ауыстыруға болатын түрлі киімдері мен қару-жарақтарымен жасалса, бүгін өсіп келе жатқан балдырғанның ұлттық келешегі жетіле түсер еді.

Қазіргі уақытта білім беру жүйесінің ең басты мәселесі- мемлекеттік тілді білу.

Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдардың басты мақсаты - орыс тілді балаларға және тәрбиешілерге қазақ тілін үйрету.

Біздің балабақшада да қазақ тілін үйрету 3 – жастан басталады және де әр аптаның сәрсенбі күнгі күн тәртібі қазақ тілінде өтеді.

Қазақ тілін мына бөлімдер арқылы оқып үйретеміз: көркем сөз: тақпақ, жаңылтпаш, бата, мақал-мәтел, жұмбақ, санамақ, өлең. «Отбасы» тақырыбына әрбір бала өз аты-жөнін, мекен-жайын, ата-анасының аты-жөнін, жұмыс орнын айтып бере алады. Мақал-мәтел арқылы жақсылыққа, адалдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейміз. Жыл –мезгіл атаулары, ай аттары, жеті күн санау, жетілік ұғымы, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар арқылы рухани байлығын, еңбексүйгіштікке, тәрбиеллікке баулимыз.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері болып табылатын еліміздің жалауына, елтаңбаға деген баланың құрметін қалыптастырамыз.

Ту мен Елтаңбаның мәнін, оларда белгіленген нышандардың қандай мағына беретіндігі жайлы жас ұрпақты тәрбиелейміз. Әнұранның мазмұнын балаларға түсіндіріп, мереке күндері топ болып айтқызу - отансүйгіштік, еліне деген мақтанышын арттырады. Сонымен бірге ата-аналарымыздың да тіл үйренуге деген ұмтылыстарын анық байқауға болады. Себебі ата-аналарымыз тобымызға «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» музейін ашуға өз үлестерін қосты.

Балабақшада қазақ тілін үйрету барысында «Шаңырақ» клубы №16 қазақ орта мектебінің «Болашақ» клубымен тығыз байланыста.

Мерекелік ертеңгіліктер арқылы жеткіншектер жан-жақты дамып жетіледі. Олар бұл күндерді асыға күтеді. Өз өнерлерін жолдастарына, ата – аналарына көрсетуге әуес.

Осындай шаралардың бірі - 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналды. Бұл шараның басты мақсаты – жеткіншектерді отансүйгіштікке, ұлттық рухқа, еліне деген мақтанышын арттыруға тәрбиелеу.

Сол себептен біздің болашақтағы мақсатымыз- осындай шараларды көптеп жүргізу.

«Ұрпақ тәрбиесі- ұлағатты тәрбиешіден» демекші, жас ұрпақ тәрбиесінде заман талабына сай озық үлгідегі тәрбиелерге жүгінейік!


Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу бағдарламасы.

  2. Бала құқығын қорғау конвенциясы.

  3. Отбасы және балабақша—2007—№4

  4. Тәрбие құралы—2008