Үш тұғырлы тіл- заман талабы
Тіл – халықтың ең негізгі байлығы. Қазір заман талабына сай үш тұғырлы тіл саясатын бәріміз де қолдаймыз.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – деген даналық сөзді басшылыққа алып, облыстық тілдерді оқыту орталығы ұжымының қызметкерлері қыруар жұмысты жүзеге асыруда.
Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқымыз келсе, көп тілді игерген азаматтарға қарап қуанатынымыз да белгілі.
Қай кезеңде болмасын, көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар алдыңғы қатарлы елдің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырғаны тарихтан белгілі. Мәселен, ежелгі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған көрінеді.
Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенже қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін маман бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Осы ретте, президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек», – деген болатын 2012 жылы 14 желтоқсандағы Жолдауында.
Үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, тек қана қазақ тілін қолданайық деп даурыға берудің қажеті жоқ. Одан да біз мемлекеттік тілді дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйренеміз керек. Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазақ мектебінде оқыған жас қалада тұрғаннан кейін орыс тілін де білетіні айдан анық. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда.
М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Н.Б.Садақбаева