Сабақтың тақырыбы: Фонетика. Қазақ әліпбиі
(5 класс)
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: тіл дыбыстары, фонетика саласы жайында толық білім бере отырып, қазақ әліпбиі туралы мағлұмат беру.
Дамытушылық: оқушылардың тіл мәдениеті мен сөйлеу мәнерін дамыту.
Тәрбиелік: оқушыларды ізденімпаздыққа, мәдениеттілікке, адмгершілік қасиеттерге тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: сызбалар, үлестірмелі парақшалар.
Сабақтың түрі: жаңа білімді игерту.
Әдіс – тәсілі: түсіндіру, баяндау, сұрақ – жауап.
I Ұйымдастыру кезеңі.
Сәлемдесу.
Кезекші мәліметі, класты түгендеу.
Оқушылардың бар ынта – жігерін сабаққа аудару.
II Үй тапсырмасын тексеру.
220 – жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар. Өлеңнен ұлттық тағам атауларын теріп жазыңдар.
221 – жаттығу. М.Қашғаридің нақыл сөздерін жаттап алыңдар.
III Оқушыларды жаңа білімді игертуге дайындау.
Адамның тілі – дыбыстық тіл. Тіл дыбыстары болмаса, тіл өмір сүре алмайды. Егер сөз дыбыстардың тіркесі түрінде айтылмаса, тіл қатынас құралы да, пікір алмасу құралы да бола алмас еді. Тіл дыбыстары өз ішінде айтылады. Бір дыбыс әлденеше сөздің құрамында қайталанып қолданыла береді.
Тіл дыбыстары сөйлеу мүшелері арқылы жасалады. Сөйлеу мүшелеріне өкпе,дауыс шымылдығы, ауыз қуысы, мұрын қуысы, тіл, ерін т.б.жатады
IV. Жаңа сабақты түсіндіру:
Фонетика – тіл білімінің дыбыстық жағын зерттейтін саласы. Фонетика дыбыстардың
жасалу, айтылу,естілу және буын, екпін, интонация мәселелерін қарастырады.
Әліпби сөзі – араб алфавитінің алғашқы «алиф» және «би» атауларының бірігуінен
жасалған.
Әріп – дыбыстың жазудағы таңбасы. Әліппедегі әріптер белгілі бір тәртіппен орналасады. Түрлі сөздіктерді пайдалану үшін , әліппедегі әріптердің орын тәртібін жақсы білу керек, сонда сөздіктен керек сөзді тез тауып алуға болады.
Қазақ әліпбиіндегі әріптердің жазылуы:
Орыс алфавитіне негізделген қазақ әліпбиіндегі қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілейтін 9 әріп бар. Олар: (ә,ғ,қ,ң,ө,ұ,ү,һ,і).Қалғандары – орыс тілі мен қазақ тіліне ортақ әріптер.
Қорыта айтқанда, фонетика саласының басты зерттеу объектісі – тіл дыбыстары. Дыбыстар өз ішінде дауысты және дауыссыз дыбыстар болып бөлінеді. Олардың өз ішінде әрі қарай жіктелуін біз алдыңғы тақырыптарда өтетін боламыз.
V Жаңа білімді бекіту.
Кітаппен жұмыс.
237 –жаттығу. Берілген сөздерді әліпби тәртібімен тізіп жазыңдар.
238 – жаттығу. Мәтіндерді бас әріппен жазылуға тиісті сөздерді бас әріппен жазу арқылы көшіріңдер.
Карточкамен жұмыс.
Берілген мақал –мәтелдердің құрамындағы сөздерді алфавит ретімен орналастырыңыз.
Ананың сүті – бал, баланың тілі – бал.
Кеңесіп пішкен тон келте болмас.
Досы көппен сыйлас, досы азбен сырлас.
Әзілің жарасса, атаңмен ойна.
Ата -бәйтерек, бала –жапырақ.
Балалы үйдің ұрлығы жатпас.
Біткен іске сыншы көп, піскен асқа жеуші көп.
Нан бар жерде ән бар.
Жер құтты болса, мал сүтті болады.
Ағаш тамырымен, адам досымен мықты болады.
Өзің ғана ойлаған, жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған, адамдықтың белгісі.
VI. Қорытындылау.
Сұрақ –жауап әдісі арқылы:
Тіл білімінің дыбыстық жағын зерттейтін саласын қалай аталады?
«Әліпби» сөзі қай тілден енген?
Алфавиттегі әріптер қалай орналасады?
Фонетиканың басты зерттеу объектісі не?
Сөздіктер үшін алфавиттің қажеті бар ма?
Қандай сөздіктерді білесіздер? Қандай сөздіктермен жұмыс жасап көрдіңіздер?
Үй жұмысы. 98 -100 бет ереже. 239 –жаттығу.
Бағалау.