№9 орта мектеп мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі: Оспанова Назгул Сериковна

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған дидактикалық ойындар

және оның маңызы.

Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап ғана сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын–баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән–мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?», - деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды. 
Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады. Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі баланың шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. Сондықтан да ойшыл ұлы адамдар балаларды ойын арқылы оқыту керек деген ойға келді. Ойын арқылы оқыту, бұл ой көптеген оқытушылар мен тәрбиешілерді қызықтырды. Грузин педагогы Ш.А.Амонашвили ойын арқылы балаларға өте қиын әлемдік танымды түсіндіре білді. Ш.А.Амонашвили өз оқушыларымен ойын ойнағанда өзін балалармен бірдей қоя отырып, олардың көңіліне, ойына, санасына пайдалы ұғымды беріп, өз ісіне сенімді болып, қиындықтарды жеңе білуге үйретті–баланың көздерінде білімге деген құштарлықты байқады. Ойын арқылы оқытудың арқасында дидактикалық ойын пайда болды. Берілген ойындарды қолдану іс-әрекеттің әсерлігін арттырып, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамытады. Бұл ойындарды тәрбиешінің шығармашылықпен түрлендіре отырып, балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау кезінде іс-әрекеттің мазмұнына сай пайдалануға болады. Сондықтан, бұндай ойындар ойнау балалардың ойлау, қабылдау, еліктеу қабілеті және заттардың түрін, түсін, көлемін ажырата білуін дамыта түсу үшін өте қажет.
  Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріледі, бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Ұсынылып отырған баяндамада балалардың математика пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында дидактикалық ойындар; қазақ ақын–жазушыларының санға байланысты; сергіту сәттері, не үшін ойынды ұйымдастыру керек және тәрбиешінің алға қойған мақсатына қалай жету деген сұрақтардың негізінде құрастырылған. Ойындардың тиімділігі көп жағдайда тәрбиешінің көңіл–күйіне де байланысты болады. Әр ойынды өткізген кезде тәрбиешіге шығармашылық қажет. 

Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде балалармен өткізілетін математиканың алғашқы ұғымдарын қалыптастыру іс-әрекетте ойынның мынадай түрлерін пайдалануға болады:  1) дидактикалық ойындар–логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамыту. 
2) санға байланысты санамақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар–балалардың сандарды танып білуін, тілдерін жаттықтыру, есте сақтауын, ойлау қабілеттерін дамыту.
 
3) математикалық сергіту сәттері–кеңістікті бағдарлау, қимыл қозғалысты дамыту. Олар балалардың зейінін, есте сақтауын, байқағыштығын, көзбен мөлшерлеуін, тапқырлығын дамытуға, математикалық білімдерін, икемділіктері мен дағдыларын, заттарды түсі, өлшемі, пішіні бойынша топтастыруға, салыстыруға, ажыратуға, кеңістік пен уақытты бағдарлауға үйрету. Балалардың логикалық ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеттерін, зейінін, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған. Біз жоғарыда айтылған мақсаттарды шешуде нәтижесі ұтымды болу үшін балалардың қарапайым математикалық түсініктерін қалыптастыруда дидактикалық ойындардың топтамаларын ұсынамыз:

І. Дидактикалық ойындар : Геометриялық пішіндерге арналған дидактикалық ойындар 
Мақсаты: Балаларға біреуі артық немесе кем санды тауып, атауды үйрету. 
Көрнекілік: Ою-өрнектер, геометриялық пішіндер салынған карточкалар жиынтығы, геометриялық пішіндер.  
Барысы: Балалар геометриялық /ұшбұрыш, шаршы, дөңгелек және с.с./ пайдаланып, мұғалімнің тапсырмасына үндеместен жауап беруі тиіс. Тәрбиеші тапсырма береді, балалар оны орындайды.: а/дөңгелектерден біреуін артық етіп, ұшбұрыштарды қойыңдар /үш дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/; б/мұндағы дөңгелектерден біреуін кем етіп, шаршыларды қойыңдар /бес дөңгелек салынған сандық карточканы көрсетеді/; 
в/дәл осындай пішінді көрсетіңдер /дөңгелекті көрсетеді/және осыларға сәйкес тапсырмаларды көрсетіндер.Ойын соңында қорытынды шығарылады. Қатені аз жіберген қатар ұтып шығады.Ойынның барысында балалардың зейіні, қол қимылының жылдамдығы, дәлдігі қалыптаса бастайды және санауды, біреуі артық немесе кем санды тауып, оны атауды үйренеді. 
2. «Дәл осындай пішінді тап» 

Мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту, пішіндерді атауға, ажыратуға, салыстыруға жаттықтыру. 
Ойынның құрал-жабдықтары: бала саны бойынша құлыптың суреттері, геометриялық пішіндер.  Ойынның мазмұны: алдарындағы сиқырлы құлыпты ашуды ұсыну. Құлыптың кілттері де сиқырлы, геометриялық пішіндерден құралған екенін айту. Әр бала құлыпқа сай келетін кілтті алып, құлыпты ашады. «Үй құрылысының ретін көрсет» 
Мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, ес, зейін процесстеріндамыту. 
Құрал-жабдықтары: баланың саны бойынша әртүрлі түсті жолақтар, пішіндер, үй суретінің үлгісі. Мазмұны: Балаларға үйдің суретінің үлгісін көрсету. Балаларға әртүрлі жолақшаларды, пішіндерді таратып беру. Үлгіге қарап осы пішіндерден үйді құрастыруды ұсыну. 
«Әдемі кілемшелер» 
Ойынның мақсаты: бөліктерден кілемше жасауға үйрету; қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту; ұйымшылдыққа тәрбиелеу. 
Ойынның құрал-жабдықтары: қағаздан жасалған кілемшелер, геометриялық пішіндер. 
Ойынның мазмұны: Балалар геометриялық пішіндерді берілген кілемшелердің үстіне қойып, құрақ құрайды. «Таныс пішіндер доминосы» 
Ойынның мақсаты: геометриялық пішіндер жайлы білімдерін бекіту; көп заттың ішінен біреуін таңдауға жаттықтыру. 
Ойынның құрал-жабдықтары: пішіндер бейнеленген суреттер. 
Ойынның мазмұны: Балаларға суреттерді таратып беру. Жүргізуші бірінші суретті үстелдің ортасына қояды, қалған балалар сурет сәйкес өзінің суретін қояды, суретте бейнеленген пішінді атайды. Ойын осылай жалғаса береді. 
«Зейінді бол» 

Мақсаты: Күрделі геометриялық суреттен үшбұрышты, төртбұрышты, шеңберді көрсете білу. 
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер кескінделген суреттер /5–сурет/. 
Барысы: Тәрбиеші көрсеткіш таяқшамен бірінші /екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы/ суретті нұсқап, балаларға мынадай сұрақ қояды: Суреттен қандай таныс пішінді көресіңдер? Әрбір суретте өзара ұқсас неше пішін бар? 
Есептеу кезінде аз қателескен қатар ұтып шығады. 

«Мынау қай пішін?» 
Мақсаты: 
Геометриялық пішінді сипалап анықтау арқылы айта білу. 
Көрнекілік: Картоннан жасалған геометриялық пішіндер 5–түрі. 
Барысы: Бала топқа қарап тұрып, қолын артқа ұстайды. Тәрбиеші оның қолына геометриялық пішінді ұстатады. Бала оны сипап байқап, балаларға көрсетпей атын атайды. 
«Кім зейінді?» 
Мақсаты:
 Белгілі геометриялық пішіндерден әртүрлі нәрселер құрастыру. 
Көрнекілік: Сіріңке қорабында таратпа геометриялық пішіндер. 
Барысы: Тәрбиеші төмендегі бейнелерді геометриялық пішіндерден алып бейнелер құрайды. Жылдам болған бала мадақталады.
Өлшемдер туралы дидактикалық ойындар 
«Сиқырлы суреттер» 
Ойынның мақсаты:
 балалардың логикалық ойлау қабілетін, ес, зейін, қабылдау процесстерін дамыту. 
Ойынның кұрал-жабдықтары: әр түрлі сурет бөлінділері. 
Ойынның мазмұны: Балалар алдарындағы үлгі бойынша бөлінділерден сурет құрайды. Сурет бойынша әңгіме құрауды ұсыну. 

«Сиқырлы қапшық» 
Ойынның мақсаты:
 заттарды белгілі бір қасиеттері бойынша салыстыруға, топтастыруға үйрету. 
Ойынның құрал-жабдықтары: түсі, өлшемі, пішіні бойынша әр түрлі ойыншықтар. 
Ойынның мазмұны: Балалар «Сиқырлы қапшықтың» ішіндегі затты ұстап көріп, пішінін анықтайды, ойыншықты алған соң атын атап, түсін айтады. 
«Көзіңді жұмып, қолыңмен анықта» 
Ойынның мақсаты:
 Ұзын-қысқа, жуан-жіңішке, үлкен-кіші ұғымдарын бекіту. 
Ойынның құрал-жабдықтары: қарындаштар, таяқшалар. 
Ойынның мазмұны: Балалар сипап – сезу арқылы заттың ұзын - қысқалығын анықтау. Ұзындығы әртүрлі қарындаштар алынады. Жүргізуші бір баланы шақырып, оған «көзіңді жұм да, қарындаштың ұзын-қысқалығын анықта» деген тапсырма береді. 
Кеңістіктер туралы дидактикалық ойындар 
«Кеңістік» 
Мақсаты:
 балаларды кеңістікті бағдарлауға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, зейін процесстерін дамыту. 
Құрал-жабдықтары: әртүрлі заттар бейнеленген суреттер. 
Мазмұны: Балалардың алдында үлкен бөлменің суреті тұрады. Балаларға суреттерді таратып беру. Суреттерді орындарына орналастыруды ұсыну. Мысалы, балықты аквариумға салу, гүлді үстелдің үстіне, суретті қабырғаға ілу. Ойын осылай жалғаса береді. 
«Жоғарыда-төменде» 
Ойынның мақсаты:
 жоғары–төмен ұғымдарын пысықтау. Байқағыштықты, зейін, қиялды дамыту. 
Ойынның құрал-жабдықтары: құстардың, жануарлардың суреттері. 
Ойынның мазмұны: Бала қораптың ішінен бір суретті алып, атын атап, орнын анықтап үлкен суретке бекітеді. Мысалы, ұшақ жоғарыда аспанда ұшады, балық төменде су ішінде жүзеді.

«Оң және сол» 
Ойынның мақсаты
: үлкен және аз заттарды ажыратуға жаттықтыру. 
Ойынның құрал-жабдықтары: үлкендігі әртүрлі ойыншықтар. 
Ойынның мазмұны: Бір баланы ортаға шақырып, оң қолына үлкен ойыншықты, сол қолына кішкентай ойыншықты ал деп тапсырма береді. Ойын осылай жалғаса береді. 
«Суреттерді орналастыр» 
Ойынның мақсаты:
 заттарды топтастыруға жаттықтыру, өз бетінше тапсырманы орындауға дағдыландыру, ойлау қабілетін дамыту. 
Ойынның құрал-жабдықтары: тор көз салынған қағаз беттері, әртүрлі суреттер. 
Ойынның мазмұны: Балалар берілген суреттерді әр бағанмен жолға олардың бірі ғана келетіндей етіп, шаршы тор көздерге орналастырады. 
«Танып ал да, атын ата» 
Ойынның мақсаты: заттың түр-түсін, пішінін, атын атауға жаттықтыру; сөздік қорын молайту; ойлау қабілетін дамыту. 
Ойынның құрал-жабдықтары: әр түрлі ойыншықтар немесе суреттер. 
Ойынның мазмұны: Балаларға әртүрлі ойыншықтарды көрсету. Ортаға бір-бір баладан шақырып, бір ойыншықты алып, оның түр-түсін, пішінін, қасиетін анықтауды және сол ойыншық жайлы әңгіме құрауды немесе тақпақ айтып беруді ұсынады. 
«Тәулік бөліктері » 
Ойынның мақсаты: 
тәулік бөліктері жайлы білімдерін бекіту; тәулік бөліктерін атауға, ажыратуға жаттықтыру. 
Ойынның құрал-жабдықтары: суреттер 
Ойынның мазмұны: Балалар кезектесіп суретті алып, тәуліктің қай бөлігі екенін айтады, сол сурет бойынша әңгіме құрайды. 
«Сипаттамасы бойынша тап» 
Мақсаты:
 Ұзын-қысқа, кең-тар, биік-аласа, үлкен-кіші ұғымдарын бекіту. 
Көрнекілік: Топтағы жануарлар бейнелейтін ойыншықтар. 
Ойынның мазмұны: Сөреге аю, қоян, қасқыр, түлкі т.с.с 5-6 ойыншықтар қояды. Әрбір ойыншықтарды анықтап қарап, атын қайталайды. Балалардың біреуін бөлмеден шығарып, ойыншықтар туралы жұмбақтар құрастырады, м: «Ұзын құлақ, қыли көз, қысқа құйрық-бұл қай аң? Жұмбақтарды құрастырып болған соң, баланы шақырады. Егер ол жұмбақ дұрыс шеше алмаса, қолына сол ойыншық беріледі де, жұмбақ қайта айтылады. 

Қорытынды: Дидактикалық ойын балаға білім берудегі әсер етудегі ең негізгі бір түрі, өйткені ойын балалардың негізгі іс әрекеті. Балалардың қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыруда дидактикалық ойындардың алатын орны ерекше. Пішіндерді өткен кезде шар, куб, «не домалайды, не домаламайды?» ойыны арқылы осы екі пішіннің ерекшелігі, қасиеті туралы түсіндіру өте тиімді. Білім берудегі дидактикалық ойындарды нәтижелі қолданудағы негізгі шарты: ол ойын таңдаудағы бірізділікті сақтау, келесі дидактикалық принциптер міндетті түрде ескеруі керек; түсініктілік, қайталанылуы, тапсырмаларды біртіндеп орындау. Баламен іс әрекет түрінде өткізілсе, тапсырмалар оңай орындалып, алға қойған межеге жету оңай болады. Ертегі кейіпкерлеріне, ойыншық кейіпкерге көмектесу баланың қызығушылығын оятып, бәсекелестігін арттырады. Сондай-ақ, ойлау, тапқырлық қабілетін дамытып, адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін оятады. Ойын арқылы балаларды геометриялық пішіндердің ортақ белгілері (дөңгелектенген, бұрышты) бойынша біріктіру туралы алғашқы түсініктерін қалыптастырамыз. Уақытты бағдарлауға үйрету үшін тәулік бөліктері, апта күндері, жыл мезгілдері және айлары туралы санамақтар, жаңылтпаштар, жұмбақтарды кеңінен пайдаланамыз. Бұл арқылы баланың ойлау, есте сақтау қабілеттері мен тілін дамытуды көздейміз.

Ойын Арқылы Балалардың Ой-Өрісін Дамыту

[pic]



[link]



Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Артемова Л.В. Дидактикалық ойындар. ¬– М., 1992. 
2. Богуславская З.М., Смирнова Е.О. Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған дамыту ойындары. – М., 1991. 
3. Дүйсенбай Е. Санамақ. – А., «Ана тілі», 1996. 
4. Колесникова Е.В. 3-4 жас балаларына арналған математика. – М., 2008.
 
5. Леушина А.М. Математикалық түсініктерді қалыптастыру. –А., «Мектеп», 1982.
 
6. Мәжитқызы Р. Қызықты математика. – А., 1996.
 
7. Никитин Б.П. Дамытушы ойындар. – М., 1994.
 
8. Новикова В.П. Балабақшадағы математика – М., 2003.
 
9. Нұрсейітова С. Оқушылардың сабақтан тыс әрекеттері. //Бастауыш мектеп. - 2003. №10.
 
10. Отер Е. Білікті жетекшілік қажет //Қазақстан мектебі. -2002.-№3.-36 б.
 
11. Сансызбайқызы М. Балдырғандарға арналған қызықты математикалық тапсырмалар. – А., «Рауан»,1993.
 
12. Сатимбекова М.С., Наурызбаева Ә.Н., Әуелбекова: Математика әдістемелік құрал. –А., «Алматы кітап» ЖШС, 2005.