Тәрбие сағат тақырыбы: Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым.
Тәрбие сағат мақсаты: оқушыларды еліміздің қысқаша тарихымен, мемлекеттік рәміздерімен таныстыру. Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізгенімізді, осы тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын көрермендерге жете ұғындыру, оқушылардың дүниетанымын кеңейту.
Тәрбие сағат көрнекіліктері: Мемлекеттік рәміздер, тақырыпқа байланысты жазылған плакаттар, «Тәуелсіз Қазақстан» бұрышы.
Тәрбие сағат барысы:
Сендерді еліміздің ең үлкен мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, бүгінгі «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым» атты тәрбие сағатымызды сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.
Осыдан 30 жыл бұрын, яғни 1986 жылы Алматының бас алаңында желтоқсан оқиғасы болды. Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндірді. Ондаған жылдар бойы іште жинақталған наразылықтың бұрқ етуіне Мәскеудің республика халқының пікірімен еш санаспастан, ел мүлде білмейтін Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің басшысы етіп қоюы себеп болды. 1986 жылы желтоқсандағы көтеріліске жастар жаман оймен барған жоқ. Олар бейбіт жолмен тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қатысқан.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалсын!
Оқушылардың тақпақтары:
Жаңғырды халқымыздың мың өшкені
Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.
Ел үшін мәңгілікке жалғасады.
Ақыл - ой, ар - намыстың күрестері.
Ұлан-ғайыр далам менің кеңдігім,
Ұзақ күтті - ау елім менің теңдігін
Ата - бабам армандаған, аңсаған
Ұрпақтары көрді тәуелсіздігін.
Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,
Күрескерлер осы күнді көрмеді.
Қаны менен жанын берген ерлердің
Есімдері биіктерге өрледі.
Хор: «Желтоқсан желі»
1986 жылғы желтоқсан оқиғасына биыл 30 жыл толды. Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей қарусыз жастарына мұздай құрсанған солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды. Қыз - жігіттерді аяусыз таяққа жықты, түрмеге қамады. Қайрат Рұсқылбеков, Ербол Спатаев, Лаззат Асанова сынды жаңа ғана бүршік атып келе жатқан талшыбықтай жастарымыздың өмірін көктей үзді.
Ендеше сол желтоқсан оқиғасының құрбандарын 1 минут еске алайық.
Ән. «Туған жерім»
Бақтың құсы әр адамға қонып бір
О, Тәңірім бізді баққа жолықтыр!
Бүгін міне, тәуелсіздік ағайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!...
Арайлап атқан бейбіт таңы бар, асу бермес асқар - асқар тауы бар кең жазиралы мекенді, қонақжай, жомарт халқы бар еліміз – Қазақстан. Біз 21 жылда үнемі даму үстіндеміз.
Хор. «Атамекен»
Бүгінгі біздің дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп әлемге әйгілі болуымыздың өзі – осы тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы. Олай болса тәуелсіздігімге шаң жұқтырмай оны ең қымбат бұйымымыздай етіп, құрметтеп келер ұрпаққа аманаттап тапсыруға тиіспіз, оны ішкі - сыртқы дұшпандардан сақтауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ.
Хормен:
Қазақстан!
Туымен тұғырлы.
Елтаңбасымен еңселі.
Әнұранымен айбатты.
Қорытынды:
Мұғалім: «Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі» деп Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай оңай келген жоқ. БұлТәуелсіздік бізге қазақтың басы мен жұлын жүйкесі Кенесары арқылы, қайқы қара қылышты Бауыржан арқылы, уыз сезімді Қайраттар арқылы келді. Сондықтан оны аялауымыз керек. Біздің еліміз көптеген елдерге танылды. Қайда жүрсек те Отанымызды мақтан тұтуымыз керек.