Өзiн-өзi тану сабағының жоспары
Мектеп: «№8 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
Мерзiм: 12.11.2015ж.
Тақырып: Әсемдікке ұмтылайық
Құндылық: сүйіспеншілік
Қасиеттер: мейірімді болу, аялау, жақсы көру.
Мұғалім: Алиева З.К.
Сынып: 6
Оқушылар саны:
__
Сабақ мақсаты: Оқушыларға әсемдік, жан сұлулығы туралы түсініктерін кеңейту Міндеттері:
-оқушыларға қоршаған ортаның әсемдігі, адамның жан сұлулығы туралы түсінік беру
-оқушылардың эстетикалық талғамдарын дамытуға ықпал ету
-оқушыларды сұлулықты, әсемдікті сезініп, бағалай білуге тәрбиелеу.
Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)
Көрнекілігі: стикер, маркерлер,түрлі-түсті қағаздар,әуен т.б.
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңi.
- амандасу;
- түгендеу;
- оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
-5 «Т»-ны сақтау (тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық).
Тыныштық сәтi.
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін. Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын». Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз... Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады.
Үй тапсырмасын тексеру
“Ізденген жетер мұратқа”
Сабақ барысын талдау:
Дәйексөз
Сырты сұлуға көз қызығады, Іші сұлуға жүрек қызығады.
Ғ. Мұстафин
Мәтінмен жұмыс
Оқушылар «Қыз Жібек» жырынан үзінді оқып, мазмұнымен танысады. -Қыз Жібектің тұлға ретіндегі әсемдігін неден байқадыңдар? -Сұлулықтан қандай әсер алдыңдар?
Мұғалім сыйы (Жағдаятты талдау). Ішкі сұлулық пен сыртқы сұлулық
Баяғы өткен заманда бір патша базардан екі құл сатып алыпты. Құлдарының бірі сиықсыз, тістері шірік әрі үстінің жағымсыз иісі бар екен, ал екіншсі болса келбетті, маржандай тістері бар әрі үстінен хош иіс шыққан жағымды адам екен. Патша келбетті құлын сыйға бөлеп, моншаға жібереді. Аузы сасыған екінші құлды қасына шақырып: – Сені ұнатып-ақ едім, бірақ ана моншаға кеткен досың сен туралы көп жаман нәрселер айтты. Сен де қаласаң маған оның жаман тұстарын айтып бер, -дейді. Құл болса жолдасына шаң жуытпай, ол туралы еш жаман сөз айтпады. Патша қалай тырысса да мақтаудан басқа ештеңе айттыра алмапты. Екінші құлы моншадан қайтып келгенде, патша оны да сынамақ болып қасына шақыртты. Біраз мақтау сөз айтқан соң: -Ана досың айтып берген жаман мінездерің болмаса жап жақсы жігітсің,- депті. Сөйтсе әлгі ашуланып, жолдасы туралы қайдағы жоқты айтып, жамандай бастайды. Патша біраз тыңдаған соң: -Доғар сөзді, кімнің кім екенін енді білдім. Сен жамандаған жолдасыңның тістері шіріген болса, сенің ішкі жан дүниең шірік екен. Бар, қазірден бастан сол жамандаған досыңның қол астында жұмыс істейтін боласың, – депті Адамның ішкі дүниесі, мінезі жаман болса, сұлу келбетінің құны көк тиын.
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс
I-топ. Бүгінгі тақырыпқа байланысты мақал жазу.
II-топ. Әсем табиғаттың суретін салу.
III-топ. Қима қағаздардан әдемі заттар жасау.
IY-топ. Әсемдік туралы бір шумақ өлең құрастыру.
Үй тапсырмасы
«Сұлулық - жүректе» тақырыбында шағын шығарма жазып келу.
Соңғы тыныштық сәтi. Баяу музыка қосылады.
- Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабақты есімізге түсірейік. Бүгінгі сабақтан алған қасиеттерімізді жүрегімізге жеткізіп, сақтайық. Енді көздеріңді ашсаңдар да болады.