План урока-конференции по Абайтану

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


[pic]













Қартайдық,қайғы ойладық,ұлғайды арман

Қартайдық,қайғы ойладық,ұлғайды арман, 

Шошимын кейінгі жас балалардан 

Терін сатпай, телміріп көзін сатып, 

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

Бай алады: кезінде көп берем деп, 

Жетпей тұрған жеріңде тек берем деп, 

Би мен болыс алады күшін сатып,

Мен қазақтан кегіңді әперем деп.

Жарлы алады: қызметпен өткерем деп. 

Елубасы: шар салып, леп берем деп. 

Жалаң қаққан жат мінез жау алады: 

Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.

Дос алады:бермесең,бұлт берем деп, 

Жауыңа қосылуға сырт берем деп, 

Бұзылған соң мен оңай табылмаспын, 

Не қылып оңайлықпен ырқ берем деп.

Сұм-сұрқия сұмдықпен еп берем деп, 

Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп. 

Жүз қараға екі жүз аларман бар,

Бас қатар бас-аяғын тексерем деп.

Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп, 

Мал берсем сен мендік бол деп берем деп 

Қара қарға сықылды шуласар жұрт: 

Кім көп берсе, мен соған серт берем деп.

Бұзыларда ойламас бет көрем деп, 

Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп. 

Қабаған итше өшігіп шыға келер, 

Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.

Орыс айтты: өзіңе ерік берем деп, 

Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп 

Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, 

Ұлық жүр: бұл ісіңді кек көрем деп.

Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп, 

Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп. 

Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен. 

Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?

Атаны бала аңдиды, ағаны іні, 

Ит қорлық немене екен сүйткен күні. 

Арын сатқан мал үшін антұрғанның 

Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.

Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып, 

Аямай бірін бірі жүр ғой аңдып. 

Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар, 

Паруардигәр жаратқан несін жан қып!

Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, 

Арын сатып тіленген малы құрсын. 

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, 

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын. 

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір, 

Өз үйінде шертиген паңы құрсын.

Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» -  [link]  жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.