Компьютер ойындары арқылы балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Компьютер ойындары арқылы

балалардың логикалық ойлау қабілетін дамыту

«Ақсу қаласының №18 бөбектер бақшасы» МКҚК


Кульбаева Салтанат Бауржановна


«Ел есінде бір жыл қалғың келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгілік есте қалғың келсе - бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз.

Сондықтан да болар, мен өзімнің мамандығымды тікелей балаларға қатысты етіп таңдадым. Балабақшада информатика сабағын жүргізумен қатар, «Балбөбек» сәбилер тобына жетекшілік етемін.

Жалпы баланың ой - өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да, сөзіміз – түзу, еңсеміз – биік, рухымыз – мықты болсын десек, бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білуіміз қажет. Бұл әрине, тәрбиеші мамандығына үлкен салмақты жүк артады. Кез-келген тәрбиеші кәсіби шеберлігімен қатар шығармашыл болуы қажет.

Өз тәжірибемде мен ересек және даярлық топтарында информатикадан сабақ жүргізе отыра, әр сабақ барысында балалардың қисынды ойлау қабілетін дамытуға көп көңіл бөлемін және осы іс-әрекетті жүзеге асыруда компьютер ойындарын жүйелі түрде пайдаланамын. «Заманыңа қарай бөркіңді тый»-дейді ата-бабаларымыз. Міне, қазіргі заманауи техникалардың озық түрде дамуының нәтижесінде тіпті информатика сабағы балабақша аясында да жүзеге асып жатыр.

Әрбір сабақтың қызықты әрі нәтижелі түрде өтуіне компьютер ойындарының көмегі ұшан-теңіз. Бір жағынан баланың қызығушылығын туғызатын түрлі түсті көрнекіліктер, екінші жағынан баланың қисынды ойлау қабілетін дамытуға арналған бейне-ойындар жиынтығы.

Ғылымда дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп, ал ой қорытындыларының обьектив пікірлерге негізделетін процесі логикалық ойлау деп аталады.

Логикалық ойлаудың ерекшелігі – қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикаға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдарлары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады.

Қисынды ойлау қабілетін дамытуға арналған ойындар баланың жан-жақты танымдылық қызметін арттырып, қоршаған ортаға деген көзқарасын жетілдіре түседі. Мәселен, «Қайсысы артық?» ойын тізбегінде берілген жемістердің ішінен көкөністі ажырату, немесе гүлдердің арасынан жемісті, сол сияқты үй жануарлары тізбегі арасынан аңды ажырату сияқты тапсырмаларын орындау арқылы қошеметке бөлену баланың келесі сабаққа деген құлшынысын арттырады. Сонымен қатар баланың ойлау қабілеті де дамиды. Осындай түрлі компьютер ойындары арқылы жаттығуларды орындау баланың ақыл-ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытады. Міне, менің жұмысымның басты мақсаты да осы. Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаев: «Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан тәрбиеші баланы өркендеткенде, сақтықпен басқыштап іс істеу керек» деген екен. Сондықтан да , балаларымыздың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, «Мәңгілік елдің ұлы ұрпағы» дейтіндей азамат етіп тәрбиелеуге өз үлесімізді қосайық.