Тәрбие сағатының тақырыбы: «Мен өз елімнің патриотымын!»
Тәрбие сағатының мақсаты:.Оқушыларға отанын сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, отанымыздың байлығын қорғауға, елімізді өркендетуге білімді ұрпақ болуға тәрбиелеу. оқушылардың татулық, бірлік, ынтымақ туралы түсініктерін кеңейту.
Көрнекілігі: : Қазақ елі суреттері, Қазақстан Республикасының рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, Н.Ә Назарбаевтың суреті, нақыл сөздер.
Ұйымдастыру кезеңі:
• Аспаны ашық еліміздің,
Көркі сұлу жеріміздің,
Біз-бақытты баламыз!
Ақпыз,қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз!
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
-Отан – әр адамның жүрегіне жылы тиер қасиетті сөз.Отан –сенің туған елің, туған жерің, дос –жарандарың, туған туысқаның. Отан- бұл өзіңнің тұратын, өмір сүретін, қызмет ететін жерің. Отан адам үшін біреу ғана. Отанды анаға теңейді. Себебі, Отан сендерді анаңдай қорғайды, көмектеседі, күш береді.Біз Отанымызды, елімізді сүйеміз. Біз, Қазақстанның патриотымыз!
Отан деген не, кім қалай түсінеді?
Ұлболсын: Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен –
Биік тау, орман, тоғай көлімізді.
Бағдәулет: Отан- тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, өз- халқың.
Отан – өлең, Отан-жыр,
Көтерген көкке ел даңқын.
Арсен: Отан – сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың,
Отан – өлкең, астанаң,
Отан – аудан, ауылың.
Әсемгүл: Отан – осы достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
«Отан» деп өс жас қауым,
Оны ардақтап сүйе біл!
-Біздің Отанымыз қалай аталады?
-Қазақстан Республикасы қандай мемлекет?
-Қазақстан Республикасының президенті кім?
Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз жерін жаудан қорғап, бүгінгі ұрпақ, бізге жеткізді. Қазақстан жер көлемі бойынша 9 орында тұр.Қазақстанда үлкен қалалар көп. Олар: Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Ақтау, Павлодар, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Талдықорған. Бұлар – әдемі қалалар.
Астана- Отанымыздың бас қаласы, астанасы.Ол Есіл өзенінің жағасында орналасқан. Астана қаласын қазір бүкіл ел біледі.
Ерасыл: Туған өлкем.
Қазақстан-тәуелсіз, егеменді, көп ұлтты мемлекет. Онда қазақтар, орыстар, ұйғырлар, өзбектер, корейлер, украйндер және тағы басқа ұлттардың өкілдері тұрады. Олар тату-тәтті, бірлікте өмір сүріп жатыр.
Елдің қамын,сөзін сөйлеп, халық жағдайын жасаған шешендері, білімпаз билері, әр елде, әр ауылда сөз тыңдар ақсақалдары болған. Қазақта аты аңызға айналған Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би сияқты би-шешендер өте көп.
Мемлекеттік тіл-қазақ тілі. Қазақ тілін білу-әрбір қазақстандық азаматтың борышы. .
1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа конститутциясы қабылданды. Адамның өмірін, денсаулығын, тыныштығын мемлекетіміздің Ата заңы қорғайды.
1992 жылы ҚР мемлекеттік рәміздері қабылданды. Олар: ту, елтаңба, гимн.
Ерасыл: Қазақстан Республикасының мемлекттік Туы.
Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Алтын күн, қыран және ою-өрнек біздің
халқымыздың ашық келешегі мен берекесі, тыныштық пен байлықтың белгісі.
Аяулым: Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы
Елтаңба көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар
шаншылған. Бес жұлдыз, қанатты тұлпар бейнеленген. Бидай сабақтары тоқшылық, молшылықты білдіреді.
Елтаңбасы елімнің,
Неткен әйбәт, әдемі
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.
Нұрмұхаммед: Мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы- Гимн.
Гимн мемлекеттік ән. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған.
Оттай жанып жанарың
Одан қуат аламын
Әнұран ол - тынысы
Кең жазира даламның.
Мұғалім: - Ия, балалар, елін, жерін сүйетін азамат болып шығу үшін қандай бала болуымыз керек?
- Білімді, өнерлі, ақылды, еңбексүйгіш бала болуымыз керек.
- Дұрыс-ақ, ендеше Отан, туған жер туралы қандай мақал- мәтелдер білеміз?
«Жалғасын тап» ойынын ойнайық.
Сабағымызды жақсы оқып, еліміздің адал, еңбекқор азаматы болайық. Ер жетіп еліміздің одан әрі көркеюіне, гүлденуіне өз үлесімізді қосайық.
Оқушылар тақтаға шығып, келесі әріптерді көтереді.
Б- білімімді арнайтын
О- отанымды қорғайтын
Л- лаңкестікті даттайтын
А- адалдықты жақтайтын
Ш- шуағымды шашатын
А- асулардан асатын
Ғ- ғарыш сырын меңгергн
Ы- ынтымақты тең көрген
М- менмендікті жек көрген
Қ- қазаққа қызмет ететін
А- арманына жететін
З- заңды жақсы білетін
А- алға қарай жүретін
Қ- қайырымды елімнің
С- салтанатты жерімнің
Т- толықтырам сенімін
А- абыройын,жігерін
Н- намысын қолдан бермейтін
Бәрі: Мен боламын еңбекқор,
Болашағы елімнің!
Қортынды: - Міне, балалар, бүгін өздеріңді Тәуелсіз еліміздің болашағы екендеріңді, яғни, нағыз азамат екендіктеріңді көрсете білдіңдер. Белгілі ақын атамыз Т. Молдағалиев:
Өткеніңді еске алсаң,
Өскеніңнің белгісі.
Өткеніңді ұмытсаң,
Өшкеніңнің белгісі,
- деген екен. Сондықтан, халқымыздың бүгінгі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері өздеріңе аманат. Сондай-ақ, еліміздің егемендігін танытатын ресми ерекшелік белгілері: Ана тіліміз, Елтаңбамыз, Туымыз, Ата заңымыз, Әнұранымызды бойындағы бойтұмарындай сақтап қана қоймай, қашанда еліміздің, жеріміздің еркіндігін сақтар мықты ұрпақ, мықты азамат болатындарыңа сенімім мол. Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің азаматтары!