Мен қазақстандықпын!
«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.» Н.Назарбаев
Алтын күмбезді көгімде қыран құсты байрағы желбіреген, айбарлы әнұраны асқақтаған, даңқты Қазақстанымның Жас Ұланы екенімді мақтан тұтамын.
Талай жылғы ұлы дүбір, дүрбелеңнен кейін жарқын болашақтың таңы атып, еркіндік есігін айқара ашты. Еліміздің арыстары талай жылдар тар жол тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы, келер ұрпақтың бақытты ғұмыры үшін аянбай күресіп, табандылық пен асқан қайсарлық, шыдамдылық пен беріктік танытты. Мұның бәрі ел азаматтарының ұлт үшін жасаған ерен ерлігінің арқасы деп білемін.
Еліміздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа қол созды. Атап айтқанда, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы дамыған, көп елдерге танымал ел. Қайсар төзім мен келешекке деген пәк сезімнің арқасында бүгінде біздің төбемізде қыран құс қанатын кеңге жайып, бақытты күннің шұғыласына бөлеуде.
Қазіргі таңда Тәуелсіздік - барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс.
Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт - сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы жетті.