Ертегі терапиясымен балалардың танымдық қабілетін дамыту
«Ертегі – біз ұсақтап жинақтайтын,
халықтың ұлы рухани мәдениеті,
және де ертегі арқылы біздің алдымыздан
халықтың мыңжылдық тарихы ашылады»
А.Н.Толстой
Қазақ халқының жас ұрпаққа тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі - ертегі. Ертегілердің мазмұнында халықтың тыныс-тіршілігі, әдет-ғүрыптары мен дәстүрлері, бақыт жолындағы күресі, адамдардың өзара қарым-қатынастары мен мінез-құлықтары, адамдардың еңбексүйгіштігі, өз халқына, Отанға, туып-өскен табиғатқа деген сүйіспеншіліктері бейнеленген. Т.Барласұлы ертегінің адам баласына тәлім-тәрбиелік, рухани маңызы жөнінде айта келіп: "Ертегі - рухани тәрбиенің мәні аса зор, көзіміз көріп, қүлағымыз ести алмайтын, тек ақылмен ажыратып, жүрекпен ғана түйсіне алатын материалдық әлеммен бірге шегі жоқ рухани әлем болмысының біртұтас түсінікті баян етілген көрінісі", - деп анықтама береді .
К.Д. Ушинский көңіл бөліп былай деп жазды: «Халық ертегісінде балалардың ұлы және орындалған жыры бар – халық балаларға өз армандарын айтады, асып кетсе, халықтың өзі осы арманға жартылай сенеді». А.С. Макаренко балаларға ертегілерді қолдану әдістемелері туралы былай деді: «Кішкентай балаларға ертегілерді айтуда көптеген ертегілерді қысқартуға, тілін өзгертуге, ертегіні толық түсінушілікке әкелуге болады және солай ету керек». Әрі қарай А.С. Макаренко ата-аналарға ертегілерді таңдағанда оның идеялық көркем әдеби мағынасына көңіл бөлу керектігін айтады: «Балаларға арналған ең жақсы ертегілер,- деп жазады ол,- әрқашан жануарлар туралы ертегілер болып табылады. Орыс халық ертегілерінің байлығында мұндай ертегілер өте көп және олар өте жақсы ертегілер. Сол сияқты басқа халықтар да ертегілерге бай». А.С. Макаренконың бұл сөздерінің қазақ халық ертегілеріне де толық қатысы бар. Атақты педагог В.А. Сухомлинский балаларға ертегілердің үлкен эмоционалды әсері бар екенін айтып, келесідегідей жазды: «Бала фантастикалық бейнесі бар сөздерді естігенде немесе айтқанда, бала жүрегі аблығады». В.А. Сухомлинский жазған кезде оның ойына ерекше көңіл бөлу керек: «Мен мектептегі оқуды тыңдағаннан бөлек, ертегіні ойлап шығарусыз елестете алмаймын» .
Батыс пен Еуропа психологтары бала тәрбиелеу мәселесінде құрғақ ақыл айтудың, ескеру мен дауыс көтерудің жарамсыз екендігін толықтай дәлелдеді. Бұлар жаһанданулық қоғамға қадам басқан жаңа ғасыр үшін көнерген, өз күшін жоғалтқан әдістер деп танылған. Есесіне, ертегі терапиясы арқылы баланың санасын өздігінен кері нәрселерге қарсы тұрарлық күш беру шарт деген тәсілді ұсынады. «Сабағыңды жақсы оқы, қолыңды жумай дастарқанға отырушы болма, ата-анаңды сыйла, үлкенмен керіспе» дейтін ескертпелер баласы бар үйде күнде он рет қайталанады. Мың сан қайталанулардан соң бала санасы ести тұра мұндай ескертпелерді мүлдем қабылдамайтын күйге жетіп, тек өз білгенінше әрекет етеді. Өйткені, ол сабақты жақсы оқымаса не боларын немесе ата-анасын құрметтемеудің ақыры немен аяқталарын білмейді. Ал, ертегі терапия ең бірінші оған болашақ туралы сұрақтарға жауап береді, ертегінің финалында болатын нәтижелерден ол келешек туралы ой түйеді.
Ертегімен теапия жүргізу – адамзат дамуындағы тәрбиелік психологияның ең бір көне әдістерінің бірі және қазіргі заманғы ғылым тәжірибиесіндегі жаңа, жас әдістердің бірі болып табылады. Ертегі терапиясы тәрбие арқылы баланың көзқарасын бағдарлау және ішкі әлемінен хабардар болу тәсілдері. Ер Төстік ертегісінде балақайларымыз достықтың үлкен үлгісін көреді. Оған көмек қолын созған Көлтауысар мен Желаяқ секілді алыптардың еңбегі тек достықты ғана насихаттамайды, ерекше болмыстары арқылы баланың тапқырлық деңгейін де жоғарылатады. Ер Төстік бала жер бетінде көптеген патшалықтарды көрсе, жерастында да көптеген патшалықтардың қонағы болды. Бұл бала психологиясына Отан ұғымын сіңіреді, белгілі бір мемлекеттің заңнамаларына бағыну мәселесін ұғындырады.
Е.В. Чехтың пікірі бойынша ертегі терапиясының бірнеше түрін белгілеуге болады: ертегіні айту, ертегіні сурет арқылы салу, ертегі терапиялық диагностика, ертегі құрау, қуыршақ жасау, ертегіні қою және тағы басқа [1].
Ертегі терапиясы – психотерапияның құрамдас бөлігі. Баланың ертегі сюжетіне әсерленуі, кейіпкердің қиыншылықтарына алаңдауы оның келешекте өз алдында пайда болатын кедергілерден қиналмай өтуіне іштей дайындығын туындатады. Практикалық психологияның ертегілік терапия бағыты – баланың жақсылық пен жамандықты айыруына, мінез-құлықтық стереотиптерді тануына көмектесіп, адамдардың өмірде алдынан шығатын сан түрлі қиыншылықты ең соңында жеңе аларына деген сенімін нығайтады [2].
Т.Д. Зинкевич-Евстигнеева ертегі терапиясын төмендегідей түсіндіреді:
- емдеу (психотерапиялық болып табылатын баланың ішкі білімін ашу);
- мағына іздеу үдерісі (әлем туралы білімнің мағынасын ашу);
- шынайы өмірдегі және ертегідегі оқиғалар мен тәртіптердің арасындағы байланыстың білімі;
- мәселелік оқиғаларды объективтілеу;
- баланы тәрбиелеу және оған білім беру[3].
Ертегі терапияның бір ұтымдылығы – бала тілімен жеткізілуінде, баланың ой ауқымына тән оқиғалар дәрежесінде ситуация құруында. Бала ертегі тыңдау арқылы өзін-өзі емдеп, түрлі шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік алады. Барлық ертегілерде басты кейіпкердің еркін өмірге қол жеткізуі, Отанының тәуелсіз дамуы басты мұрат ретінде бағаланса, ертегі арқылы балақайлар өздік кеңістік пен еркіндік ұғымын түйсінеді.
Ертегі терапиясының жетекші идеялары болып:
- өміріндегі мүмкіндіктері мен өмірінің құндылығын, өзіндік потенциалдарын сезіну;
- оқиға мен амалдардың себеп-салдарын түсіну;
- қоршаған ортаны түйсінудің әртүрлі стильдерін танып-білу;
- қоршаған ортамен өзара жасанды әрекет ету;
- үндестік пен күшті сезіну [4].
Дидактикалық Психокоррекциялық
Көркемдік Медиативті
Психотерапиялық
Ертегі терапиясымен әсер ету
Әрбір жағдайда, әрбір кеңес беру кезіне сәйкес келетін ертегілер таңдалып алынады немесе арнайы құрастырылады. Бұл ертегі терапевтерінің оқыту тақырыбы болады. Әртүрлі образдағы ертегілер клиентке әртүрде ұсынылады: ертегіні талдау, ертегіні айтып беру, шығарма, қуыршақ дайындау, драматизация, сурет салу, ойындар, медитация және т.б.
Ертегі терапиясы арқылы балаға мынадай қасиеттерді сіңіруге болады:
баланың шығармашылығы дамиды;
ойлау қабілеті дамиды;
баланың бойында тапқырлық дамиды;
өз ойын жеткізе білу;
рөлге ене білу;
сөйлеу мәдениеті және т.б. қасиеттері дамиды.
Көптеген зерттеу жұмыстары көрсеткендей - ертегідегі теңестірулер, яғни, метафора, адамның бейсаналы күйіне тікелей әсерін тигізеді. Ескеретін жағдай, метафора әсері терең әрі тұрақты деңгейде жүреді. Метафоралық ғажайып әсерлер жеке тұлғаның өзіндік, жекелік ресурстарын белсендіре түседі. Көптеген образдар, метафора тілдері қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас орнатудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, адам санасын оятып, белсендіреді.
Ертегімен жұмыс жасау барысында мынадай әдістерді қолданған жөн:
1. Ертегіні талдау. Мақсаты – арбір оқиғаны, әрбір кейіпкерді, әрбір бейнеленген сюжетті түсіне отырып шыққан қорытындыны ұғыну. Баладан көбінесе өз ойын сұрап отырған жөн.
2. Ертегіні әңгімелеу. Бұл әдіс баланың елестете алу қабілетін, қиялын дамытады. Балаға бұл ертегіні қатысқан немесе қатыспаған кейәпкердің атынан баяндап беруді ұсынуға болады.
3. Ертегіні қайта жазу немесе толықтыру. Ертегінің мазмұны немесе оқиғаның шиеленісуі, аяқталуы ұнамаған кезде қолданылатын әдіс. Ертегіні қайта жазып немесе кейіпкерлерін өзгертіп бала өзінің бойындағы өзгерістерді көрсетіп, шешімін таппай жүрген жағдайларды шешіп, өз ішіндегі толғаныстардан босай алады.
4. Қуыршақтар арқылы ертегіні сахналау. Бұл баланың қимыл – қозғалыстарын неғұрлым шынайы етіп, қуыршақтың мінез – құлқын да шынайы сомдай алуына көмектеседі. Қуыршақтармен жұмыс жасау арқылы бала өз бойындағы өзгерістер мен эмоцияларды жағдайларға байланысты көзрсете алмайтын жақтарын көрсетуге мүмкіндік алады.
5. Ертегіні құрастыру. Кез – келген қиял – ғажайып ертегілерде мазмұнның даму заңдылықтары бар. Басты кейіпкер бір отбасында дүниеге келіп, қиындықтарға тап болып, ол кедергілерді жеңеді және үйіне оралады. Сонымен, ертегі барысында кейіпкердің өмірі ғана сипатталмай, жеке тұлғаның қалыптасу кезеңі айтылады [5].
Ертегі терапиясын адамның рухани жан дүниесіне үйлесе отырып тәрбиелейді. Көптеген адамдар ертегі терапиясын балалармен ғана жүргізу керек деп айтады. Соның ішінде мектеп жасына дейінгі балалармен. Бірақта, психологиялық қызмет барысында ертегі терапиясын қолданғанда адамның жасы мүлдем шектелмейді.
«Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе»,- деп М.Жұмабаев айтып кеткендей, ертегінің бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Болашақта логикасы, шығармашылығы дамыған, еліміздің іргесін берік қалайтын жастар тәрбиелегіміз келсе, ертегіге ерекше көңіл бөлейік .
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Короткова Л.Д. Сказкотерапия в школе. Методические рекомендации – М.: ЦГЛ, 2006.
Л.Қоныс « Дала мен қоныс » Республикалық газеті
Зинкевич-Евстигнеева Т.Д., Грабенко Т.М. Практикум по креативной терапии. СПб, 1998
Ертегі терапиясы, Төлеген. А. , Қазақстан мектебі, № 8, 2012 жыл.
Соколов Д.М. Сказки и сказкотерапия. –М., 1996