АШЫҚ САБАҚ ЖОСПАРЫ
«Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна
Пәні: Сурет және кескіндеме
Сабақтың тақырыбы: Бас сүйек бейнесі
Сабақтың түрі: практикалық сабақ.
Сабақтың мақсаты: білімділік: Адам басының анатомиялық пластикасы мен бас сүйек құрылысы туралы мәлімет беру, бас сүйек қаңқасын бейнелеуді меңгерту.
дамытушылық: Көлемдік-кеңістікті дұрыс қабылдай білуге, танымдық түсінікті бейнелеу шеберлігін меңгеруді дамытуға, аналитикалық танымды және кеңістіктегі нысанның көлемін, пластикасын, құрылымын дұрыс жеткізе білуге дағдыландыру.
тәрбиелік: Білім алушыны визуальды танымдық мәдениетке тәрбиелеу.
Оқыту әдісі: өзіндік талғамы бойынша бағдар беріп шығармашылығын дамыта отырып оқыту.
Сабақтың материалдық-техникалық көрнекілігі:
Интерактивтік тақта, бас сүйек гипс мүсінінің қойылымы, тақырыптық сурет мозайкасы, слайд-суреттер, бейнеролик.
Пәнаралық байланыс:
Анатомия, Композиция, Графикалық дизайн, Сурет, Кескіндеме.
Сабақтың мазмұны және барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі
Үй тапсырмасын тексеру:
Үй тапсырмасы бойынша практикалық жұмыстарын, үйге берілген суреттерді аяқтап әкелу, баяндау.
Сергіту сәті: «Дұрыс сөзді тап»
Өткен тақырыптар бойынша әріптері ауысқан сәулет мамандығына қатысты термин сөздерден дұрыс сөзді табу:
ҚАМТОРЫ – «____________»
ТУСІШЕР – «____________»
АСТЫҚАЛКЛИП – «____________»
УТӘШІСЕЛ – «____________»
АҢҚАҚ – «____________»
КИСЭЗ – «____________»
ОИНАМАЯТ – «____________»
ҒҰЛАТ – «____________»
КҮЙРЕТСЕ – «____________»
ШАХРУТИТ – «____________»
ШЕРЭКО – «____________»
ІІ. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Бүгінгі біздің тақырыбымыз «Бас сүйек бейнесі». Адам басының негізі – оның бас сүйегі. Адамның бет пішінін, кескін-келбетін бейнелеу үшін, ең алдымен оның бас сүйегінің құрылысымен танысқан жөн. Адам басының қаңқасы жайлы терең мағлұматтар алу үшін тәнтану пәнін жақсы окып үйрену керек. Сонымен қатар пластикалық анатомия кітаптарымен де жете танысу қажет. Адамның бас сүйегі әр алуан 23 сүйектен тұрады. Олардың негізгілері: маңдай сүйек, самай сүйек, төбе сүйек, шүйде сүйек, мұрын сүйек, т. б. болып бөлінеді. Адам басының пішіні төрт түрге бөлінеді.
Адам басы өзінің кұрылысы мен пропорциялары бойынша әр адамда өзінше жеке-дара. Адам басының пішіні 4 негізгі топқа бөлінеді. Олар: 1) Шаршы тәрізді. 2) Эллипс тәрізді. 3) Төңкерілген трапеция тәрізді. 4) Дұрыс трапеция. [pic]
Адамның бас сүйегін бейнелеуде бет сүйегін жақсы білу қажет. Адамның жас нәресте кезінен бастап ер жеткенге дейін бас сүйегі дамып өседі. Бет сүйегінің даму шегі 24 жаста тоқталады. Негізінен кәрі адамдар қаңқасының жалпы көлемі жеңілдеп, ол сүйектерінің жұқаруына байланысты кішірейеді. [pic]
Адам басын салу – бұл күрделі жұмыс. Қандай затты болмасын, немесе адамды, жан-жануарларды бейнелеген кезде оның ішкі құрылысынан мағлұматымыз болуы керек. Бастың құрылысы: бас сүйегі қаңқасынан және бас еттерінен тұрады. Сондықтан бастың пластикалық анатомиясын жете оқып білмейінше біз дұрыс бейнелей алмаймыз.
Бас сүйегі қаңқасы өзінің формасының өте күрделілігімен, әр сүйегінің бір-бірімен ерекше жымдасуымен көзге түседі. Жалпы қаңқа екіге бөлінеді: жоғарғы бөлігін ми сауыты, ал төменгі бөлігін бет бөлігі дейміз. (1-сурет)
[pic]
1-сурет
Ми сауытының атқаратын қызметі – миды сыртқы әсерден, соққыдан қорғау, ал төменгі бет бөлігінен тыныс алу, ас қорыту системалары басталады. Сонымен қатар көру, есіту, иіс, дәм сезу мүшелері орналасқан. Бұл екі бөлік маңдай сүйегі мен жоғарғы жақ сүйегінің жігі арқылы бөлінеді. Жалпы ми сауыты бірнеше сүйектердің жиынтығынан тұрады, олар: маңдай, самай, төбе, шүйде және сына сүйектері.
Адамның бас сүйегін бейнелеу екі сатымен орындалады.
Біріншісі - суреттің қағаз бетіндегі қисынын табу, бас құрылысының негізгі сызықтарын анықтау.
Екіншісі - кескіннің құрастыру құрылысы мен көріністегі қолданылуы.
Ең алдымен адамның бас сүйегін бейнелейтін қағаздың ортасында келетін нүктеден сәл жоғары болатын көру нүктесін табамыз. Қаңқа суретінің тепе-теңдігін сақтау үшін иектің астыңғы сызығынан қағаздың төменгі шетіне дейінгі ара қашықтықты төбеден қағаздың жоғарғы жиегіне дейінгі ара қашықтықтан үлкен етіп қалдырамыз. Бейнеленетін сурет пен қағаздың көлемі сәйкес болуын әрдайым есте сақтаған жөн. Бас сүйектің биіктігі мен енінің қатынасын салыстырмалы түрде өлшеу арқылы бейнелейміз. Жалпы қаңқаның сырт пішінін салғаннан кейін оның ішкі құрылысын анықтауға көшеміз. Адамның бас сүйегін бейнелеудің бірінші кезеңі төмендегідей:
Пішінді көзбен қарап зерттеу, бас сүйек бөлшектерінің тұлғалық қатынастарының көлемдерін айқындау.
Бейнеленетін бас сүйекті қағаз бетіне үйлестіріп орналастыру.
Орталық және көз деңгейі сызықтарын жүргізу, ми сауыты мен бет бөліктерінің ерекшелігін айқындау.
Бас сүйектің бет бөлігіндегі мұрын қуысының негізі және тістер жымдасатын жері бойынша көлденең сызықтар жүргізу арқылы үш бөлікті айқындау.
Бас сүйектің жалпы көлемі мен ондағы бөлшектерді бейнелеу. Бастың құрылысын, яғни бас сүйекті, бас сүйектің бұлшық еттерінің орналасуын, олардың атауларын және бас сүйектің пропорциясын жетік білуіміз керек.
[pic] [pic]
Адамның бас сүйегін бейнелеу
III. Практикалық жұмыс: «Бас сүйекті бейнелеу»
Әрбір оқушы мольберттеріне отырып қойылымдағы бас сүйекті А2 форматына бейнелейді.
Көмекші сызықтар арқылы адам басының қаңқасын бейнелеу:
1. Жұмыртқа тәрізді бас өлшемін сызамыз
2. Тігінен бір көмекші сызық сызамыз
3. Көлденеңінен көз тұсынан сызық, мұрын ұшының тұсынан сызық, екі еріннің орта тұсынан көмекші сызықтар сызамыз.
4. Осы сызықтар арқылы мүшелерін орналастырамыз (көз, мұрын, құлақ, ерін).
IV. Бекіту кезеңі
«Бас сүйек мозайкасын» құрастыру арқылы өткен тақырып бойынша бекіту сұрақтарына жауап береміз:
1 сұрақ: Самай сүйегі сияқты жұп сүйек, ми сауыттың жоғарғы және екі бүйір бөлігін құрайды. Бұл сүйектің жалпы пішіні төртбұрышқа ұқсас келеді?(Төбе сүйегі)
2 сұрақ: Бұл сүйек бастың алдыңғы бөлігін құрайды, ол екі көз шүңірегі, мұрын және жазық келген қабыршақ бөлігінен тұрады. Бұл сүйектің тек адамға тән екі шығыңқы дөңесі болады, одан төменірек қос қас доғасы жатады және артқы жағында қос төбе сүйегімен, екі жананында самай сүйектерімен ирелек бітімді жік арқылы жалғасады? (Маңдай сүйегі)
3 сұрақ: Ми сауытының артқы жағын құрайды, бұл сүйектің қабыршақ бөлігінің ішкі беті жайдақ төрт ойысқа бөлінген. Бұл сүйек - алдында сына, екі жағында самай және төбе сүйектерімен жалғасып жатады? (Шүйде сүйегі)
4 сұрақ: Бұл сүйек жұп болады, ол ми сауытының екі жақ сүйір бөктерін құрайды, бұл сүйектер жоғары жағында төбе, төменгі жағында бас қаңқасының негізі болып табылатын сына және шықшыт сүйектерімен байланысады. Бұл сүйекте негізінен адамның есіту органы орналасады? (Самай сүйегі)
5 сұрақ: Бұл тақ сүйек, ол ми сауыттың астыңғы жағында барлық сүйектермен жымдасып байланысып бас сүйегінің негізін құрайды, сол себептен мұны негізгі – түбір сүйек дейді? (Сына сүйек)
6 сұрақ: Бұл сүйек беттің екі жақ бүйір бөлімдерін құрайды, ол көз ойпатының сырт жақ қабырғасын түзіп маңдай, жоғарғы жақ сүйектерімен шектеледі? (Шықшыт сүйектері)
7 сұрақ: Бұл - сүйек формасы пирамидаға ұқсас және ол әр сүйектердің жиынтық, жымдасуынан пайда болған, оның төмен қарай мұрын қуысына бағытталған өзекті сайы бар? (Көз ойпаңы сүйегі)
8 сұрақ: Төрт бұрышты болып келген ұзынша пластинка тәрізді жұп сүйек? (Мұрын сүйегі)
9 сұрақ: Беттің алдыңғы орталық бөлігін құрайды, ортаңғы бөлігі мұрын сүйегімен бірге мұрын қуысын жасауға қатысады? (Жоғарғы жақ сүйегі)
10 сұрақ: Пішіні доға тәрізді бас қаңқасындағы бірден-бір қозғалмалы сүйек, денесінің алдына қарай шығыңқы келген жерін иек дейді? (Төменгі жақ сүйегі)
V. Қорытындылау кезеңі: Практикалық жұмысты аяқтау.
Сабақты қорытындылау және оқушылар білімін бағалау.
Үй жұмысын хабарлау: Бас сүйек бейнесін аяқтау. Бас сүйек қаңқасының түрлі, жан-жағынан қарағандағы нобайларын салып келу.