Өзін –өзі тану пәнінен сабақ жоспары.
Мектепалды даярлық тобы.
Сабақтың тақырыбы: Мен бақытты баламын.
Сабақтың мақсаты: «Бақыт», «қуаныш», «сүйіспеншілік» құндылықтарының мағынасын түсіндіру.
Міндеттері:
-«бақыт», «сүйіспеншілік», «қуаныш» туралы түсінік беру;
- адами қасиеттерін дамыту;
- сүйіспеншілікке тәрбиелеу;
Көрнекі құралдар: дәптер,түрлі түсті қарындаштар.
Шаттық шеңбері
Тәрбиеші балалармен бірге Ө. Тұрманжановтың төменгі өлең жолдарын қайталап, бір - біріне әдемі күлкілерін сыйлайды:
Кел, баладлар, күлейік!
Күлкіменен түлейік!
Қабақ деген не керек?
Көңілді боп жүрейік!
Әңгімелесу
-Балалар! Қалай ойлайсыңдар, «бақытты бала» деп кімді айта аламыз?-
Дұрыс айтасыңдар! Өз отбасы, достары бар, денсаулығы мықты баланы бақытты бала деп айтамыз.
Әңгімелеу
Тәрбиеші балаларға Н.Қадырбаевтың «Бақыт деген не?» әңгімесін оқып беріп, сұрақтар қояды.
[pic]
«Бақыт деген не?»
Бақыт, Серік, Ербол – бір көшенің тұрғындары. Үшеуі бірге оқиды. Сабақ беретін апайын бәрі де жақсы көреді. Бірде апайы адам есімдерінің мәні жөнінде тірбие сағатын өткізді.
-Ербол есімі – азамат бол,ер жігіт бол деген мағынаны білдіреді,-дейді апайы.
Ал Серік атауы – дүниеге келген перзентке серік болсын деген ниеттен туған,-деді.
-Бақыт деген ше? – деді Бақыт қызыққаннан жасыра алмай.
-Бақыт – бұл әр баланың ой-арманының орындалуы. Қуанышты күй кешуі. Сол ниеті іске асса, бақытқа қолы жеткені. Әркімде арман да, ой да көп. Сондықтан, бақыт та сан алуан, - деді апайы.
Бақыт үйіне келді. Атасынан:
-Ата, бақыт деген не?
-Сенің аман –сау жүргенің – мен үшін бақыт,айналайын. Бақыттың үлкені – осы.
- Апай: «Бақыт деген әр баланың ой-арманының орындалуы», - деді. Менің арманым – сіздің жасыңыз жүзге жеткенін көру, -деді Бақыт.
- Арманыңа жет,- деді атасы немересінің шын пейіліне шаттанып.
Бақыт үшін осы сәт нағыз бақыт еді.
Бақыттың атасы немересіне «бақыт» дегенді қалай түсіндірді?
Ойланайық, бақыт деген не? Қалай түсінесіңдер?
Бақытты болу үшін не істеу керек?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Дәйексөз
Тәрбиеші балаларға М.Мақатаевтың «Бақыт деген – сенің бала кездерің», - деген жолдарын бүгінгі сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіреді.
-Бақыт – сенің балалық шағың, денің сау болып, асыр салып ойнағаның.
Жаттау.
«Бақыт деген не?»
С.Оспанов.
Айтшы, білесің егер де,
Папа, бақыт деген не?
Бақыт деген, шырағым,
Мына әсем тұрағың.
Ну ормандар,
Гүл бағы,
Күннің күліп тұрғаны.
Бақыт – дәні даланың,
Алақаны анаңның.
«Ботам» деуі әжеңнің,
Тыныштығы әлемнің!
Қайда бақыт мекені,
Қалай оған жетеді?
Адал еңбек етесің!
Сонда ғана жетесің!
Көрінбейтін көзіңе,
Сонда оның өзі не?
Бақыт деген, сөзім шын –
Айналайын,өзіңсің!
Өзімен –өзі
Балалар жайғасып отырады. Үнтаспадан жайлы әуен ойналады.
-Қане, бәріміз өзіміздің ең бақытты,ең қуанышты сәттерімізді елестетіп көрейікші. Бәріміздің көңіліміз шаттыққа толы,көтеріңкі.
Дәптермен жұмыс
-«Мен бақытты баламын, өйткені..» деген сөйлемді толықтырып, гүл күлтеріне үлкендермен бірге жазыңдар. Суретті бояңдар. [pic]
[pic]
Сергіту сәті.
Өлең мазмұнына сәйкес қимыл – қозғалыстар жасалады.
Орнымыздан тұрамыз,
Қолды белге қоямыз.
Бұрыламыз солға бір:
Біз бақытты баламыз,
Гүл – гүл жайнап жанамыз.
Жаттығулар жасасақ,
Жақсы сергіп қаламыз.
Ғажайып сөздер
Балалар сабақта айтып, үйренген өнегелі сөздерді қайталап айтады.
- Бақыт – қуаныш.
- Бақыт – сүйіспеншілік.
Қорытындылау
-Бүгінгі сабақта біз бақыт дегеніміз – ой-арманның орындалуы, қуанышты сәттің көп болуы, біздің әсем тұрағымыз, деніміздің саулығы екенін білдік.
Жүректен-жүрекке
Тәрбиеші балалармен бірге Ә.Дүйсенбиевтің «Біз – өмірдің гүліміз» әнін хормен айтады.
«Біз – өмірдің гүліміз»
Ә.Дүйсенбиев
Зеңгір көктен
Нұрын төккен,
Ортақ біздің күніміз.
Жайнап өскен,
Жайдарлы өскен
Біз өмірдің гүліміз.
Бал достыққа,
Жолдастыққа
Шақырады әніміз.
Тыныштықта,
Жолдастықта
Бақыттымыз бәріміз.