3-4 жасар балалардың тілін дидактикалық ойын арқылы дамыту.
Ана тілінің грамматикалық жағын меңгерту күнделікті өмірде, үлкендермен сөздік қарым-қатынас жасау процесінде іске асады. Тіпті бірінші сыныптағы балалардың сөйлеу әрекетінде сөздің синтаксистік тұрғыда қалыптаса бастайтынын арнайы зерттеу,бақылау жұмыстары дәлелдеп отыр. 3-4 жастағы бала сөзінде жай-жайылма,құрмалас сөйлемдер жиі кездеседі. Керісінше бұл сыныптағы балалар морфологиялық формаларды өте баяу меңгеретіндері байқалады.Балалар сөйлемдегі сөздерді көбінесе жалғау, жұрнақсыз дара айтады.
Сондықтан тәрбиешілер тіл дамыту сабақтарында жеке сөздерді жіктік, септік, тәуелдік жалғауларында қолдануды, түбір сөздерден сөз тудыру тәсілдерін үйретіп отыруға міндетті.Бұл жөнінде арнайы жазылған методикалық еңбектерде айтылады.
Сөздің грамматикалық құрылысын меңгерту арнайы сабақ түрінде емес, тіл дамыту сабақтарында қосымша, дидактикалық ойын ( сөздік ойындар), түрлі жаттығу жұмыстары арқылы іске асады. Мысалы, зат есімдерді көптік,септік жалғауларын қосып айтуға үйретуде «Кімге не кере?», «Не жоқ», «Кім қайдан келді?» т.б ойындар ойнату қолайлы.
Сондай-ақ қазақ тілінде өз алдына жеке мағынаға ие болмайтын, басқа сөздерге қосылып көмекші мағына атқаратын- арт, үст, жақ, қас, іш деген көмекші сөздерді үйрету қажет. Бұл үшін түрлі ойыншықтарды, қажетті заттарды әр түрлі жағдайда орналастырып баладан сұрау керек. Бала қайда? деген сұраққа жауап бере отырып, заттың кеңістікте орналасқан орнын сөзбен айтады. Мұнымен қатар «Жасырылған затты тап», «Орнынды тап», деген ойын өткізуге болады. Мысалы, ойыншық аюды не қуыршақты жасырып сұрағанда бала Аю шкафтың үстінде, қуыршақ төсектің астында,немесе, Доп столдың жанында. Мысық үйдің үстінде отыр,-деп жауап береді. Сөйлемдегі орны бос сөздерді тауып сөйлем құрап айтуға үйретуде Әжемнен хат келді.Мен қайттім (қуандым).Балапан ұшып кетті деген сөздерге Қайдан? Қалай? Неге? деген сұрақтар арқылы балапанның ұшқан жерін, неге ұшып кеткен себебін айтқызған дұрыс.
Бірыңғай мүшелі, сабақтас салалас құрмалас сөйлемдер құрап айтуға үйретуде «Пошташы хат әкелді» деген ойын ойнатуға болады. Суреттер көрсетіп әңгіме құрату. «Фермада», Тоқтарбек совхозға барғанда не көрді», «Қырман басында», «Жайлауда көргендерім», «Жидек тергенде» деген тақырыптарды алуға болады. Мұндайда бақша жағдайын, ауыл-село шаруашылығы мен табиғатын, қолда бар құралдарды ескеру қажет. Жоғарыда аталған суреттер «Балдырған» журналында, суретті кітаптарда көп жарияланды.
Ересек пен мектепке даярлайтын балалардың сөйлеуге белсенділігін арттыру мақсатында дидактикалық ойындар көп қолданылады.
Бұл ойындарда кейбір заттардың аты, ұқсастығы, сапасы, іс-әрекеті жөнінде қажетті сөздерді дәл тауып айтып, естеріне түсіріп жаттығады. Мысалы, адамдардың еңбек процесін білдіру үшін «Кім не істейді?» деген ойын ойналады. Мұндайда балалар әр мамандыққа байланысты суреттерді таңдап алып, өздері айтып береді немесе тәрбиеші айтқан сөздерге сөйлем құрайды. «Кім не істейді?» ойында тәрбиеші мынадай жеке сөздерді айтады.
Шопан . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . (колхоздың қойын бағады.)
Сауыншы . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .(сиыр сауады)
Құрылысшы . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . (үй салады) т.б.
Үй жануарлары не істейді.
Сиыр қайтеді? Не істейді? – мөңірейді, шөп жейді, жайылады т.б.
Жылқы қайтеді? Не істейді? – кісінейді, шөп жейді, жайылады.
Ит қайтеді? Не істейді? – үреді, үйді күзетеді.
Мыналардың суреттерін беріп, ол туралы балаларға айтқызу қажет:
Мысық...
Қой...
Әтеш...
Мал төлдері жөнінде инсценировка жасатуға болады. Н. Жанаевтың «Төлдермен тілдесу» деген өлеңін кейіпкерлерге бөліп, айтқызған жөн.
Ойын талабы: Сұраққа бөгелмей жауап беру. Жолдастарының айтқанын қайталамау.
Бұл ереже баланы тапқырлыққа, зейінділікке үйретеді.
Бала тіліне образды сөздерді қалыптастыру үшін оқу жылының екінші жартысынан бастап арнайы лексикалық жаттығулар жүргізіледі. Ол үшін «Сипатталған затты тап» (жасыл, бұйра, түрі ақ), «Қайсысы қалай дыбыстайды», «Мына заттар туралы сипаттап айт» ойындары пайдаланылады.
Мұндай ойындарда балаларға таныс заттар алынады. Балалар оларды сипаттайды. Мәселен, қайың туралы: бүрі бұйра, діңі ақ, қара сызықтары бар қандай ағаш? деп сұрақ қойылады. Ал «Қимыл әрекетін айт» ойынында: Жел қайтеді? деген сұрақ қойылады. Оған балалар: - жел ышқына, ысқыра, қатты соғады, ағаштың жапырақтарын түсіреді. Жапырақтарды сырғаната ұшырып, үйіп жасайды, - деп жауап беруі тиіс. Бұлақ жіңішке келеді. Суы таяз, тұнық, мөлдір. Бұлақ туралы мына тақпақты айтқызуға пайдалы:
Балбұлақ ағады,
Таңдайын қағады.
Сөйлейді сылдырлап,
Бөпемдей былдырлап. ( Н. Жанаев.)
Мына түбір сөздерге жалғау-жұрнақ жалғатып айтқызу керек: Ет, етік, етікші; қой+шы; ат+шы; үй+ші.
Балалардың сын есімдерді (салыстырмалы, күшейтпелі, шырай түрінде), сөйлеу процесінде үстеулерді қолдана білуге (жоғары – төмен, кеңірек – тарырақ, ұзын - өте ұзын, кең - өте кен ) жаттықтыру керек.
«Кім көрген?»,«Дәл тауып айт», «Кім саққұлақ?», «Кім жақсы айтады?» деген ойындар ойнату тиімді. Мұндай ойындарға тіл дамыту сабақтарында 5-10 минут бөлінеді.
Тәрбиеші өзінің іс жоспарында ойын аттарын, сөздік материалдарының тақырыптарын көрсетуі керек. Мысалы, «Бұл кім?» деген дидактикалық ойында бала әр түрлі мамандық иелері жөнінде айтуы, Мұғалім не істейді? Картиналарды кім жасайды? Аспан әлеміне ұшатын кім? Киімді кім тігеді? Тракторды кімдер жүргізеді? Олармен не істейді? Деген сұраққа жауап берулері тиіс. «Менің ойлағанымды тап» деген дидактикалық ойын балалардың сөзге белсенділігін арттырып, тапқырлыққа үйретеді. Мұндайда сөйлесу тақырыбы – үй жануарлары мен жабайы аңдар, бөлмедегі, бақша алаңындағы ойыншықтар мен мүліктер, өсімдіктер, көлік түрлері жайлы болғаны жөн.