[link] "Әдебиет танытқыш" кітабы. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі. Оның әдебиетші ғалым-теоретик ретінде тұлғасын айқындаған басты еңбегі – "Әдебиет танытқыш". Еңбек 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Бұл кітабында ғалым алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады.
"Әдебиет танытқыш" кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көркем әдебиеттің бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдері талданса, екінші бөлімде әдеби жанр түрлері сөз болады. Тұтастай алғанда, Ахмет Байтұрсынов өнер атаулыны екі топқа бөледі. Оның бірі – тірнек өнері, екіншісі – көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сәулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, әуен (музыка) өнерін және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады.
"Өнердің ең алды – сөз өнері саналады. "Өнер алды – қызыл тіл" деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді" деп жазады Ахмет Байтұрсынұлы.
Әдебиеттің көркем бейнелеу құралдары, жанрлары жөнінде талдау жасай келіп, А.Байтұрсынов олардың, әрқайсысына әлемдік әдебиеттану ғылымындағы атауларға сәйкес дәлме-дәл қазақша балама атаулар береді. Бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымында қолданылып жүрген ұғымдар мен категориялардың атауларын термин дәрежесіне көтеріп, қолданысқа енгізген Ахмет Байтұрсынұлы дейтініміз сондықтан.
Әдебиеттің жанрларын айқындау, тарихи кезеңдерге, бөліп қарастыру мәселесінде де бұл еңбекте көптеген тұжырымды ойлар айтылады. Бұлардың кай-қайсысы да қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңалық болатын.
Сонымен қатар, "Әдебиет танытқышта" Ахмет Байтұрсынұлы аса бай фольклорлық материалды пайдаланды. Теориялық қисындарды қазақ ауыз әдебиетінен және баспасөз беттеріндегі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан алынған мысалдар арқылы бекітіп отырды.