Ұлттық ойындар қайдан шыққан?
Қазақтың ұлттық және спорттық ойындарының да өзіндік тарихы, даму жолдары, қалыптасу кезеңдері бар. Қазіргі кейбір тарихи деректерге қарағанда, бізге жеткен ұлт ойындарының біразы сонау көне заманнан басталады. Демек, Қазақстан жерінде қалыптасқан алғашқы құрылыс халқымыздың ұлттық ойындарын да туғызған. “Бес тас”, “Асық”, “Садақ ату”, сияқты ұлт ойындары шамамен алғанда осыдан бес мың жылдар бұрын ойналғандығы жайында айта келіп ағылшын ғалымы З.Маккей “Бұл ойындардың барлығы дерлік Азия елдерінде тайпалы одақтардың арасында тарағанға ұқсайды” – дейді.
Ұлт ойындары қоғамның өзгеруі, әлеуметтік-экономикалық жағдай негізінде толығып, тұрмысқа сіңіп, өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы: Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыста қалыптасқан “Аң аулау”, “Таяқ жүгірту”, “Садақ ату”, “Қақпа тас”, “Қарагие” ойындары келесі дәуірлерде қайталау толығу процесінде “Аң аулау” – “Бүркіт салу” немесе “Құс салу”, “Садақ ату” – “Жамбы ату”, “Қақпа тас” – Бес тас”, “Қарагие” – “Найза лақтыру” болып аттары өзгеріп, мазмұны сақталып қалды. Басқасын былай қойғанда, күні бүгінгі бәрімізге белгілі “Ақ сүйек” ойынының бірнеше аттары бар екендігі анықталған. Мәселен, әйгілі ғалым – этнограф Ә.Диваевтың еңбегінде – “Орда”, орыс дәрігері Е.Покровскийдің еңбегінде – “Тоқтышақ” делінсе, А.Алектровтың еңбегінде – “Ақсүйек” деп аталынған. Ал қазіргі кезде ауылды жерлерде көп тараған “Лек жалау” ойынының біз кездестірген бес түрлі аты бар екен: 1) “Шілік”, 2) “Қарыс ағаш”, 3) “Лек жалау”, 4) “Шөлдік”, 5) Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Талдықорған облыстарында “Атағаш” деп аталады.
Сондай-ақ “Көрші” ойыны Солтүстік облыстарда “Татумысың – аразбысың” деп аталады да, Шымкент, Қызылорда облыстарында “Ақшамшық” делінген.
Ұлт ойындарының жалпы қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі жетінші-тоғызыншы ғасырлардағы қазақ жеріндегі көшпелі тайпалардың қай-қайсысы болмасын, қай кезеңде дамымасын, олар тек өндірістік қатынастарға негізделген. Өз кезіндегі өндіріс құралына пайдалануға жарамды тас, ағаш, сүйек және т.б. табиғи заттар осы дәуірде қалыптасқан ұлт ойындарында да қолданылады. Мысалы, күні бүгінге дейін мәнісін жоймаған “асық” ойынына кез келген сүйекті емес, малдың асықтарын алған бес тас ойынына көз тастар емес, ұстағанда қолға сиятындай, домалақ тастар. “Қарагие” ойынына қолға түскен ағаш емес, тек қайың мен ырғайдың бірі, тіпті табылмағанда талды пайдаланған. Ұлт ойындарының қалыптасуы тек балаларға ғана керектігімен дамып қойған жоқ, ересектердің күнделікті тіршілігіндегі қозғалысы мен көңіл көтеріп, демалыс уақытын өткізетін еңбектің бір түрі ретінде де дамыды.
Мәселен, әр түрлі қимыл-әрекеттерді ойындар мен асық ойындары тайпалық одақтарда ересектер арасында дамыды да, кейін келе жас өспірімдерге қалды. Себебі, үлкендерден көргенін бала да күн ұзақ далада, үй ауласында ермек етеді. Адамзаттың дүниеге келген күнінен бастап-ақ ақыл-ой қабілетінің ортаға, өмірге деген көзқарасының дұрыс қалыптасуын реттейтін, белгілі бір жүйеге келтіретін осы балалар мен жасөспірімдер ойындары.
Алғашқы мемлекеттік бірлестік кезінде дамыған халық ойындары жас өспірімдердің бір ортада өмір сүруіне және өзара қарым-қатынас жасауына себепкер болғандықтан, олардың көпшілігі түнде, ай жарығында далада, ашық алаңда ойналған. Біздерге белгілі, мал мен жүрген көшпелі руларда киіз үйден басқа пананың болмағандығынан тек ашық алаңдарда ғана ойналатын “Ақ сүйек”, “Алты бақан”, “Айгөлек”, “Арқан тартыс”, “Соқыр теке”, “Сиқырлы таяқ” тағы да басқа ойындар шыққан.
Қазіргі Қазақстан жерін мекендеген ең алғашқы рулардың әдет-ғұрыптарының негізінде қалыптасқан қазақтың ұлттық ойындары көшпелі халықтардың даладағы тұрмысына сай дами берді.
Әр түрлі өнерді белгілі бір жүйеленген ортада көре алмағандықтан, театры жоқ елдің театр орнына көретін сауығы – еңбек мерекелері мен қыз ұзату, бала сүндеттеу мен өлгенде ас беру сияқты ойын-тойларының өзекті арқауы ән мен күй, драмалық көрініске жататын халық ойындары болғаны да даусыз. Әр алуан дәуір мен әр қилы кезеңдерді басынан өткізсе де қазақ халқы өзінің көшпелі тұрмысында қалыптасқан әдеттерін рухани азық ете білді. Халық өмірдің қандай қиыншылығына да, қуанышына да төзе отырып, осы әдет-ғұрыптарын, толғаулы жырлары мен әсем әндерін, сарынды күйлерін, көңіл ашар қуанышын, қайғы-шерін тарқатар алданышы, ауыр күндерде ой тербетер жұбанышы етіп отырған. Сондықтан қазақтың ойын-сауықтарының, әдет-ғұрыптарының түпкі негізі мал өсіру мен экономикалық қатынастардың дамуына байланысты болғандықтан, қазақтың ұлттық ойындарын екі топқа бөлуге болады. Біріншісі - әдет-ғұрыптан туған ойындар, ал екіншісі – жас өспірімдердің қимыл-әрекет ойындары.
Қазақ халқының барлық өнері, ән мен күйі, сан түрлі ойындары әсіресе, ұлы істің ұлы күні “Наурыз” мерекесінде ортаға салынатын болған. Наурыз мейрамына арналған әртүрлі жөн-жоралғы, бір-біріне жақсы тілек, батадан соң ақындар айтысы басталады, бұл бітісімен палуандар күресі басталады. Бұл ойын – қазақтың ертеден келе жатқан спорттық дене шынықтыру ойындарының бірі қазіргі бізге жеткен “қазақша күрес”. Палуандар күресі біткеннен соң “жаяу жарыс” басталады. Бұл ойынға қатысушылардың санына шек қойылмайды. Екі топтың өзара келісімі бойынша – белгіленшен екі көмбенің арасын жүгіріп өтулері керек. Жаяу жарысқа қатысушылар нақтылы қандай қашықтыққа жүгіретінін білмеген, ешкім өлшеп, уақыт белгілемеген. Қазіргі біздің өмір сүріп отырған уақытымызға дейін жеткен бұл “жаяу жарыс” күні бүгінгі “марафон жүгірісіне” айналды. “Жаяу жарыс” біткен соң наурыз мерекесін қазақтың ат үстінде ойнайтын ойындары жалғастырады. Бұл ойындар халық өмірінде, күнделікті тұрмысында ерекше орын алған. Мұндай ойындардың бірі – “аударыспақ” – ат үстіндегі күрес ойыны. Ортаға шыққан екі ойыншының мақсаты – ат үстінде күресе жүріп бірін-бірі аттан аударып тастау, болмаған күнде аттың үстінен жұлып алып жеңілгенін мойындату.
Содан соңғы ат жарысының келесі түрі – “бәйге” басталады. Көмбеде тұрған жұрт өздерінің ең жүйрік сәйгүліктерін бәйгеге жібергеннен кейін, олар қайта оралғанша “Жамбы ату” ойынын бастайды. Жамбы ату ойыны қазақтың ата тегінен бері келеи жатқан, аңшылық кәсібінен қалған, келе-келе көз ұшындай жерге жамбы тігіп, соны ататын, көңіл көтеретін, бүкіл жұрт болып қызықтайтын ұлттық ойынына айналған. Өткен ғасырлардағы Қазақстан жерінде болған орыс саяхатшыларының еңбектері мен зерттеулеріне қарағанда, жамбы ату ойыны ең алғаш рет Орта Азия мен Қазақстанда тараған көрінеді, содан барып Еуропаға, тағы басқа елдерге ауысады. Бұл ойын халықтың ұлт ерекшелігін көрсетеді. Себебі қазақтар жамбыны ат үстінде шауып келе жатып немесе ат үстінде тұрып атқан. Ал жер шары көлемінде басқа халықтар арасында жамбыны бір орында тұрып, жаяу, аспай-саспай ғана атады. Бұл ойын бүгінге дейін өзінің халықтық маңызын жойған жоқ. Қазіргі біздің заманымызда жамбы атудан дүниежүзілік біріншілік өткізіліп тұрады, айырмашылық жамбының орнына нысана қойылады.
Сонан соңғы басталатын ойындардың бірі – “Теңге алу”. Бұл ойынға қатысу үшін нағыз ат үстінде ойнайтын шабандоз болу керек. Себебі ойынға қатысушылар қатты ағынмен келе жатып ат үстінен еңкейіп, жола ораулы жатқан күмісті алуы тиіс. Әрі қарай “Қыз қуу” ойыны басталады. Бұл қазақ ойындарының ішіндегі аса бір қызықты тамаша ойыны. Бұл ойын – спорттық дене шынықтыру ойыны ретінде дамыған. Міне осылай тізеи берсек қызыққа толы халқымыздың ұлттық ойындары жүзге тарта бар екен. Енді осы халық ойындары алғашқы шығарылған кезінде мынау балаларға, мынау ересектерге деп арналмағаны бәрімізге белгілі.
Халқымыздың өткен тарихына, өмір айнасына көз жіберіп өзіміз елеп, екшеп балалардың ойнауына ыңғайлы, қолайлысын алып, оны өз алдына топтастырсақ қаншама дүниеге қол жеткен болар еді.
Халық ойынын көп ойнаған, халық фольклорынан мол сусындаған бала сол халықтың тынысымен дем алатыны және сол ойындар арқылы өз халқының салт-дәстүріне, туған жерінің географиялық жағдайына, яғни табиғат ерекшеліктеріне мән беріп өсері сөзсіз.