Хрестоматия Қазалы қаламгерлері

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...




«Қазалы қаламгерлері»

таңдау курсы бағдарламасына арналған

х р е с т о м а т и я



















ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІНЕ шақырамыз!


«Әркімнің туған жері – өзіне жұмақ». Тұран ойпатын жайлаған Қазалы топырағынан әнші де,биші де,суретші де,ел билеген басшы да,қаламгерлер де дүниеге келген.

Қымбаттты жас достар!Сендер тумысыңнан зерек,дарынды,білімге құмар,қиялы ұшқыр,арманшыл ұрпақтың өкілдерісіңдер.Сендердің қолдарындағы хрестоматияда Қазалы жерінде дүниеге келген,қызмет жасаған қаламгерлердің өмірі және шығармаларымен танысасыңдар,адамзатты құрметтеу сезіміне бөленіп,даналықтан,көркем туындыдан нәр аласыңдар.Өйткені әдебиет-адамзат қауымының ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы.

Жас достар! Сендер «Қазалы қалмагерлерін» оқу арқылы әсерлену,шабыттану,қиялдау,армандау еліктеу сияқты күй кешіп, ақын-жазушылардың өмір жолы мен қызметі,отбасы және шығармалары туралы зерттеу,сұхбат жасауға дағдыланасыңдар.Сөйтіп әдебиет әлеміндегі Қазалы қаламгерлерінің шығармаларын оқу арқылы еш уақытта көзге көрінбейтін сезім ақыл иесі-адамдыөз ырқына жетелеп әкететін киелі дүние «көркем шығарма» екеніне көздеріңді жеткізесіңдер.

Қазалы қаламгерлерінің шығармаларына сапар шегейік ,достар!










Әнес Нарымбетов [pic]

Әнес Нарымбайұлы Нарымбетов 1930 жылы 25 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданының №6 ауылында, қазіргі «Өркендеу» ауылында дүниеге келген. Әнес Нарымбетовтың балалық шағы екінші дүние жүзілік соғыспен тұспа-тұс келіп, 1943 жылы әкесінен айырылғаннан кейін колхоз жұмысына араласқан. Жастайынан ауылдағы еңбекке белсене араласып, колхозшы болып, арба айдап, бидай, күріш егіп жүрген жастың жүрегінде өлең деген алып күш қайнап жатқан болатын. Алғашқы өлеңдерін 1946 жылдан бастап жаза бастаған.Қайсар мінезді ақын әуелгі еңбек жолын 1951 жылы Қазалы автобазасында жүргізушіліктен бастаған. 1954-1959 жылдарда Бірліктегі МТС-те, 1959-1960 жылдары « Бөзкөл» елді мекенінде жұмыс істеп, еліне елеулі үлесін қосты. Бұдан кейінгі жылдары яғни, 1964-1969 жылдары аудандық ДОСААФ комитетінде оқытушы, 1969-1984 жылдары Қазалы автобазасында жолаушылар таситын жүргізуші болып жұмыс істеп, талай жолаушылардың алғысына бөленген. 1984 жылы аудандық жолаушылар автоколоннасы, жолаушылар автотранспорт кәсіпорыны болып өзгергенде де 35 жыл бойы үздіксіз жүргізуші болып еңбек еткен. 1986 жылы еңбекке жарамсыздығына байланысты зейнеткерлікке шыққанға дейін бірғана кәсіптің айналасында бір салада жұмыс жасап жүріп, қолынан қаламы түспей, қаламын жан серігі етті.Әнес нарымбетов өмірде бір қалыпты, тұрақтылықты сүйетін жан еді. Зайыбы Бағила екеуі 3 бала тәрбиелеп өсіріп, 6 немерелі болды. Балаларын адал еңбек ететін, шыншыл азамат етіп өсіре білді. Қазір балалары Қазақстанның өсіп өркендеуіне үлес қосып, әр салада абыройлы жұмыс атқарып жүр.Әнес Нарымбайұлы Нарымбетов жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында өзінің ерекше табиғи дарынымен қасиетті Қазалы топырағында жасында жарқылдап өткен талант иесі. Орта білімімен-ақ дипломды ақындардың өресі жете бермейтін биікке көтерілген Ә. Нарымбетов поэзиясы тұнып тұрған патриоттық сезімге толы. Ол өзінің туған жерін, елін, ақындық жүрегімен сүйіп, оны өз өлеңдері арқылы оқырмандарына әдемі жеткізе білді.Ақын Қаржаубаева Алмагүл Әнес Нарымбетов туралы былай дейді: «Өзі қандай турашыл, табанды болса жырларынанда сондай жігер мен қайраттың лебі есіп тұратын. Жалғандаққа жаны қас, шындықты пір тұтатын тұлғалы ақын» еді,- дейді.Жазушы Әлмәмбет Әлішов: «Жүрегі елім, халқым деп соққан аяулы азаматтың еліне сіңірген еңбегі ескеріліп, Ақиық ақынды ұлықтайық,-деп ұсыныс жасауының өзі ақынның кісілік келбетін көрсетеді.Әнес Нарымбетов еңбек майданынан қол үзбей жүріп,1979 жылы «Қармақ»,1982 жылы «Әупілдек»,1986 жылы «Сапар сазы»,1990 жылы «Қызғыш құс», «Қарлығаштар» атты жыр жинақтарын шығарды.


Жарлының шапаны

Ерте, ерте, ерте ертеде...

Ертегі сыр шертеді.

Шалқыған бір шаһардың

Дулы базар көркі еді.


Алмаса да, алса да

Базар ортақ баршаға

Сұрау салып,

Жоқ іздеп

Жүрген адам қаншама?!


Келсе біреу сән үшін,

Келтіре алмай мәнісін:

Біреулер жүр сенделіп,

Бала-шаға қамы үшін.


Біреу теуіп құландай,

Бірі арбақ жыландай.

Ұту үшін

Қиянат.

Жасайды жұрт ұялмай.


Сонда да өмір қызық-ақ,

Қызды базар құжынап,

Қолға қауып тер иісі,

Күн де кетті шыжып-ақ.


Мінді базар күшіне

Тұмсық батпас ішіне

Өз ісімен өзі әркім,

Басқа жұрпен ісі не?


-Балаңа ал, -деп,-базарлық,-

Жүр бұхарлық, қазарлық.

Біреулердің әп-сәтте

Қалтасы да тазарды.


Қан базарда қаптаған

Құрттай қайнап жатты адам.

Елден елге базаршы

Бойы еді сол тоқтаған.


Кіруі топқа ол-дағы

Оны-мұны алғалы.

Шапанынан айырылып,

Жарлы кенет зарлады.

Тұрды жарлы қапалы,

Таптырсын ба шапаны?!

Зарлай-зарлай

Базаршы

Түрлі ойға батады.

Таптырмасын білгесін

Іздей берсін құр несін?

Аздан кейін базаршы

Жинап алып тұрды есін.

-Ойнап алсын, шын алсын,

Баукеспе алсын, кім алсын.

Шапанымды берсе әкеп,

Кешіремін кінәсін.

Егер іздеп келмесе,

Шапанды әкеп бермесе,

Істегенін әкемнің

Мен де істеймін ендеше!

Әкеп берсе кінәлі

Мен де сөзде тұрамын.

Ал әкеп бермесе,

Айтқанынды қыламын!-

Деп жұртқа жар салыпты,

Бұл жайға жұрт қаныпты.

Бұны естіген ұры да

Ұйқысынан қалыпты.


«Бар шығар бір бәлесі»,-

Деп қалмады зәресі.

Жолаушыны тауып ал,

Сәске түсте келесі:

-Шапаныңды әкелдім,

Не қылсаң да көтердім.

Істей көрме өтінем

Істегенін әкеңнің,-


Деді ұры жалынып,

Зар иледі жабығып.

Қуанышты жолаушы,

Жоғалғаны табылып.


-Басыңды иіп келгесін,

Шапанынды әкеп бергесін.

Істегенін әкемнің

Қайталаймын мен несін?


-Айып болса кеш мені,

Түбінде жұрт не істеді.

Айтшы, әкең шынында,-

Деді ұры: не істееді?


-Жастау кезім, баламын:

«Базарына қаланың

ала кет,-деп жабыстым,-

Әке, мен де барамын».


Қиналса да қимады,

Сөзімді әкем сыйлады.

Қозы шалым ырымға,

Ауыл-үйді жинады.

Базарға кеп ертесін

Сатты жалғыз серкесін

Жеміске бір тойғызып,

Мен секілді еркесін.

Алдық жүзім,

Алманы,

Жиде-дағы қалмады,

Мәз боп келем

Өрікке

Толтырып ап қалтаны.


Мен мәз болып тұрғанмын,

Әкем тағы құрма алды.

Сол арада кенеттен

Шапаны оның ұрланды.


...Сол сапардың шатағы

Жаныма әлі батады.

Бар байлығы жарлының-

Бір киетін шапаны.


Қайдан іздеп табасын.

Қажыды әкем, шамасы.

Аз-мұз қалған ақшаға

Алып киді жаңасын.


...Рас қапы болғаным,

Өзің мені қорғадың.

Міне, сенің арқаңда

Шапан сатып алмадым!...

Әнес Нарымбетов халқының сүйікті ақыны болумен қатар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқан жас талант иелерінің шын жанашыры, ақылман ағасы бола білді. Киелі Қазалы өңірінде 20 ғасырдың соңына таман қолына қалам ұстаған таланттардың Ә.Нарымбетов мектебінен өткендері аз емес. Ақынан бата алған Д.Қаласқызы, Э.Ержанова Ж. Қожақова, Н. Саниязова, К.Көбекова тәрізді жас буын ақындарымыз бұл күндері түрлі мүшәйралардың жеңімпазы атанып жүр. Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Алмагүл Қаржаубаеваның да пір тұтар ұстазы болған.Ақын Қаржаубаева Алмагүл Әнес Нарымбетов туралы былай дейді: «Өзі қандай турашыл, табанды болса жырларынанда сондай жігер мен қайраттың лебі есіп тұратын. Жалғандаққа жаны қас, шындықты пір тұтатын тұлғалы ақын» еді,- дейді.Жазушы Әлмәмбет Әлішов: «Жүрегі елім, халқым деп соққан аяулы азаматтың еліне сіңірген еңбегі ескеріліп, Ақиық ақынды ұлықтайық,-деп ұсыныс жасауының өзі ақынның кісілік келбетін көрсетеді.Бұлақ көрсең, көзін аш,- демекші өзінен кейінгілерге дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, шын жүрегімен тілекші болған үлкен жүректі ақынды еске алмай, елеусіз қалдырудың өзі киянат болар. Қызылорда облысының әкімі Болатбек Баянұлы Қуандыковтың демеушілік жасауымен 2009 жылы «Сырдария» кітапхансы сериясымен 200 томдық кітап жарық көрді. Соның ішінде Әнес Нарымбетовтың «Туған жер» атты бірнеше өлең жинағы жарық көрді. Бала тәрбиесіне мән беріп, өзінен кейінгі ұрпақтарды адамгершілікке, патриотизмге тәрбиелеген жалында жырларының төккен тер еңбектерінің арқасында 1994 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болып қабылданды. 1996 жылы 28 маусым Алматыда өткен Қазақстан Жазушыларының XI сьезінің делегаты болды. Сонымен қатар Әнес Нарымбетов Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылы 21 наурыздағы жарлығы бойынша «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медалымен награтталды. 2000 жылдың 13 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің хаттамасына сәйкес «Мәдиниетті қолдау жылы» аясында Қазалы ауданы әкімінің шешімімен Қазалы ауданының құрметті азаматы деген атаққа ие болған. Халық депутаттары Қызылорда облыстық кеңесінің президиумы атынан «Алғыс хатпен» және Қазалы ауданы әкімінің, Қазалы қаласының әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Арқалы ақын Әнес Нарымбетов 2003 жылы 1 тамызда дүниеден озды. Қазалы қаласының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан кейінгі ұрпаққа жолы өнеге ақынды мәңгі есте сақтау үшін көпшілік қауымының, Қазалы ардагерлер кеңесінің сұранысымен, Қазалы қаласындағы «Бостандық» көшесіне ақын Әнес Нарымбетов есімі берілді.

Едіге Кішкенеев [pic]

Сыр өңірі әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлердің бірі ақын, жазушы, журналист Едіге Кішкенеев 1947 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Ақын өз тұстастары сияқты соғыстан кейінгі қиын кезді басынан өткерді, оның балалық шағы еңбекке ерте араласқан құрбыларымен бірге өтті. Еңбек ете жүріп, ойнады, еңбек ете жүріп оқыды, сол кездегі өзінің қатар-құрбылары сапында түйе машинасына мініп, шөп те шапты, қолына ескек алып, балықшылармен бірге толқынмен де алысты, таң атқанша кеудеден су кешіп, ау да салды.Алғашқы мақалалары, қысқа хабарлары, балаң өлеңдері аудандық газетте жариялана бастады.

Соғыстан кейінгі қалпына келтіру жылдарымен балаң, жасөспірім кезі тұспа-тұс келген, еңбекпен есейген болашақ ақын арман қуып, Алматыға келді. Арман қала, әсем қала Алматыда жүргенмен, ақынның туған жеріне, жастық кезіне деген сағынышы молая берді. Студент жігіт, балаң ақын туған жерін түсінде көрді, жүрегін жыр мазалады. Бұл туралы енді ақынның өзін сөйлетсек, ол «Ақеспе» атты өлеңінде былай дейді:

Жағасы жайлау көк шалғын,

Айдының шалқар Ақеспе.

Өзіңде өткен шат балғын,

Жігіттік шағым бәрі есте.


Түндігін түннің күй түріп,

Жасарды жаным сел үнге.

Жүзімді тостым сүйдіріп,

Қыз ерін самал лебіне.


Қаймағын нұрдың қалқып ап,

Алау күн дөңнен қарайды.

Алқызыл, көкпен шаршылап,

Толқындар шашын тарайды...


Ақын туған жеріне деген махаббатын, сағынышын ерекше иіріммен жеткізеді. Оған дәлел табиғаттың жанды кейіпке енуі, бүкіл дүниеге жан бітуі.Осы өлеңнің өзінде ақын бірнеше ішкі иірімдер жасайды:

...Жарасты күлкі, жақсы әзіл,

Шағала шаттық айналам.

Жеткен бе жүйрік жоққа әзір,

Сонау бір кезді ойға алам...

Кездескен едік біз ерте,

Гүлдерін теріп қырыңның.

Мазалай берген жел ерке,

Тарқатып оның бұрымын.

Мен содан кеткем жолға алыс,

Қоштастық айлы кешінде.

Қимастық көңіл. Толғаныс,

Еңбексіз зейнет бола ма- деп келеді де, ақын енді туған жерін сағынышына ару қыз сағынышын қабат өреді:

Арман жүр әлі жеткермей,

Үзілді хаттар арада.

Қанаты сынған кептердей,

Жазғырып әлде жүр ме екен.

Есейіп менен ол бұрын,

Мөлдірей кімге күлді екен.

Жазғырма мені, Ақеспем,

Балаша саған шағындым,

Куәсі өзің емес пе ең,

Махаббат жастық шағымның!


Оның студенттік жылдары да шығармашылықпен тұтасып кеткен деуімізге аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде жарияланған көптеген мақала, суреттеме, репортаж, өлеңдері негіз бола алады деп ойлаймыз. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Е. Кішкенеев Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде қызмет атқарды. Міне, оның шығармашылығындағы өсу кезеңі осы тұс еді. Ол туралы «...Иә, ол туған жердің түлегі болды. Әні мен жыры туған жермен тілдесіп жатты. Ақын нағыз өнердің иесі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» сөзі Едігеге айтылған сияқты. Өйткені, ақындық пен өзге өнерді қоса игерген Едіге Кішкенеев композитор, күйші, әнші еді. Домбырада, сырнайда, қобызда, сыбызғы мен дауылпазда, гитара мен скрипкада тамаша ойнай білді. Нағыз талант иесі еді. Арал ауданының «Көзжетпес» ауылында дүниеге келген Едіге шын мәнінде ауыз толтыра мақтанып айтып жүретін сыр елінің аяулы азаматы болды» деп жазады Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Самат Қалуов.

Едіге Кішкенеев журналист қана емес, ең алдымен ақын ретінде халыққа ерте танылды. Оның өлеңдерінің негізгі арқауы- Отан, Ана, ел, халық бірлігі, туған жерге деген сүйіспеншілік. «Қасиетті Отан – Ана», «Ұлы сөз», «Бар шығар әлі», «Туған жерге оралады», «Ана суреті алдында», «Қызылқұм ырғақтары» топтамалары және т.б. өлеңдері осындай шығармалар. Иә, оның өлеңдерінің кейбірінде ашық, кейбірінде тәтін астарында берілер негізгі ой, негізгі арқау- туған жер, Отан, ел, қазақ даласына деген махаббат. Оның арқа сүйері де туған жер. Пікірімізді ақынның өз жырымен дәйектей отыралық. Ол «Туған жербарын білгейсің» атты өлеңінде:

Алдыңа келсе,

Атаңның құнын кеш» деген,

Кең пейіл болсаң,

Кетпейді, бауырым, ештеңең.

Сүйекке таңба,

Жүрекке ауыр болады,

Ішіңнен тынып,

Түйінін сырдың шешпеген.



Білмеймін әзір,

Ғұмырдың көбін-азын да,

Білерім бірақ,

Өтеді жастық-жазың да,

Атадан алтау,

Әкеден төртеу емеспін,

Өтпейді менің

Ешкімге сөзім, назым да.

Түсінем сені,

Сырт көзге ғана дүрдейсің,

Өзіңдей мен де,

Жетісіп қай бір жүр дейсің?!

Тағдырға ношып,

Жабығып кейде мұңайсаң,

Артыңда елің,

Туған жер барын білгейсің...- дейді.

Иә, туған жерді осылай жырлаған Е.Кішкенеев Алматыға келгенде Ақеспесін, Көзжетпесін сағынса, елге келгенде жалын жастығы, бал дәурен қызығы, шаттықты студенттік күндері өткен, білім мен ғылым, өнер қуған Алматыны сағынады. Бұл жөніндегі ойымызға С.Қалуовтың жоғарыда аталар мақаласынан алынған мына бір үзінді де дәлел бола алады деген ойдамыз.

«Едіге Кішкенеев өмірден жас кеткен, бірақ артына өлмес мұра қалдырған ақын. Оның өлеңдерінен адам баласының болашаққа деген зор сенімі, туған жерге махаббат сезімі елестейді. Ол туған жерін сүйді, оның адамдарын аялады. Жырақта жүрсе де өзінің өскен жерін өлең-жырға қосты, білім алған Алматысын асқақтатты.

Қия алмай Алатау мен Алматымды,

Оранып ақ сағымға қалды артымда.

Аттандым жылы жаққа жыл құсындай,

Көңілдің бозторғайын самғаттым да.

Гүл қала бөліп берген несібесін,

Қамажай, сауық-сайран...есімдесің,

Лебіздер...Ақ тілектер, ақ армандар...

Күй болып құлағыма естілесің.

Асығып кетіп барам ауыл жаққа,

Борайтын шағыл, құмы дауылдатса.

Сағынып оралмай ма, қызғыш құстар.

Туған жер ұясына бауыр басса...

Ал прозасы деген әңгімеге келсек, «Жала мен дауа» атты повесін ерекше бөліп алып қарауға болады. «Жала мен дауа» повесі- қазіргі замандағы, тап бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі- жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс, оны ауыздықтаудағы мемлекеттік орган қызметкерлерінің ерлік істерін баяндайтын ел, адам қауіпсіздігі, құқықтың сақталуы тақырыбына арналған детектив жанрындағы шығарма.

Қазақ поэзиясындағы ертеректегі ақындарда ғана кездесетін аңыз-өлең, өлең-шежіре жанрына қалам тартуы ақынның жан- жақтылығын, әдебиетті терең түсінетіндігін байқатады. Оның «Айқала туралы аңыз», тарихи дастаны мен «Малбике руының шежіре- дастаны» атты шығармалары ақындықтың шырқау шыңы десе де боларлық.

Әр қаламгердің сөз өнеріне келу жолы әр түрлі, әр қилы екені белгілі, алайда, ақындардың көпшілігін алғашқы сезім, махаббат сезімі жетелегені анық. Міне, сондай ақындардың бірі- Едіге Кшкенеев. Өлеңнің кейде ақын құпиясын жайып салары да барша қауымға белгілі. Мұны кезінде Абай да айтқан. Біздің жоғарыдағыдай пікір айтуымызға, ой түюімізге, осылайша тұжырым жасауымызға себеп болып отырған нәрсе- ақынның студент кезінде жазған өлеңі. Біздің жоғарыдағы пікірімізге дәйек болып отырғандықтан өлеңді тұтас алуды жөн санадық. Өлең «Іліп қойған ақ жамбыдай ағарып» деп аталады:

Іліп қойған ақ жамбыдай ағарып,

Тас төбемнен қарайды ай қадалып.

Бұлқып жүрек көкірегіме сыймайды,

Сағыныш пен махаббаттан нәр алып.

Жігіт жырдың құшағына сүңгіген,

Ояттым да ойлы ару түнді мен.

Аққайыңның бұрымынан сипадым,

Құс ұйқылы манар бақта мүлгіген.

Үмітімді мінгізіп ап құр атқа,

Ағараңдап жол бастады қыратқа.

Түнгі жарық жеткізбейді көзді арбап,

Бір таныс ән естіледі құлаққа...

Еліне белгілі ақын болды. Осылайша, Едіге Кішкенеев өз тағдырын өлеңмен, жырмен қабат өріп, өлең тағдыры мен өз тағдырын тұтастырып жіберді.

Туған жермен тілдесу


О, Туған жер!

Дабылыма құлақ сал,

Бізде ерте сөнеді екен шырақтар...

Бізде ерте солады екен құрақтар...

Көкірегімде селдей тасқан сұрақ бар.

Масайратқан даңққұмар пендені,

Апат- дерттің кеш білінді төнгені.

Балаң болып жоқтамасам жоғыңды,

Дауыл айдап қайырлаған кеменің,

Үміті зор жолаушысы мен едім.

Су- тіршілік,

Су- өмірдің бастауы,

Бүгінге емес ертеңіме сенемін!

Анам болып кешермісің сен мені?!..

О, Туған жер!

Жыр оқысам қия алмай,

Жақындайсың құшағыма сиярдай.

Таршылықта табылмасам қаыңнан,

Ұлыңмын деп қалай айтам ұялмай?!

Ұштығы жоқ құс қанаты талатын,

Құрғақ сөзден таусылады тағатым.

Уәде емес,

Кетпен керек дәл қазір,

Олқылықты тамырымен шабатын.

Ұзатылған қыздай көште сыңсыған,

Сәуегейшіл жортақ үннен қымсынам.

Қимыл керек жұдырықтай жұмылған,

Мейманасы тасып өрге ыршаған.


САЙРАШЫ, БОЗТОРҒАЙЫМ

Жүректің құпиясын сан ақтарып,

Ойдан ой туындайды сабақталып,

Сырласым – поэзия бозторғайы,

Сайрашы, аспанымда қанат қағып.

Оянып құлагерлер дүбірімен,

Асыға қырға қарай жүкіріп ем,

Жармастым көк тайымның шоқтығына,

Жаратып қамау тері үгітілген.

Баладай тәй-тәйлаған қаз бастырып,

Жебейді қолтығымнан талмас үміт.

Халқымның қастерлеген сөз өнерін

Келемін тағдырыммен жалғастырып.

Жырыммен жылыта алсам адам жанын,

Демеймін ерте маздап жана алмадым.

Қырықтың қырқасына иек артып

Мен бүгін мекенімді таба алмадым.


Гүл дәурен енді қайта оралмайды.

Тәтті түс көргендеймін олар жайлы.

Көңілімнің күй пернесін шеки басып,

Сайрашы, поэзия бозторғайы.


ҚАСИЕТТІ ОТАН-АНАМ

Қасиетті отан-анам,

парызым көп өтелмеген.

Бақытымды тосам алдан,

Арманым көп жетем деген.

Сүйем мына гүл өмірді,

Аялайды алтын заңым.

Жылытуға жүрегіңді,

Шапағың боп жарқылдадым.

Көктен күліп жолаушы күн,

Нұрын төксе жер бетіне.

Талардай боп қарашығым,

Көп қараймын келбетіңе.

Азаматтық қуат берген,

Мерейіңнің жидым нәрін,

Тілдесетін уақытпенен

Бөлшегімін миллиондардың.























Сейіл Боранбайұлы

Сейіл Боранбайұлы 1930 жылы Қазалы ауданының Сағындық ауылында дүниеге келген. [pic]

1953 жылы Қызылорда Мемлекеттік институтының тарих факультетін бітірген.

1957-1962 жылдары Қазалы аудандық «Социалистік жол» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактор болып істеген. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы болды. ңғ1963-1982 ж.ж аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы, 1982 жылдан 1990 жылға дейін облыстық «Ленин жолы» газеті бас редакторының І орынбасары, облыстық баспасөз басқармасының бастығы қызметтерін атқарған.

1966 жылы «Ұстаз» атты өлеңдер жинағы, 1970 жылы «Қалытқы» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. 1980 жылы «Жазушы» баспасынан «Табиғатқа тіл бітсе», 1985жылы «Мырза маусым», 1989 жылы «Қайырлы таң», 1999 жылы «Халқым қалай күн көрер?» атты жыр кітаптары жарық көреді.

1959 жылдан бастап Қазақстан Журналистер Одағының, 1986 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

С.Боранбайұлы- азамат ақын. Оны жеке басының жай күйінен гөрі, бүкіл бұқараның, қараша қауымның көңіл күйі көбірек толғандырады. Оның «Қайғырмауға, қуанбауға мүмкін бе?», «Бақыт пен бақытсыздық», «Қуаныштан қайғым көп», «Шыдам- шөлмек», «Осындай да бастан дәурен өткен-ді» және басқа да өлеңдерінде ақын уақыт тынысын, кезең келбетін терең тебіреніспен жырға қосады.

Ақынның «Отан» атты өлеңінде:

Дүниеге бақыт боп келгем десем,

Ұлы Отан, сол бақытты берген де сен.

Қойыныңда перзентің боп неге тудым,

Мұқалмас семсерің боп сермелмесем?!-

деп тереңнен толғайды. Отан, туған жер, атамекен, өскен орта- оының баршасы ақын жырларының айнымас арқауы сипатты. Осындай жырлардың қатарында «Туған ауылым», «Ескі қыстау», «Жаңа жұрт», «Дала», «Теңіз», «Жер- анамен мұңдасу» өлеңдерін атауға болады.

С.Боранбайұлы- оптимист ақын. Заман ауысып, заң өзгеріп жатқан кезеңнің қиындықтарын толғай отырып та, ол кемел келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайды.

Ана тілім

Тілім барда қазағым бар,халқым бар,

Дәстүрім бар,

Ата жолы салтым бар.

Кең даладай жиналмаған шалғайы

Аңқау мінез,ашық мінез аңқылдар.

Тілім менің ерлігім де,елдігім,

Кемеңгерлік,

Кемелдігім,кеңдігім.

Тілім менің мөлдірлігім,пәктігім,

Ойлылығым,тереңдігім,теңдігім.

Алғаш рет ана сүтін жұтқам-ды,

Алғаш ретана тілін ұққам-ды

Өз анамды «мама» демей «апа»деп,

Алғаш рет менің тілім шыққан-ды.

Ана тілім ,

Ардақтым,ең асылым,

Санамдағы сарқылмайтын бас ұғым.

Өзәкемді «папа»демей әке деп,

Алғаш рет естілген жас үнім.

Ана тілім,аяулым да ардақтым,

Үмітімді келер күнге жалғаттың

Сен жоқ болсаң қараңғыда қармалап,

Мәңгілікке мәңгүрт болып қалмақпын.

Керек бізге ынтымақ

Біз кешпеген тозақ бар ма, от бар ма,

Кеудемізге қадалмаған оқ бар ма.

Тағдырындай тағдыр бар ма қазақтың.

Талай салған жат тақымы көкпарға.

Талай ғасыр бүліндік те қирадық,

Денемізді қылыш шапты қида ғып.

Бірақтағы көне алмадық қорлыққа,

Қас дұшпанның құрсауына сыймадық...

Жүдесек те тіршіліктен тарығып,

Алдымызда жарық сәуле бар үміт.

Бостандығың қолдан шығып кетпесін,

Талай ғасыр күткен шыдап, зарығып.

Сиынсақ та күшімізге сиындық,

Өздігінен жоғалмайды қиындық.

Алға басу үшін жігер, күш керек,

Жетеді енді тілді безеу жиын ғып.

Қолға қонған азаттықтың сұрқын ап,

Әр тарапқа тарту бекер тым- тым- ақ.

Қазір бізге ерлік керек, іс керек,

Қазір бізге керек берік ынтымақ.

Заң

Заң болмаса әлсізді әлді таптайды,

Қиянаттың қара бұлты қаптайды.

Нағыз әділ,

Қара қалды қақ жарған

Заң қоғамды азғындаудан сақтайды.

Қай кезде де заң өмірдің айнасы,

Бірге ғана емес,

Мыңға пайдасы.

Шын заң елдің күзетінде тұрғанда,

Аярлықтың жүзеге аспай айласы.

Заң алдында бірдей шенді, шенсіз де,

Мұның жайы елге мәлім менсіз де.

Мейлің білсін,

Байсың ба әлде бисің бе,

Заң ешкімді жібермейді жөнсізге.

Кейде риза болиай қалған тұстары,

Заң жөнінде сөз айтамыз ұшқары.

Бірақ, шын заң жақсылықтың жолдасы,

Ал жамандық атаулының дұшпаны.

Бірақ, сол заң іске аса ма, аспай ма?

Шындық өрге басады ма, баспай ма?

Сонда әңгіме,

Заң қолданар шенділер,

Асылыңды архивке атып тастай ма?

Солар заңды пайдасына бұрмай ма?

Талай- талай айла- шарғы құрмай ма?

Сөйлеген боп ел мен заңның атынан,

Сыртымыздан суық нәрсе ұрмай ма?

Ең алдымен заң бұзатын мықтылар,

Қара халық заң алдында тік тұрар.

Заңсыз елде тәуелсіздік болмайды,

Заңсыздықтың кеселі мол жұқтырар.


Атымды келер ұрпақ ұмытпаса

Дауылға мызғымайтын халқым-емен

Жамсаған жапырақпын,

Жалқы да емен.

Бір көктемдік өткінші ғұмырыммен

Мәңгі тірі елімнің даңқына енем.

Мен ешкімнен кем де емен,артық та емен,

Көппен бірге ілгері тартып келем.

Қамшы саптай қып-қысқа тіршілікте,

Берерімді еліме сарқып берем.

Мен ешкіммнен кем де емен,артық емен,

Бірегеймін,

Бүтінмін,

Жарты да емен.

Мәңгі көшер уақыт керуенінде

Алды да емен,

Ұрпақтың арты да емен.

Білемін,өткен күннің оралмасын,

Міндет,жүк жас ұлғайса болар басым.

Жырыммен өмірімді ұзартам деп,

Кешемін күні-түні ой- арнасын.

Тағдырдан кім құтылар құрықтаса,

Адаммын жаным құмартұныққа аса.

Арман не болашаққа жырым жетіп,

Атымды келер ұрпақ ұмытпаса?!

Сенемін ғой,ой күшіне,жыр күшіне,

Бір ғұмыр аз болып па бұл кісіге?

Мәңгі өлмес Өмір атты ғимараттың

Айналып қалсам болды кірпішіңе.


Майдангерлер-әулиелер киелі


Майдангерлер-әулиелер киелі

Бұл дүниенің болған солар тиегі

Қан майданда қалған жастық күндерін

Есіне алса кемсеңдейді иегі.


Жүрген кезін оқ пен оттың ішінде

Жиі-жиі көреді олар түсінде

Солар,сірә,бүгін ғұмыр кешуде

Опат болған жас достары үшін де.

Көкірегіңе жаққан тірлік жарығың,

Жас ұрпақтар,

Білдің бе оның қадірің?

Білмесең-біл,ұқпасаң-ұқ,

Ол-сенің

Бақыт,құтың,

Берген саған нәрі мың

Тамырыңда аққан қаның бүлкілдеп,

Соның қаны,

Жатсынба оны «бұл кім?»деп,

Олар қазір ғұмыр кешіп жүрсе егер,

Сендер үшін жүрген шығар мүмкін тек.

Жастық шағың,жігер-күшің,жан,арың

Солардікі

Білдің бе,оны, қарағым?

Тексіз келген жоқсың мына өмірге,

Ойсыз ашпа күніңнің әр парағын.



Рүстем Жанай


Рүстем Ідірұлы Жанай – Қазалы ауданына қарасты Ғани Мұратбаев колхозындағы Диқан айылында 1944 жылы 2 мамырда дүниеге келген.
1961 жылы № 420 орта мектепті бітіріп, алғашқы еңбек жолын бастайды. 1967 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтының филологмя факультетін бітірген ол, Ақтөбе облысы, бұрынғы Шұбарқұдық, қазіргі Теміртау ауданында № 484 орта мектебінде қажақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, кейіннен ауылдағы № 420 орта мектебіне өз мамандығы бойынша еңбек етеді.
Өзінің алғырлығымен, белсенділігімен ерекше көзге түсіп, қоғамдық қызметтерге араласа бастады. Ел ағаларының сенімінен шыққан ол, аудандық комсомол ұйымының бірінші хатшылығына жоғарылайды. Кейін ел ішінде ысылып, қала мен даланың өзіне тән жұмыстарын әбден төселген уақытта аудандық ауылшаруашылығы кәсіподағында төраға:«Партсъезд» кеңшарында партия ұйымының хатшысы;Аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары;Аудан әкімінің орынбасары;Қазалы қаласындағы № 8 кәсіптік-техникалық мектептің директорыАл өмірінің соңына дейін аудандық оқушылар Үйінің директоры қызметтерін талмай атқарды.
Өзінің бар саланы ғұмырында елге жолбасшы бола жүріп, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Үздігі» белгісімен марапатталып, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болды. Өмір жолында өзі талай ағаларынан сабақ алса, енді өзі жас маман кадрларды тәрбиелеп шығаруда ерен ебек етті, ақыл-кеңесін аямады, нәтижесінде «Шапағат», «Астана» медальдарын төсіне қадады.
Ақынның алғашқы жинағы «Мәуелі махаббат» деген атпен 1974 жылы жарық көрген. Сондай-ақ, 1977 жылы «Бақыт босағасы», 1982 жылы «Мезгіл мақамдары», 1999 жылы «Бір өзіңе», 2004 жылы «Сағынып кеттім мен сені», 2004 жылы «Жанайқай», 2006 жылы «Әйелдердің жүрегімен ойнама» атты кітаптары бірінен кейін бірі оқырмандар сұранымына ие болса, ақындық өнері шыңдала келе поэма, дастан жазуға да ерекше ден қояды. «Жанқожа батыр», «Дәулет батыр» дастандарын жазуы – ерлік пен елдікті, адалдық пен намысшылдықты ту еткен батырларымызды ұрпаққа үлгі-өнеге етіп көрсетеді.
2007 жылы бұрынғы облыс әкімі қызметін атқарған, қазір Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед мырзаның тәкелей атсалысуымен 200 томдық «Сырдария» жинағына Рүстем Жанайдың шығармалары енді.
Рүстем Жанай жаны нәзік, лирик ақын. Ол қай салада қалам тартпасын ойын іркілмей жеткізіп, көптің ойынан шығатын, дөп баса білетін.
«Қазақпыз – ұлы халықпыз» өлеңінде қазақ даласының шексіздігі, халқының дархандығы, өнері, әдебі, тарихы жырланса, «Егеменбіз» өлеңінде еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін паш етіп, ұрпақтарға егемендіктің бағасын, нарқын түсіндіре білді.
[pic]

Өмірбаян орнына


Түсіп келді демеңіз ісі бүгін,

Жаны нәзік,

Бойында күші мығым,

«Дихан» деген ауылда туып- өскен,

Дихан деген атаның кіші ұлымын.


Бар мен жоқтың сезінген жарасымын,

Ерте тартқан еңбектің дана сырын.

Отан үшін шайқасқан ақсақ шалдың

Тұңғышымын-

Тентектеу баласымын.


Үлкендерге еліктеп көзі қанық,

Іске мығым, сөйлесе сөзі анық,

Есеюді үйренген ауылымнан:

Өлең жазып,

Шөп тасып,

Қозы бағып.


Ісі құрсын осының дегізбедім,

Он бітіріп, жөнімді көп іздедім.

Айтқанымен қаталдау басқарманың,

Бақтым біраз колхоздың өгіздерін.

«Сандалмай- ақ қойсаңшы босқа бала»,-

Деген сөзге қарамай басқаға да.


Баққан малды тапсырып інішікке,

«Тәуекел»,- деп кеткенмін астанаға.

Астанадан жырларым жарық көрген,

Жан- тәнімді білімге салып бергем.

Төтр жыл деген төтр күндей өте шығып,

Қып- қызыл ғып диплом алып келгем.


Жүріп келем,

Мен әлі жүріп келем,

Асау жүрек айтарын ірікпеген.

Баяндама жазылған папкаларда,

Ұмытылмай жазылып жүріпті өлең.


Іздемеймін қашанда жанға тыным,

Арманымды сүйрейді алға күнім.

Мақтанышым-

Одақтың мүшесімін,

Қызметім-

Еңбектің солдатымын.

Сыйла ақынды

Жылы сөз айт, ағайын,

Ақындарға.

Ақындардан жүрекке жақын бар ма?

Тілейтіні татулық бәріңе де,

Жалау болып жаныңа жатын барда.

Жылы сйле,ағайын,

Ақындарға.

Тегі жайлы төгіліп,

Тағы жайлы.

Бұқар бабам тоқтатқан Абылайды.

Асқан ханды келтірген тәубесіне

Болмасын деп еліңде тақы қайғы

Бұқар жырау тоқтатқан абылайды.

Би бол мейлің,

Әкім бол мөр ұстаған.

Болғайсың тек жарамды келісті адам.

Жырларына құлақ сал ақындардың,

Жаны-жайлау,

Тұлғасы-өріс-далаң.

Сыйла ақынды

Сындырма сағын оның

Азаматтар қолына мөр ұстаған.

Жансебіл

(тарихшы-этнограф,зерттеуші,жазушы Әбдісаттар Оспановқа)

Қашан да таудай талабы,

Іздейтін інжу тереңнен

Тірілткен талай дананы

Өнерді қуған

ӨЛЕРМЕН!

«Тоқыған ойдың өрмегі

Қалсын,- деп жүрген ,-мәңгіге»

Жасынан қорғап,

Сенгені-

ЖАНҚОЖА батыр-Әулие!

Таланты түпсіз ,өр кеуде,

Өмірде ерен жыр-тұлғам-

Әбекең қанын бергенде ,

Саңқ етті қайта Нұртуған!

Алпысқа тақап келгенде,

Емпеңдеп жүрген елім деп-

Әбекең жанын бергенде

Толғады тағы

ЕРІМБЕТ!

Шыдаған,

Ешбір қыңбаған

Өмірдің талай тезіне

Тірнектеп жүріп жинаған-

Кеудесі толған шежіре.

Бақытын тапқан терменен

Еңбектен тұрған барша өмір.

Мақтаныш кеуде кермеген,

Ел үшін туған

ЖАНСЕБІЛ!

Он тоғызыншы парақ


Мектепте төртінші-бесінші сыныптардың бірінде оқимын.Кітапханадағы жүз шақты кітаптарды тәмамдап тастадым.Әсіресе,асқар Тоқмағамбетовтың сықақтарын жатқа білетінмін.Қолхозда жиналыс болыпартынан концерт бергенде Асекеңнің «Желіккен жеңгейлерге», «Бірін тапсам,бірі жоқ»тағы басқаларын тақпақтап тұрғаным.Ұялмаймын.Жұрт ду қол ұрады.Ертеңіне мұғалімдер мақтайды.Қыздар мен балалар қызыға қарайды.Бір күні сахнаға шығып,қолымды оңды-солды сілтеп тақылдап тұрғанмын,шалбарым түсті де кетті.Тоқталмадым.Жұрт күлкіден қырылды.Бәрібір аяқтап шықтым.Сол ерлігіме әлі де ризамын.бірақ сахна сыртына шыққаннан соң жылағаным рас.Егер тақпақты тоқтатып,шалбарымды киіп қашқанымда қалай болар еді!

Кейде қиын сәттерден абыржымай шығуды сонан бастасам керек.

Отыз төртінші парақ

Қазалы қаласында панасыз қарттар болатын. Үй дегені болмаса, мал қорадан артық емес. Сонда он шақты адам паналайды. Сол үйге аудан басшылары шетелдіктерді апарып, көмек сұрады. Менің шын мәнінде арым келді. Ол үйде ол кезде бір де бір басқа ұлт жоқ- бәрі де өзіміздң қаракөздер. Бір күні аудан әкімі Болат Пұсырманов інімізге қарап: «Айналайын, ел үшін ұят- пақырларды анадай үйде ұстау. Мен үй салып берейін»,- деп ұсыныс жасадым. Қуанып кетті.

Балаларымның қаржысынан басталған құрылысқа өзімнің №8 кәсіптік мектеп ұжымы, жеке азаматтары көмекке келді. Он бөлмелі үйді екі айда бітріп, әр бөлмеге қажетті дүниелер, ақ төсек, ыдыс- аяқ, теледидар т.б. қажетті дүниелер қойылды. Көп түкірсе- көл деген ғой. Осы бір істің үстінде есімнен кетпейтін ойландырған бір оқиға болды: Көне қарттар үйінде тұратындардың ішінде бойы метрден сәл- ақ асатын, бір аяғында келсаптай балдағы бар жетпістегі бір кейуана болды. Өзі көшеде шемішке сатады. Құрылыс басталғаннан әлгі кейуана күнде келеді. Күнде бір уыс шемішкесін тықпалап, қарсылығыма қарамай беріп кетеді. Айтатыны: «Пештің түбіндегі бөлмені маған берші, балам», «Сөз жоқ, апа» - деймін де.

Құрылыс бітті. Жиын жасап, қарттар үйін аштық. Қуаныштарында шек жоқ. әлгі кейуанаға пештің түбіндегі кең де жылы бөлме тиді. Батасын беріп, қолындағы бары- шемішкесімен қарық қылды.

Ертеңіне мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Жаңа үйде, өзі қалаған бөлмесіне бір- ақ рет түнеді. Ақ төсекте бір- ақ рет жатты.

Бұл не өзі?! Тағдыр ма? әлде байғұстың тілегі адам сияқты бір күн өмір сүру болды ме екен?

Тағдыр солай шығар?

Кім білген?

Алла тағдырыңды алдын ала білдірмегені үшін де ойлану керек. Бүгін байсың- ертең жарлысың дегендей. Болжай алмайсың.

Алла солай дұрыс жасаған ғой.






Әбдісаттар Оспанов [pic]

(Ақын туралы )

Әбекең ағамыз Аралдан болатын. Үш жасынан сегіз жылдай сартөсек боп жатып, кейде қос балтақпен, мүгедектіктің ащы дәмін тата жүріп, қолынан қаламын тастамаған.

Әбекең тағдыр сыйлаған тауқыметке мойынұсынбай, керісінше, қайсарлығы мен мынау жалған дүниеге деген құштарлығы арқасында, сырқатын қалай да жеңудің жолын іздейді.

Әбекең Қазалы ауылшаруашылығы техникумының жоспарлау бөліміне оқуға түседі. Алматы қалсында қызмет істей жүріп, ҚазМУ-дің тарих факультетінің кешкі бөлімін және екі жылдық жоғары эконоимка мектебін қатар тәмамдайды.

Мүгедектікпен арпалыса жүріп, Әбекең өзі жинаған мұраларының негізінде: «Өмір, неткен тәтті едің...» естелік эссе кітабын жазады.

Әбекеңнің Арал мен Сыр өңірінде ғасырлар бойы қалыптасқан жыраулық мектептерлің сан алуан мақамдарын нақышына келтіре орындайтын домбырашылығы мен термешілігі барын ескерсек, бұл «Жаратқан Әбекең сияқты көнбіс пендесінің басына өзі салған ауыртпалықты жеңілдеткісі кеп, әрі сол пендесінің өршіл мінезіне, қайсарлығына тәнті болып, үйіп-төгіп бере салған шексіз дарыны ма екен?!»

...Елордада жазушы, ақын, композитор Әбдісаттар Оспановтың «Ән ұшып, күй төгілді жүрегімнен...» атты концерті өтті. Қазақ жыраулық өнерін зерттеуге тарихшы-этнограф 40 жыл өмірін сарп еткен. Өнер университетінің кітапханасына зерттеуші Жанқожа батыр, Нұртуған жырау туралы кітаптарын тарту етті. Оның жеке мұрағатында әлі де зерттеліп үлгермеген, төте жазумен жазылған көптеген құнды қолжазбалар бар. Халқымыздың жыраулық дәстүрі мен термешілердің ел аузына тараған жырларының терең тамырына көз салып, асыл сөздердің төркіндеріне ой жүгіртем десеңіз, Әбдісаттар Оспановпен болған сұхбатты тамашалаңыз!
Сілтеме :
  [link]
[pic]

ЧИКА – ДАБЫЛДЫҢ БАЛАСЫ

Повесть

Чика немістің баласы болуы тиіс

Мен білсем, Чика немістің баласы болуы тиіс. Шамасы, үлкендер бізден жасырып жүр. Күмәнданатын себебім де бар.

Кеше кешкілік ауылдың әйелдері түп-түгел: «Тәнзиланың үйіне шілдеханаға барамыз», - деп, сонда жиналған. Тәнзила шеңшем туған жоқ, қаладан бала әкелді. Апам маған: «Не бар саған! Ерме ізіме! – деп зекіп тастап кетті. Өздері майға қуырған бидай жеп, шай ішіп, беттері қызырып қайтты. Ертеңгісін апамның көрші шеңшеме таңдайын қағып; «Тәнзиланың баласы мұсылманға, шырағым-ау, тіпті ұқсамайды», - деп сыбырлағанын құлағым шалып қалды да, дереу есіктің аузындағы езуі кеткен көне кебісті жалаң аяғыма іле сала, сол үйге тарттым. Қасқалдақтың жұмыртқасындай сепкіл-сепкіл сары бала қақ төрде отыр екен. Көзі тұздай. Қыр мұрынды. Қыл мойын. Доппен періп қалса, басы үзіліп түсері сөзсіз. Айнымаған суреттегі неміс. Кірген бойда маған тесіліп қарай қалды. Ақботаға тездетіп айта қояйын деп бұрылып алдым да, шыға жөнелдім.

Ақботаны ертіп әкелсем, басқа балдар да естіп, жиналып қалған екен. Ішінде Жұмажан да бар. Қораның күн шуағында топталып тұрып Тәнзиланың қаладан әкелген баласын әңгімелей бастадық. Мен айттым: «Өзі сап-сары. Менен де сары. Мойны қылдай-ау, қылдай». Қисық: «Кеше мен әкеле жатқанда көрдім. Басында генералский шәпкесі бар», - деді. Сөйтіп тұрғанда баланың өзі де көрінді.

  • Әнекей, шықты, - деп, Ақбота мені түртті.

  • Идом,идом, - деді Жұмажан. Ішіміздегі күштіміз – осы.

Арғы ауылдағы станцияның балаларына барып жүреді. Орысшаға содай жүйрік. – Не баяться ... мы кушайт не будум.

Анау жақындай түсті. Айтқандай-ақ, басында қызыл жұлдыз таққан су жаңа пилоткасы, белінде жалтыраған сары доғалы былғары белбеуі бар.

  • Пошемнан? – деді Жұмажан, пилоткасын нұсқап. Басқамыз тым-тырыс.

  • Не... Не...

  • Мо... Мо... – деп, Жұмажан бірден-ақ, оны мазақтады. – Немене, бұзаусың ба? Ал, мо... мо...

  • Не продаю.

  • Пырдаешь... Айттым ғой саған, пырдаешь. Бір сом.

  • Не ори! Не буду продавать...

Бөтен бала екі қолын қалтасына салды.

  • Мынау – неміс қой. Ысқыртып жіберу керек өзін. Бұл – фашист. Советский емес,

шистай фашист. Перед, фашиске! Перед! – деп, Жұмажанға тұра ұмтылды. Мен жүгіріп барып аяғының астына жата қалдым. Жұмажан итеріп жіберіп еді, анау шалқасынан түсті. Сосын жүгіріп барып төмпештей жөнелді. Қисық кеудесіне мініп алды. Мен бар пәрменіммен бөксесіне теуіп жібердім. «Мә, пәшес! Мә, пәшес!».

Үйден айқайлап Тәнзила шыға келді де, тұс-тұсқа тым-тырақай қашып кеттік.

Тәнзила алдымен көршілес біздің үйге келіп, апама шағынатыны сөзсіз. Апам ұмытыңқырып, ашуын басқанша, кідіре тұруым керек. Қораның түкпіріндегі шөптің қуысына бұқпалап барып еніп кеттім. Шөп үстінде жатып, былтыр соғыста өлген әкемді ойладым. Апамның: «Дегеніне жетпегір, фашис! Қарғысқа ұшырағыр. Ұл-қызының рақатын көрмегір, фашис! Уа, жалғызынан жабысқыр, фашис!» - деп, бетін жыртып жылағаны көз алдыма келді. «Неге ауылға фашисті алып келді осы?».

Біз көрші тұрамыз

Біз әлдеқананнан көрші тұрамыз. Сонан болу керек, Тәнзила Дабылдан хат келсе болды, алдымен маған оқытады, маған жаздырып та алады.

Кешкілік үйге Тәнзила кіріп келді. Бағанағы төбелесті айтпасы болар еді деп, бойым мұздап кетті.

  • Сарбала, көкеңе хат жазып бер. Елді сағынған шығар. Хабарын білсін, - деді

жайраңдап. Сонда барып көңілім орнына түсті. Қағаз-қарындашымды алып, жазуға кірістім. Өзі айтып отырды:

«Алтыннан ардықты, күмістен салмақты отағасымызға ел-халықтан, жолдасыңыз Тәнзиладан үшбу хат».

Ылғи осылай басталады. Мұны айтпастан бұрын-ақ жазып қойдым. Алғаш «үш бу хат» деп жазып шүруші ем, кейін «үшбу» деп ежіктеп айтқан соң, дұрыс жазатын болдым, бірақ оның мағынасын әлі түсінбеймін.

«Өзіңе аллам қамқор, батыр атамның аруағы жар болып, аман жүрсең болар. Сүйінші, отағасы! Сүйінші. Балалы болдың. Ер бала. Аманатың орындалды. Қазір шаңырағында екі адам бірдей өзіңді зарыға күтіп отырмыз. Қуана бер. Дитдомға барып алдым. Жасы он бірде. Төртінші класс оқиды. Қазақшаға судай. Бір ойым қазақ алу еді, ойлана-ойлана, оны қойдым. Қазақтың «пішу-пішуі»таусыла ма? Ертең біреу: «Бұл баланың егасы мен едім», - деп шыға келсе, жерсоқты болып қалармыз. Қара қойыңды осы шаруаға расхоттадым. Шолақ қайнағаға айтып, дүкәментін алдырдым. Пәмилесі – Дабылов, аты – Бақытжан. Алла қабыл етіп, бақытты болар ма екен деп, солай жаздырдым. Дитдомда Тәңірәлі жиеннің қызы да, қыли атамның құдасы бар еді ғой, соның баласы да жүр. Қайтсін енді бейшаралар. Үкімет өлтірмейді, әйтеуір, бағып жатыр. Әкең соғыстан аман келеді деп балаңды күнде қуантып отырмын. Тілегіміз қабыл болып, аман-есен елге келгей, ылайым.

Сылқым келіннің үш ешкісын, Сәдудің тайыншасын пойыз басып кетті. Төребала хат жазып, осы айдың он бесіне пойызбен өтем депті. Сонан қолғап-шұлығыңды, өзің кеткелі жинаған майымды беріп жіберермін.

Хатты жиі жаз.

Хатты жазушы – жолдасың Тәнзила деп білерсің. 1943 жыл, 7 апрель.

Жан қалтасынан Дабылдан әлдеқашан келег үш бұрышты хатты алды да, бүктеуін жазып, алдыма қойды. Мен хаттың бетін жалап жіберіп, сия қаламды батырып адресін жаздым.


Өшетілге бардым

Ертеңіне өшетілге арнайы бардым. Ол бәрін білді. Өшетіл – мектепке былтыр келген, орыс тілінен беретін ағай. Күнделікке Сердалы Ахантаевич Ахантаев деп жазамыз. Былайынша жұрттың бәрі «өшетіл» дейді. Сосын біз де мектепте солай атаймыз. Ашуланбайды. Ауылға клубқа адамдарды жинап адып баяндама оқитын – жалғыз сол. Басқалардай емес, қағазға қарамай сөйлейді. Жұрт: «Сабаз-ай, қандай білгір. Мұғалімдердің ішіндегі ең күштісі – өшетіл. Бұл ма, бұл мүлде ауылнайдан да күшті», - деп, аң-таң қалады. Ол мені орындыққа отырғызып, жайыменен түсіндіріп берді.

- Неміс дегеннің бәрі фашист емес. Ол басқа. Фашист деген – бөтен бір елдің жерін, суын тартып алып, халқын құлдықта ұстаймыз, тек өз мұқтажымызғы жұмыс істеткіземіз, қинаймыз, жер байлығы мен мал-мүлкін талан-таражға саламыз деп ел жаулап жүрген адамдар. Соның ең бастығы Гитлер деген қанішер. Бізбен соғысып жатқан – сол фашист. Неміс халқы соғысты қаламайды, оның ішінен атақты адамдар шыққан.

Өшетіл: «Немістен пәленше деген ақын, түгенше деген жазушы шыққан, коммунистер болған», - деп, біреулерді айтып еді, аттары қиын екен, ұмытып қалдым. Бірақ немістің фашистен басқа екеніне көзім жетті.

- Ал Тәнзила жеңшемнің алып келген баласы ше? Неміс қой?!

Өшетіл шамалы ойланып қалды.

- Ол фашис те емес, неміс те емес – кәдімгі қазақ. Фамилиясына қарамайсың ба – Дабылов, атына қарамайсың ба – Бақытжан.

- Сап-сары ғой. Көзі де көкпеңбек.

- Айнаға қарасайшы. Сен де сарысың. Сонда сенің де фашист болғаның ба?

Шошып кеттім. Өшетіл, шынында да, бәрін біледі, ол өтірік айтпайды.

Бақытжан қазақша біледі екен

Бақытжан қазақша біледі екен. Ертеңгісін ойнауға далаға шыққан кезімде күн шуақта мүйіз пышағымен ағаш жонып отырғанын көрдім де, қасына жақындаңқырап барып, орысшалай жөнелдім.

- Бақытжан, ты казахский біледский?

Ол маған қарап шамалы кідіріп отырды да:

- Білем... ем, - деді жымиып.

Аң-таң қалдым. Судай қазақша, әрі ашуланбайды. Менің кешегі төбелескенімді кек тұтпаған екен. Ептеп жақындай түстім. Қаладан келген балалар қу болады. Әдейі алдап отырып, жақын келгенімде тарпа бас сала, ұстатпай қашып кете аламын. Олай етсе, несі бар, тікелей тартып отырып Жұмажанға айтамын. Қумады. Қасынан орын беріп, өзі әрі қарай ығысты.

- Тачанка жасап отырмын...

- Ол немене?

- Чапаев мінетін жеңіл арба ғой. Кідіре тұр аз ғана. Доңғалағы жетпей тұр.

Ойыма былтыр пештің қуысына тастаған көне машинам түсе қалды да, үйге тұра жүгірдім.

- Қазір әкелемін.

Машина майысып қалған, бірақ доңғалақтары аман екен. Бауыржан қуанып қалды.

- Вот отлично... Мен саған жұлдыз берейін. Аласың ба?

«Неге алмаймын? Аламын! Жұлдыз алмайтын адам болама?»

Қалтасынын мыс түйреуішті жұлдыз суырып алып берді. Ортасында орақ пен балғасы бар қызыл жұлдыз. Жарқ-жұрқ еткізіп құлақшынның маңдайына тағып алсаң, балалардың бәрі таң қалары сөзсіз. Жүрегім алып-ұшып қуанып кеттім. «Бақытжан деген фашист емес, бар болғаны неміс екен ғой».

Шарбақтың қарын күреп жатсақ...

Шарбақтың қарын күреп жатсақ, аузы-мұрнынан буы бұрқырып Қисық келіп тұр. Ентігіп, сөзін де дұрыс айта алмай.

- Балалар, өшетіл... Қаладан келді жаңа. Мектепке барды. Көзінде әшкиі бар. Пәпкісі...

- Өшетілдің әшкиі жоқ.

- Бар. Көзінде бірдеңе бар. Анандай жерден көрдім.

Чика күрегін омбы қарға қадай сала, Ақботаның үйіне жүгірді.

- Ақбота, өшетіл келіпті, өшетіл...

Ақбота үйден шығы, бізге қарамастан мектепке тартты. «Өшетіл, алақай! Өшетіл!» деп айқайлап барды. Ізінен біз де жүгірдік.

Класты ашып жіберсек, ешкім жоқ. Мұғалімдердің де бөлмесі бос. Директордың кабинетіне бәріміз лап қойып кіріп бардық. Мұғалімдердің барлығы да сонда отыр екен, бізге үрписіп қалды. Төрде алақандай дөңгелек көзілдірігі бар, сұр гимнастеркалы бөтен кісі кіжініп, даусы қырылдап, жұдырығы түюлі қолын сермей сөйлеп тұр. Мұғалімдеріміздің мойындары салбырып, тым-тырыс тыңдай қалыпты. Қараймыз, өшетіл көрінбейді. Қисықтың көргені мына бір бөтен кісі болғаны ғой. «Балалар, жай келдіңдер ме?» - деді апай. «Өшетіл, өшетіл...» - деп арғы жағын айта алмай Ақбота тұтығып қалды.

- Қайтыңдар. Үйлеріңе қайта қойыңдар. Бұл сендер араласатын шаруа емес.

Иықтарымыз салбырып сыртқы қайта шықтық.

- Қайталап айтамын, совет педагогикасына жат әрекет жасаған, ескіні көксеуші мұғалім арамызда болуы тиіс, жолдастар. Оқушы балаға қол жұмсау деген барып тұрған ескілік, ортағасырлық әдет. Так что... Жолдастар...

Кешкісін апама өшетіл келген шығар деп мектепке барғанымызды айтып ем: «Жақсына қоя ма бұ қу құдай. Неғып маңдайымызғы сия қойды деп ем, пақыр барынша ақ көңіл еді...» - деп, күрсініп алды.

Сүйінші,Тәнзила! Сүйінші!

-Сүйінші,Тәнзила,Сүйінші! Сүйінші Байың келе жатырәскерден.Байың! жаңа станциядан пойыздан түсті.Міне,шабаданы,-деп,есіктің алдында айқайлап тұр Бостай пошта.

Тақтайдан жасалған екі чемодан бөктерулі.Өзі тұрған аттың өкпесін тепкілей береді.Көзі алақандай болып есі шығып кеткен.

-Уа,шық тездетіп!

Тәнзила жеңешем көйлекшең атып шықты.

-Уа,құдай,шүкір,шүкір... шын айтасың ба,ата?

-Ойбай,аппақ сақалыммен өтірік айтып ,кім қинап тұр мені.Көрмейсің бе міне,жүктерің ? Алдынан шық ,тез!Байың келе жатыр.

Сасқалақтап далақтап қайтадан үйге ұмтылды.

-Бақытжан, А,Бақытжан ! О...О...оу күнім!Әкең келе жатыр,

Үйден Чика да шықты.Екеуі станцияға қарай жүгіре жөнелді.Бостай пошта чемодандарды жерге түсіріп,үйге қарай сүйреледі.Мен де солардың ізіне ердім.Тәнзила жеңешем жолда қалды,Чика маған да жеткізер емес.Сол көйлекшең күйі анадай жерде ұшып барады.Станциядан келетін жолдан Дабыл аға көрінді.Ауылға жақындап қалыпты.үстінде сұр шинелі,басында жұлдызы жарқыраған көк құлақшыны бар ,қалбаңдап оң аяғын едәір сылтып басады.

-Папа!Папа-ау!-деп,Бақытжан мойнына асыла кетті.Дабыл оны жерден көтеріп алып,бауырына басып біраз тұрды да ,жолдың жиегіне отырды,Маңдайынан,бетінен сүйді.

-Айна...а...лайын, Айна...а...лайын!-Көзінен жас парлап тұр.Өзі борша-борша терлеп кеткен.-Айна...ал..лады әкесі.

Мені де танып құшақтап алды.

Тәнзила жеңешем өкпесін әлсін-әлсін ұстап,дода-дода болып ентігіп жетті.

-Шүікр,құдайға шүкір,-деп келіп Дабылға асыла кетті.

Бәріміз де қуаныштан жылап жүрміз.ауылдың адамдары бері қарай шұбырынып келеді.

-Таныдың ба балаңды?

-Таныдым,таныдым.Өзімнен аумайды.Әкесінің төресі ғой.Бақытжаннан айналды әкесі...

Абыр-дабыр шоғырланып ауылға беттедік.

Үйге адамтолды.Дабылды көрген соң Ақбота : «Көкем қа...йда...а,кө..ө...ке...ем»,-деп жылап еді,жұрттың бәрі де көздеріне жас алды.Болмаған соң Ақботаны әжесінің үйіне алып кетті.

Тәнзила қара сиырын сойдырып тастады.Тойға Бекбауылдың адамдарын шақырып келуге Бостай кетті.




Әлмәмбет Әлішов

Жазушы, көсемсөзші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Әлмәмбет Әлішевтің есімі әдебиет, баспасөз саласында қызмет етіп жүргендерге жақсы танымал. [pic]

Оның «Серт» атты алғашқы әңгімесі 1960 жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланды. Кеңес Одағының Батыры, сүйегі жат жерде қалған Үрмәш Түктібаевты тірілтіп, туған халқына қайта қауыштыруда сіңірген еңбегі мол. Қаһарман жауынгер туралы «Батыр болып тумайды» атты повесть жазып, ол кейін орыс, латыш тілдеріне аударылды. Жазушы «Бәйтеректің бұтағы», «Иірім» романдарының, көптеген повесть-әңгімелердің, «Ой орамдары» әдеби-философиялық толғаулардың, эсселердің авторы. 1985 жылы 25-маусымда Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының қазақ әдебиетінің тілі жөнінде өткен киелі жиында Социалистік Еңбек Ері, сөз өнерінің хас шебері, аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов қазақ Кеңес дәуірінің атақты жазушыларымен бірге тілге жауапкершілікпен қарайтын шебер қаламгерлер қатарында Әлмәмбет Әлішевтің де есімін айрықша атап көрсетті.Ол елінің, туған жерінің жанашыры ретінде қай кезде де азаматтық көзқарасын білдіруден еш танған емес. Бұған бір дәлел – Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық апаттың зардаптары жөнінде арнайы зерттеу жүргізіп, баспасөзде проблемалық мақалалар жазды. Сыр бойындағы Қазалы ауданын Арал ауданымен бірге экологиялық апат аймағы деп жариялатуда Ә.Әлішевтің тындырған еңбегі елеулі.
Ә.Әлішев – «Астана», Тәуелсіздікке – 20 жыл» медальдарының, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, Елбасының Алғыс хатымен, халықаралық Лев Толстой медалымен, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Ел ардақтысы» медалымен марапатталды.
Бұл күнде Қызылорда облысына тарайтын «Тұран – Қазалы» газетіне басшылық етіп отырған ардақты азамат халыққа имандылық, патриоттық тәрбие беру ісіне белсене араласып, мазмұнды мақалалар жариялап келеді.

Батыр болып тумайды.

Повесть.Үзінді.

Үрмәш үшін есте қаларлық күн еді сол. Шырт ұйқы құшағында, тәтті түс көріп жатыр екен. Ауылды. Анасын. Қалманын. Қаракөзді... Бейне, қуаныш бағында сайран салып жүргендей, тәтті сезім бейлеп алған тұла бойын.

- Дабыл қағылды! Тез жиналыңдар! – деген кезекші солдат даусы жауынгерлердің бәрін де аяғынан тік тұрғызды. Бірінің ұйқысы заматында шайдай ашылып, қайсыбірі ұйқылы-ояу қалпы, асып-сасып апыл-ғұпыл киініп жатыр. Әзірлері сапқа тұрды. Қандай жағдайда да ұйқыға сергек Үрмәш әдепкілердің бірі болып өз орнына келді. Жауынгерлер жиналысымен рота командирі беймезгіл дабылдың мән-жайын тәптіштеп түсіндірді...

...Аспанды айқыш-ұйқыш атылғын қызылды-жасылды, ақ, сары ракеталар әлсін-әлі жарық қылып тұр. Анда-санда тыр-тырлаған пулемет даусы шалынады құлаққа. Соғыстың түнде де толастамайтынын білдіретін осы көріністер болмаса, майдан өтінде орналасқаныңды ұмыттырар еді. Түн бейне тып-тыныш сияқты. Тосын көзге бейбіт күнгі өмірдей. Шынтуайтында олай емес-ті. Екі жақ та ертеңгі қан төгіске күш жинау үшін тыныс алып, дамылдаған. Шайқасар алдында бірін-бірі үнсіз аңдып, арбасып іштен тынып жатқан жолбарыс тәрізді. Жаңағы пулемет дырылы дала тағыларының бір-біріне айбат шеккен ырылына ұқсас. Барлаудың нағыз таптырмас шағы осы кезең. Кіші сержант Түктібаев басқарған бес жауынгер жаудың атыс ұяларының орталарын барлап, штабқа қажетті мәліметтерді жинап қайтуы керек. – Тапсырма осындай.

Қараңғы түн. Аспанда әшейінде сирек себілген тұқымдай шашырап жататын көп жұлдыздардың біреуі де қалмаған. Көзге түртсе көргісіз қою, меңіреу қараңғылық. Мүлгіген тыныштық. Тығыз тапсырма алған бесеу оқтын-оқтын тың тыңдап, аяқтарын ұшымен еппен басады... Тырс еткен дыбысқа құлағын түреді, жүрістері сақ. Қараңғыда көрінген ағаштыр анталап тұрған жау сияқты қорқыныш, үрей туғызды. Аяқты аттап басқан сайын жау тарпа бас салатындай.

Бес жігіт қарағайлы орманнан әрі асып, жазық далаға шықты. Үрмәш снаряд қазып тастаған терең шұңқырдың жанына келген кезде жолдастарымен ақылдасуды жөн көрді. «Ойласып, кеңескен дұрыс. Біреудің ақылынан – екеудікі, екеудікінен – үшеудікі жақсы. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас...»

- Біздің екі топқа бөлінгеніміз дұрыс шығыр. – Баяншы Павел осылай деді.

- Сонда қалай бөлінеміз? Екі жарымнан ба? – Дейім әзіл-оспақ араластыра сөйлеуді ұнатып, қунақты қимылды украиндық Петро бұл жолы да жігіттерді қиын-қыстау кезеңде күлдіріп жіберді.

- Бір топтың үшеу, екіншісінің екеуден құрылған жөн. Қос бағытта барлаймыз. – Үрмәш қай топқа кімнің қосылатынын жігіттердің өз еркіне салды. «Өздерінің келіскені дұрыс шығар» деп түйген ол ойын.

- Үрмәш, біз екеуміз бір топта болайық. – Петро өтініш білдіре тіл қатты.

- Жарайды! Онда екінші топты Павел басқарсын. Бәріміз де қайтарда осы шұңқырда кездесейік...- Үрмәш осылай деді.

Байлам осы болды да, жауынгерлер екі топқа бөлініп ілгері жылжыды. Сәлден соң кеңіс жатқан алаңқай таусылып, қайтадан қарағайлы, шыршалы орман басталды. Жау шебі жақын қалды. Үрмәш пен Петор демін ішіне тарта, аса сақтықпен келді. Алдыңғы жақтан мойны сорайып зеңбіріктер көрінді. Демек, жау жанында тұр. Үрмәштар етпетінен жатып, жылжыды енді. Күзетші көрінді. Қараңғы түнде біздің әскерлерді барлауға шығады деп ойламаса керек, жан-жағына пәлендей сезіктеніп қарап жүрген жоқ. Ол, кейде, он бес қадам ілгері басып, осынша кейін бұрылады. Үрмәш іштей сынап отыр. Күзетшінің кейін қарай кеткен шағын күтіп, ілгері жылжығанды мақұл көрді. Күзетші бұрылысымен, бұлар мысықша жылжып өте шықты.

Ілгері барды. Жаудың қару-жарақ түрлерін, шамасының қанша екендігін екеуі де іштей есептеп келді. Алға қарай жылжыған сайын қауіп көбейе берді. Міне, олар қаз-қатар тұрған танкілерді көрді. «Эх, жақынырақ көрсек екен» деп ойлады Үрмәш. Бірақ, әдепкідей емес, күзетшілер саны көбейді. Енді ілгері қадам басу – аса қауіпті. Кейін жылжу керек. Рота командирінің тапсырмасы орындалды. Барлаудың нәтижесін жедел жеткізу қажет. Жаудың ішкі жағына кіруден сыртқа шығу едәуір қиынға соқты. Алғашқы бағыттан жаңылған бұлар күзеттің қалың жеріне тап болды. «Не істеу керек? Ешқандайда оқ шығаруға болмайды» деген командирдің бұйрығы тағы бар.

- Петро, ара қашықтығымызды жақын ұстайық. Сақ қимылдағайсың. Менен ұлықсатсыз оқ шығарма! Келістік қой, ә?

- Келістім.- Петро Үрмәшке сыбырлады.- Егер күзетшілер бізге қатер төндірсе қайтеміз.

- Ол кезде мен не істесем, сен де солай қимылдайсың...

Екі дос осылай ұғынысып, алға беттеді. Еңгезердей фашист автоматын кезене түсіп, жан-жағына жіті қарайды. Ағаштың сыбдырына шейін елеңдейді. Бұлар іштей тынып, жақындап келеді. Ара қашықтық, оң қадамдай ғана. Оқшау өскен қарағайдың түбінен ілгері жылжыса, сөз жоқ, бұларды әбден көреді. Кейін қарай жүріс – фашистердің аяғына бас июмен бірдей. Қалайда ілгері жылжу қажет. Оңға қарай аяқ басу үшін күзетшінің көзін жоюдан басқа лаж жоқ. Уақытты босқа өткізбеу керек. Таң атар кез таяу. Үрмәш ілгері еңбектеді де, кейін қарай бет алған күзетшіні ту сыртынан бас салды. Ертелі маңайға зәре-құты қалмай үрейлене көз тастап жүрген фрицті Үрмәш дереу алқымынан қатты сығып жіберді. Әлеуетті қол бір қарудан кем соқпады. Күзетші талықсып кетті. Петро оның аузын тығындап, қолын байлады...

- Қайтеміз, алып кетеміз бе?

- Біз біраз іркіліп қалдық қой, алдымызда әлде де күзетшілер бар. Мынаны апарғанмен, не біледі дейсін! Осы арада тастап кетейік... Тездетіп, командованиеге жаудың бекінісін хабарлайық...

Үрмәш ілгері бет алды. Тағы да күзетші. Бірақ бұлар кеш байқапты.Сезіктенген күзетші: «Қолыңды көтер!» деп айқай салды да, іле-шала ата бастады. Бір ғажабы: қай жақтан екенін аңғармапты. Бет алды лағып жатыр қорғасын бұршақтары. Үрмәш дереу ілгері жүгіруді бұйырды. Екеуі де жан екпінмен алға қарай зытып берді. Бұлардың қай тұста екенін енді байқаған күзетші автоматын осылай бұрды. Кенет Петроның «Ох!» деген дыбысы шалынды құлаққа. Қайта жүгіріп келген Үрмәш жауынгер досының жарақаттанғанын көрді. «Кеудемнен тисе керек. Қош, достым! Сен мен үшін қиналма. Штабқа тапсырманың орындалғанын хабарлауың керек қой. Олар бізді күтіп отырған шығар...»

- Жоқ, достым! Сені тастап, жау қолына қалдыруға арым қалай барады. Өлсек бірге өлеміз! Иығыма салып жеткіземін. Қиналма да, мені тастайды деп қорықпа да!

Петро өзін тастап кетуді өтінді.

Үрмәш көйлегін жыртып Петроның жарақатын таңды да, майдандас досын арқасына салып, ілгері жылжыды. Жауап ретінде оқ атылмағасын жау күзетшісі де тынды. Арт жақтан да мылтық даусы естілмейді. Ірі денелі Петроны арқасына салып еңбектеу Үрмәшқа оңайға соққан жоқ. Бірақ жолдасын жарым жолда тастап кетуге болмайды. Ертең жұрттың көзіне қалай қарай алады ол. «Жоқ, неде болса, қиындыққа төзуге тиіспін. Петроны дәрігерге көрсетуім, ажалдан арашалауын керек». Петрода еш үн жоқ. Кеудесінен аққан қан Үрмәштің мойнына құйылып келеді. Соңғы күзетшіні артта қалдырған соң, Үрмәш еңістеу жерге келіп, Петроның жүрегін тыңдап көрді. «Соғып тұр, демек тірі. Тек тездетіп жеткізуім керек!»

Жарақатты қайта таңған ол майдандас досын иығына салып жүріп кетті. Жер бауырлап жылжығандағы көрген қиындығы аяғымен жүрген кезде ұмыт болғандай еді. Мана жолдастарымен уәделескен жерге жетіге әлі де біршама жер бар. Үрмәш қалжырып, шаршайын деді. Шөлдеп таңдай кепті. Оның үстіне Петро әлгінде есеңгіреп: «Су...су бер...» деген. Мана алып шыққан су әлдеқашан таусылды. «Тездетіп жігіттерге жетсек...»

Ол әбден шаршады. Әне, әяғы шалыс басылып, құлай жаздады. Бойынан әл-дәрмені кеткен. Тістеніп ақырғы күшін жұмсап иығына досын қайта салды. Жүз метр... Елу метр... Одан әрі Үрмәштің жүруге шамасы келмеді. «Енді не істеу керек? Манағы уәделескен жерге екі шақырымнан қашық емес. Бірақ дәл қазір екі адам ілгері аттау мұң боп тұрған кезде, екі шақырым жер жеткізе ме?...Біреулер сөйлейді... Біздің жігіттер емес пе екен? Келе жатыр. Жау ма екен, әлде?«Автоматын кезенген Үрмәш үш адамды көрді ағаш тасасынан. Міне, жақындап та қалды.«Ау, біздің жігіттер ғой!»...

- Павел!

Үрмәштің қарлығы, әлсірей шыққан даусын естіген Павел жүгіріп келді. Бұларға су ішкізді. Петроны Павел арқалады. Қалған екеуі Үрмәштің жүруіне көмектесті. Шамалдан соң бұлар командованиеге тапсырманың ойдағыдай орындалғанын баяндады. Петро дереу операция столына жеткізіліп, кеудесіндегі оқ алынды,қан құйып дәрігерлер оны ажалдан аман алып қалды.

Жарақаты жазылып, сауыққандығы Петроның Үрмәшқа деген алғысын айтсайшы! «Сен менің дүниедегі ең бірінше досымсың бұдан былай. Мен сені ақ сүтін берген аяулы анамнан бір де кем көрмеймін. Мәңгі-бақи саған борыштармын. Сен шешімді қабылдамағаныңда, мен жарық дүниені көре алмайтын едім... Өмірбақи ризамын, саған!» - деп еді-ау. Ақ көңіл жігіт сонда Үрмәштің мойнына асылып,жас балаша жылап еді. Взвод жігіттері сол күні Үрмәшті «хан» көтерді. Петро сауыққанша, Үрмәш өзінің көрген қиындығы туралы тіс жармаған ешкімге. Мақтанғандай, ынғайсыз көрген. «Мен сүйтіп ем» дегенді. Өзі білсе болды да... Жақсылық істесем, ол менің жолдастық, азаматтық борышым... Менің орнымда болса, ол да сүйтер еді»...

Саяси жетекші енді сол жайды солдаттарғы үлгі-өнеге етіп айтып отыр. Үрмәшқа ыңғайсыздау сезілді, өзі туралы мақтағанды есту. Ол тысқа шығып келмекші болып орнынан тұрып еді, саяси жетекші тоқтатты.

- Түктібаев, ауылдан хат алып тұрсыңба?

- Алып тұрмын, жолдас лейтенант.

- Қызың бар ма еді сүйетін?...

Үрмәш қалай жауап қайтарарын білмей, абдырап қалды. Ұялғандығы, қысылғандағы әдеті: төмен қарап, екі көзін жыпылықтата бередін. Бұл жолы да сол дағдысына басты. Қаракөз туралы, оны сүйетіні жайлы айтуды ынғайсыз көрді... «Сүйген қызы бар жалғыз мен бе? Осындағы жігіттердің бәрінің де жүрегінде сақтап жүрген асылы жоқ деп кім айтар?! Қазір мен бәз біреулердей өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп баяндасам, «баяғыда бір қыз бен жігіт болыпты»... деп басталатын ғашықтың хақындағы көп ертегілердің біріне ұқсап шықпай ма? Сүйіспеншілік аса қасиетті сезім. Оның тек жүрек төрінде құпия сақталғаны жақсы».- Үрмәш осылай ойлап, саяси жетекшіге қалай жауап берерін білмеді.

- Жарайды, ұялмай-ақ қой! Әзілдеп айтамын... Соғыс-біткен соң, дүниедегі ең сұлу, ең көрікті қызбен таныстырамын өзіңді. Үйлену тойыңды салтанатпен өткіземіз...

Саяси жетекші – жас шамасы қырықтарды еңсерген, көкшіл көзді, еңкектеу келген жайдары адам. Әркімнің не айтайын дегенін жанарынан ұғады. Тым қарапайым. Кішіпейіл. Соғыс басталғанға дейін Алматыда әдебиет пәнінен сабақ берген мұғалім екенін Үрмәш ә дегеннен-ақ сезгенді. «Түсі жылы, мінезі тым сынық екен. Ұстазға лайық адам-ау. Кім білсін мұғалім шығар» деп болжамдап еді өзінше. Сонысы рас шықты. Әнеугүні өзі айтты. «Эх, соғыс болмағанда, шәкірттерге бар білгенімді аянбай үйрететін едім-ау. Әттең!...» деген-ді сонда.

Мінезінің сынықтығына, жауынгерлермен қарым-қатынасының сыпайылығына қарамастан, лейтенант Сыроежкин кезі келгенд, қатал талапты да қоя біледі. Жадырып отырып-ақ лезде қатулана қалады. «Тегі, соғыс адам мінезін өзгертеді-ау!» Үрмәш іштей осылай тұжырымдаған.

Жігіттер саяси жетекшіні барынша құрметтейді. Жауынгерлер жорықтап шаршап-шалдығып оралғанда, саяси жетекші келсе күлдіріп, жайнатып, жадыратып кетеді. Еңсені басқан соғыс қиыншылықтарын жеткізуге жігерлендірер сөздер айтып, ешқайсысының да ұнжырғасын түсіруге мұрша бермейді. Солдаттар ол кезде, «Совинформбюроның» соңғы жаңалықтарымен, майдан мен тылдың тынысымен танысады. Әйтеуір, лейтенанттың келуі солдаттар үшін үлкен мереке іспетті. Саяси жетекшінің тағы бір қасиеті: жігіттердің сыры мен қырын жеке-жеке білуге құштар.

Үрмәш саяси жетекші көршілес блиндажға бет алғаннан кейін де біраз уақыт ой үстінде отырды. Қайдан сап ете қалғанын қайдам, тағы да есіне ауыл түсті. Оның ауылда айтылатын қазақтың әндерін тыңдағысы келді. Павелдің қобдишасы мүжілген көкшіл түсті патефонына ескіріп, тозығы жеткен қазақ әндері жазылған екі пластинканы кезек салып тыңдады. Үрмәш осы әндерді госпитальде жатқанда, басынан ауыр жарақаттанып елге қайтуға жиналған кексе солдаттан сұрап алып қалған-ды.

«Шырақ, қалауың осы болса, бердім. Мен аман жетсем, елдің ішінде боламын ғой. Сен әлі соғысуың керек. Ақырғы күнге шейін арпалыс...Қазақ әндері жазылған мұнда... Тәуір көретін еді. Саған тапсырайын... Демеу болсын. Бір өтінішім: жау қолына түспегейсің! Арам пиғылды сұм жендеттерге қазақ әнінің әсем ырғақтарын таптатпа! Оларды тек оқпен сыйлау керек!.. Қош! Менің көзімдей көр!» - деген беріп жатып...

Салқын тиіп тамағы қарлыққан адамша, дырылдай жөнелді пластинка. Мынау Естайдың әні - «Қорлан». Осы ән ұнайды Үрмәшқа бәрінен де. Ауылда Сайлаубектің үйінде шырқалған «Қорлан» түседі есіне. Ол бұрышқа арқасын бере, әнге құлақ тосты. Үрмәш әсем әнге жүйкелері босап, жан-тәнімен беріліп отыр. Жүректің нәзік қылын қозғап жіберер әсем ән бірте –бірте биікке қалықтап, қиянға шарықтаған сайын ол әнді бұйыға,мүлги тыңдады. Маңайындағы бар дүниені ұмытқан. Осы сәт оның көз алдына туған ауылы, көктемде түрлі-түсті ою-нақышпен безендірілгендей, қызылды-жасылды түрге еніп, сан құбылып жататын, көркіне қараған сайын көз тоймайтын «Алғасы» елестеді. Төскейді тегіс қаптап шығатын жауқазын қызғалдақтың қышқылтым исі келгендей мұрныңа. Гүлдің әтір исі тыныс жолдарын түршіктіріп, қытықтағандай... Сылқым қыздың әсем қимылындай сылаңдап аққан сұлу Сырдың сылдыры шалынады құлаққа. Ертеден кешке дейін даладағы барша тіршілікті күйдіріп жіберердей аптабын аямай төккен күннің ыстық лебін қас қаққанша қуып тастайтын салқын самал денесін аймалағандай. Самал үп етті дегенше, ауылдастары: «Пай, пай, ескек жел есіп, жанымыз жаңа жай тапты ғой!» десіп, бір желпінісер еді. «Нәзік те асқақ ән үзілмесе екен! Шарықтай берсе!»

Ол ләззаты мол тәтті қиял құшағына қойып кетті. Түпсіз мұхиттай, терең қиял оны толқынына орап алып, бойламайтын жерге, әрменірек әкетуге тырысады. Пластинка дырылдап барып басылды. Үрмәш әлі көзін жұмып отыр. Әсем әннің әлгіндегі денені балбыратқан әсері көзін ашса, көрген түстей сейіліп, жым-жылас болатын сияқты. Балқып, ұйып қалған. Ән қызуын, ән қызығып жүрегінде сақтағысы келгендей... Майданның қиын – қыстау шақтарында, шаршап-шалдыққанда оның қазақ әнін тыңдайтын қашаннан әдеті. Өзіне таныс үн естілгенде, бойына жаңадан ыстық қан құйылғандай, туған жердің топырағында аунағандай болады. Ән құдыретін сонда сезеді ол. Бүгін де Үрмәш дағдысынша, қолы қалт етісімен ән тыңдай, туған жерін есіне алды.


























М А З М Ұ Н Ы



Әнес Нарымбетов «Жарлының шапаны» ертегісі.******************** 2

Ақын туралы пікірлер******************************************** 7

Едіге Кішкенеев «Туған жермен тілдесу», «Сайрашы,Бозтарғайым» , «Қасиетті Отан-Анам»өлеңі*************************************** 8

Сейіл Боранбаев «Ана тілім», «Атымды келер ұрпақ ұмытпаса»

«Керек бізге ынтымақ», «Майдангерлер-әулиелер мекені»

«Заң» өлеңдері************************************************** 16

Рүстем Жанай «Өмірбаян орнына» жыры.«Отыз төртінші парақ»

«Сыйла ақынды», «Жансебіл», «19 парақ»***** ******************** 22

Әбдісаттар Оспанов «Аруағыңа ұлы Абай шағынамын» «Наркескен»трилогиясы (үзінді )********************************* 29

Жетіскен Мәкенәлі «Қазалым» ,«Жастық»,«ХХІ ғасырға аманат», «Автопортрет»************************************************ 38

Алмагүл Қаржаубаева «Қасиетті Қазалым –ел дегенім» «Аралмен сырласу» , «Туған жер туралы толғау», «Ана ғұмыры» баллада****************** 45

Марат Көптілеуов «Таныстыру»,«Мәжіліс», «Бұл кім?»,

«Мұндайды жұрт не дейді?»************************************** 52

Молдахмет Қаназов «Чика-Дабылдың баласы » повесі************* 56

Әлмәмбет Әлішов «Батыр болып тумайды»************************ 63