Сөйлем түрлері
І деңгей грамматикалық жаттығулар
1 – жаттығу. Берілген сөйлемдердің айтылу мақсатын анықтап, жақшаны ашып, көп нүктенің орнына қажетті тыныс белгісін қойыңдар. Жақшадан неліктен сол тыныс белгіні таңдағандарыңды түсіндіріңдер.
Қазір ол келіп қалса ше ... (! , ? , . ).
Жылқыны тез қайырыңдар ... (! , ? , . ).
Ертеңіне ол ақсақалмен ұзақ әңгімелесті ... (! , ? , . ).
Пай-пай, мынаның шабысын-ай ... (! , ? , . ).
ІІ деңгей Логикалық жаттығулар
2 – жаттығу. Төменде берілген тұрақты сөз тіркестерінің баламасын жақшаның ішінен тауып (әліңе қара, қиянат жасамау, хабарласпау, өте тату), тұрақты тіркестерді қатыстырып, бұйрықты, лепті, хабарлы, сұраулы сөйлемдер құрастырыңдар.
Арасынан қыл өтпейді
Ешкімнің ала жібін аттамау
Ат ізін салмау
Көрпеңе қарай көсіл
ІІІ деңгей Танымдық жаттығулар (графикалық модельдеу жаттығуы)
3 – жаттығу. Берілген сөйлемдердің интонациялық ерекшелігін графикалық модельмен көрсетіңдер.
Алға қадам басты.
Ол өз ойын басқаға айтар ма?
Табиғат қандай тамаша!
ІҮ деңгей Рефлексиялық жаттығулар (проблемалық ситуациялар жасау және оны шешу жаттығуы)
4 – жаттығу. Сөйлем түрлері түсініктеріңді оппозициялық талдауға түсіріп, ортақ және айырым белгілерін анықтаңдар.
Ү деңгей Тіл дамыту жаттығулары
5 – жаттығу. Сөйлем туралы өздерің оқып жүрген орыс, ағылшын тілдеріндегі сөйлем түрлері жайында байланыстырып, дәптерлеріңе ғылыми-көркем шығарма жазыңдар.
ҮІ деңгей Тіл мәдениеті жаттығулары
6 – жаттығу. Берілген сөздердің синонимдерін анықтаңдар. Олардың әрбірін қосып бұйрықты, лепті, сұраулы, хабарлы сөйлем құраңдар да, синонимдерін алмастырыңдар, қандай мағыналық өзгерістер пайда болғанына сипаттама беріңдер.
Сабыр
Есті
Қуатты
Келбет
ҮІІ деңгей Шешендікке баулу жаттығулары
7 – жаттығу. Берілген сөз тіркестерінен рифмалық үлгідегі шешендік сөз үлгісін (сөйлем) жасаңдар.
Азған елдің белгісі, тозған елдің белгісі, көргенділік белгісі, надандылық белгісі, балалықтың белгісі, шалалықтың белгісі
Терме диктанты. Айтылу мақсаты мен сазына қарай сөйлем құрауға негіз болып тұрған сөздерді теріп жазыңдар.
Жиналыс басталды ма? Қане, жігіттер, аттарыңды қамдаңдар! Сонша малға жерді қайдан таппақсың? Жоғал, көзіме көрінбей! Өзіңіз қандай ақыл бересіз? Тыңда, дала, Жамбылды! Жарыс туын жоғары ұстайық! Жездең ертең келетін шығар?Тапсырманы орындамай көрші! Оған өлең ұнады білем, сірә? Бейшара-ай, мынаның тарта алмай келе жатқанын-ай! Не деген әсем дауыс!
Тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелер
І деңгей грамматикалық жаттығулар
1 – жаттығу. Мақал-мәтелдерді сөйлем мүшелеріне талдаңдар. Қайсысы мақал, қайсысы мәтел екенін ажыратыңдар.
Еменнің иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені. Ұялған – тек тұрмас. Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Кемедегінің жаны бір. Көппен көрген – ұлы той.
ІІ деңгей Логикалық жаттығулар (байымдау жасауға машықтану жаттығуы)
2 – жаттығу. Тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелердің әрқайсысының белгілерін білдіретін байымдаулар санын 10-ға жеткізіңдер.
ІІІ деңгей Танымдық жаттығулар(ойын жаттығуы)
3 – жаттығу. Төмендегі сөздерден бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш жасаңдар. Кім көп жазса, сол ұтып алады. (Мысалмен көрсетуге болады).
Тіл, саяжай
ІҮ деңгей Рефлексиялық жаттығулар (байымдаулардың қарама-қарсылығын анықтауға дағдыландыру жаттығуы)
4 – жаттығу. Шылау және тұрлаусыз мүшелер жасауда кейбір септік жалғауларының арасындағы ерекшеліктері неден танылатынын дәптерге талдап жазыңдар.
Ү деңгей Тіл дамыту жаттығулары
5 – жаттығу. «Сөйлем мүшелері» атты аңыз-әңгіме құрастырыңдар.
ҮІ деңгей Тіл мәдениеті жаттығулары
6 – жаттығу. Тиісті жалғауларды қойып, сөйлемді толықтырып жазыңдар.
Жаз күн өте ыстық бол. Жанат осы жарыс жең шық. Біз тау шық. Ата бала шақыр.Мен сабақ қал болма. Сабақ кешігу болма. Өзен балық аула.
ҮІІ деңгей Шешендікке баулу жаттығулары
7 – жаттығу. Берілген графикалық
модель
бойынша 4 жолды
шешендік өлең құрастырыңдар.
Комментарийлік диктант
Сөйлем мүшелері жайында ғалымдардың жазған ой-пікірлерін жинастырыңдар немесе өздеріңнің анықтама, пікірлеріңді құрастырыңдар.
Айқындауыш мүше
І деңгей грамматикалық жаттығулар
1 – жаттығу. Оңашаланған және қосарлы айқындауыштарды екі бағанға орналастырыңдар.
Ақан серінің әндерін жаттадық. 1928 жылы Қазақстандағы тұңғыш оқу орны –ҚазПИ ашылды. Бұлардың сөзін Баян бәйбіше келіп бөлді. Біз, жастар, еңбекте, оқуда алды болуымыз керек.
ІІ деңгей Логикалық жаттығулар
2 – жаттығу. Керекті айқындауыш сөздерді тиісті орнына қойып, сөйлемдерді толықтырыңдар.
Омардың үлкен ұлының елге жасаған жақсылығы өте көп. Біздің мектептің оқушылары әрдайым бірінші орын алады. Аптаның соңғы күні саяхатқа шығамыз. Мәкіш өз туысына тамашалай қарады.Қонақ үйде қызғылт, күңгірт сәулесі бар тас шам жанып тұр.
Керекті сөздер: дөңгелек стол үстінде, сенбі күні, Асанның, інісіне, 10-сыныптар
ІІІ деңгей Танымдық жаттығулар («Дауыстап ойлауға» яғни өзінің тапсырманы орындау барысын комментарийлеп отыруға үйрету).
3 – жаттығу. Төменде айқындауыш мүшелердің белгілері берілген. Осыған қарай отырып, қандай мысалдарды үлгі ретінде көрсетуге болады. Ойларыңды ауызша түсіндіріңдер.
Өзінен бұрын тұрған сөзді айқындап, дәлелдеп, түсіндіріп тұратын бір немесе бірнеше сөз.
Айқындайтын мүшесіне қосалқы атау болады.
ІҮ деңгей Рефлексиялық жаттығулар (проблемалық ситуация жасау және шешуді үйрету).
4 – жаттығу. Айқындауыш мүшелердің басқа грамматикалық тұлға – анықтауыштан басты айырмашылғын формаларды салыстыра отырып дәлелде.
Ү деңгей Тіл дамыту жаттығулары
5 – жаттығу. «Мен пір тұтқан - тұлға» тақырыбында айқындауыш мүшелерді қатыстыра отырып, эссе жазу.
ҮІ деңгей Тіл мәдениеті жаттығулары
6 – жаттығу. Төмендегі табу сөздерді пайдаланып, айқындалатын мүше болатындай етіп, сөйлемдер құрастырыңдар.
Кекілдім, төре жігіт, ерке қыз, шырайлым, ат байлар
ҮІІ деңгей Шешендікке баулу жаттығулары
7 – жаттығу. Шешендік сөздің жалғасын екінші бағаннан тауып, сызықпен көрсет.
Кигіз кімдікі болса,
Ауыз кімдікі болса,
Бала шыққан жеріне
Сөз шыққан жеріне
Жарлық өзіңізден
Жабдық та өзіңізден
Болғанда
Білек сонікі
Қайтып сыймайды
Болсын
Қайтып сыймайды
Сөз сонікі
Салалас құрмалас сөйлем
І деңгей Грамматикалық жаттығулар (трансформациялық жаттығу).
1 – жаттығу. Салалас құрмалас сөйлемдердің сыңарын екінші бағаннан тауып, сызықпен қосыңдар.
Далада жел соғып тұр, орнынан тұра алмай қалды.
Есікті жауып қойған, біресе күн ұзақ жүріп алады.
Қорадан мал ұрланыпты, әйтпесе уақыт өтіп кетеді.
Олар біресе тоқтап демалады, әрі сіркіреп жаңбыр жауып тұр.
Тезірек шөп ору керек, сол үшін Базарбайды соққыға жықты.
Қорыққаны сонша - сонда да ол ішке кіруден үмітін үзбеді.
ІІ деңгей Логикалық жаттығулар (ұғымды қалыптастыру жаттығуы).
2 - жаттығу. Төменде берілген белгілерден салаластардың белгілерін ажыратып, дәптерлеріңе жазыңдар.
«бірі екіншісінің себебін білдіреді», «екіншісі біріншінің мағынасын түсіндіріп тұрады», «іс-әрекеттің біреуі ғана орындалатынын білдіреді», «бір-біріне іргелес болған оқиғаны, істі білдіреді», «мағыналары бір-біріне қарама-қарсы болып келеді», «іс-әрекеттің кезектесіп келетінін білдіреді».
ІІІ деңгей Танымдық жаттығулар (тест алу).
3 - жаттығу. Дұрыс жауапты анықтап, тест сұрақтарының жауабын табыңдар.
Мен үндемедім, бірақ өз пікірімде қалдым.
А) ыңғайластық
Ә) қарсылықты
Б) Себеп-салдар
В) Кезектес
Г) Талғаулы
Ғ) Түсіндірмелі
Еңбек адамды көрікті етеді және ойды тазартады.
А) ыңғайластық
Ә) қарсылықты
Б) Себеп-салдар
В) Кезектес
Г) Талғаулы
Ғ) Түсіндірмелі
Мен ол күні келмедім, себебі көлік жоқ еді.
А) ыңғайластық
Ә) қарсылықты
Б) Себеп-салдар
В) Кезектес
Г) Талғаулы
Ғ) Түсіндірмелі
Келген екеу еді: бірі – агроном, екіншісі – инженер.
А) ыңғайластық
Ә) қарсылықты
Б) Себеп-салдар
В) Кезектес
Г) Талғаулы
Ғ) Түсіндірмелі
Сен оны өлтір, болмаса өзің өлесің.
А) ыңғайластық
Ә) қарсылықты
Б) Себеп-салдар
В) Кезектес
Г) Талғаулы
Ғ) Түсіндірмелі
Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар, не құлағымен естіген айтар.
А) ыңғайластық
Ә) қарсылықты
Б) Себеп-салдар
В) Кезектес
Г) Талғаулы
Ғ) Түсіндірмелі
ІҮ деңгей Рефлексиялық жаттығулар (сөйлеуді өңдеуге дағдыландыру).
4 - жаттығу. Салалас құрмалас сөйлемдерді қатыстыра отырып, диалог құрастырыңдар.
Ү деңгей Тіл дамыту жаттығулары
5 – жаттығу. Салалас құрмалас сөйлемдерді мәтіннен тез анықтау үшін сендер оның қандай белгілерін білсе жеткілікті деп ойлайсыңдар? Дәптерге жазыңдар.
ҮІ деңгей Тіл мәдениеті жаттығулары
6 – жаттығу. Берілген сөйлем құрамдарындағы қате қойылған жалғаулық шылауларды дұрыстарымен алмастырыңдар.
Биыл жайлауда болдым бірақ ауылдағы ағаларымның үйіне бардым. Есікті жауып қойған, және ол ішке кіруден үмітін үзген жоқ. Биыл шөп қалың шықты, біресе жаңбыр көп жауды. Олар өйткені тоқтап демалады, өйткені күн ұзақ жүріп алады. Ертерек үйге дәрігер шақыру керек сонша – ауруханаға бару керек. Олжабектің сасқаны әйтпесе орнынан атып тұрды.
ҮІІ деңгей Шешендікке баулу жаттығулары
7 – жаттығу. Өздерің білетін би-шешендердің сөздерін еске түсіріп, салалас құрмалас сөйлем етіп құрастырып, шағын әңгіме жазыңдар.
Сабақтас құрмалас сөйлем
І деңгей грамматикалық жаттығулар
1 – жаттығу. Берілген сабақтас құрмалас сөйлемдердің басыңқы сыңарынан бағыныңқы сыңарына сұрақ қойыңдар.
Ол жұмыстан келген соң, бүгінгі газеттерді қарап шықты. Тұрмыс жақсы болу үшін, еңбек өнімді болу керек. Бірлік болмай, тірлік болмас. Жетпіс жыл өмір сүрсем де, аз секілді білгенім. Айтқандарым жаққан соң, алыс-жақын тыңдайды. Іші-бауыры елжіреп, сорлы шеше балапанын қорғайды.
ІІ деңгей Логикалық жаттығулар. Ұғымды қалыптастыру жаттығуы.
2 – жаттығу. «Салалас құрмалас сөйлем», «Сабақтас құрмалас сөйлем» деген ұғымдарға Венн диаграммасын пайдалана отырып, ортақ және айырым белгілерін толтырыңдар.
ІІІ деңгей Танымдық жаттығулар. Ойын жаттығуы
3 – жаттығу. Берілген сұрақтар қай сабақтас құрмаласқа тән екендігін анықтап, тез арада дұрыс жүйемен орналастырыңдар.
Шартты бағыныңқы
Қарсылықты бағыныңқы
Себеп бағыныңқы
Мезгіл бағыныңқы
Қимыл-сын бағыныңқы
Мақсат бағыныңқы
Сұрақтар: қайтсе де?, қашан?, не мақсатпен?, қайтсе?, неліктен?, қайтіп?, қайткенде?, не себепті? қалай?,қайткенмен?, қашаннан бері?, не үшін?.
ІҮ деңгей Рефлексиялық жаттығулар. «Дауыстап ойлауға» яғни өзінің тапсырманы орындау барысын комментарийлеп отыруға үйрету жаттығуы.
4 – жаттығу. Төменде сабақтас құрмаластардың белгілері берілген. Осыған қарай отырып, қандай мысалдарды үлгі ретінде көрсетуге болады?
«Бағыныңқысы басыңқы сөйлемнің шарты болып келетін сабақтастың түрі», «бағыныңқысы басыңқы сөйлемде айтылған іс-қимылдың қалай орындалғанын білдіреді», «бағыныңқысы басыңқы сөйлеміне қарама-қарсы болып келетін сабақтастың түрі», «бағыныңқысы басыңқы сөйлемдегі ойдың мақсатын білдіретін сабақтастың түрі», «бағыныңқысы басыңқы сөйлемінің мезгілін білдіретін сабақтастың түрі», «бағыныңқысы басыңқы сөйлемінің себебін білдіретін сабақтастың түрі».
Ү деңгей Тіл дамыту жаттығулары
5 – жаттығу. Сабақтас құрмалас сөйлемдерден жасалған нақыл сөздер ойлап жазыңдар.
ҮІ деңгей Тіл мәдениеті жаттығулары
6– жаттығу. Төмендегі қосымшаларды қатыстырып, сабақтас құрмалас сөйлем құрастырыңдар.
- майынша, - ғанмен, - қандықтан, - ып, - ысымен, - мақ-шы,
ҮІІ деңгей Шешендікке баулу жаттығулары
7 – жаттығу. Салалас құрмалас түріндегі мақалдарды сабақтас құрмалас сөйлемдерге ауыстырып жазыңдар. Не байқауға болады?
Жақсы сөзге жан семіреді, Жаман сөзге жан түршігеді.
Әр жердің өлшемі, әр сөздің мөлшері бар.
Шешеннің тілі – шебердің бізі
Байқауға қатысушы туралы мәлімет
Титул парағын толтыру үлгісі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК
«Менің арманым» республикалық интернет-байқауы
«» номинациясы
Тақырыбы:
Жұмыстың авторы:
Білім беру ұйымының мекенжайы: Ақмола облысы Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектебі, 8-сынып
Жетекшісі: Абдрахманова Айгүл Ертайқызы
2016 жыл