Муратбаева Назгуль Жаксылыковна
І.Есенберлин атындағы МДШО бар орта мектептің
бірінші деңгей бойынша сертификатталған,
қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі,
мектеп директоры
Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы
Көшбасшылар кездесуі әр қатысушы үшін пайдалы болды
Қазақ елінің біртуар ұлы Дінмұхаммед Қонаевтың: «Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау және үйретуден аянбау» деген сөзі бар. Осы ақылды сөздер біздің Педагогикалық шеберлік орталығы Талдықорған қаласындағы филиалымен бірлесіп ұйымдастырған "Көшбасшылар кездесуі. Мектеп Көшбасшысының оқыту мен оқуды жетілдіру аспектісіндегі рөлі" тақырыбындағы семинардың мақсатымен мықты байланысты. Бұл шараны ұйымдастыру неліктен қажет болды? Деңгейлік бағдарламалардың Бірінші деңгейі бойынша сертификатталған мұғалімдердің (олар Көшбасшы мұғалім болып есептеледі) мектепті дамыту мен жетілдіру қызметі аясында атқарып жатқан жұмыстары, қандай ілгерілеу бар, неге баса көңіл бөлуіміз керек, нені дамытамыз, сол жайлы тәжірибе алмасу көзделді. Көшбасшы мұғалімдер оқу үдерісін жетілдіру мақсатында түрлі шараларға әріптестерін тарта отырып, мектеп мәдениетін арттыруға тырысатын адам болып саналады (Сильва және басқалары, 2000). Аталған шараға жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге мүдделі адамдар, яғни, Педагогикалық шеберлік орталығы Талдықорған қаласындағы филиалының тренері У.Темиргалева, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Г.Салтакова және әдіскерлер, Іле ауданы, Текелі, Үштөбе қалаларының мектептерінен барлығы 26 Көшбасшы мұғалімдер қатысты. Семинар бағдарламасы бойынша бір коучинг, екі ашық сабақ, Көшбасшылар жәрмеңкесі және қорытынды талдау жоспарланды, жұмыс регламенті 8.30.-16.30- ға дейін созылды.
Біздің мектебіміздің даму басымдығы оқуды саралау болғандықтан, "Қалай оқуды саралау 7А, 8-сынып оқушыларының оқуын жақсартады?" деген сұрақ бойынша бірінші жыл іс-әрекеттегі зерттеу жүргізілуде. Оқуды саралау тәсілі өте күрделі әрі өзекті оқыту тәсілі, оның түрлері мен тәсілдерін қолдану қиындық тудырады. Қатысушылар саралаудың тәсілдерін үйреніп, түсінуі үшін, алдымен "Оқуды саралау деген не?" тақырыбына коучинг өткіздім.
Коучингте қатысушылардың алдына сурет арқылы проблема қойылды: мұғалім түрлі жануарлардың ішінен (керік, піл, жылан, маймыл, тюлень, торғай) ең мықтысын таңдап алу үшін емтихан өткізетінін хабарлайды, тапсырма - ағашқа өрмелеу. Проблемалық сұрақ: Қаншалықты осы тапсырма арқылы ең мықты жануарды таңдап алуға мұғалімнің мүмкіндігі бар? Қатысушылар сурет бойынша кілт сөздерді жазып, сұрақ бойынша өз ойларын ортаға салды, осылайша коучингтің тақырыбын өздері анықтап, мақсатын да өздері қойды. "Sparkoff" ойыны барысында "Оқуды саралау деген не? Оның қандай түрлері, тәсілдері бар?" деген сұрақтарға өздері бұрыннан білетіндерін жазды және білмейтіндерін аудиторияны аралап жүріп, әріптестерімен кеңесті. Осыдан кейін "Оқуды саралау- оқушы әлеуетін арттырудың тиімді жолы" тақырыбына РРТ таныстырылым арқылы мини-лекция ұсынылды. Қатысушылар лекция тыңдай отырып, "Графикалық органайзер" толтырды (Мен не түсіндім? Әріптесімнің әңгімесінен не түсіндім?). Қорытындысында, диалогтік алаң ұйымдастырылып, оқуды саралауды қолдануда нені ескеру қажет, қандай қиындықтар туындауы мүмкін деген мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісіп, оқуды саралауды оқыту тәжірибемізге енгізу қажет деген қарытындыны өздері жасады.
Коучингтен алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында 7А- сыныбында екі ашық сабақ ("Рационал бөлшектерді бөлу" Ә.Даниярұлы, математика; "Тұйық етістіктің түрленуі" С.Тлеубаева, қазақ тілі) қойылды. Математика сабағында Ә.Даниярұлы жас маман әрі Деңгейлік курстан өтпегеніне қарамастан, оқуды саралаудың 10 тәсілін, формативті бағалаудың технологиялық тәсілдерін (кері байланыс тәсілдері) ұтымды қолданды. Кері байланыс арқылы оқушылардың нені түсініп, неден қиналып отырғанын нақты анықтап, бірнеше рет меңгеру деңгейлеріне қалай саралап, оқушыларды кіші топтарға біріктіріп оқытқанын нақты көре алды. Кредиттік жүйе бойынша жинақтаған ұпай сандарына қарай жиынтық бағалауға ұтымды шыға алғаны қатысушыларды таңғалдырды. Сабақта белсенді емес оқушы болмады, барлығы да оқу үдерісіне тартылды, оқушылардың барлық оқу әрекеттері нақты көрініп отырды: бірі-бірі оқытты, жекелей, топпен жұмыс істеді, өзін-өзі, бірін-бірі тексеріп, бағалады.
Қазақ тілі сабағында тәжірибелі маман С.Тлеубаева (екінші деңгей мұғалімі) монологтік тәсілден диалогтік тәсілге көшу, әр оқушыға жеке көңіл бөліп, кері байланыс арқылы қиындығын анықтап, оны жеңуге қолдау көрсету үшін саралаудың бірнеше тәсілдерін қалай қолдануға болатынын практика жүзінде көрсетті. Оқушылар тапсырманы орындау кезінде сигнал карталары арқылы "көмек қажет" деген белгі беріп отырды, ал мұғалім өз кезегінде әр оқушыға жақындап, қолдау көрсетті, кейде мықты оқушылардың басқаларға көмек көрсетуін ұйымдастырды.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұғалімдер өздері өткізген сабақтарына өзіндік талдау жасауда қиналады, көбіне сабағында оқушылар не істеп-не қойғанын сипаттаумен шектеледі, бұл олардың рефлексия жасай алмайтынын көрсетеді. Сабақтарды талдау кезеңінде А.Даниярұлы өз сабағына Брукфилдтің "Төрт линазасы" моделі арқылы толық талдау жасады, саралаудың он тәсілін де ұтымды қолдана алғанын фото, оқушы жұмыстары, рефлексиясы, әріптестердің кері байланыстары арқылы дәлелдей алды. Төртінші линза арқы талдағанда теориялық әдебиеттерге сүйене отырып, нақты жиынтық бағалаудың қадамдарын жақсартатынын ұсынды. Қатысушылар жас маманның тәжірибесі аз болса да, рефлексиялау дағдысының мықты қалыптасып қалғанына тәнті болды.
С.Тлеубаева Саймон Браунхиллдің "Үшбұрыштар" моделі бойынша өзіндік талдауын жасады. Бұл үлгі де мұғалімге не табысты, не жеткіліксіз болғанын, оған ненің оң немесе кері әсер еткенін анықтауына мүмкіндік туғызды. Қатысушылар өзіндік талдаудың мұндай жаңа модельдерінің мұғалімдерге өз сабағына жан-жақты рефлексия жасауға көмектесетініне көз жеткізді.
Түстен кейінгі бағдаламада осы мектептің көшбасшысы ретінде "Жәрмеңке" ойынын ұйымдастырдым. Төрт көшбасшы фойеде "Мектеп шеңберіндегі іс-әрекеттегі зерттеу" тақырыбында өз жобаларын қорғадық, олар: Текелі қаласының №5 орта мектебінен М.Ахтанова, №51 ОМГ-нан Н.Далибаева, К.Тоқаев орта мектебінен С.Қасенова және Есенберлин атындағы орта мектептен өзім. Барлық қатысушылар әр жобаны жеке тыңдап, өздері үшін пайдалы болған жобаларды сатып алды. Қатысушыларға "Жәрмеңке" ойыны әрі қызық, әрі пайдалы болды. Көшбасшылар мектеп шеңберіндегі іс-әрекеттегі зерттеу жүргізудің тиімді жолдарын бір-бірінен үйренді. Ашық әңгімеге түсіп, өз қиындықтарымен бөлісті. Семинардың көздеген мақсаты да осы еді.
Бағдарламаның қорытынды бөлімінде тренер У.Темиргалиева Көшбасшылар кездесуін өткізу өте керемет бастама екенін атап өтті. Өткізілген коучинг пен ашық сабақтардың ұтымды жақтарын айтып, сындарлы кері байланысын берді. Сонымен қатар, оқушылардың оқуын жақсарту үшін жаңа "RICH" стратегиясын пайдалануды ұсынды. Бұл стратегия оқушылардың сабаққа назарын дұрыс шоғырландыру үшін келесі қадамдардың бірізділігін сақтауды ескертеді: нақты жұмыс формасы айтылады; қандай тапсырма орындалатыны түсіндіріледі; нұсқауды оқушылардың қаншалықты дұрыс түсініп, орындауға дайын екеніне көз жеткізеді; содан кейін ғана үлестірме материалдар таратылады. Осындай өте қарапайым, бірақ маңызды нәрселер оқушылардың оқуын жақсартуға ықпал етеді деп түйіндеді.
Барлық қатысушылар өздері үшін пайдалы болған семинарды ұйымдастырушы ұжымға, әсіресе, Бағдарлама идеясын мектеп тәжірибесіне енгізудегі жақсы бастамалары үшін мектеп әкімшілігіне, жас болса да шеберлігін көрсете алған Ә.Даниярұлына ерекше алғыстарын айтты. Ұстаздардың оқу мен оқытудағы жаңалықтарды осылайша сапалы игеріп жатқанына қуанышын білдірді. Мен де өз кезегімде, барлық Көшбасшыларды кәсіби қоғамдастықта бірігіп, Деңгейлі Бағдарламалар идеясын тәжірибеге енгізу арқылы, әр оқушының жеке дамуына қолдау көрсетуге шақырдым.