Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі. Кез-келген халық тілі – сол халықтың шынайы этникалық болмысының көрінісі. Тілді жаңа ғасыр баспалдағында теориялық-танымдық үдерісте зерттеудің қажеттігі туып отыр. Бұл үдеріс тіл мен адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам санасының жемісі, күрделі ассоциативті-вербалды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде тараушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен олардың сапа-қасиетін сезім мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсініп қана қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас көрінісі ретінде дүниенің тілдік бейнесі жасалады.
Дүниенің тілдік бейнесі дүниені тіл арқылы көрудің түрлі тәсілдерін талқылауға мүмкіндік береді, мұнда түр – түстердің ұлттық, ұлтқа тән аймақтарды айқындауға мүмкіндігі зор екендігі көрсетіледі. Түстердің танымдық модельдерін зерттеу, тілді адаммен және оның әлемімен тығыз байланыста қарауды басшылыққа ала отырып жүзеге асырылады. Мұнда таным модельдерінің негізгі ұстанымдары – қоғамдық тәжірибеге негізделуі, бейнеленуге мүмкіндік жасауы (символикалығы ), жүйелілігі, креативтілігі назарға алынады Қазіргі лингвистикалық теорияның маңызды ерекшелігі – когнитивтік лингвистикада ойлау, тіл және танымның біртұтас бүтін когнитивтік тілдік кешен болып айқын көрінуінде. Біртұтас когнитивтік тілдік кешен 20-ғасырдың соңы мен 21-ғасырдың басындағы лингвистикада тілді түсіну аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді. Когнитивтік тіл білімінің негізгі қайнар көзі когнитивтік психология болып табылады. Тілдің қызметі шын мәнінде психологиялық механизмдерге сүйенеді, өйткені тіл адамның әлеммен қарым-қатынасынан туған тәжірибесін жинақтаушы әрі сақтаушы аса маңызды буын болып табылады. Ал қандай тәжірибенің болмасын негізінде адамның қабылдауы, ес, жады жатыр, сол себепті таным мен тілді психологиялық деңгейде зерттелетін перцептивтік (естілім) процестерінің ерекшеліктеріне сүйенбей зерттеу мүмкін емес.
Тіл мен адамның тығыз байланысы бар және де өзара қатыстығына қарай салаларға бөлінген. Атап айтқанда, тіл мен адамның өзара тығыз қатынасына қарай анықталған салаларды былай көрсетуге болады: адамның тілі мен рухани белсенділігі; тіл мен адам физиологиясы; тіл мен ойлау, сана әрекеті; тіл мен мәдениет; тіл және адамның қарым-қатынасы; тіл мен қоғам; тіл мен адам құндылықтары; тіл және таным. Адамның тілге, тілдің адамға өзара ықпал етуінен туындаған осы салалардың әрқайсысының өзіндік зерттеу нысаны, тәсілдері, қолданылу аясы бар. Қазіргі тіл білімінде әлеуметтік лингвистика (тіл мен қоғам арақатынасын зерттейтін сала), психолингвистика (индивидтің тұлғалық мінез-құлқы мен ұғымды қабылдау, оны санада өңдеу қасиеттерінің тілде көрініс табуы), лингвомәдениеттану (тіл мен мәдениеттің өзара қатынасы негізінде ұлт мәдениетінің тілде сақталуы, тілде көрініс табуы, сол тіл арқылы ұлтты, оның мәдениетін таныта білу ерекшеліктер), этнолингвистика (тілдегі ұлттық бірліктердің мазмұны мен мәнін ұлттың тарихынан, халықтың рухани мәдениетінен, халықтың менталитетінен, халықтың шығармашылығынан іздеу) салалары тілді антропологиялық бағытта қарастыруда.
Тілдік таңбалар халықтың дүниені түйсінуінен хабар беретін ақпараттық дереккөз ғана емес, сонымен қатар ғаламның тілдік бейнесін жасайтын ұлттың эстетикалық таным-талғамын, кәсібін, мінез-құлқын, ырым-нанымын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық рухын ұлттық тіл арқылы сақтап, жан-жақты таратып танытады. Осыған орай белгілі бір халықтың материалдық және рухани мәдениетінің көріністері тілде тарихи-мәдени тілдік таңба ретінде қалыптасады. Демек «әлемді тіл арқылы танудың» әр ұлт тілінде түрлі сипатқа ие екендігі туралы шешімге келіп, осы түстердің тілдік сипатын тануға, әр ұлттың болмысын тануға түр-түстердің жұмсалуы негізінде келуге болатынына көз жеткіздік. Сондықтан да қазақ тіліндегі түр-түстің тілдік таңбалық мәнін қарастыру – тіл мен таным, тіл мен ойлаудың бірлігінен туған өзекті мәселенің бірі.
Зерттеудің нысаны. Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы от, су ұғымының берілу сипатын талдау.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – Мәшһүр өлеңдеріндегі от пен су сөздерін танымдық негізде түсіндіру, олардың қолданылу мақсаты мен мазмұнын, қызметін саралау. Осы мақсатты орындау үшін мынадай міндеттер қойылады:
- Қазақ тіліндегі от және су ұғымдарын, олардың қазақ танымындағы мәнін, қалыптасу жолдарын айқындау арқылы халық дүниетанымындағы мәнін анықтау.
- Мәшһүр өлеңдеріндегі от пен су сөздерінің қолданысын қазақ халқының мифтік түсінігіндегі түстік белгілердің қызметі арқылы дәлелдеу.
- Мәшһүр өлеңдеріндегі от пен су сөздерінің тілдік құбылыс ретіндегі зерттелуіне тоқталып, олардың қолданылу маңызын қазақ халқының болмысымен сәйкес анықтап, ашып көрсету.
- От пен су лексемаларындағы когнитивтік ғылымның белгілерін, оны тілде қолдану үрдісін зерделеу.
Зерттеудің дереккөздері. Когнитивтік лингвистикаға байланысты ғылыми зерттеулермен қоса Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінен мысалдар алынды.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысының барысында жинақтау, талдау, салыстыру, когнитивтік талдау әдістері пайдаланылды. Когнитивтік теориялар, ғылыми тұжырымдар, танымдық лингвистиканың «ғаламның тілдік бейнесі» теориясының қағидалары басшылыққа алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- Ақын өлеңдеріндегі от және су концептілерінің мәні нақты тілдік деректер арқылы анықталды;
- қазақ тіл біліміндегі когнитивтік, этнолингвистикалық, әлеуметтік, танымдық зерттеулерге сүйене отырып, от,су ұғымдарының өзіндік ерекшеліктері ашылды;
- от, су ұғымдарының Мәшһүр өлеңдеріндегі қолданысы және өлеңдегі тілдік деректерді талдау нәтижесінде су лексемасының танымдық қызметі анықталды;
- су, от ұғымдарын білдіретін тілдік деректерді талдау арқылы қазақ халқының ұлттық дүниетанымынан туған этномәдени символдық бейнелерін, менталдық сипатын білдіретін таңбалары анықталды;
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- Мәшһүр өлеңдерінде от, су концептілері жиі ұшырасады. Жинақталған тілдік деректер от, су концептілерінің мәнін айқындауға мүмкіндік береді;
- тілімізде от, су ұғымдарының танымдық қызметі зор. Әлемнің тілдегі көрінісі су, от лексемалары арқылы да жасалғандығын Мәшһүр өлеңдерінен анық байқалады.
Жұмыстың құрылымы. Ғылыми жоба кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
М.Жүсіп шығармаларындағы «От», «Су» сөздерінің ұлттық танымдық сипаты
Тіл – халықтың рухани болмысымен біте қайнасып, ұлттың тарихында барлық қатынас саласына қызмет етіп, өмірімен өзектес дамып, өзгеріп отырады. Кез келген халықтың ойлау ерекшелігі оның ұлттық тілінде көрініс табады, сондықтан тілдік бірліктерді үнемі даму үстіндегі құбылыс ретінде қарастырып, оларды қоршаған әлеммен, адамдардың іс-әрекеттерімен, дүниетанымдық көзқарастарымен, ұлттық құндылықтарымен байланысты сипаттау – тіл білімінің өзекті мәселесінің бірі болып табылады. «Су» концептісі ерекше лингвомәдениеттік тілдік көрінісі бар, әрбір ұлтқа тән өзіндік мәдени ерекшеліктері байқалатын түркі тілдеріндегі, қазақ, қырғыз, өзбек халықтарының санасында берік орын алған жоғары құндылық категориясын құрайтын концептілердің бірі. Концепт құрайтын жалпыұлттық құндылықтарды түсіндіре алатын ұғымдар екі бағытта зерттеледі: когнитивтік және рухани-мәдениеттанушылық. Концептіні түсінудің лингвокогнитивтік және лингвомәдени бағыттары бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырады, бір құбылыстың екі жағын: сөздің мағыналарын бірге қарастырады. Лингвокогнитивтік концепт – санадағы ақиқат дүниенің құндылықтарын көрсетуші құрал санадан мәдениетке бағытталады, ал лингвомәдениеттік концепт – ақиқат дүние бейнеленген кез келген санадағы тіл мен мәдениеттің өзара әрекетінің көрінісі мәдениеттен санаға бағытталады.
Тіл өзін - өзі тудырушы, ұйымдастырушы, реттеуші, дамытушы қабілетке ие. Тілдің бұл сипаты кездейсоқтыққа жол бермейді. Адам санасында туындайтын тіл сана арқылы жасампаздыққа ие бола тұрып сананы құруға қатысады. Бұлар бір – бірінсіз мүмкін емес. Мағынаның концептуалды теориясына сай сөз мағынасы оның ұғымы да болып табылады. Когнитивтік семантикада мағынаның онтологиялық, концептуалды, контекстуалды, коммуникативті негіздері тоғыса қарастырылады. Мағына – шындықты құрушы, оның көрінісі және тасымалдаушысы. Сөздің өзінің тәуелсіз мағынасы мен оның әрбір жеке қолданысының әр түрлі контекстегі қайта жасалуындағы мән өзгерісінің түсіндірілуі, концептуалды білім құрудағы сананың болмысына, қабылдау деңгейі мен дүниені түсіну тәсілдерінің артында жасырын тұрған түрлі факторларға, өзі қатысты этникалық мәдени дәстүр мен әлеуметтік жағдайға тікелей қатысты болады.
Шындықтың концептуалдану тәсілдері мейлінше күрделі лингвистикалық әрекеттер деңгейінде орындалады. Мұнда объективті сыртқы дүние бейнесінің танымдық тұрғыдан когнитивтік игерілуі ғана емес, адам санасының креативтік қызметінің негізінде пайда болған екінші шындық – идеалды мазмұнды мағына қорының когнитивтік өңделуі, қолданылуы ескерілуі қажет. Зерттеу нысанасы тіл мен мәдениет болып табылатын салалардың қатарына «лингвоөлкетану», «лингвоелтаным», «лингвомәдениеттану», «этнолингвистика» жататыны мәлім. Этнолингвистиканың, елтанудың, лингвомәдениеттанудың пән ретіндегі ортақ мақсаттары мен міндеттеріне – ұлт тілі мен мәдениетін оның ақыл-ойына байланыстыра отырып, зерттеу жатады.
Е.Жанпейісов М.О.Әуезовтың 20 томдық шығармаларының толық жинағы негізінде қазақ тілінің этномәдениеттік лексикасына тарихи-семантикалық және этимологиялық талдау жасаған. Сонымен қатар, қазақ тілінің этномәдени лексикасының негізгі семантикалық топтарын көрсетіп, оларды фонемалық, морфемалық, лексикалық деңгейде жан-жақты ғылыми тұрғыда қарастырған[1, 266 б.].
Ғалым Ж.А.Манкеева өз зерттеуінде қазақ ұлтының рухани өрісімен сабақтас қалыптасқан, материалдық өндірістік деңгейін белгілейтін, кумулятивтік қызмет арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып беріліп келе жатқан заттық мәдениетке қатысты сөз қазынасын ұлттық болмысқа, мазмұнға қатысты анықтауды мақсат еткен[2, 28 б.].
Ғалым Г.Ж.Снасапова өз зерттеуінде шығармадағы әрбір лингвомәдени бірлікті дүниенің тілдік бейнесін айқындаушы лингвомәдени көрсеткіш ретінде қарастырады[3, 54 б.]. Ал ғалым Ш.М.Елемесова көркем мәтіннің тілдік ерекшеліктерін лингвостилистикалық, лингвопоэтикалық талдауларын психолингвистикалық негізбен байланысты қарастырған[4, 31 б.].
Лингвомәдени бірліктерді ұлт менталитетін айқындайтын, ұлт дүниесінің тілдік бейнесін жасаушы мақал-мәтелдерді қарастыра отырып, сонымен қатар көркем прозасындағы дүниенің тілдік бейнесін айғақтаушы лингвомәдени бірліктерді тіл, ұлттық мәдениет, ұлттық таным, өркениет уәждерінің өзара байланысы тұрғысында сипаттауға талпыныс жасадық. Көркем шығармалар мен мақал-мәтелдердегі дүниенің тілдік бейнесін беруде өзіндік ерекшеліктері бар. Ұлттық танымдық құрылымдар негізінде қалыптасқан мақал-мәтелдер этнос болмысының, мәдениетінің рухани дүниетанымының көріністері. Ал «этнос» ұғымы «ұлт» ұғымына қарағанда тереңірек уақытты қамтиды. Атап айтқанда, ол сатылап даму барысында аналық, аталық, рулық, тайпалық, ұлыстық та дәуірлерді басынан кешірген адамдар қауымдастығын танытады. Олай болса, этностың басынан кешірген жоғарыда көрсетілген барлық кезеңінен толық мағлұмат тек оның тіл қазынасында ғана сақталады. Осыған байланысты «тіл әлемі» - этностың өзін танып білудің қайнар көзі. Осы кезеңге тән ғаламды танудың, ойлау жүйесінің түрі ұлттық танымның мазмұндық межесі деп бағаласақ, оны бейнелеудің, тілде сақтаудың және қолданудың тұрпаттық межесі (план выражения) – тілдегі мақал-мәтелдер. Ғалым Ислам Айбарша: «Дүниенің тілдік суреті дегенімізді біз тілде көрініс тапқан жалпы ұлт өкілдеріне ортақ ұжымдық ұлттық мәдени тәжірибе негізінде жиналған білім жүйесі. Дүниенің тілдік суреті феномені тіл мен ойлаудың өзара қатынасын танымдық (когнитивтік) ғылымы шеңберінде қарастыру қажеттігін туындатады» - деген тұжырым жасайды[5, 13 б. ].
Тіл білімінде пікірталас туындатқан «концепт» термині когнитивтік лингвистика ғылымының қажеттілігінен туындайды. «Концептің» «ұғымнан» басты айырмашылығы соңғысында энциклопедиялық ақпарат беріледі, яғни «концепт» «ұғымнан» кең мағынаға ие. «Ұғым» ғылыми білімнің нәтижесін білдірсе, «концепт» сөздіктегі мағынамен қатар, «алғашқы формасы (этимологиясы), басты тарихи белгілерін ғана қалдырып өте ықшам формасын, қазіргі заман ассоциациясын, бағалау модусын» жинақтаған көпқабатты құрылым екендігін алғашқы бөлімде сөз еттік. Демек, концепт ұғымдық ақпараттан басқа психологиялық, этимологиялық, прагматикалық, мәдени ақпараттарды да білдіреді.
Мәдени концептілердің ұлттық үлгілеріне тән ортақ және ерекше белгілерін айқындау үшін олардың тілдік көрінісін, қандай да болмасын ұғымды білдіретін сөздің этимологиясы, синонимиясы мен антонимиясы, тіркесу, контекстік қолдануы, семантикалық аялары, образды ассоциациясы, модустік бағалануы, фразеология және тілдік шаблондар құрамында берілуі – бұның барлығы әрбір ұғымды білдіретін басты концептілердің өзіндік «тілін», оларды қайта өңдеуге (реконструкция жасауға), адам санасындағы алатын орнын айқындауға мүмкіндік береді. Міне, осындай сараптама, өмірлік мәні бар дүниетанымдық концептілердің шынайы мәнін ашады.
«Концепт ретінде барлық үғымды ала алмаймыз, тек белгілі бір мәдениетті тануда қолданылатын және автор үшін маңызы зор деп танылатын күрделі ұғымдарды, ең бастысы жалпыадамзаттық, жалпыхалықтық, жалпыұлттық құндылықты таныта алатын ұғымдарды тани аламыз. Мысалы, қазақ халқы үшін киіз үй, шаңырақ, қамшы, ту, дала, кеш, бөрік, бесік, домбыра, тұмар т.б сөздер лилгвомодени бірлік ретінде ұлттық-мәдени концепт деп таныла алады. Ал В.А.Маслова орыс халқы үшін баспалдақ, қоңырау лингвомедени бірлік ретінде мәдени концепт деп танылатындығы айтады. «Балалық шақ» концептісі қара борбай кез, шыбықты ат қып мінген кез, балық аулаган кез деген ситуациялармен беріледі. Соның ішіндегі «қара борбай кез» лингвомәдени бірлік ретінде ұлттық-мәдени таным тұрғысынан концептілік құрылымның бір компонентін құрап тұр.
Концепт пен ұғымның басқа да өзгешеліктері бар: ұғым өз бойына мәнді, маңызды белгілерді жинайды, ал концепт — бұнымен қоса, мәнді емес қасиеттерн де қамтиды. Ұғым құрылымына қарағанда концепт құрылымының шеңбері едәуір кең. Концепт пен ұғымды оның құрылымдары арқылы ажыратуға болады. Ұғым құрылымында тек мазмұндық элементтср болады, оған концептілік құрылымдағы барлық элемент ене бермейді. Концептінің әрқашан эмоционалды, экспрессивті, бағалауыш сәулелері көрінеді (В.А. Маслова). Яғни концепт бойынан адамның объект (дүние) туралы жағымды, жағымсыз бағасы, әсері, эмоциясы, ойы, танымы көрінеді.
А. П. Бабушкин «концепт» пен «ұғым» терминдерін ұқсас деп танып, ғылыми саладан оның бірін, яғни «ұғымды» ығыстырып шығаруды ұсынады. «Қазіргі таңда тілші ғалымдар «ұғым» терминін классикалық мәнінде қолдана бермейді, оның орнына концепт деп аталатып ойлау конструктісін қолданғанды жөн көреді»[6, 14 б.].
Тіл білімінде концепт кешенді қолданыстағы ұғым болғандықтан, әр қырынан тануға мүмкіндік туады.
1)Лингвомәдениеттаным аспектісінде, концепт— ақиқат дүниенің санадағы ұлттық-мәдени, рухани, этикалық, әлеуметтік танымын айқындайтын бірлік ретінде танылады.
2)Психолингвистикалық аспектіде, концепт—ақиқат дүние туралы психикалық қабілеттер (қабылдау, жадыда сақтау, көру, есту, ұғыну, сезу) арқылы қабылданған алғашқы ментальді түсініктер ретінде танылады.
3)Лингвокогнитивтік аспектіде, концепт - ақиқат дүниенің санада жан-жақты жинақталып тұжырымдалған ақпараттары (денотатты, стереотипті, ассоциативті, ситуациялардың қабылдануы) мен когнитивтік семантикасы арқылы танылған көрінісі (бейнесі). Әрбір концепт тіл арқылы көрніс табады, концептіні танытуда тілдік семалар қызмет атқарады. Концепт ұғымына берілген тұжырымдарды зерттеу нәтижесі концептіні танытатын мынадай қағидаларды ұсынуға негіз болды:
концепт ақиқат дүниенің құндылықтарын танытады;
концепт құрылымы санада ақиқат дүниенің мазмұнын беруде
стереотиптік танымда (мысалы, күз –«күрең күз», «салқын кез», «құстар қайтқан кез») және стереотиптік емес танымда (мысалы, күз –«ағаштар сырға таққан кез», «есейгенімді сезінетін кез») таңбаланады.
концепт тіл арқылы көрініс табады;
концепт тұлғаның біліми деңгейін танытады;
белгілі бір ұлттың мәдени деңгейін көрсетеді;
әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын айқындайды.
Мысалы: қазақ халқында танылған «шаңыраққа қара ту тігу» фреймі өлім концептісін объективтендіреді.
тұлғаның өзіндік танымдық стилін айқындайды.
концепт — адам тәжірибесіндегі идеалды түсініктің ең кішкене бірлігі.
концепт — білімді тарату, сақтау және оны өңдеудің негізгі бірлігі.
-концепт - белгілі бір мәдени болмыстың негізгі ұясы.
Концепттің үш қыры жайлы және ол туралы осы жоғарыдағы анықтаманы А.Б.Әшірбекованың ғылыми зерттеуінен ұсынып отырмыз [7].
Концептің басты белгілерінің бірі – оның мәдени реңкте болуы. Сондықтан ол ұлттық ерекше дүниетанымды түсінуде басты компонент болып саналады. Сонымен, концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ықшам, әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым.
М.Ж.Көпейұлы мұрасы тілдік тұрғыдан терең ұлттық дүниетаным тұрғысынан арнайы зерттеуді қажет етеді. Концептілер өрісін, оның құрылымын прагматикалық тұрғыдан саралау біздің негізгі мақсатымыз.
Ақын шығармаларындағы түсініктер мен ұғымдарға бейнелілік тән. Әсіресе метафоралық атаулар арқылы бейнелі ұғымдарды беру тәсілі кең қолданылады. Сөздердің көпмағыналылығының астарында түсініктер негізінде қалыптасқан бейнелі ұғымдар жатыр. Сонымен, метафоралардың жасалуына ұйытқы болар түсініктер мен ұғымдар көбінесе нақты заттардың негізінде жасалады. Өйткені нақты заттар туралы адам санасындағы түсініктер мен ұғымдар абстрактілі заттарға қарағанда берік орын алады. Осыған орай, олардың бейнесі де айқын болады.
Адам заттар мен құбылыстар т.б. нысандардың ұқсастығын, содан кейін олардың ерекшелігін іздестірумен жаңа концептер, атаулар жасайды. Әдеби шығармада метафоралар – заттардың ұқсастығын бейнелеуде таптырмас құрал. Метафоралар тілдегі уәжсіздіктен, атаулардың мағыналарының бейнесіздігінен, нақтылығынан алшақтау мақсатында да қолданылады, яғни бейнелі атаулар бейнесіз атаулардан гөрі ұғынықты да әсерлі қабылданады. Сонымен қатар, метафоралар – ұлттық дүниетанымның, ойлау ерекшеліктерінің, әлемнің көрінісін тілде бейнелеудің үлгісі болмақ.
Концептік талдаудың басты мақсаты - ғалам туралы білім моделін құру және ғаламның тілдік бейнесін түсіндіру. Әр халықтың өмір тәжірибесінің күрделілігіне, қалай, нені басынан өткергеніне қарай тілдік білімі де өзгеріске түсіп отырады.
Жалпы когнитивтік мағына мен семасиологиядағы мағынаны ажыратудың маңызы зор. Тілдік жүйедегі сөз мағынасы мәселесі М.Оразовтың «Қазақ тілінің семантикасы» еңбегінде де жан-жақты қарастырылады[8]. Мағынаның субъективтілігі адам санасында жазылатын білім ретінде когнитивтік лингвистикада өз жауабын табуға тиіс.
Пропозициялық модель элементтерді мүшелеп, оларды сипаттап, арасындағы байланыстарды көрсететін болса, когнитивтік семантикада прототиптік модель мағына белгілерінің типтілігіне сүйеніп, семантикалық дәрежесіне орай олардың мағыналық өзегіне (ядроға) алыс-жақындығын, мәнділік деңгейін көрсете алады. Қазақ тілінде түр-түстер түрлі танымдық сипатқа ие. Соның ішінде оттың барлық қасиеттері қызыл түс арқылы беріледі. Қызыл басқа шеткері категорияларға қарағанда (көк, қоңыр, жасыл, сары, қара, ақ) орталық мүше ретінде ядроға тікелей қатысты болғандықтан өзге когнитивтік сипатқа ие. Когнитивистикада бұл сипатты прототиптік эффект деп атайды. Категорияның орталық мүшесі қызыл барлық мағыналарында мағыналық өзек ретіндегі оттың барлық қасиетін иемденген және сол күйінде көрініс беретіндіктен тез қабылданып, есте жақсы сақталады. Түр-түстердің символдық мәні туралы Ә.Марғұлан: «Көк түс-көкке табынудың, аспанның символы, қызыл – оттың, күннің, ақ – шындықтың, қуаныштың, бақыттың, сары – ақыл-ойдың, қара – жердің, жасыл-көктемнің, жастықтың символы», - деп жазады [62,256 б].
Түр-түстің символдық мағынасына байланысты ғалым Ислам Айбарша: «Түр-түсті білдірер символдар жүйесі қандай да болмасын ұлттың дәстүрлі дүниетанымның негізгі танымдық кодтарының бірі болып табылады» - дейді [9,21б].
Мысалы, Мәшһүр-Жүсіп шығармасында:
«Күнәсызбын жалғанда»,- деп өткеннің
Орны- азап, аты тозақ: қып-қызыл шоқ.
Ақын шығармасында қызыл түсі көп қолданысқа түседі:
Саған атақ әперген қызыл тілің
Өзіңе көбейтеді дұшпаныңды [10,100 б.].
Ал шеткері категориялар ол қасиеттерді контекстің кейбір көріністерінде ғана сақтап, білдіруге қабілетті.
Радиальды құрылым сөздің мағынасын түсіндіруге, құрылымын сипат-тауға негізделсе, когнитивтік семантикада радиальды үлгілер адам санасында өмір сүретін мағыналар арасындағы шындық байланыстардың көрінуі, бейнеленуіне негізделеді. Санадағы дерексіз бейне-үлгілерді айқындауға бағытталады. Осымен байланысты радиальды құрылымдарды сипаттауда бейне-үлгінің маңызы зор.
Мысалы Абайда:
Қыс-қыстаудың – қып-қызыл ол бір пәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр[11,39б.].
Ақын қыстың қысымын қызыл түс арқылы суреттеп отыр. От, соғыс, қиыншылық қызыл түс арқылы да бейнеленеді. Қорыта айтқанда қызыл түс жастықтың, әдемілік, сұлулық, өткірліктің символы болумен қатар, қатыгездіктің, ашудың белгісін беретін тұстары да бар екен.
Қызыл түс о баста Күннің, Оттың түсіне байланысты қабылданып, күні бүгінге дейін көптеген халықтар үшін солардың символы ретінде қасиетті түс болып саналады. Сонымен, когнитивтік семантика тіл арқылы құрылатын, берілетін танымдық ақпарат ретінде қарастырылып, когнитивтік семантика сол тіл арқылы құрылатын ғылым деп түсініледі.
Қазақ тіліндегі экологиялық терминдер жүйесі негізінен синонимделу, терминделу және метафоралану секілді семантикалық түрлену жолдары арқылы қалыптасқан. Сондай-ақ, жалпы қолданыстағы экологиялық терминдер фразеологиялық тіркестерде жиі көрініс табады. Бұл адам баласының қоршаған орта, табиғат және табиғи құбылыстарды адам әрекетінің, түр сипатының, мінез-құлқының барлық ерекшеліктерін сипаттауда ұштастыра өзара байланысын, ортақ қасиеттерін кеңінен қолдануы «адам – қоршаған орта немесе табиғат – қоғам» үштігі бірлігінің беріктігіне дәлел болады. Экологиялық лексика қолданысына байланысты: жалпы қолданыстағы эколексикаға табиғат, қоршаған орта, тіршілік, жер, су, ауа, топырақ, орман, өсімдік т.б. атаулар жатады. Табиғат жұмыр жер бетіндегі барша тіршілік атаулының алтын бесік, құтты мекені болса, адам баласы үшін ең қасиетті де қастерлі ұғым. Адам рухани дүниесін сыртқы табиғат құбылысынын тану арқылы қалыптастырады да, өзін жалпы жаратылыстың бір өкілі ретінде сезіне білді. Табиғат құбылыстарының қайталанып келіп отыруын мұқият бақылау қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор тіршілік тұрмыстық маңызы болды. Халқымыз жыл мезгілдері мен әр жыл мезгілдеріндегі табиғат құбылыстарын көбінесе аспан денелерімен жан-жануарлар әрекетіне қарап болжаған.
Түркі халықтары суға тағзым етіп, бұлақ атаулыны қастерлеген. Олардың нанымы бойынша судың да тәңірі болады, су иесі – Сүлеймен деп қадір тұтқан. Мәселен, «Су иесі Сүлеймен», «Су иесі Пайғамбар», «Су Сүлеймені», «Суын ішкен құдыққа түкірме» деген сөйлемдер судың қасиет-киесіне байланысты айтылған. Су иесін, су культін яғни су құдайын құрметтеу көне түркі ру-тайпаларымен бірге жасасып, әлі жалғасын тауып келе жатқандығын, сол наным қырғыз халқының арасында бүгін де сақталып тұрғандығын С.М.Абрамзон зерттей келіп: «Бұл құдайға құрбандық шалу әрекеті жаңбыр жаумай, құрғақшылық болғанда ұйымдастырылады. Онда әр шаңырақтан бір қой немесе жеті күлше алып өзеннің жоғары жағына барады», – деп тұжырымдаған [12, 133]. Дәл осындай салт дәстүр қазақ халқында да болған. Оны «тасаттық» дейді. Бұл арабтың «тасалдық» – құрбан шалу деген сөзінен шыққан. Құрғақшылық болып, жаңбыр жаумай, шөп шықпаған жағдайда халық ортадан мал шығарып тәңірден жаңбыр тілеп «тасаттық» жасаған. Оны қорым басына немесе өзен жағасына барып, өткізетін болған. Үлкендердің айтуынша, осыдан кейін көбінесе жаңбыр жауатын болған. Бұл салт қазір де бар.
Мифологиялық сөздікте «Су иесі», қырғыздарда «Суу ээси», татарларда«Йорт иясе», хакастарда «Шерсуг», қарқалпақтарда «Су анасы» деп көрсетіледі. Мысалы, «Су иесі Сүлеймен» деген фраза моңғолдарда мүлдем жоқ. Алайда, осы фраза «Суу-энези Сулай-Каан» деген формада алтай бақсыларының «алқышында» кездеседі:
Балык сууда Палай-Каан,
Тал таптылу Талай-Каан,
Суу-энези Сулай-Каан [13, 108 ]
«Суу-энези Сулай-Каан» немесе «Су иесі Сулай-Каан» деген фразаның түбірі «су» деген сөзден өрбіп, су құдайы «Су иесі» «Су анасы», «Су енесі» деген мағынаны береді. Хакастарда «Су иесі Суғдай-хан, жел иесі – Чилдей-хан» деген сөйлем бар. [14, 52 ] Омбылық татарларда Ертіс пен Сүлеймен әлемді жаратушылар, екеуі бірігіп орманды, жын-періні, адамды жаратқан соң ұсқыны жаман Сүлеймен өзеннің тереңіне жасырынып, елге көрінбейтін болған деген аңыздар бар [15, 144-146 ]. Бұл сюжетте де Сүлеймен судың рух-иесі, су иесі, су құдайы ретінде көрінеді. Демек, «Су енесі Сулай-Каан» мен «Су иесі Суғдай хан» деген фразалар кәдімгі әлемдік діндерде кездесетін (иудей, христиан, ислам) Дәуіт пайғамбардың баласы Сүлеймен патшаның бейнесі ғасырлар керуенінде тоғысып, астасып, тұстасып кеткенін көрсетеді[16 ] .
Сондай-ақ, Су культіне деген құрмет әлі де бар. Су – зороастризмде өзінің маңызы жағынан отқа жақын тұрған табиғат күші. Сумен емдеу, сумен ұшықтау, сумен үшкіру сияқты халықтық медицина тәсілдері су құдіретін, киелі табиғатын мойындауға негізделген. Бұл барлық халықтарға тән. Су – адам өмір тіршілігінде аса қажетті, онсыз өмір сүруге болмайтын табиғат байлығы. Су – өте қасиетті. Сондықтан, «Суға түкіруге болмайды», «Суға дәрет сындыруға болмайды», «Суды лайлауға болмайды» деген тыйым сөздер қалған. Суды қарызға сұрамайды немесе қарызға бермейді [17,141]
Сумен қатар өзеннің культ екенін түсінеміз. Өзен ұғымы қазақтарда өмір сүруге қажетті. «Өзен аралағанның - өзегі талмайды» дейтін мақал-мәтелден өзеннің балығы бар, оны жеуге болатынын, өзеннің қажеттігін, өзенге деген танымдық ұғымның, өзенге деген құрметтің бар екенін түсінеміз[18 ] .
Енді Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы «Су» концептісінің берілу сипатына тоқталар болсақ, судың халық танымындағы сипаты өлеңдерінде айқын көрінеді.
Ай орынын аспандағы бұлт алып,
Орнында дүр гауһардың су тас қалып.
Құр тікен қызыл гүлсіз, қолға түсіп,
Ауызға қант орнына зәһәр салып.
Келмейді өткен ғұмыр жоқтағанмен,
Түк өнбес ұрып, соғып боқтағанмен.
Жолаушы жол үстінде көрмес қызыр,
Далада отсыз, сусыз тоқтағанмен.
Дүниеде шапқан аттай өткен ғұмыр,
Қарақшы – көрдің басы, бәйгелі жер.
Кім озып, кім қалуы мағлұм емес,
Бәйге алсаң, сол жерде озып, болдың ғой ер!
Берілген мәтінде екі жерде су лексемасы қолданылған. Екеуі екі түрлі мәнді білдіреді. Бірінші су тас - бос, гауһартастай құны жоқ деген ұғымда жұмсалған. Екінші су – лексемасы судың маңыздылығын білдіреді. Сусыз өмір болмайтындығы арқылы қиындықты жеткізген.
Ал мына жолдарда тағы су концептісі арқылы қадірсіз деген ұғымды береді:
Мүлтік жоқ құмырсқаны көруінде,
Сұрасаң түгел айтып беруінде.
Онан басқа нәрседен түк көрмейді,
Кемдік жоқ жер-су басып жүруінде.
Құлағы тарс бекіген саңырау бірі,
Өлі емес, дені сап- сау, өзі тірі.
Дауысын дүңгірлеген естімейді,
Құдайдың соқтықса да көк пен жері.
Мәшһүр Жүсіптің «Толқын» өлеңінде мынадай жолдар бар:
Әр тұста қилы-қилы заман өтті,
Су тасыды, көп толқын қайда кетті?
Кеткен толқын өз-өзінен кете берсін,
Желмен қуып, толқынды толқын жұтты.
Дария ағызған әркімді толқын айдап,
Ер басына күнелтпек бір сал байлап.
Толқын жайын білмеген қырсықтылар
Салы суға кетпекші, соры қайнап.
Өтіп кеткен толқынды күтпегендер,
Жоқтап, көксер зейіні жетпегендер.
Қандай жақсы дәуренмен өмір сүрер:
Салы суға бұзылып кетпегендер
Судың маңыздылығы мен қатер қауіптілігі де бар екені белгілі. Мына жолдарда ақын салы суға кету – еңсесі түсу, түңілу деген мағынада алып отыр. Ал сол мағынасына антонимдік мәнде салы суға кетпегендер деген тіркесті қолданған.
«Қанағат туралы жұмбақ өлең» туындысында бір патшаның көп қосынды жауға аттандырғаны, сапарға шыққан «жер қайысқан» адамдардың күн ыстықта әбден шөлдеп келе жатқанда, олардың алдынан кес-кестеп «бір өзен сарқыраған» кез болғаны айтылады. Әдетте ағып жатқан су әрі тұщы, әрі ең таза саналады. Бірақ, әскерді бастап келе жатқан хан суды ішуге тыйым салады.
Сонда ханы нөкерге жарлық шашты:
- Бара сала қоймаңдар суға басты!
Сол судан ішкендерің бізге ере алмай,
Қаларсың жер бауырлап, құшып тасты.
Судан жеңіл өтесің татпағаның,
Жақсы ғой жер бауырлап жатпағаның!
Ішсең судан, өлесің, суға кетіп,
Ішпегенің – ол суға батпағаның!
Ішемін деп, шөміш пен шелек салма!
Шелек түгіл, тостаған, аяқ та алма!
Ішкеніңмен қанбайсың, тоя алмайсың,
Айттым, әні, мейлің нан, мейлің нанба!
Жалаңаш қолыңмен ал, бірақ орта,
Қалмайсың соны қылсаң, қаңғып жұртта.
Сөз тамам, айтқанымды берік ұстаңдар
Ішпеген іште, ішкен қалмақ сырта
Өлең жолдарын оқып отырғанда аңғарғанымыз судан келер қауіп арқылы өмірдегі қиындықты білдіреді. Мына жолдарда судан келер қауіпті айтады. Түркі халықтарының магиялық және анимистік нанымдарының негізінде байырғы түркі заманынан бермен қарай қоршаған табиғатқа табынудан туындайтын – киелі жер-су иелері. Анимистік, магиялық және шамандық нанымдар бойынша қазақ, қырғыз, өзбек, татар, қарақалпақ, алтай, хакас, якут және басқа түркі халықтары кез келген тау мен тас, бастау мен бұлақ, өсіп тұрған кез келген ағаштың киесі бар деп сенген.
Аспандағы бозторғай,
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы.
Бұлбұлды танымайсың тұрған сайрап,
Атасың торғай ғой деп, таспен байлап.
Таусылмас бұл не қылған су демейсің,
Бұлақтай ағып жатқан көзі қайнап.
Заман жоқ, ырыққа жүріп, оң айналған.
Бәрі де қиын істің оңайланған.
Бұзылып, әсіресе, біздің заман,
Көлдей боп қой тоғытқан, ылайланған!
Концептіні символдық мағынадан ажырату ғалымдардың пікірінше сөздің этномәдени төлтумалығын жоғалтады. Концепт дамуының кезеңдері сөздің семантикалық құрлымының макрокомпоненттерінің пайда болуымен іштей байланысты. «Концепт вербалдануының төртінші кезеңінде мифті игеру іске асады. Сөздің символдық мағынасы оның қарапайым мағынасынынан гөрі кең ауқымды қамтиды. Концепт әлемнің ұлттық тілдік бейнесінің негізгі бірлігі болып табылады деген пікір бар. Концепт-символ мифологемаға айналады»[19].
Қазақ тіліндегі «су» концептісінің мақал-мәтелдер құрамында келіп ұлттық мәдениетті танытуына көптеп мысал келтіруге болады.
Су туралы мақал-мәтелдер:
«Таулы жер бұлақсыз болмас, Сулы жер құрақсыз болмас» , «Су жүрген жер береке, Ел жүрген жер мереке», «Халық қартаймайды, Қара жер қартаймайды» , «Көп тепкен жерден көл шығады», «Жер құтты болса,
Мал сүтті болады.
Жер тоймай, ел тоймайды.
Жерге еткен жақсылық жерде қалмайды.
Жер көңді жақсы көреді,
Ат жемді жақсы көреді.
Жер – ана,
Ел - бала.
Су патшасы – мұрап,
Түн патшасы – шырақ.
Қыстағы қар - жерге ырыс,
Жердегі ылғал – елге ырыс.
Су - ырыстың көзі,
Еңбек кірістің көзі.
Жайлауы жақсының әр бұтасының түбі бір кесек ет.
Қара жер қарыз арқаламайды.
Жеріне қарай астығы.
Жер тойынбай, ел тойынбайды.
Тауына қарай тоғайы,
Шошқасына қарай торайы.
Тау кезеңсіз болмас,
Өлке өзенсіз болмас.
Көлдің көркі құрақ,
Таудың көркі бұлақ.
Алпыс күн тасыған су,
Алты күнде қайтар.
Жауынмен жер көгереді,
Батамен ел көгереді.
Таумен тасты су бұзар,
Ел арасын қу бұзар.
Ағаш тамырымен мықты,
Адам дос-жарымен мықты.
Судың да сұрауы бар.
Суға кеткен тал қармайды.
Су жетпейін демейді, жар жеткізбейді,
Ер жетпейін демейді, мал жеткізбейді.
Мақал-мәтелдердің мазмұны көбінесе бір ғана ойды жеткізуді мақсат ете
отырып, оны айқындап дәйектей түсу үшін, өзге бір дүниемен теңестіре, салыстыра бейнелеу негізінде құрылады. Мысалы, «Адам қатесіз болмас, Көл бақасыз болмас» мақалын алып қарайтын болсақ, «кез келген адам өмірде қателеседі, қателеспейтін адам болмайды» деген философиялық тұжырымды бақаның сусыз, яғни көлсіз тіршілік ете алмайтын физиологиялық ерекшелігімен салыстыру негізінде сипатталып отыр. Осы секілді мазмұндағы мақал-мәтелдердің қатарына «Жұмсақ ағаш құртқа жем, Жуас адам жұртқа жем», «Бақа жарығы сумен, Қатын жарығы ерімен», «Еңбексіз ит жер, бейнетсіз бит жер» деген мақалдар жатады.
Қорытынды
ХIХ ғасыр екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы тарихи дәуір қазақтың әлуметтік - экономикалық, рухани өмір тынысына елеулі ізін қалтырдырды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев өлеңдері арқылы халық жүрегінен орын алған талант иесі. Ақын қазақ халқының ауыр халі бей - жай қалтыра алмаған. Бұл әрине, осы дәуірде өмір сүрген Мәшһүр Жүсіп шығармашылықтарына әсер етті. Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларында сол дәуірдің тілін қамтыған заттық айғақ боларлықтай тұрмыстық, әдет - ғұрыптық сөздер тобы толып жатыр. Қай халықтың болмасын, тұрмысы мен танымындағы бар дүние сол халықтың жадында сақталып, тек тілінде ғана көрініс табады. Тіл арқылы мәдениетті: халықтың тарихын, салт-дәстүрін, мінезін, менталитетін танимыз. Халықтың дүниетанымы негізінде қалыптасқан мәдениеттің кейбір құпия сырлары тілдегі символ сөздерде жасырынған. Қазақ халқының ұлттық танымында қалыптасқан әрбір символдар халықтың рухани-материалдық мәдениетінен де, салтынын да орын алады. Әлем бейнесі мен ұлттық мәдениет, халықтың салт-дәстүрлері мен сенімдері, сол тілде сөйлейтін халық тарихы көрініс табатын кез-келген халық ұғымындағы символдар баға жетпес лингвистикалық қазына болып табылады. Мәдениет ұғымының кең мағынада қолданылатыны белгілі.
Қазақ тіліндегі от, су лексемаларының атқаратын қызметі мен аңғартатын мағынасы мен мәні сан алуан. Су, от сөздерінің бұл қасиеті жай уақытта байқала бермейтін, бірақ тілдің ұзақ даму тарихында қалыптасып қолданысқа енген, оның күші мен құдіретін, әсерлілігі мен әсемдігін танытатын қасиет. Су, от сөздерінің бұл қасиетін тілдің ішкі заңдылығына, табиғатына сүйене отырып қарастырғанда, Су, от сөздері мағынасынан тыс ауыспалы мағынасының өзі бірдей емес екендігін байқадық. Біздің қарастырғанымыз Мәшһүр өлеңдеріндегі су, от лексемаларының табиғаты ерекше, ол ерекшелік символ-сөздің танымдық, ұлттық, мәдени, фондық мағыналарын сол тілде сөйлейтін халықтың дүние тануымен, құбылыстарға баға беруімен, әлемнің тілдік бейнесімен тығыз байланысты.
Түркі халықтары суға тағзым етіп, бұлақ атаулыны қастерлеген. Олардың нанымы бойынша судың да тәңірі болады, су иесі – Сүлеймен деп қадір тұтқан. Мәселен, «Су иесі Сүлеймен», «Су иесі Пайғамбар», «Су Сүлеймені», «Суын ішкен құдыққа түкірме» деген сөйлемдер судың қасиет-киесіне байланысты айтылған. Су иесін, су культін яғни су құдайын құрметтеу көне түркі ру-тайпаларымен бірге жасасып, әлі жалғасын тауып келе жатқандығын, сол наным қырғыз халқының арасында бүгін де сақталған.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Жанпейісов Е. Н. Этнокультурная лексика казахского языка. Фил. ғыл. докт. дисс. – Алматы, 1991. – 296 б.
2 Манкеева Ж. А. Қазақ тілінің заттық мәдени лексикасы. . Фил. ғыл. докт. дисс. – Алматы,1997. – 314 б.
3 Снасапова Г. Ж. Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» повесіндегі лингвомәдени бірліктер. Фил. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2003. – 141 б.
4 Елемесова Ш. М. Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттары (Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы бойынша). Фил. ғыл. канд. дисс. – Алматы, 2003. – 127 б.
5 Ислам Айбарша. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. Фил. ғыл. докт. дисс. авторефераты. – Алматы, 2004. – 251 б.
6 Телия В.Н. Русская фразеология. Семантический, прагматический и лингвокультурологический аспекты. – М., 1996. – 288 с.
7Әмірбекова А. Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі(М.Мақатаев поэзиясы бойынша) // Автореф. КД. – Алматы, – 30 б.
8Оразов М . Қазақ тілінің семантикасы - Алматы : Рауан, 1991. - 216 б
9 Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. (салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптама).
10 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. – Павлодар, 2003. – 1т. – 436 б.
11 Абай. Өлең – сөздің патшасы. 1 томдық жинақ. – Алматы, 2006. – 560 б.
12 Баешов А. Экология және таза су проблемалары, Алматы, 2003
13Телеутский фольклор //Сост., вступит. Ст., запись, пер., коммент. Д.А.Функа. – М.: Наука, 2004. -183 с.
14 Бутанаев В.Я. Национальная религия хакасов и формирование личности //Altaica. Новосибирск, 1994. 4. С.52.
15 От Урала до Енисея. (народы Западной и Средней Сибири). Кн. 1. – Томск: Изд-во Том. Ун-та, 1995. -186 с.
16 Рысбаева Г.Қ. Табиғатқа байланысты фразеологизмдерді «Әлемнің тілдік бейнесі» теориясы тұрғысынан зерттеу. //Медицина білімі – мемлекеттік тіл аясында. Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. А., 2009. 141 б.
17 Мұсабаев Ғ Қазақ тілі лексикасы мен грамматикасы тарихынан, І-бөлім. -Алматы, 1966. -356 б.
18 Ғабитханұлы Қ. Наным-сенімге байланысты қазақ тіліндегі тіркестер. Фил.ғ.к... дис. – Алматы, 1995. – 182 б.
19 Авакова Р.А. Фразеологизмдер – ұлттық мәдениеттің айнасы. – Алматы, 1999.