Мақсаты: Балалардың бірлік, ынтымақтастық туралы түсініктерін кеңейтіп, көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен бірлігін нығайтуға ат салысатын азамат болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: мерекеге сай суреттер, жазулар, жылжымалы папка, қима көгершіндер, түрлі-түсті шарлар, гүлдер, жалаушалар, ұлттық костюмдер.
(Әнұран орындалады.)
Жүргізуші: Балалар, біз бүгін Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуге жиналып отырмыз, мерекеміз құтты болсын! 1-ші мамырда Қазақстан халықтарының Бірлік күні атап өтіледі. Бұл аса маңызды мейрам, себебі мемлекеттің күші-оны мекендейтін халықтардың бірлігінде. Халықтар достығы-баға жетпес байлық. Қазақстан мемлекеті көп ұлтты. Біздің елімізде жүз отыздан астам ұлттар тұрады: ұйғыр, кәріс, дүнген, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, армян, әзербайжан, украин, белорус, түрік, шешен және тағы басқа шет мемлекеттен келген ұлттар біздің елімізде тіршілік етуде. Біз олармен татумыз, доспыз және бір - бірімізбен қоян - қолтық аралас өмір сүрудеміз.
Біздің елімізде 1 мамыр ынтымақ, Бейбітшілік Мерекесі болып саналады. Ынтымақ бар жерде бақыт бар.
Ән: «Отан-ана»
Жүргізуші:
Ағайын - туған - бар адам.
Адалдық үшін жаралған.
Бар қымбат туыстық,
Баянды болсын тыныштық! - дей келе әр ұлттың өкілдерін ортаға шақырайық!
(ортаға әр ұлт өкілдері келіп, тақпақтарын айтады)
1-бала:
Қырғыз, қазақ, өзбектер,
Монғол, ұйғыр, дүнгендер,
Армян, тәжік, грузин,
Орыс пенен украин
Терезесі тең жатыр !
2-бала:
Бізде берік ұлы достық,
Бірлік құрып, тілек қостық.
Ұлы мақсат биігінде,
Дос жолына жүрек тостық.
Достық-біздің тірегіміз,
Бірге соғар жүрегіміз.
Ән: «Балдырғандар әні»
3-бала:
Ақ ,қара деп бөлмейміз
Бір жыл туған төлдейміз
Туысқанбыз, татумыз
Биіктерге өрлейміз.
4-бала:
Сары, ақпыз, қарамыз
Бәріміз де баламыз
Бір қалада тұрамыз
Бір бақшаға барамыз
Ал ендеше біз бір балабақшаға келеміз, бір топтанбыз, барлық ұлттың баласы тату- тәтті өмір сүріп жатырмыз, бірге ойнаймыз, бірге ән айтамыз, бірге би билейміз.
Қанекей, барлығымыз орнымыздан тұрып, «Достық» биін билейік.
Би: «Достық»
Жүргізуші:
Халқымыз достық, ынтымақтастыққа ерекше мән берген «Қырғыз, қазақ - бір туған», «Өзбек - өз ағам», «Түбі бірге түрікмен» деп қырғыз, өзбек, түрікмен және т. б. ұлттарды ынтымақтастыққа шақырған. Бірлік — халық салты. Халқымыздың бірлік салты отбасынан басталып, бүкіл елдің, барлық адам баласының бірлігімен ұласады.
(суреттер көрсетіледі, жылжымалы папка бойынша сұрақ-жауап, әңгіме жүргізіледі)
Достық, ынтымақ туралы даналық сөздер:
1 - бала: Ынтымақ - достықтың бірлігі.
2 - бала: Ырыс алды - ынтымақ.
3 - бала: Достық күші - бірлікте.
4 - бала : Достық түбі - береке, береке түбі - мереке.
5 - бала: Ел бірлігі - ел теңдігі.
6 - бала: Ынтымақ жүрген жерде,
Ырыс бірге жүреді.
Жүргізуші:
Халқымыздың қанға сіңген осы берік бірлігі, ұйымшылдығы, басқа халықтармен одақтасып, достаса білу жеңістен жеңіске жеткізеді. Оған халық куә, тарих куә! Балалар, мен сендерге бір сұрақ қойғым келеді. Бұл әлемде адамзат баласына ең қажетті нәрсе не?
1-бала: Дүниежүзінде бәріміз жақсы көретін нәрсе тыныштық, бірлік.
2-бала: Әрине, халқымыз ең әуелі тыныштықты қалайды.
Жүргізуші:
Ал, енді «тыныштық» деген сөздің мәнін білесіңдер ме?
Балалар: Дүниежүзінде соғыс болмаса, тыныштық деген сол. Елдегі тыныштықты халық «береке - бейбітшілік» дейді.
1 – бала:
Бейбітшілік құсы, ақ көгершін.
Биік ұшып, самғасын.
Тілегімді жерге жайсын,
Қанаттары талмасын. - дей келе «Ақ көгершін» әніне кезек берейік.
2 - бала:
Сәбилер зәресін бұлт алмасын,
Гүл бәйшешек еш уақытта солмасын.
Ақ көгершін аспанымда қалықтап,
Барлық халық бейбіт күнді қолдансын.
Ән: «Ақ көгершін!»
Балалар қолдарындағы қима көгершіндерімен ән әуенімен қалықтап билейді.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, балалар, тәрбиешілер 1 Мамыр – ынтымақ, бірлік күні тағы да құтты болсын!
Біздің бүгінгі мерекелік жиынымыз өз мәресіне де келіп жетті.
Барлықтарыңызға рақмет!