Тіл мәдениеті – әдеби тілдің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейтін тіл білімінің саласы. Тіл мәдениетінің тіл білімінің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыста болатындығында. Тіл мәдениеті дегеніміз – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану.
Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды:
тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы);
этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері);
коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Қазақ тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ Тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту нормасы. Жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны және оның орфографиялық ережелерді жүйелеу мәселелерімен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттеліп келеді. Сөйлеу мәдениетін ұлттық мүдде ретінде тану; сөз мәдениетіне әлеуметтік көзқарасты қалыптастыру, сөз мәдениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениеттің ең басты тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәдениетімен қатар насихаттау, лингвистикалық болжау орталықтарын ашу, сөз мәдениетіне қарама-қарсы құбылыс - лингвистикалық экологияны жеке сала ретінде қарастыру, «әсем жеткізу» ұстанымдары негізінде сөз мәдениетін жетілдіру, т.б. мәселелерді дұрыс жолға қою негізінде Тіл мәдениеті дамиды.
Тіл қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. «Өнер алды — қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Қазіргі таңда тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында»: «Тілді дамыту — Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі» , сондай-ақ «Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек»2 делінген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» — деп тұжырымдайды.
«Тіл мәдениеті -бұл өзінің ойын дұрыс, дәл және мәнерлі жеткізе алу білігі. Дұрыс сөз дегеніміз әдеби тіл нормасы сақталған сөз. Тілдің нормасы – бұл коғамдық сөйлеу тілі тәжірибесінде қабылданған жалпы тілдік сөйлеу, грамматика, сөз қолдану ережесі. Ойын жеткізуде дәл әдіс таба білу ғана емес, сондай-ақ орынды сөйлеу
Сонымен, тіл мәдениеті дегеніміз – оқыту үрдісінде, отбасында, жалпы адамдардың өзара қарым-қатынасы негізінде жазбаша және ауызша тілді игеру деңгейі. Ойды дұрыс, түсінікті, анық, дәл, әсерлі әрі әдеби тіл нормасын сақтай, тіл тазалығын сақтай жеткізе білу шеберлігі.