Мектеп бітіргеннен кейінгі менің жоспарларым
Бағбан жемісті ағашын айтар,
Мұрап суының сағасын айтар,
Шопан өсірген қойын айтар,
Өлеңші өлең айтқан тойын айтар,
Ұста соққан тамын айтар,
Дихан шығымды еңбегінің бабын айтар.
Халық даналығы
Шынымен де, қай кәсіппен айналыссаң да еңбегіңнің жемісін көріп жатсаң, көз қуанышың, өз мәртебең. Кез-келген кәсібіңді дөңгелету үшін білікті де білімді маман болуың шарт.
Мен биыл алтын ұя мектебіммен қоштасқалы отырған түлекпін. Мамыр айында күміс қоңырау біздің сынып оқушылары үшін соңғы рет сыңғырламақ. Алдымызда үлкен сын, ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Тестілеуді ойдағыдай тапсыруға мектебімізде барлық жағдай жасалынған. Сол үшін де бұл сыннан сүрінбей өтеміз деген үмітіміз бар. Десек те, мектеп бiтірген әр түлектiң алдында тағы бiр маңызды қадам күтiп тұр. Ол – мaмандық тaңдау. Мамандық таңдау – болашақты таңдау деп бекерге айтылмаса керек. Сондықтан болашағымызды «бүгінгі күнде қай мамандыққа сұраныс жоғары» деген сауалға жауап іздеу арқылы жоспарлауымыз қажет. Өйткені болашақ бүгіннен басталады, яғни келешектегі жетістіктеріңнің негізі бүгінгі күні қаланады.
Мен сіздермен мектеп бітіргеннен кейінгі жоспарларыммен бөліскім келеді. Әрине біз сыныптастарымызбен, достарымызбен болашақ туралы түрлі жоспар құрастырдық. Қазір ақпарат дамыған заманда теледидар мен ғаламтордан әлемнің әр түкпірінде тұрақсыздық болып жатқанынан хабардармыз. Сондықтан да мен өз болашағымды тұрақтылық пен ынтымағы нығайған тәуелсіз Отаныммен байланыстырамын. Ал болашақта осы елдің азаматы ретінде мен қандай қызмет атқарамын? Отан отбасынан басталады демекші, менің отбасымда барлығы айтарлықтай тұрақты. Әкем кен өндіретін зауытта аппаратшы болып жұмыс істейді. Ал анам үйде отбасының ұйытқысы. Ата-анам үйдің кенжесі болғандықтан менен қай жағынан болсын көмектерін аямай келеді. Олар менің оқу және басқа да қосымша қызығушылықтарымды қолдап отырады. Мектепте оқу екпінділері қатарындамын. Қалалық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан да құр алақан емеспін. Шетел тілінен үстіміздегі жылы Көкшетау қаласында өткен облыстық пән олимпиадаларынан үшінші орынға ие болып келдім. Мені сонымен қатар физика, информатика пәндері қатты қызықтырады. Сондықтан ұлттық бірыңғай тестілеуде физика пәнін таңдадым. Дайындықты мұғаліммен жетінші сыныптан – ақ бастап кеттік. Қазір таңдау пәнін байқау тестілеуінде төртке тапсырып жүрмін. Барлығы ойымнан шығып жатса, болашақта ақпараттық технолог болғым келеді. Өйткені елімізде, сарапшы мамандардың пiкірінше, маркетолог, web-дизайнер, химик, ақпараттық технолог, өнеркәсiп саласы мамандары жетіспейдi екен. Бұл мамандықты таңдауымның себебі ел экономикасын көтеру мақсатында мемлекетіміз шағын және орта бизнестің дамуына көп көңіл бөліп жатыр. Мамандыққа оқып шығысымен, өзімнің жеке сервис орталығымды ашсам деп армандаймын. Жоғары білікті маман болу үшін арнайы кәсіптік және техникалық мамандар дайындайтын оқу орындары да жетерлік.
Заманауи технологиялардың сан түрi күннен-күнге жаңарып шығарылып жатыр. Қазiр кезiнде Ыбырай атамыз жырлап кеткен «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу да» таңсық емес. Компьютер өміріміздің барлық саласымен тығыз байланысты, бірақ компьютерлік құрылғымыз істен шығып жатса, міндетті түрде ақпаратты технолог маманының көмегіне жүгінеміз. Сол себепті де мен Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің «Ақпараттық технолог» факультетіне түскім келеді. Ондағы оқу базасы жақсы жабдықталған. Біздің мектептен де аталған оқу орнында оқитын шәкірттер бар.
Ақпараттық технологиялар шәкірттерден үлкен шығармашылықты талап етеді. Қазір телефондар мен компьютерлердің бір-біріне ұқсамайтын бағдарламалары өте көп. Олардың басқару командалары да өз алдына өзгеше. Сондықтан еліміздегі үлкен-үлкен жоғары оқу орындарында дарынды студенттерді қолдау мақсатында түрлі инновациялық байқаулар өткізіліп жатады. Мен де сондай байқауларға қатыссам деп армандаймын, өзімнің жаңа бағдарламаларымды шығарып, бағымды сынып көремін. Бағым жанып жатса, сол бағдарламаларымды тұтынушылардың қолдануына ұсынатын боламын. Қолыма диплом алған соң, туған қалам Степногорскке қайтып оралмақшы ойым бар. Өйткені бұл қала облысымыздағы өндірісі кең тыныс алған қала. Өндірісі өміршең өлкеде бірнеше ұжымдар мен ұйымдар болатыны белгілі. Ал ол кәсіпорындарды күннен-күнге дамып, жаңарып отыратын ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Мен сол ақпараттық технологияларды тізгіндейтін маман боламын. Сондықтан менің жоспарым бойынша болашағым айқын болатынына сенімім мол. Өйткені елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бүгінгідей жаһандану заманында мемлекет пен адам озық, бәсекеге сай болуы үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі қажет. Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады» дегендей, менің қолымда мені қызықтырған мамандық иесін куәландыратын дипломым болады. Ал білімді де, білікті жастар туған жеріне адал қызмет ету үшін оралып жатса, мемлекеттен қолдау табатынына сенімдімін.
Ақмола облысы
Степногорск қаласы
Ю.А.Гагарин атындағы №7 орта мектептің
11 «А» сынып оқушысы
Жетпиисов Рустем Кафизович
Туған жылы: 15.12.98 ж
Мекенжайы: 9-43-72
Үй телефоны: 2-24-17
Мұғалімі: Г.Т.Шайрестанова