«Сындарлы оқу теориясындағы оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулінің маңыздылығы»

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы

«Бөкейхан» атындағы жалпы орта мектебінің

Информатика пәні мұғалімі

Аккулиев Иляс Даутович

«Сындарлы оқу теориясындағы оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулінің маңыздылығы»

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында «Білім беру-білімді беріп қана қоймай, оларды әлеуметтік бейімдеу үдерісінде пайдалана білу» деп айтқан болатын. Сондықтан да біздің шәкірттерімізге заманауи білім ауадай қажет. Болашақта жастар өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңуге, өз мәселелерін шешуге, сапалы шешім қабылдауға дайын болу керек. Ертеңгі күннің бүгінгіден де гөрі нұрлы ақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға бастыратын күш тек білімге ғана тән.

Мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Мұғалімнің негізгі басты міндеті-рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол, білімді тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Бүгінгі таңда мұғалімдер информатор, бақылаушы, ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болып, өзгеруі керек. Жақсы ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Себебі қазіргі жас буын еліміздің келер күнгі келбеті. Осы пікірді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты-саяси экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге шыңдалған, жан-жакты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,-деген тұжырым жасады. Мұғалімнің шеберлігі жайында дайын жазылған қағида жоқ.

Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық түрлендірулер адамзаттың барлық салаларына елеулі өзертулер енгізді. Әсіресе бұл білім саласына айтарлықтай ықпал етті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған жолдауында білім мәселесіне нақты тоқталып, алдымызға міндеттер қойды. Дамыған мемлекеттердің қатарынан көрінуіміз үшін біз сауаттылығы жоғары мамандар дайындаумыз керектігін айтты.

Ұсынылып отырған осы бағдарламадағы модульдер бойынша білім алған оқушы өзін еркін ұстап ойын дәл жеткізе алатын, сыни тұрғыдан ойлай алатын, тұжырым жасай білетін, бірін-бірі бағалай алатын, көшбасшы бола алатындай тұлға болып қалыптасатынына күмәніміз болмайды. Оқушылардың сабаққа деген құлшынысын, қызығушылығының артқанын, қала берді, ең болмағанда жаман жолға түспейтініне, сыни тұрғыдан ойлауға бет алатынын байқауға болады. Ең маңыздысы оқушылар өз іс-әрекетін, сыныптастарының, құрбы-құрдастарының іс-әрекеттерін, жетістіктерін бағалауды және жауапкершілікке үйренеді.

Бүгінгі күні оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау-оқу үдерісінің маңызды да салмақты бөлігі болып табылады. Сол себептен, зерттеу іс-әрекеттерін кеңінен қолданып, оқушылардың жетістіктерін бүгінгі күннің талабына сай жаңаша бағалау жүйесі қажет етіледі. Бұл жерде оқушылар өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау, топтық бағалауда оқу үдерісінің белсенді қатысушысы бола алады. Өйткені, дәстүрлі бағалау процесінде мұғалім оқушыға жауап бергені үшін немесе сабақ оқымағаны үшін баға қояды. Сонда оқушы қаншалықты әділ баға алғанын білмей қалады, күмәнмен қарайды. Бағалаудың жаңа әдісінде оқушы бағаны қандай критерийлер бойынша алғанын, келесі сабақтарда қандай критерийлерге көңіл бөлу керектігін ұғынады. Бұл жүйеде оқушының нәтижесімен бірге іс-әрекеті де бағаланады. Одан басқа оқушыларды бағалауда мұғалім түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана алады. Біріншіден, оқушының қызығушылығы артады, екіншіден, мұғалімнің жұмысы да жеңілдеуі мүмкін.

1960-жылдардан бастап формативтік (қалыптастырушы) және суммативті (жиынтық) бағалау терминдерінің арасындағы айырмашылық енгізіле бастады. Нақтырақ айтқанда, жіктеу үшін өткізілетін оқуды бағалау және оқытудың бөлігі ретінде бағалауды қолдану болатын оқыту үшін бағалау арасында. Оқытуды, әдістерді жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған оқыту үшін бағалау (ОүБ) дербес тұжырымдама ретінде 1999 жылдан кейін қолданысқа енді. Бағалау оқытудың алға жылжуын белгілейді және өзінің функциясы бойынша бағалау жиынтық (оқуды бағалау) болып саналады (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 56 бет).

Оқушыны қандай мақсатта, не үшін, қалай бағалаймыз? Бағалау кезінде мынадай мақсаттар болуы мүмкін: оқытудың қиындықтарын анықтау, жетістікке жеткендегі кері байланыс, уәж, болжау, стандарттарды бақылау, бағдарламаның мазмұны мен стилін бақылау. Бұл келтірілген барлық бағалаудың түрлерінде бақылау, интерпретациялау, қорытындылауды қамтиды.

«Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулі білім беру, оқыту үдерісіндегі әдіс-тәсілдердің барлық түрлерімен байланыста болады. Бұны меңгеру үшін қалған модульдердің мазмұнын игеру қажет, болжау, сұрыптау, бақылау, жоспарлау әдістерін меңгеру керек. Оқушылардың алға қарай даму мақсатында жұмыс нәтижелерін, өз-өздерін бағалай білуі керек. Оқуды бағалаудың мақсаты — оқушылардың оқып білгенін жинақтау. Бірақ, маңызды мәні бар тест жүйесі арқылы оқушылардың білімін бағалау оқыту үдерісіне кері әсерін тигізуі мүмкін (Assesstment Reform Group, 2002 b.).

Мұғалімнің оқушыларды бағалауы-ол оның білімін топтау, белгілі бір шаблонмен салыстыру. Мұғалімнің іс-әрекеттеріне қарай, шеберлігіне қарай оқушыларды бағалауда бірнеше әдістерін қолдана алады: жеке, жұптық, топтық, жиынтық, қателер талдауын, салыстырмалы түрде, өздерін-өздері, кері байланыс, т.б. Оқушының мұғалімге деген сенімі артады, көзқарасы өзгереді.

Оқыту үшін бағалау мен оқуды бағалау модулі бағдарламаның басқа модульдерімен тығыз байланысқан. Бұл модульді пайдаланғанда барлық жаңа тәсілдердің мазмұнын дұрыс игеру керек, орынды пайдалану керек. Оқыту үшін бағалау мен оқуды бағалау модулі оқушылардың білім деңгейін анықтауға, алдағы жұмыстарды қалай жоспарлау керектігі, алға қойған мақсатқа жету алгоритмін құру керек. Барлық модульдер бір-бірімен өте тығыз байланысқан. Сабақ беру кезінде бір модульді пайдаланға басқа модульдің міндетті түрде кірістірілетінін сеземіз. Екінші жағынан, кез келген модульді пайдаланғанда оның нәтижесін біліуіміз керек, яғни қаншалықты сабақ беру кезінде таңдап алынған модульді пайдаланғанымызды бағалауымыз тиіс.

Білімді тексеруге қойылатын талаптар:

тексерудің және бақылаудың жүйелілігі, тұрақтылығы, міндеттілігі. Бұл талапты орындамау оқушылардың оқуға деген қатынасын нашарлатып, білімнің сапасына кері әсер етеді.

•    әрбір оқушы өзінің білімінің, іскерлік дағдысының бағаланатынын түсіну керек. Егер білімді тексеру және бағалау оқыту процесінің құрылымына тұрақты түрде енсе, онда оқушы мұғалімнің сұрақтары мен тапсырмаларына жауап беруге дайын болады.

оқушылардың білім, іскерлік және дағдылары мемлекеттік .оқу бағдарламаларына сәйкес тексеріледі. Бағдарламаны меңгеру – білімді бағалаудың негізгі өлшемі. Мұғалім оқушының қосымша біліміне, оқыған қосымша әдебиеттеріне кеңес, нұсқау, беріп, баға қоймайды.

•    оқушылардың теорияны және фактілерді білуін тексеру және бағалау арқылы, білімдерінің жалпы және ақыл-ой дамуына, жеке тұлғалық сапаларын қалыптастыруға ықпалын, оқуға әсерін білу;

•    білім, іскерлік, дағдыларды түрлі тәсілдер арқылы тексеру;

•    байқалған кемшіліктерді оқушының өзі түзетуі;

•    мұғалімнің оқушыларды білімдерін бақылап, бағалауға, кемшіліктерді жоюдың әдістемесі мен тәсілдерін білуге үйретуі;

•    бағаны әділ қойылуы;

•    оқушының өзін-өзі және басқаны бақылауы және бағалауы;

•    әр тақырыпты оқудың нәтижесіне мұғалімнің және оқушылардың баға беруі;

•    бақылау-бағалау процесінің әрбір баланың оқу үлгерімінің төмендемеуіне, көңіл-күйінің жақсы болуына көмектесуі. 

«Бағалау» термині жақын отыру дегенді білдіретін латын сөзінен шыққандығы кездейсоқ емес, себебі бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін -өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады. Бағалауды өткізу үшін оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын, сонымен қатар олар қандай қиындықтармен кездесуі мүмкін екендігін анықтау қажет (мұғалімге арналған нұсқаулық 57-бет).

«Блум таксономиясы» бойынша бағалау

Қазіргі мектеп практикасында американдық ғалым Б.Блум таксономиясын қолданылып жүр. Ол-білім және білікті меңгеру деңгейін сипаттайтын белгілер жіктеуі. Бұл таксономия оқушының танымдық және сезімдік өрісін бағалауға бағытталған. Танымдық салада оқу мақсаттары адамның білімді меңгеру және интеллектуалды білік, дағдыны игеру деңгейлерінде қарастырылады. Интеллектуалды білік және дағдыны қалыптастырумен байланысты мақсаттар: түсіну қолдану талдау жинақтау  бағалау деп жіктеледі.
«Басбармақ» әдісі арқылы бағалау
Оқушылардың басбармақтарын көрсету арқылы сіз түсіндіргенді олардың ұғу деңгейін тексеріңіз.

Басбармақ жоғарыға қарай - Мен түсіндім.

Басбармақ көлденең - Мен түсінгендеймін.

Басбармақ төмен қарай - Мен түсінбедім.

«Бағдаршам» әдісі арқылы бағалау.

Түсінгендікті көрсету үшін бағдаршамның түстерін көрнекі құрал ретінде пайдаланыңыз.

Мысалы:

Оқушыларда қызыл, жасыл және сары түсті карточкалар бар, оны олар өз парталарына қояды немесе жоғары көтереді (қызыл = түсінбеймін, жасыл = барлығы түсінікті). Оқушылар бағдаршамның түстерін пайдалана отырып, өздерін бағалайды. Мұғалімге көрсетілген бағалауды оқушылардың күнделіктеріне жазуына болады. Сыныптастары бағдаршам түстерінің көмегімен таныстырылымдарды және т.б. бағалайды. 
Басында балалардың барлығы жасыл түстіні көрсетуі мүмкін. Содан кейін өз қателерін тауып,дұрысын дәлелдей алмағандар сары немесе қызыл тұсті көтеріп жатады. Бағалаудың өзіндік қиындықтары да байқалып жатады. Басында балалар өздеріне жоғары баға береді.
Ол жағдайда оқушыларға бағаның шын болу керектігін айта отырып, яғни шын баға өзінің қаншалықты түсінгенін көрсететінін айтып өткен жөн.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан болашағы-бүгінгі жастар, сіздекр оларға қалай білім берсеңіздер, Қазақстан сол деңгейде болады» деген еді. Сөзімді қорытындылай келе, біз ұстаздар мектептің жүрегі, балалардың бағбаны бола білуіміз керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мұғалімдерге арналған нұсқаулық. Үшінші деңгей. 2012 жыл

2.Мектеп журналы №10 2012 жыл

3.Елбасы жолдаулары