Урок Шәкәрім Құдайбердіұлы (10класс)

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...
















Какабаева Зауре Балуановна

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

«№11орта мектеп-гимназиясы» КММ

Акмола облысы

Көкшетау қаласы

Тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлы






10сынып.

Тақырыбы: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Мақсаты: Оқушыларды ақынның өмір жолымен таныстыру, шығармашылығының идеялық мағынасын игеру. Оқушылардың сөйлеу қабілетін дамыту, ой-өрісін кеңейту, білімдерін арттыру.

Оқушыларды адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, достықка, адалдыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Шәкәрімнің портреті, интерактивтік тақта, слаидтар, музыка, шығармашылық көрме.

Сабақтың барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңі

II. Кіріспе сөз. Шәкәрімнің өлеңін мұғалім жатқа айтады.

Қабағынан қар жауған

Қараңғы бұлт жоғалды,

Қасқара алмай бет ауған

Қаһарлы жел де оңалды,

Көшейін деп қыбырлап,

Ел қыстаудан қозғалды-

Жаралы жүрек жыбырлап,

Жазылмай жалғыз сол қалды.

Бетіме жылы тиеді

Күнгейдегі күншуақ,

Жан жылыны сүйеді,

Жанға рахат осы уақ,

Өлі жердің сүйеді,

Тірілтті жайнап жапырақ-

Жаралы менің жүрегім,

Жайнай алмас сол бірақ...

Ол кезде ақынның жаралы жүрегінің жайнай алмасы ақиқат еді. 1928-1931жылдары тоталитарлық репрессиясы Шәкәрім ақынды алқымынан алып тұрған. Тау арасындағы тар тамда өлеңін жазып оңаша жатқан қарт ақынды 1931 жылы Шыңғыстауда атып өлтірген, айуандар оның денесін суы тартылған, кеуіп қалған құдыққа тастап кете берген. 30 жыл бойы мәйіті құдықта жатты, аты ақталған соң да 30 жыл бойы әдеби-ғылыми мұрасы жария етілмеді. «Шәкәрім-халық жауы» деген қара таңба 60 жыл бойы жойылмады.

1961 жылы Шәкәрімнің ұлы Ахат әкесінің сүйегін тастаған құдықты тауып, жалғыз қазып, барлық сүйегін түгел алып шығып, Абай зиратының қасына апарып жерлейді. Сол кезде Ахат Шәкәрімұлы «Фантазия», «Құдық» деген өлеңдерін шығарған.

Сабақты Шәкәрім қажының өмірінің қайғылы кезеңінен бастап отырмыз.

Сіздер ұлы ақынмен 8-сыныпта таныстыңыздар. Сол кезде ол туралы қандай мәлімет алдыңыздар? Оның қандай шығармаларымен таныстыңыздар? Оқушылар еске түсіріп, әңгімелейді, дәптерлеріне кластер жасап отырады. Мысалы:

Аңшлық, саятшылық құрған Шәкәрім домбыра, скрипка жасайтын шебер болған





1858ж. Ақын-ағартушы

Шығыс Қазақстан обл. 1931ж. қайғылы қазаға ұшырады.

Абай ауд.дүниеге келген. Аудармашы,ойшыл,сазгер,шешен

Сабақ барысында оқушылар кластерді толықтырады. «Адамдық борышың» өлеңін еске түсіріп, интерактивтік тақтадағы кестені толтырады.

Адамдық борыш

-халыққа еңбек ету,

-ар тазалығын сақтау,

-ақ жолдан таймау,

-өнерлі болу,

-білімге деген құштарлық,

-еріншек болмау,

-мақтаншақ болмау,

-талаптана білу,

-намысшыл болу.

«Борыш» деген сөзді қалай түсінуге болады? Борыш деген сөзге синоним табыңыздар? Борыш түрлері туралы естігендерің бар ма?

Мысалы: ата-ана, Отан, туған жер, дос-жарандар, туыстық алдында. Оқушылар өз ойларын білдіріп, мақал-мәтелдер арқылы түсіндіреді.

Шәкәрім шығармаларында еңбек ең өзекті тақырыптардың бірі. Адам болу үшін ең алдымен көп еңбек ету керек, өмір сүріп ғылым қуу үшін де еңбектену қажет. Бұл жерде Шәкәрім ойы Абай ойымен үндеседі. Мысал келтіру.

Жалғастыра отырып, Шәкәрімнің өміріне қайта оралайық. Шығыс Қазақстан облысы кезінде Семей уезі, Шыңғыстау болысы, Кеңбұлақ деп аталған екен. Бұл қасиетті жерде қандай тұлғалар туған?

Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин туған. Барлығы Абайды үлгі тұтып, Абай жолын қуып, қазақ әдебиетіне алтын мұра қалдырып, әлемге әйгілі атақтары шыққан.(слайдтар)

Шәкәрімнің әкесі Құдайберді - Құнанбайдың баласы, Абайдың ағасы еді. Шәкәрім 7 жасынан әкесінен жетім қалып, Құнанбай атасында тәрбиеленген. 20 жастағы Абай інісіне қамқоршы болған.(слаид)

Ол Шәкәрімнің ерекше зеректігін, дарындылығын байқап, білімін тереңдету ісін тікелей өз қолына алады.

Шәкәрімнің өмірінің біраз жайы өз шығармаларында көрсетілген.

«Мұтылғаның өмірі» деген поэмасында:

Бесімде оқу білсін деп,

Ата-анам берді сабаққа.

Жеті жаста жетім боп

Түскендей болдым абаққа.

Ардақты кенже жетім деп,

Әлпештеді мені көп.

Надандыққа болды сеп,

Қақпай ешкім қабаққа,- деп көрсетеді.

Ауылдарына жиі келетін ертекші, қиссашыларды тыңдап, билер сөзіне ерекше деп қойып, көкейіне тоқи білді. Осының бәрі оның білімге, ғылымға деген ынтасын арттыра түсті. Ол өз алдына Абайша еңбек етіп, өмір сүруді мақсат етіп қояды. 14-15 жасынан бастап өлең шығара бастайды.

«Жастарға» атты өлеңінде жастарды білім жолындағы шамшырақ- Абайдан ақыл үйренуге шақырады. Оқушылар мәнерлеп оқып, сұраққа толық жауап береді. Шәкәрім жастарға қандай азаматтық істер, жауапты міндеттер қояды? Ал бүгінгі күні жастар алдарына қандай мақсат қояды? Оқушылар салыстыра отырып, өз пікірлері өз істеген істерімен байланыстырып атайды.

Шәкәрімнің әдеби мұрасында эпикалық жанрда жазған көлемді шығармаларының бірі- «Еңлік- Кебек» дастаны. Ұлы Абай кезінде жастарға қамқорлық жасап, өзінің жолын куған шәкірттерін айналасына жинап, үнемі бағыт-бағдар беріп, тақырыптар ұсынып отырған. «Еңлік- Кебек» поэмасына арқау болған- ел ішінде болған оқиға желісі. Абайдың баласы Мағауия да «Еңлік- Кебек» дастанын жазған. Абай өзінің шәкірттерінің талантын, жазу шеберлігін, ой-өрісін салыстыра отырып бағалағанын байқаймыз. XVIII ғасырдың 80-жылдары шамасында Шыңғыстауда өткен оқиға Шәкәрім поэмасына негіз болған.Екінші Аристотель атаңған әл-Фараби бабамыз аса ірі ойшыл философ һәм композитор болған еді. Шәкәрім де сол сияқты. Қос алыптың 4-5 тілді меңгеруі мен ұзақ өмір сүргендерінен де әдемі ұқсастықты көреміз. Иә,қүдіретті Хақ тағала Шәкәрімнің өз орны бары елдің бәріне белгілі жай. Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген-голландтық Альвин Эрнестович Бимбоэе. Баласы Ахат әкесінің 14 әнін 1966 жылы магнитофон лентасына жаздырады.

1899 жылы Абай Шәкәрімді шақырып алып жаңа бір бағытка жол сілтейді: «Сен жассың , ел көр, араб жеріне қажыға бар, сонан соң үлкен шығыс шаһарлары Медине , Мысыр , Стамбұлды арала,ондағы дүние жүзіне белгілі кітапханаларға барып,ғылыммен таныс , жол қаражатынды мен берейін»-дейді. Ұлы Абай інісіне үлкен үміт артып, сенім білдіріп, келешегіне көрегендікпен қарай білгенін танытады.Бұл ұзақ сапарға Шәкәрім бірнеше жыл дайындалады. Бауырларының қазасы, ұлы Абайдың дүниеден өтуі қаншама қиыншылықтар әкелгенімен, Абай ағасына берген уәдесінде тұрып, 1906 жылы қажыға барады. Медине, Мысыр, Стамбул қалаларындағы кітапханаларға барып, көне жазбалармен танысады. Еуропалық ойшылдардың еңбектерін сатып алады. 1907 жылы елге оралады.

Шәкәрім өз бетімен өрісін кеңейте отырып, бірнеше тілдерді: араб, түрік, парсы, орыс тілдерін меңгеріп, осы тілдердегі шығармалардың кейбірін қазақ тіліне аударды.

Интерактивтік тақтаға Пушкиннің «Дубровский», «Боран» повесінің суреттері көрсетіледі. Оқушылар танып атайды.

Шәкәрім 1908 жылы осы повестерді өлеңмен аударып, жариялаған. Оқушылар қысқаша берілген үзіндіні мәнерлеп оқып, Шәкәрімнің дарындылығын байқайды.

Лев Толстой және Шәкәрімге келетін болсақ, қос әулиелердің хат алысуы 1903-1907 жылдардың арасы болуы мүмкін. Лев Толстойды «Ұстазым» деп бағалап ардақтаған.


...Танбаймын шәкіртімін Толстойдың,

Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.

Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,

Сондықтан ол иесі терең ойдың,-

деген өлең шумағын алсақ та жеткілікті. Осы жолдар неліктен ойдың иесі орыс жазушысына «арам сопы, кәпір» деп ат қойып, күйе жаққан себебін қазақ данасы жақсы білген. Сондай-ақ, орыс және қазақ ойшылдары арасын: «Өзіңе не тілесең басқаға да соңы тіле, тіпті өзіңе қиянат жасаған адамға да қиянат қылма, керісінше жақсылықпен жауап бер, әділ бол, бар әлемге махаббат көзімен қара» деген ортақ парадигма, этикалық ұстанымдардың жақындастыра түскені сөзсіз. Осыны тыңдап оқушылар өз ой-пікірлерін білдіреді. Өмірден мысал келтіреді.

2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдық мерей-тойы аталып өтті. Оның есімі ЮНЕСКО ұйымының ескерткіштік күнтізбесіне еңгізілді. Бір айдан соң Л.Толстойдың 180 жылдық мерей-тойы аталып өтті. Осы данышпан қос әулие адамдардың арасындағы қарым - қатынас бүгінге дейін көп адамдарды қызықтырады.

Сонымен Шәкәрім Құдайбердіұлы Сырбай Мауленов айтқандай:

Қазақтың өлеңінің пірі болған,

Халқының сөзін айтар ұлы болған.

Абайдың аманат қып беріп кеткен

Шәкәрім түсірмеген туын қолдан.

Оқушылар ақынның Шәкәрім туралы айтқанын дәлелдей отырып, өз түсінгендерін айтады.

Сабақты қорытындылай келе оқушыларға викториналық сұрақтар қойылады.

  1. Шәкәрім қай жылы, қай жерде дүниеге келген?

  2. Шәкәрімнің неше жасында әкесі қайтыс болды?

  3. Шәкәрім кімнің қамқорлығында болды?

  4. Арнаулы оқу орнын бітірді ме?

  5. Ол қандай тілдерді білді?

  6. Шәкәрімнің қандай шығармаларын білесіңдер?

  7. Шәкәрім Мекке, Мединеде немен айналысады?

  8. Шәкәрімнің қандай шығармаларын білесіңдер?

  9. Л.Толстоймен қай жылдары хат алысты?

  10. Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген кім?

  11. Қандай музыкалық аспаптар жасай алған?

  12. Неше әнін баласы Ахат магнитофон лентасына жаздырады?

  13. Қай жылы Шәкәрімнің сүйегі Абай зиратына жерленеді?

  14. Қай жылы Шәкәрімнің 150 жылдық мерей-тойы аталып өтті?

Оқушылар инсерт картаны толтырады.Insert

Не білдім?


Не білгім келеді?



Сабақты оқушы Шәкәрімнің өлеңімен аяқтайды:

Мен кетемін, келеді...

Тағы өмірге мендей

Олар мінді көреді,

Қисын жерін жөндей...

Ақ жүрек пен таза ақыл

Қылсаң адал еңбек

Бәрінен де сол мақұл,

Артқыға жол бермек

Сен бола көр аққа жақ,

Бола десең адам

Адал еңбек берер бақ

Бассақ соған қадам.

Айнымайтын ақ жүрек пен

Таза ақылды жанның

Таппасы жоқ бұл өмірде осынымды ұқ, балам.

Интерактивті тақтаға Шәкәрімнің суреті шығады.