Тақырыптық күн. «Табиғат біздің -досымыз»
1.Балаларды жылы жүзбен, мейірімді сөзбен қабылдау. 2.Таңертеңгілік жаттығу.
Тақырыбы: «Табиғат біздің -досымыз».
Мақсаты: «Табиғат», «Денсаулық» құндылықтары туралы түсіндіру.Табиғат пен денсаулықтың өзара үйлесімділігі туралы түсініктерін кеңейту;денсаулықты сақтау дағдыларын дамыту; Көрнекі құралдар: плакаттар ,тақырыпқа байланысты суреттер Барысы: Амандасу рәсімі Шаттық шеңбері: Армысың шапағатты Күн-Ана!
Армысың қайырымды Аспан-Ана!
Армысың мейірімді Жер-Ана!
Құт дарыт, бар әлемді жарылқа!
Өзіммен-өзім
Үнтаспадан құстардың, сылдырап аққан судың, тербелген ағаштардың сыбдыры, табиғаттың сан алуан құбылысының дыбысы естіледі. Балалар көздерін жұмып, тыңдайды.
Қандай дыбыстар естідіндер? Қандай әсер алдындар? Балалардың жауаптары.
Негізгі бөлім:
Балалар, қалай ойлайсындар бізге күн не үшін қажет? Балалардың жауаптары.
- Күн – әлемге жарық беріп, жылытатын планета. Күн бәріне бірдей мейірін, жылуын төгеді. Бізге күнсіз тіршілік жоқ. Ал ауа не ушін қажет?
Балалардың жауаптары - Ауасыз бізге тіршілік жоқ. Ауамен біз дем аламыз.
Су бізге не үшін қажет?
- Сусыз тіршілік жоқ. Күн, су, ауа адам үшін өте қажет. Біз оларсыз өмір сүре алмаймыз. Сондықтан ауаны ластамай, суды үнемдеп пайдалануды үйренейік! Күн, ауа, су – табиғаттың бізге берген сыйы. Сол себепті оларды қорғайық, аялайық!
Табиғат – Ананың Жер, Су, Ағаш деген үш ұлы болыпты. Олар өте ақылды, мейірімді екен. Табиғат – Ана бір күні ұлдарын шақырып алып: - Адамдарға көп қызмет еткен ұлыма үлкен сый таратамын, – деп уаде береді.Сонда ұлдары анасының айтқанына қуана келісіп, адамдарға жақмылық жасауға жолға шығыпты. Үшеуі үш жақа кетіп, адамдарға көп игілікті істер жасапты. Күндердің күнінде үшеуі еліне қайтып оралғанда, аналарының бұрынғыданда бетер көріктене түскеніне риза болған ұлдары: - Апатай, Сіз қандай керемет күйге түскенсіз, бұнын сыры неде? – дегенде Табиғат – Ана: - Аяулы ұлдарым менің, бұның сыры сендердің адам затқа жасаған қайырымдылықтарында, – деп жауап береді. Содан бері Жер, Су, Ағаш аналарының сұлулығын сақтап қалу үшін, адамдарға адал қызмет етумен келеді екен. Табиғат -Ананың ұлдары адамдарға қандай игілікті істер жасады? Табиғат -Ананың сұлулығын сақтау үшін адамдар не істеу керек?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
- Балалар! Табиғат пен Адам бір-бірімен байланыста екен. Адамның табиғатсыз тіршілігі жоқ. Бізді қоршағанның бәрі – табиғат, ол жазира дала, биік таулар, көгілдір көлдер, мөлдір өзендермен бұлақтар, сондай ақ жан-жануарлар, аңдар, құстар мен жәндіктер… - Неліктен табиғатты анаға теңеп «Табиғат-Ана» деп атайды?
Балалардың жауаптары. Күтілетін жауаптар:
- Ауаны жұтамыз. - Күн жылулығын, жарығын береді. - Жер-Ана бізді азықпен қамтамасыз етеді. - Сусыз тіршілік жоқ. - Ағаш айналаға көрік беріп, көлеңкесін тосады.
Дәйексөз :Тәрбиеші балаларға «Табиғат қорғау – Отанды қорғау» деген нақыл сөзді бүгінгі сабақтың дәйексөзі ретінде түсіндіреді.
Балалар арасына «жолбасшы» тағайындалады. Балалар шеңберге бірінің артынан бірі тұрып, жолбасшының қимылын қайталайды.
Өзеннен өту. Тауға өрмелеп шығу Шалшық сулардан өту ,Ормандағы қалың ағаштардың арасынан өту .Ашық алаңға жетіп, қуанып, демалады.
Ғажайып сөздер: Табиғат – Ана. Табиғатқа қамқорлық жасаймыз. Күн ауа – біздің достарымыз Күн, су, ауа – табиғаттың бізге берген сыйы
Ойын. «Не болар еді?»
Балалар шеңберге тұрып, тәрбиешінің қойған сұра ғына жауап беріп, сөйлемді аяқтайды.
Күн жоқ болса, не болар еді …
Ауа жоқ болса, не болар еді …
Су жоқ болса, не болар еді …
Күтілетін жауаптар:
Күн жоқ болса, қараңғы, суық болып, жаурайтын едік.
Ауа жоқ болса, дем ала алмай тұншығып қалар едік.
Су жоқ болса шөлдер едік.
Балалар, біз табиғатсыз тіршілік ете алмайды екенбіз. Табиғат бізге күн сияқты мейірімді, ауа сияқты таза, су қашанда мейіріммен, қамқорлықпен қарап, жомарттықты табиғаттан үйренейік. Өйткені олар жақсылығын, мейрімін, жылуын барлық адамға бірдей бөлмей-жармай, риясыз істейді. Күн, ауа, су – біздің достарымыз. Табиғат анамыз біздің денеміздің сау, денсаулықтарымыздың мықты болуына көмектеседі.
Қорытындылау
- Балалар, біз бүгін табиғаттың не екенін білдік. Оны аялаудың, қадірлеудің, қамқорлыққа алудың қажеттігін түсіндік. «Табиғат – Ана» деп халқымыз бекер айтпаған. Сол себепті табиғатты, қоршаған ортаны қорғап, қамқорлық көрсетіп, аяласақ, ол біздің Отанды, елімізді, туған жерімізді қорғағанымыз екен. Тәрбиеші балалармен шеңберге тұрып төмендегі өлең жолдарын бірге қайталайды.
Күніміз ашық болсын!
Түніміз тыныш болсын!
Ауамыз таза болсын!
Суымыз мөлдір болсын!