Ойын технологиясының тиімділігі ....
Ойын әрекеті балалардың бағалы өмірінің алғашқы күндерінен бастап-ақ маңызы зор. Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қарау керек. Ойынды ерте заманнан үлкендердің іс-тәжірибесін жеткіншек ұрпаққа жеткізу үшін пайдаланған. Ойын халық педагогикасында, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелерде кеңінен пайдаланылады. Ойын технологиясының тиімділігі – баланың оқу белсенділігін, шығармашылық ойлау қабілетін, сөздік қорын дамытады. Соның ішінде ойын – баланың шын тіршілігі. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады.
Бес саусақ бірдей емес, яғни әр баланың қызығушылығы, дүниетанымы, даму ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан балалардың осы топтарына әртүрлі деңгейде талап қоюға тура келеді. Ал ойын элементтері кез-келген баланың қызығушылығын тудырады. Ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар. Оқушылардың қызығушылықтарын туғызатын ойындардың бірі — дидактикалық ойындар. Тәрбиеші ойын жағдаяттарын туғыза отырып, әртүрлі заттарды қолдану арқылы сұрақтар қойып, затты көрсетіп, түсіндіріп ойын сюжетін құрастырады.Тәрбиеші балалармен ойынды (заттармен, үстел үсті және сөздік ойын) үш түрлі етіп өткізуіне болады.
Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы: «Дәл осындайды тауып ал», «Салыстыр да, атын ата», «Қай ағаштың жапырағы», «Бірдей ойыншықты тап», «Қайсысы көп, қайсысы аз», т.б.
Үстел үсті ойынын ұйымдастыруда домино, лото, суреттер қолданылады. Мысалы: «Суретті құрастыр», «Қандай затқа ұқсайды?», «Қай сурет тығылды?», «Бір сөзбен ата», «Кім байқағыш», «Қиылған суреттер», «Ұқсасын тап», «4-ші не артық?», «Есіңде сақта».
Ал сөздік ойын арқылы сөзді орынды қолдана білуге, дұрыс жауап айтуға, сөз мағынасын түсінуге, орынды сөйлеуге үйренеді. Мысалы: «Сөз ойла», «Сөз құра», «Жұмбақ ойла», «Жақсы-жаман», «Жалғастыр», «Үш сөз ата».
Ойынның ұйымдастырылу түрлері: іскерлік ойындар, рөлдік, оқиғалық ойындар, саяхаттық, білімдік, ұлттық ойындар. Жалпы ойындар арнайы мақсатты көздейді және нақты міндетті шешеді. Ойын сабақтың басында – өткен сабақты еске түсіреді. Сабақтың ортасында – көңіл-күйін сергітеді, ерік – жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Сабақтың соңында – тақырыпты бекітеді, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді.
Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Адамды тапқырлыққа, өжеттікке, батылдыққа, шапшаңдыққа, ептілікке, байсалдылыққа үйрететін де – осы ойын», - деген даналық сөзімен түйіндегім келеді.
Гульсара Сыдыковна БУРАМБАЕВА
«Естай Есжанов атындағы №9 орта мектеп» КММ
Шағын орталық тәрбиешісі
Жітіқара қаласы