Адамның есімі – кез келген тілде ең тәтті және маңызды.
Д. Карнеги
Шыр етіп дүниеге келген нәрестеге мәні зор әрі өзіне үйлесімді етіп ат қою – қай халықта болмасын ежелден бері келе жатқан аса маңызды дәстүрлердің бірі. Осыған орай, адамның есімі өмір сүретін қоғамымен, қоршаған ортасымен тығыз байланысты. Егер белгілі бір халықтың кісі есімдеріне назар салып қарасақ, онда сол ұлттың әрбір тарихи дәуіріндегі рухани, мәдени, тіпті материалдық өмірлерінен құнды мәліметтер аламыз. Қазіргі таңда жалпы тіл білімінің өзінде тілді тек құрылымы тұрғысынан емес, тіл мен адам, тіл мен мәдениет ұғымдарының сабақтастығы негізінде жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарында тілдік құбылыстардың халықтан тыс өмір сүрмейтіндігі дәлелденуде. Соның ішінде, жоғарыда айтып өткендей, бүкіл халықтың тұрмыс-тіршілігін, этномәдениетін бойына сіңірген тілдік салалардың бірі – ономастика, әсіресе, кісі есімдеріне байланысты антропонимика екені даусыз.
Антропонимдер – халық мәдениетін, тіпті тіл тарихын зерттеуде аса құнды мұра болып саналады. «Өйткені антропонимдік жүйе әрбір халықтың тарихи, мәдени әрі этникалық, психологиялық және идеологиялық факторларымен етене байланысты» [1, 43 б.]. Антропонимдердің өзі ішінара бірнеше түрлерге бөлінетіндігі белгілі:
Антропонимдер
[pic] кісі аты
[pic] тегі
[pic] лақап ат
[pic] бүркеншік ат
[pic] криптоним
[pic] гинеконим
[pic] патроним
«Антропоним формуласында, атау беру уәжінде, атау құрылымында байқалатын әр халықтың өзіндік атау беру дәстүрі бар. Кез келген халықтың антропонимдік қоры (антропонимдер жиынтығы) құрамы жағынан әртүрлі. Антропонимдік жүйенің қалыптасуы мен дамуы бірыңғай қарастыруға мүмкін емес өте күрделі және ұзақ үрдіс» [2, 52-53 бб.].
Жіктелімнің ішінде халық санасын зерттеп, зерделеуде кісі аттары мен олардың тегінің рөлі жоғары.
Кісі аттарын зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері мен тілмен сабақтастықта қарастырылатын ұлттық этномәдени сипатын анықтаудың маңыздылығын орыс тіл білімінде С.Б.Веселовский, А.В.Суперанская, З.А.Данилова, Н.А.Баскаков,Н.А.Бельк, И.В.Бесстужев-Лада, қазақ ғалымдарынан Т.Жанұзақов, Ә.Абдрахманова, Е.Жанпейісов, Қ.Рысбергенова, Г.Мадиева, А.Жартыбаева сынды ғалымдар өздерінің еңбектерінде жан-жақты көрсеткен. Мәселен, «20 ғасырдың Леонардо да Винчиі» атанған әйгілі орыс ғалымы, философ Л.А.Флоренский өзінің «Имена» атты еңбегінде антропонимдердің болмысы тарихи, әдеби және метафизикалық қырларынан қарастырылса, Н.А.Бельк, В.П.Дарбакова сияқты ғалымдар кісі аттарын әлеуметтік, этнографиялық аспекті тұрғысынан зерттеген. Ал Т.Жанұзақов бастаған бір топ ғалымдар қазақ антропонимдерін тарихи дәуірлеуде және олардың дұрыс жазылуы ережелерін ұсынуда аса зор еңбек сіңірді.
Түркі және жақын туыстас елдер тіл білімінде анропонимика – ғылыми негізі тұрақты қаланған ономастиканың саласы болғандықтан, ол елдердің ғалымдары да аз зерттемеген. Атап айтар болсақ, М.Адилов, З. Садыков («Об азербайджанской антропонимий»), В.Махпиров («Имена далеких предков»), Э.Бегматов («Антропонимика узбекского языка»), А.Боранов («Антропонимы в киргизском героическом эпосе «Манас»), А.Гафуров («Таджикская атропонимия») т.б. ғалымдар антропонимдерді ұлттық мәдениетпен өзара сабақтастықта зерттеуге тырысқандарын көреміз.
Аталмыш ғалымдар кісі аттарын ұлттық тарих, әлеуметтану, мәдениет тұрғысынан баса назар аударып зерттеген. Мысалы, Т.Жанұзақов қазақ қоғамымен байланыста дамыған қазақ антропонимдер жүйесін зерттей отырып, оларды келесі кезеңдерге бөледі [3, 16-23 бб.]:
1. көне түркі дәуірі (V-X ғғ.). З.Ахметжанова мен У.Мусабекованың («Антропонимы казахского и русского языков:функциональная мотивация») айтуынша, бұл кезеңде кісі аттарының қойылу уәжділік белгілеріне мыналар жатқан:
- аспан денелерінің, жұлдыздардың атауларын қою: Айтолды, Күнтолды, Ай Арық, Ай маңыс.
- жануарлар мен құстардың ерекше қасиеттеріне байланысты туындаған кісі аттары: Тоңға хан, Боғра хан (боғра – түйе), Арслан хан (арслан – арыстан).
- тайпа аттарымен байланысты есімдер: Кай, Құмық, Текес.
- тарихи тұлғалардың есімдерін қою. Мұндай кісі аттарының қатарына Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) есімімен байланысты қойылған аттарды жатқызуға болады: Мұқамбет, Махамбет, Махмут, Мәмбет, Мамыт, Мәмет, Махмет.
- тілек мәнді есімдер: Бектур (ұзақ өмір, бақыт, байлық қалауынан туындаған есімдер), Балус (ата-анасының өзіне көмекші қалауы).
Келтірілген мысалдардан көне түркі дәуірінде қойылған кісі аттарының көпшілігі сенім мен тілек уәжділігіне негізделгенін көреміз.
2. орта ғасыр кезеңі (X-XVII ғғ.). Бұл кезеңде әлеуметтік лауазымдары, басқа да қосымша компоненттер тіркескен күрделі есімдер етек ала бастады. Мысалы, Мырқымбай, Сарыбай, Байбөрі, Ақжүніс, Қаракөжек, Кейқуат, Қосдәулет, Ғазизолла сияқты кісі аттары әдетте күрделі екі немесе үш құрамнан тұратын болды.
3. XVII-XIX ғғ. Бұл дәуірде негізінен бастапқы кісі есімдерінің қоры сақталып, орыс тілінің ықпалымен енген жаңа кісі аттарымен, араб тілді кірме есімдермен толықты, әкесінің аты мен тегі қалыптаса бастады. Баймағамбет, Қожаберген, Ажыбай, Жагор (Егор), Мэтби (Матвей), Майыр (Майор), Мәриям т.б. есімдерді осы топқа жатқызсақ болады. Сонымен қатар апеллятивті негіздерге сүйенген кісі аттары да шықты. Мәселен, мата атауларынан (Баршын, Қамқа, Торғын, Сәтен), туыстық атаулардан (Нағашыбай, Жиенбай), ақшалай құндылықтардан (Теңге, Саудабек, Сомбек) туындаған есімдерді атауымызға болады.
4. Кеңес дәуірі. Аталмыш кезең орыс тілінен енген көптеген кісі есімдерін, интернационалды аттарды қабылдаумен, сондай-ақ жаңа қазақ тілінің негізінде жасалған кісі аттарының жасалуымен ерекшеленеді. Клара, Индира, Мария, Мая, Жанна, Диас, Артур, Спартак, Октябрь, Колхозбек, Совет, Армия, Өндіріс, Майдан, Сайлау, Мира, Жеңіс есімдері осы кезеңге тән кісі аттары болып табылады.
Аталған кезеңдерден кейін халық арасында ықшамдылық, ыңғайлылық уәжінен туындаған Алма, Арна, Асылы, Самал, Сәуле, Әсем, Әсел, Нұр, Нұрлан, Асқар, Асан, Ержан, Еркін, Арман, Ербол, Ертай, Ару, Әлия, Арай сияқты есімдер кеңінен тарай бастады.
Ал қазіргі таңда нәрестелерге ұлы тарихи тұлғалардың есімдері, соларға ұқсасын деген тілекпен көптеп қойыла бастағанын көреміз. Мысалы, Қасымхан, Есімхан, Ерсұлтан, Абылай, Абай, Мағжан есімдері осыған дәлел болса керек.
Демек, антропонимдер жүйесі адамдардың өткендегі тұрмысын, қоғамдық әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірінің құбылыстарынан да сыр шерте алады. Қазақ халқында төрт түлік малға, шаруашылық, тұрмыстық атауларға байланысты қойылған есімдер осының айғағы. Алайда антропонимдердің өн бойындағы мағынасын зерттеуден бұрын оның қойылу уәжін, яғни сол ұлттың уақыт өзгерген сайын санасындағы көрініс табатын есімдердің уәждемелік белгілерін ажыратып, айқындап алған жөн. Жоғарыда келтірелген мысалдар да кісі аттарының сыртқы белгілері ғана емес, ішкі, уәжділік белгісі де бар екенін көрсетеді.
Қорыта келгенде, антропонимдердегі уәжділік белгі – ең алдымен халықтың дүниетанымы мен көзқарасына, діліне тікелей байланысты. Ал әлемде қанша халық, қанша ұлт болса, сонша түрлі діл, көзқарас, дүниетаным болмақ.
Әлем халықтарының көпшілігінде антропонимдер жүйесі адамдардың өткендегі тіршілігін, қоғамдық-әлеуметтік құрылысын және материалдық әрі мәдени өмірдің құбылыстарын да көрсете алады. Бірақ барлық халықтардың санасындағы атропонимдер туралы түсінікте олардың сыртқы формалық белгілерімен қатар ішкі семантикалық, этимологиялық, ең бастысы уәжділік белгісі де қатар жүреді.
Әдебиеттер:
1. Жанұзақ Т., Рысберген Қ. Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы. – Алматы: «Азия» баспасы, 2004. 128 бет.
2. Мәдиева Г.Б., Иманбердиева С.Қ. Ономастика:зерттеу мәселелері. – 2005. 240 бет.
3. Джанузаков Т.Д. Очерк казахской ономастики. Алма-Ата, 1982.
4. Ахметжанова З.К., Мусабекова У.А. Антропонимы казахского и русского языков: функциональная мотивация. – Алматы: КазУМоиМЯ, 2006. – 128 бет.
5. Қазақ есімдерінің анықтамалығы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009.