«Бурабай туралы аңыз»
/мозайкалық әдіс бойынша тапсырма/
(қазақ әдебиеті 9-сынып)
1. Көкшетау таулары үстіндегі аспан көкпенбек көгілжім нұрлы, ауасы тұнық әрі мөлдір болғандықтан да «Көкше тау» деп аталады. Ерте заманда осы тауларды бір еркін де тәкаппар ақ бас бура мекен етіпті. Ол бураның әсемдік сипаты, биік тұрпаты, қалың жүнінің шаңқан ақтығы көрген адамды таңырқатпай қоймайды екен. Осы толағай тұлғалы киелі бура жалғыз жүріп, жалғыз тұрады, ешкімге басын имейді. Көкшетау ормандарының ну жынысы оның туған мекені болады. Ол суды тек тазалығы мен мөлдірлігі үшін халық Күміскөл атап кеткен бір көлден ғана ішеді. Ақ бура күн сайын тал түсте күміс көлге су ішуге келеді. Оның мұнда келетін соқпағы да біреу болатын.
__________________________________________________________________
2. Бұл бура қасиетті еді. Ол жау қосындарының жақындағанын күні бұрын сезіп, боздаған даусымен халыққа төнген қауіп жайынан хабар беретін. Сондай-ақ бура ханның ауру – сырқауын да ерте біліп, мұндай күндерде ерекше тынышсызданып, күңірене боздап, беймаза халге түсетін. Үрейлі күндердің алдында ақ бура толассыз ақыратын. Оның ақырғанын естіген осы төңіректегі адамдар мен далалардың халқы асығыс жиналып, жау шапқыншылығын тойтару үшін жасақтар құрып, күш біріктіретін. Ел- жұрт ақ бураға құдайдай табынып, оны өздерін пәле- жаладан қорғау үшін Көк Тәңірі жіберген әулие дап санады.
__________________________________________________________________
3. Көптеген жылдар өтті. Күндердің күнінде адамдар арасында бір қанішер залым пайда болды. Олар өзі сияқты шайқыбұрқы, оңбаған, басбұзар, соғылған сұмдардан топ құрып, кедей – кепшіктер мен панасыздарды тонап, өлтірді, жабайы аң-құс, жануарларды аяусыз қырғынға ұшыратты. Олар жауарлар мен адамдарға таяп келе жатқанда ақ бура ақырып хабар жеткізді. Содан қарақшылардың жолдары болмайтын болды. Аңдар қаскөй жауыздардан қашып құтылды. Бірақ бұл оңбағандар да жұртты бураның ақырып хабарлағанын біліп қалып, енді оның өзінің соңына түсті.... Олар оны өлтірмекші болды.
__________________________________________________________________
4. Бір күні қалың орманды жойқын ақ омырауымен қақ жарып келе жатып, аңшыларға тап болды. Бір қарақшы дереу ұзын жебесіне қол салып, ақ бураның кеудесін тура көздеп, садағын тартып жіберді. Темір үштықты жебе киелі жануардың көкірегін тесіп өтіп, өркешінен шықты. Бураның аузынан қанды көбігі шашырап, темір тұяқтарымен таптап тастамақшы болып, өзін жәбірлеушіге ақыра баздап, тұра ұмтылды. Қарақшы зәресі ұшып, атын қамшылап қаша жөнелді.
Ауыр жарақат алған ақ бура кері бұрылып, өзі туып- өскен күміс көлдің жағасына келді. Жан тәсілім етер алдында ол басын қасиетті Қағба жаққа қаратып, көзін жұмды. Киелі жануар сол қалпында қос өркеші үлкен ақ тауға айналып, мәңгілікке қатып қалды.
Бұл таудың биіктігі 690 метр. Артқы өркешінен әлі күнге дейін жануарды қақырата көктеп өткен жебе сорайып шығып тұр. Содан бері ақ бура мекен еткен аймақ та, мейірі, қандыра сусындаған күміс көл де Бурабай деп аталады.