Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру саласында экономикалық пәндерді "Кейс-стади" жүйесі арқылы оқытуды енгізу және дамыту мәселелері.
Ә.Е.Төлепов - экономикалық пәндер мұғалімі
Орал гуманитарлық колледжі Орал қаласы
Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толғалы отыр. Ширек ғасыр ішінде еліміз көптеген жетістіктерге жетіп, экономикасы біршама дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылғаны хақ. Елбасымыздың салиқалы саясаты мен ұзақ мерзімді даму стратегиялары арқасында, сонымен қатар халқымыздың ерен еңбегі мен ел дамуына қосқан елеулі үлесінің нәтижесінде бүгінгі күні Қазақстан басқа мемлекеттерге үлгі болатындай нәтижеге жетіп отыр. Осыдан екі жыл бұрын Елбасымыздың халыққа жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясы да еліміздің экономикасы тұрақты, болашақта шаңырағы шайқалмас мәңгілік ел болатындай әл-ауқаты бар екендігін білдіреді. «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда ұлт зиялыларына, соның ішінде ұстаздар қауымына жүктелер міндеті де ауыр. Өйткені ұстаздың қандай болғанына байланысты, болашақта елімізге қызмет етер мамандар мен кадрлардың да сондай болатыны белгілі. Сондықтан да осы идеяны жүзеге асыруға ұстаздар қауымы бір кісідей ат салысу керек деп есептеймін. Елбасының "ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық" деген қағидасына сүйенсек, қазіргі қоғамдағы дамудың басты факторлары: білім, ғылым, саяси тұрақтылық екенін, яғни заман өзгергенімен, мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының көтерілуі білім-ілімсіз әсте мүмкін емес екеніне көз жеткіземіз.(1)
Жалпы Қазақстанның білім беру саласы тәуелсіздік алған жылдардан бастап басқа салалармен қатарлас дамып келе жатқанын білеміз. Еліміздің білім беру саласында көптеген өзгерістер енгізілген болатын. Оның анық көрінісі ретінде осыдан он-он екі жылдай бұрын жоғары оқу орындарына енгізілген кредиттік оқыту жүйесін айтуға болады. Бұл жүйенің ескі жүйеден басты артықшылығы - студенттердің тек кәсіби жағынан емес, шығармашылық жағынан да бірдей шыңдалу мүмкіндігі.
Ал енді техникалық және кәсіптік білім беру саласында қандай жетістіктерге жеттік? Арнаулы орта білім беру ошақтарында оқу процесі мен жалпы білім беру процесі айтарлықтай деңгейде жүргізіліп отыр ма? Әрине, техникалық және кәсіптік білім беру саласы артта қалып отыр деп айтпаймын. Десек те, әлі де колледж деңгейіндегі білім беру процесінде көптеген шешілуге тиіс мәселелерді байқауымызға болады. Осыған орай, мынадай проблемаларды атап өткім келеді:
1. Техникалық және кәсіптік білім беру орындарында оқып жатқан студенттерге практикалық білімге қарағанда, 70-80% теориялық білімнің ғана берілуі.
2. Өндірістік сараман уақытының аздығы, яғни, өндіріске барған студенттердің сараманнан тек 1,5 айдан 3 айға дейінгі уақыт аралығында өтуі.
3. Өндірістік сараманның сапалылығын бағалау үшін арнайы бақылаудың жоқтығы.
4. Теориялық білімнің шынайы өмірмен байланыстыра отырып оқытылуының жетіспеушілігі.
Атақты физик, ғалым А.Эйнштейннің сөзін еске алсақ: "Адамдар мектеп қабырғасында және кәсіби білім алу барысында теориялық тұрғыдан алған ақпараттарының 99 пайызын өмірінің ортасына қарай ұмытып кетеді, ал шынайы бастарынан өткізген оқиғаларын өмір бойы ұмытпайды..."-дейді. Осының өзі өмірдегі теорияға қарағанда практиканың рөлі артық екендігін көрсетеді. Жалпы қазіргі таңда практикалық білім берудің тек қана теориялық білім беруге қарағанда әлдеқайда тиімді екендігін ғалымдардың барлығы да мойындап отыр. Оның анық көрінісі ретінде Германиядағы осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынып, қазіргі таңда білім беру саласында мардымды жетістіктерге жетуге себепші болып отырған дуальді оқыту жүйесі болып отыр.(2) Бұндай оқыту жүйесі Қазақстанда да енгізіліп келе жатқандығы белгілі және бұл игі бастама деп айтуға болады. Әсіресе мұндай оқыту жүйесінің техникалық және кәсіптік білім беру саласында кеңінен енгізілуі жалпы білім беру сапасының біршама есе артатындығының кепілі болып табылады. Өйткені оқушыларды тек қана теориялық біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, оқу барысында алған теориялық білімдерін өндірісте шынайы түрде қолдануға үйретсек, оқуды тәмамдағаннан кейін бірден дайын маман болып шығып, кейін жұмысқа орналасу барысында бағыт-бағдар берусіз де бірден жұмысқа еш қиындықсыз кірісуге себепші болар едік. Қазіргі таңда дуальді оқыту жүйесін енгізу және дамыту бойынша еліміздің көптеген оқу орындарында игілікті істер атқарылып жатқандығы анық.
Теориялық білімді шынайы өмірмен және практикамен ұштастырудың тағы бір заманауи әдісі - "Кейс-стади" екендігі белгілі. Кейс-стади дегеніміз – кейстерді қолдану арқылы жүзеге асырылатын сабақтың нысаны.(3) Әсіресе, экономикалық және әлеуметтік мамандықтар бойынша білім алудың тиімді әдістерінің біріне айналған «кейс-стади» әдісі теориялық білім алған студенттерді болашақ мамандықтың практикасына негізделген әрекеттерге баулиды. Кейс-стади міндеті – білім алушыларды келесідей әрекеттерге жұмылдыру:
- кез-келген теориялық мәлімет пен ақпаратты талдау;
- негізгі проблемаларды айқындау;
- проблемаларды шешудің әр түрлі балама жолдарын табу (ситуация – көп шешімі және баламасы бар оқиға екенін ұмытпайық);
- сараптау арқылы олардың ішінен ең тиімдісін таңдау;
- өз іс-әрекеттерін жоспарлау және шешім қабылдау.(4) Менің ойымша бұндай оқыту жүйесі, әсіресе, экономикалық пәндерге кеңінен енгізілуі керек. Атап айтсақ: "Экономика негіздері", "Қаржы", "Менеджмент", "Маркетинг", "Банк ісі", "Ақша, қаржы және несие", "Бухгалтерлік есеп негіздері", "Қаржылық есеп", "Бюджет жүйесі және салық салу" және тағы басқа экономикалық пәндер. Экономикалық пәндердің басқа саладан ерекшелігі - оның да өз теориясы мен қабылданған заңдары бола тұра, күнделікті түрде практикада өзгеріп отыруы. Өйткені ел экономикасы және әлем экономикасы күнделікті түрде өзгеріп, дамып отырады. Сондықтан да біздің мақсатымыз - жасөспірімдерді таза заманауи экономист маман етіп тәрбиелеп шығару үшін, олардың бойындағы экономикалық мәселелерді күнделікті талдай білу дағдысын қалыптастыру және дамыту болып табылады.
Студенттер бойында мұндай дағдыны қалыптастырудың бірден-бір жолы - "Кейс-стади" болмақ. Мынадай мысал келтірейік: Оқу жоспары бойынша "Менеджмент" пәнінен "Өндірістегі басқарушылық шешімдерді қабылдау" тақырыбында сабақ өткізуіміз керек. Бірінші жағдайда: Мәселен, біз дәстүрлі түрде осы тақырып бойынша, шешімдерді қабылдаудың маңыздылығы, түрлері және мәні туралы дәрісті оқып қана қойып, үй тапсырмасына да теориялық тапсырма бердік делік. Бұл кезде, оқушы теориялық білімді қабылдап, уақыт өте келе оны ұмытып кетуі әбден мүмкін. Ал екінші жағдай бойынша: Студенттерге өндірістегі шешім қабылдануы тиіс ситуациялық тапсырма бердік делік. Бұл жағдайда студенттер өздері дұрыс шешім қабылдау арқылы және ситуациядан шығу арқылы жаңағы тақырыптың мәнін, түрлерін және маңыздылығын өздері-ақ ұғынып, оны болашақта жұмыс жасау барысында да қалыптасқан дағды ретінде де қолданады. Тағы бір мысалды "Банк ісі" пәні бойынша қарастырайық. Мәселен, "Депозиттер" тақырыбы бойынша тек оның теориялық мәнін түсіндіріп қана қоймай шынайы түрде виртуалды банк атмосферасын жасай отырып, депозиттер бойынша ситуациялық сұрақ қою арқылы, немесе рөлдік ойын ұйымдастыру арқылы оқушының бойында практикалық дағдыны қалыптастыруға болады. Сол сияқты "Экономика негіздері" пәніне жаңадан енгізіліп отырған "Жасыл экономика" тақырыбы бойынша студенттерге дәрісті оқып қана қоймай, олардың жасыл экономиканы дамыту бойынша өз көзқарастарын білдірту арқылы және оны дамытуда өздерінің ұсыныстарын жасай білуге үйрету үшін ситуациялық сұрақтар тудыру арқылы білімдерін қалыптастыруға әбден болады. Мұндай әдіс арқылы жеткізілген білім жасөспірім бойында өз елінің экономикасына деген қызығушылығын арттырып, өз Отанына деген патриоттық сезімін қалыптастыруға негіз болары анық! Сондықтан шетелде кеңінен қолданылатын "Кейс-стади" оқыту жүйесін, экономикалық және әлеуметтік пәндер бойынша, техникалық және кәсіптік білім беру ошақтарында, колледждерге және жоғары оқу орындарына толықтай енгізу керек деп есептеймін. Сабақтың мұндай әдіспен өткізілуі келесідей нәтижелерге тез қол жеткізуге негіз болады:
- болашақ мамандардың бойында кез-келген қаржы және экономикалық мәселелер бойынша тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу дағдысын қалыптастыруға;
- жасөспірімдердің бойында өз мамандықтарына деген қызығушылықтарының артуына;
- экономикалық білім берудің сапасының артуына;
- жастарды өз саласының ұшқыр ойлы, шебер маманы ретінде қалыптастыра отырып, өз Отанының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін, аянбай еңбек етіп, өз үлестерін қосуға бағыт-бағдар жасауға және тағы да басқа жағымды нәтижелерге қол жеткізуімізге болады.
"Кейс-стади" оқыту жүйесінің маңыздылығын толықтай түсініп, шынайы түрде оның еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру орындарында белсенді түрде жұмыс жасауы үшін еңбектену - әр педагог немесе экономист маманның мызғымас міндеті болмақ!
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты // Егемен Қазақстан, 14 желтоқсан, 2012.(1)
2. "Біліктілікті арттыру мен қайта даярлаудың оқу орталықтарын өндірістік кәсіпорындар жанынан құруды және олардың ЖОО-лар мен колледждердің мамандар даярлауына қатысуын көздейтін дуальді білім беру жүйесінің жол картасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 15 қазандағы № 1093 қаулысы (2)
3. Гуревич А. М. Ролевые игры и кейсы в бизнес-тренингах. СПб., 2006.(4)
4. Скуратовская Н. С. Кейс-метод в оценке [link] // Справочник кадровика. 2007. № 5. С. 98–104. (3)
Түйіндеме
Теориялық білімді шынайы өмірмен және практикамен ұштастырудың тағы бір заманауи әдісі - "Кейс-стади" екендігі белгілі. Кейс-стади дегеніміз – кейстерді қолдану арқылы жүзеге асырылатын сабақтың нысаны. Ол, әсіресе, экономикалық пәндерді оқытудың тиімді әдістерінің бірі болып табылады. Известно, что метод "Кейс-стади" является одним из современных методов обучения практическим навыкам учащихся. Кейс-стади - это ведение учебных занятии с помощью кейсов. Особенно, оно является одним из эффективных методов практического обучения по экономическим специальностям.