Сабақтың тақырыбы: Т. Айбергенов «Аруана бауыр – дүние»
Сабақтың мақсаты:
Өмірден ерте кеткен талантты ақын Т. Айбергеновтың өмірі мен шығармашылығы туралы оқушылардың танымдық қабілетін арттыру, ақынның ақындық ерекшелігіне тоқталу.
Міндеттері:
Білімділік: Т. Айбергеновтың «Аруана бауыр – дүние» өлеңін оқыта отырып, өлеңнің айтар ойын ашу, талдау.
Дамытушылық: Оқушылардың сөз байлығын, сөздік қорын байыту, әдеби шығарма идеясын таныту, өз ойын ауызша да, жазбаша да жеткізе білуге баулу.
Тәрбиелік: Оқушылырдың туған жерге, отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, өзіндік жұмыс, шығармашылық жұмыс, салыстыру.
Көрнекілігі: Ақын суреті, буклет, кітап көрмесі, ана, туған жер туралы нақыл сөз жазылған плакаттар, интерактивті тақта
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру.
1. Амандасу.
2. Кезекшімен сұхбат.
3. Оқушыларды үш топқа бөлу, «Болашақ» тобы, «Дарын» тобы, «Сезім» тобы. Әр топтан топтарының атын неліктен осылай атағандықтарын сұрау.
ІІ Үй тапсырмасын сұрау.
«Ой қозғау» әдісі
Т. Айбергеновтың шығармашылығына байланысты сұрақ – тапсырмалар беру.
1. Т. Айбергенов кім?
2. Ол қашан, қайда дүниеге келген?.
3. Қандай оқу орынын бітірген?
4. Кітап болып басылып шыққан қандай шығармаларын білесіңдер?
«Жатқа оқу» стратегиясы.
Т. Айбергеновтың «Ана» өлеңін әр топтан бір оқушыдан жатқа оқып жатқан кезде, қалған топ мүшелері плакаттарға маркерлермен «Топтастыру» стратегиясы бойынша жұмыс жүргізеді. Әр топ өздері құрған стратегияларына түсінік береді.
1-топ. Ана кім ? (қызметіне қарай)
2-топ. Ана кім ? (қасиетіне қарай)
3-топ Ана кім ? (жынысына қарай)
Мұғалімнің өткен сабақты қорытындылауы.
- Иә, өмірде ана атану, перзент сүю,артына ұрпақ қалдыру қашаннан да адамзат баласына тән ең асыл қасиет,үлкен арман емес пе? Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен –аналар. Ана туралы тақырыпты біз бүгін екінші анамыз –Отан -Ана тақырыбымен жалғастырамыз. Бүгінгі қарастыратынымыз Т.Айбергеновтың «Аруана бауыр – дүние» өлеңі. Біз өлеңді оқымас бұрын жерлес ақынымыз, төлегентанушы Базарбай Имановпен болған сұқбатымызды көріп алайық. (бейнетаспа қойылады.)
Торғай өлең өлмеді, аман қалды
Әкетті ажал...
Жыр емес, адамды алды.
Бір өмірдің дастаны басталды да,
Шорт үзілді,
Шоп –шолақ тамамдалды.
Жарық дүниенің отыз-ақ жыл сәулесін көрген ақын бізге отты жыр, өлмес өлең қалдырды. Соның бірі «Аруана – бауыр дүние» өлеңі дей келе, мұғалім өлеңді мәнерлеп оқып береді.
Екі оқушыға мәнерлеп оқыту
Ең алдымен өлең мазмұнын түсінейік.
Сұрақ:
- Өлең сендерге ұнады ма? Енді өлең мазмұнын ашу үшін шумаққа бөліп оқып, мазмұнын қара сөзге айналдырып, түсініп қарайық.
Өлеңді талдау барысында төмендегі түсініксіз сөздерге түсінік беріледі:
Аруана – шөл жерде өсіп-өнетін түйенің ерекше қасиетті, сүтті түрі, текті жануар.
Бауыр дүние – туған жері,табиғатына бауырмалдық қасиетін бейнелейтін тіркес.
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп – өзге қоныс, жат жерден өз ботасын өлтіріп, артқа қарайламастан туған жерге жету.
Омырауын шерге толтыру – мұң басу, қайғыру, өзегі өртену.
Мөлт ете қалсам балапанымды шайқап ап – баламды өлтіріп алсам да.
Сұрақтармен жұмыс.
Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесімен салыстыру(топтық жұмыс)
Венн диаграммасы
Жеке оқушылармен шығармашылық жұмыс
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» атты тақырыпта шығарма жазу
«Аруана – бауыр дүние» өлеңін қарасөзге айналдырып жазу.
Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын талдау.
Сабақты қорыту. Т. Айбергенов туралы қайта айта кету. Ақын аңсап, көре алмай кеткен туған Қазақстанның еркіндігін, егемендігін айта кету артық болмайды.
«Мен ақын болсам..» атты тақырыпта ой қозғау. Бірнеше оқушының ойын талдау (ауызша).
Бағалау. Әр оқушының белсенділігіне қарай бағалау.
Үйге тапсырма.
а) Өлеңді мәнерлеп оқу, ұнаған шумағын жаттау.
ә) Шумақтардың мазмұнын ашу.
б) Өлеңдегі ажарлы, айшықты сөздерді теріп жазып келу.
в) «Туған жер- алтын бесігім» атты тақырапқа шығарма жазу.