Мен өз оқушыларымды мақтан етемін!
Мен Алматы қаласының №185 орта мектебінде тарих пәні мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Қазіргі таңда мұғалімнің міндеті екі есе көбейгенімен, мамандық таңдауда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Мұғалімнің жұмысы қаншама қағазбастылыққа толы болса да, әрбір ата-ананың үкілеп отырған бауыр еті баласының жан дүниесіне үңіліп, қабілеттерін жан-жақты аша білу мұғалімнің басты міндеті болып қала бермек.
«Қазақстан тарихы» пәнін 5-ші сыныптан енгізу, бұл пәннің 4-ші сыныпта алған білімдерімен байланысты болуы өте орынды. Сонымен қатар пәннің қазақ тарихының маңызды кезеңдерінен шолу ретінде берілуі оқулықтың тиімді жағы болып есептеледі.
Сабақ әдістемесін бесінші сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып таңдаймын. Қай әдісті пайдалансам да оның оқушыларға жеңіл, түсінуіне қиындық туғызбай қолжетімді болуына баса назар аударамын. Қазіргі заман талабына сай қай мұғалім болса да оқушылардың еркіндігіне мән беру керек деп ойлаймын. Бұл қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып табылады. Оқушының өз ойын еркін айтуына аса мән беремін. Ойдың дәлелді, қисынды болуы да назардан тыс қалмақ емес. Тарихи, ғылыми тілмен сөйлей білуге жаттығу мұғалімнің үздіксіз бақылауының, түзетулерінің нәтижесінде жүзеге аспақ. «Қазақ батырлары», «Қазақ билері», «Байтақ қала - Астана» сабақтары өте әсерлі болды. Сабақ барысында батырлар туралы «Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырларымыздың ерлігінің бүгінгі таңда маңызы бар ма?» деген сұраққа Төлеміс Дархан былай деп жауап берді: «Бұл батырлар кең байтақ елімізді ерлікпен қорғады, кең байтақ жерге сол батырлардың ерлігінің арқасында ие болдық» деп жауап берді. Қазіргі ұрпақ қандай болу керек деген сұраққа, оқушылар: «Біздің ата-бабаларымыздан қалған аманат, кең-байтақ елімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қала алатын ұрпақ болуымыз керек» деп жауап бергенде бойымды мақтаныш кернеді. Демек, олар мектепте алған білімдерін бойларына сіңіріп, қажет кезде пайдалана алатын деңгейде деген сөз. Менің оқушыларым болашақта нағыз ұлтжанды, елін, жерін шексіз сүйетін патриот болатынына сенімдімін. Тарих пәнінің негізгі міндеті де сол оқушылараға патриоттық тәрбие беру. Ал ол қойылған міндетті мен өз сабақтарымда бұлжытпай орындаудамын десем қателеспеймін.
[pic]
Алматы қаласы № 184 мектебінің тарих пәні мұғалімі Нұргүл Танабаева және суретте 5 «А» сыныбы