Қазақ тіліндегі малдың қазақ халқының өміріндегі маңызы

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Мазмұны:


I. Кіріспе. 1.Қазақ тіліндегі малдың қазақ халқының өміріндегі маңызы

II.Негізгі бөлім:

1. Фразеология, теңеу терминдерінің мағыналары.

III. Зерттеу бөлімі

1.Ірі қара мал ұғымының лингвистикалық мәні.

2.Ірі қара малға қатысты қазақ тіліндегі аталымдар, тұрақты теңеулер, фразеологиялық теңеулер.

3.Қазақ тілі және ағылшын тіліндегі «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы фразеологиялық теңеулер.

IV. Қорытынды мен ұсыныстар

V. Пайдаланған әдебиеттер тізімі

VI. Қосымшалар
































Кіріспе.

Бұл жұмыспен айнылысу себебі, төрт түліктің аталымдарының зерттеу тарихынан айта келсек, жылқы, түйе, қой малдарына қатысты өте көп жан-жақты зерттеулер өткізіліп, сиыр малына қатысты тілдік бірліктер онша зерттелмеген. Сондықтан жұмыстың мақсаты: ірі қара малға қатысты қазақ тіліндегі тұрақты теңеу, фразеология, фразеологиялық теңеулерге сараптама жасау арқылы олардың мағыналарының қалыптасуын анықтау, ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді когнитивті лингвистиканың ұстанымдарына сүйене отырып талдап, оларды "жағымды" және "жағымсыз" концептілерге бөліп қарау.

Міндеті: - ірі қара малға қатысты тұрақты теңеулерін, фразеологияларын меңгеріп талдау;

  • ірі қара малға қатысты тұрақты теңеулерін, фразеологияларының мағынасын ашу;

  • қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерін салыстыру.

Зерттеу объектісі: ірі қара малға қатысты қазақ тіліндегі тұрақты теңеу, фразеология, фразеологиялық теңеулері.

Болжамы: егер мектепте лексика саласындағы тұрақты теңеу, тіркестер, фразеологиялық теңеулері терең оқытылып, өмірмен байланыстырылса, оқушылардың білімдері терең, сөздік қорлары мол және қызығушылықтары жоғары болатыны дәлел.

Зерттеудің жаңалығы :

  • қазақ тілдегі тұрақты теңеулер, фразеология, фразеологиялық теңеулер этнолингвистика тұрғысынан қаралды;

  • "Адам" макроконцептісіне жататын фразеологиялық теңеулер "жағымды"-"жағымсыз" оппозициялық микроконцептілерге бөлініп қарастырылып, олардың мағыналық қалыптасуындағы анықталды;

қазақ тіліндегі тұрақты теңеулер, фразеология, фразеологиялық теңеулер уәжі, этимологиясы, ішкі формасына сүйене отырып кешенді түрде зерттелді;

  • қазақ тілдегі фразеологиялық теңеулердің тілдік көлемі айқындалып, тақырыптық жағынан жүйеленіп, ретке келтірілді.

Жұмыстың нәтижесі және шығуы: қазақ тілдегі тұрақты теңеулер, фразеология, фразеологиялық теңеулердің жүйеленуі және маңызы

1. Қазақ тіліндегі ірі қара малдың қазақ халқының өміріндегі маңызы.

Қазақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай шежіресі бойынша олар малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден зерттеп білген. Қазақтың жерін малсыз елестету мүмкін емес. Сәлемдесудің басы «Мал-жан аман ба-дан» басталатынының өзі халық өмірінде малдың шешуші фактор, тіршілік көзі екенін көрсетеді. Малдың шығу тегі туралы аңыз көп. Солардың біріне құлақ ассақ, сиыр – судан жаратылыпты-мыс. Текті мал – киелі де. Халық аңызында сиыр малын көлденең кесірден, ауру-кеселдерден сақтайтын, өсіп-өнуін желеп-жебейтін қамқоршы пірлер бар. Сиыр малының қамқоршы пірі – Зеңгі баба. Зеңгібаба тұқымы да ежелден төрт тұліктің бірі, бірақ ертеде көшпелі қазақ ауылының жағдайында сиырдың тек кедейлер ғана сауын ететін. Сондықтан сиыр «жатақ» малы атанған. Ескі әңгіме жырларында сиыр қаскүнем, тайынша- торпағының есі жоқ, қайда болса сонда қаңғып жоғалып кетеді деп баяндалатын. Сиырдың мазасыздығын «ел жатса да енекем жатпайды» деп жұмбаққа қосқан. Сиыр адам тілін білмейді, адамға жат мал деп түсінген. «Сиыр судан жериді, су сиырдан жериді», «Бәлені қара тана бастайды», «Құдіреті келсе жұртқа қашқан бұзауды қайтарып көр» деген мақалдар бір түлікке бұрыңғы көзқарасты білдіреді.

Қара қасқа торпағым

Жоғалыпты қорқамын,

Атқа сабан салғанда

Сығалаған торпағым.

Қырға шығып қырандап,

Дөнге шығып тырандап,

Кеткеңінді қоймадық

Аш бөрідей жылмандап.

Сан ғасыр көшпенді дәуірде тұмыс-тіршілігі тікелей мал шаруашылығына байланысты өткен қазақ халқы төрт түліктің сыр-сипатын, қадыр-қасиетін жете біліп, ерекше қастерлеген, малды былапыт сөздер айтып балағаттамаған, теппеген, басына ұрмаған, сылап-сипап баққан. Жаман ырымға жорып малды санатпаған. Түйені келеге, жылқыны үйірге, сиырды табынға, қой мен ешкіні отарға топтастырып, төрт түліктің жалпы санын содан есептеп шығарған. Малдың шаруашылыққа қажетті өнімдік, күш-көліктік, т.б. қасиеттерін жетілдіру мақсатында үзбей бір ізділікпен сұрыптау жүргізіп, көрікті, сұлу, әсем асыл тұқымды өсірумен шұғылданған. Әсіресе, төл басына (алғашқы төлге) айрықша мән берген. Оларды іріктеп, барлық жағынан өскелең талапқа сай келген үлгілерінен тұқымдық ақ нар, боз айғыр, көк бұқа, көк қошқар өсірген. Аса бағалыларын сатпай, соймай, сыйға тартпай ерекшелеп, сетер атаған. Сиыр малын бағып-күту, шығынсыз өсіру оңай еместігін, малшының маңдай терін, қажырлы еңбегін, қиыншылықта төзімділік талап ететінін: «Сиыр бақтым – сидаң қақтым» мәтелі арқылы шаруа адамның зердесіне жеткізген.

Халқымыздың көшпелі өмірінде күш көлігі ретінде сонау ерте кезден пайдаланылып келе жатқан сиыр малының басқа қасиеттерін де бабаларымыз тым ерте білген сияқты. Археологиялық қазба материалдарының деректері бақташы елдің сиыр малының сүті мен етін азық етумен бірге оның терісін киім, еңбек құралы ретінде сол көне заманнан-ақ пайдаланып келе жатқанын дәлелдейді. Сиырдың сүтін ішіп қана қоймаған, одан қаймақ, май, ірімшік, құрт секілді тамақтың алуан түрін де дайындай білген. Ал терісін илеп, былғары жасаған. Қайысынан күш көлігін ұстап тұратын, салт мінетін арбаға немесе шанаға жегетін құрал-жабдықтар, әбзелдер әзірлеген. Жалпы, халқымыздың тарихына қатысты көне деректерге қарағанда, осындай ішкі қажеттіліктері үшін болмаса бұрынғы кезде сиыр малы байлықтың көзі ретінде онша көп өсірілмеген тәрізді. Тіпті бертінгі тарихтың өзінде ондай деректер көп кездесе бермейді. Көне көз қариялардың ескі кептен сыр шерткен шежіре әңгімелерінен де, мысалы, пәленшебайдың сиыры пәлен мыңға жетуші еді деп айтып отырғанын ести қоймаған секілдіміз. Мұның бұлай болуының басты себебі – сиыр малының суыққа төзімсіз, қыс айларында қолға қарап қалып, аса көп күтім тілейтіндігінен де шығар, әйтеуір қалай болғанда да барлық жерде бірдей түліктің бұл түріне ерекше көңіл бөле бермегені байқалады. Сондықтан да бұрынырақта қысқы соғымға сиыр сою дәстүр болмаған. Көбіне балалары көп кедей-кепшіктер сойған. Өйткені жылқы еті асуға бағалы болғанмен, салма (кеспе) жасауға келмейді. Сорпасы сылдырап сұйық болады. Сондықтан күнде ет асып жеуге шамасы жетпейтін кедей үйі балалары қарын-қажағын, сорпа-суын ішіп, ашықпай, тоқ отыру үшін сиыр сойған. Әдетте соғымға қысыр қалған сиыр, жасы ұлғайған өгіз шығарылып, олар қоңыр күзден-ақ қолға алынып күтіледі.

Сырт көзге сылбыр, жуас көрінетін сиыр малының да көп қасиеттерін көркем шығармалар, аңыз-әңгімелер арқылы біліп жүрген жоқпыз ба? Жалғыз өгіздің бір табын малды ұялы қасқырдан түні бойы қорғаудағы ерлігінің өзі неге тұрады? Ал, шынтуайттап келгенде кейінгі жастарымыз, үлкен қалаларды былай қойғанда, облыс, аудан орталықтарында тұратын жеткіншектердің өзі Зеңгі баба тұқымының қасиеттерін, оның басқа түліктерден қалай және қандай қасиеттері арқылы ерекшеленетінін ашып айта алмайды. Кезінде сиыр малының көшсе көлік, сауса сүт, сойса ет болып, халқымыздың қажетіне жарағанын кейінгі жастар нақты бір аңыздай қабыл алып жүрсе, соған ең алдымен өзіміз кінәліміз. «Зеңгі баба», «сиыр малы» дегенді былай қойып, осы түлікті «сүт бағытындағы мүйізді ірі қара» деп оқытып жүрген жоқпыз ба? Осыны санасына сіңірген кейінгі жастардың сиыр малының тек ет пен сүт үшін өсірілетінін пайымдағаны болмаса, одан арғыға терең байламасы анық. Ал, шынтуайттап келсек, басқа да жан-жануарлар секілді Зеңгі баба тұқымы адамға серік, әрі момын жануарлардың бірі. Ол да түйсіне, сезіне алады, қажет кезінде иесін қауіпті жағдайлардан құтқарып та алады.



































Негізгі бөлім.

1. Фразеология, теңеу терминдерінің мағыналары.

Фразеология терминнің мағынасы өте кең.

«Фразеология» термині кең мағынада алғанда, белгілі бір тілдегі тұрақты сөз тіркесінің барлық түрлерінің жиынтығы деген ұғымды білдіреді. Фразеологизмдерге идиома, фраза, мақал-мәтел жатады. Фразеологизмдердің өзіне тән негізгі қасиеттері:

  • дайын тілдік единица ретінде жұмсалады;

  • жалпыға бірдей танылған қолдану заңы болады;

  • мағына бірлігі сақталады;

  • екі сөзден кем болмайды.

Фразеологизмдердің қай-қайсысы болмасын (идиома, фраза, мақал-мәтел) бәрі де ең алғаш халықтың сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай келеді. Фразеологизмдер алдымен адамдардың ой-сезімін, ара қатынасын, өмір тануын білдіреді.

1.Фразеология- тұрақты сөз тіркестерінің жүйесін зерттейтін тіл туралы ғылымның бір саласы.

Фразеология - соңғы жылдары дамып, қалыптаса бастаған жаңа лингвистикалық пән.

Фразеология өз алдына бөлек лингвистикалық пән ретінде тіліміздегі фразеологизмдерді құрылысына, мағыналық ерекшелігіне қарай жіктеп топтастырады және тұрақты сөз тіркестерінің құрамын анықтап, оның жасалу жолдарын, даму заңдылықтарын зерттейді.

Тұрақты сөз тіркестерінің мәселелері қазіргі таңда тіл ғылымында актуалды проблемалардың бірі есебінде зерттеліп жатыр. Өйткені фразеология - тіл мәдениетін арттырып, шеберлікке үйрететін сөз өнерінің асылы. Сонымен бірге ол бір тілден екінші бір тілге аудару техникасын жетілдіреді, қазіргі дәуірде жаңа фразеологизмдердің қалыптасуы мен баю жолын аңғартады.

Тұрақты сөз тіркестері тілімізде 2 түрлі қызмет атқарады:

Бірінші, фразеологиялық единицалардың негізгі қызметі- заттың не құбылыстың атын білдіретін (қызыл алаң, құрмет тақтасы) және сөйлем түрінде келіп, пікір алысу құралы болатын тілдің элементі (көзім ашылды, жақсыдан жаман туған).

Екіншіден, фразеологиялық единицалар тілімізге образды; бейнелі және мәнерлі рең беруде, тіліміздің эмоционалды-экспрессивті бояуын арттыруда зор мәні бар.

Фразеология – гректің фразис (сөйлемше), логос (ілім) деген сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Бір ұғымда қолданылатын, сөйлем мүшелеріне ажыратуға келмейтін, грамматикалық мағыналарын өзгертіп,тіркестегі орындарын алмастыруға болмайтын, тарихи қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін фразеология дейді.

Қазақ тіл білімі ғылымында тұрақты тіркестерді тақырыптық топтарға бөліп, оларды әр түрлі бағытта қарастыру кең үрдіс алып келеді. Кез-келген тілдік құбылыстың, соның ішінде тұрақты тіркестердің табиғатын, оның тілдік заңдылықтарына ғана сүйеніп емес, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына байланысты да қарастырған дұрыс секілді.

Жалпы, орын жағынан әбден қалыптасқан, ұрамы өзгертуге келмейтін, бәрі тұтасып, бір мағынаны білдіретін, бір ғана сөйлем мүшесі ретінде қолданылатын тіркесті тұрақты тіркестер дейтініміз белгілі. Осы тұрақты тіркестердің тақырыптарына үңілетін болсақ, алуан түрлі. Сол тақырыптардың ішіндегі төрт түлікке қатысты қолданылатын тұрақты тіркестерінің этнолингвистикалық сипаттамаларына тоқталсаққазақ тілі этнолингвистикасы жайында А.Т.Қайдар: «Этнолингвистика- этностың инсандық болмысын туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани мәдени мұра ретінде атадан балаға, әулеттен нәсілге үзілмей ауысып келе жатқан дәстүрлі мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген тіл білімінің күрделі де құнарлы саласы»,- нақты, әрі тұжырымды анықтама берді. Жан-жануарлар атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестерді этнолингвистика тұрғысынан зерттеу, яғни олардың материалдық мазмұнын, тілдік табиғатын, халықтың өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі, рухани-мәдени өмірі, әдет-ғұрпы негізінде сипаттау болып саналады.

Теңеу – адамның рухани дүниесінің аса қуатты көріністерінің бірі. Ең алдымен ол ең пәрменді ойлау формаларының қатарына жатады. Ойлаудың басқа түрлерінің барлығы да (ұғым, пайымдау, ой қорытындылары) тек теңеу арқылы ғана, теңеудің тікелей қатысуы нәтижесінде ғана жүзеге асады. Теңеудің көмегімен адамдар өзін қоршаған әлемді танып біледі: заттар мен құбылыстардың арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастарды айқындайды, олардың өзара ұқсас және айырым қасиеттеріне үңіледі.

Теңеу таным құралы болумен қатар, эстетикалық категориялардың да бірі болып табылады. Олай болуы заңды да. өйткені адамның көркем ойлауының, соған орай көркемдік танымының аса қуатты құралдарының бірі-көркем әдебиетті теңеулерсіз көз алдына елестету мүмкін емес. Теңеу барлық халықтың фольклорында да, жазба әдебиетінде де кеңінен орын алып, әдеби персонаждардың портреттерін жасауда, табиғат көріністерін суреттеуде, кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін сипаттауда, басқа да толып жатқан жай-жағдаяттарды баяндауда ұтымды стильдік тәсіл ретінде мол қолданылады.

Көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша, теңеу атаулының бәрі бірдей тіл білімніне объект бола алмайды, тіл білімнің зерттейтіні- тек тұрақты теңеулер ғана, ал еркін теңеулер әдебиетшілердің еншісі болуға тиісті.Тұрақты теңеулер, басқа тұрақты сөз тіркестері сияқты, тілдің фразеологиялық жүйесіне кіреді де, сол жүйенің ең аумақты, ең пәрменді құрамдас бөлшегін жасайды. Тіл-тілдің барлығында да, соның ішінде қазақ тілінде де тұрақты теңеулер көп. Сондықтан тұрақты теңеулер мен еркін теңеулерді бір-бірінен бөліп алып, екеуін екі түрлі құбылыс деп қарастыруда қате пікір дейміз.

Тұрақты теңеулер тілдің фразеологиялық тіркестерінің құрамдас бөлшегі болумен қатар, басқа тұрақты тіркестерден түбегейлі ерекшеліктері бар нәрсе. Біріншіден, басқа тұрақты тіркестердің құрамында кіретін сөздер өздерінің жеке-жеке номинативтік мағыналарын жоғалтып, барлығы бірігіп, бір ғана тұтас мағына білдіретін болса, ал тұрақты теңеулердің құрамында кіретін сөздер әр уақытта өздерінің дербес лексикалық мағыналарын толығымен сақтап тұрады. Екіншіден, тұрақты теңеулер басқа тұрақты тіркестерден өзінің құрылымы жағынан да өзгеше болады. Тұрақты тіркестер міндетті түрде екі элементті болады. Үшіншіден, тұрақты теңеудің құрамына кіретін сөздер бір-бірімен міндетті түрде және тек қана –дай /дей, ша/ ше, ғұрлы/құрлы, ғұрлым,сияқты тәрізді көрсеткіштері арқылы байланысады. Теңеу басқа лингвистикалық категориялар мен единицалардан өзінің логикалық құрылымы, компаративтік семантикасы, стильдік функциясы және танымдық мүмкіндігі арқылы өзгешеленіп тұрады. Сонымен қатар теңеу тілдің барлық деңгейлерімен-фразеологиясымен де, сөз тудыру жүйесімен де, синтаксисімен де-тікелей қарым-қатынаста өмір сүреді.



























Зерттеу бөлімі

1.Ірі қара мал ұғымының лингвистикалық мәні.

Зеңгі баба тұқымы сиыр сөзінің қандай мағына беретінін талдай кетсек. Сиыр сөзі түркі тілдерінде кең тарағандығына қарамастан, кейбір тілдерде өзгеше дыбысталатынын мына төменде келтірілген мысалдардан көруге болады.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «мүйізді ірі қара мал; төрт түліктің бірі» деген анықтама берілген (ҚТТС VIII т. 301 б.). Қарақалпақ, құмық, ноғай, татар тілдерінде – сиыр, Қырғызстанның оңтүстік аймағында – йинек, қазақтармен көршілес аудандарда – сиыр, жалпы қырғыз тілінде – уй, ұйғыр тілінде – сіиір, серә, кейде кала, түркімендерде – сығыр, сахаларда – ынах, туваларда – инек т.б. деп аталады.

Түркі жазба ескерткіштеріне көз салсақ, М.Қашқарида – інәк, сығыр, уй, уд аталса, (ДТС 211, 502, 605, 606 б.), «Түркі-араб» сөздігінде сығыр, инек (78), «Аттуһфада» инек, сығыр (297, 373) т.б. Жинақтасақ, түркі жазба ескерткіштері мен қазіргі түркі тілдерінде бұл түлік атауы үш-төрт түрлі дыбыстық құрамда айтылатындығын байқауға болады.

Сиыр атауының түп төркіні түркі тілдеріндегі сир, сири - сығу, сығып шығару, сауу мағыналарымен байланыстыруға болады. Яғни, сауатын мал, сығыр мал. Кейінірек мал сөзі түсіріліп, сығыр<сиыр түрінде қолданылған. Ал, инек, ынах, іңек атауларының түбі ине//ене//ана//ене//ұрғашы мағыналарын берсе, к дыбысы сөз жасамдық көрсеткіш, өнімді жұрнақ.

Сиыр малының піштірілмеген еркегі, тұқымдығы бұқа аталады (ҚТТС 1 т.130 б.). Қырғыздарда – бука, ұйғырларда – буқа, түркімендерде - өкү, туваларда – буга, сахаларда – оғус, қарақалпақша – буға, ноғай, татарларда – буғай деп аталады. Ал, монғол, қалмақ тілдерінде – бух.

Ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде бұқа атауы Орхон-Енисей жазбаларында (Малов. 374), «Түркі-араб» сөздігінде (боға – 98 б.), «Ат-туһфада» (боға – 283 б.), М.Қашқари сөздігінде (бұқа) кездеседі.

Сөз төркіні, түбірі туралы түркітанушылар жорамалына келсек, бұқа, бугу (бұғы), буғра сөздерінің түбірлестігі туралы айтады. А.М.Щербактың айтуынша, «татарский и ногайский бугай по внешней форме является заимствованием из русского языка, который это же слово в форме буга заимствовал несколько раньше из других тюркских языков или монголов и придал ему, в соответствии со значением, конечный й (j». Әйтсе де, сөз соңындағы й дыбысы орыс тілінің емес, түркі тілінің өз дыбысы болу керек. Өйткені, түркі тілдерінде сөз соңында келетін й-ге аяқталатын (тиви//тевай, апай, әкей т.б.) сөздер баршылық. Еркелету, кішірейту, аялау, сыйлау, реңктерін беретін көне жұрнақ.

Сөз төркініне келсек, саха, монғол тілдерінде күшті, мықты, әлді, берік мағыналарын білдіретін бөгө, бөк сөздері кездеседі. Бұқа сөзімен тіркескен сөздердің малдың жасын білдіретіндігін А.Щербак аталған еңбегінде айтып өтеді (99 бет). Мысалы: әзірбайжан диалектісіндегі бұғана, дуран – екі жасар бұқашық, иаз бұға – екі жас пен үш жас аралығындағы бұқашық, гагауз тілінде буа алті – үш жасар бұқа. Қазақ тілінде бұқа сөзімен тіркесіп жастық мөлшер білдіретін атаулар бар (бұқашық, бұқаша, жайынша бұқа, құнан бұқа, дөнен бұқа, бесті бұқа).

Өгіз – күш-көлік ретінде пайдаланатын сиыр малының еркегі. (ҚТТС VII т. 507 б.). Тұқымға жарамайтын еркек тананы үш-бес айлығында піштіріп, семіртіп, етке де пайдаланады. Ал, жұмысқа пайдаланатындарын сегіз-он екі айлығында піштіреді. Піштірілген еркек малдың бұл түрінің аталуы басқа түркі тілдерінде төмендегідей дыбыстық құрамда кездеседі. Қырғыз тілінде - өгүз, ұйғыр тілінде – хөкүз, түркімендерде – өкүз, қарақалпақ, ноғайларда өгіз, өзбектерде – хукіз, диалектілерінде – укіз, хәвкуз, сахаларда – ат оғус. Көне түрік жазба ескерткіштерінде де кездеседі. Мәселен, Орхон-Енисей жазуында - өкүз, «Түркі-араб» сөздігінде - өгүз, «Ат-туһфада» - өкүз, М.Қашқари сөздігінде - өкүз (ДТС 383 б.). Өгіз сөзінің түп-төркіні жөнінде А.М.Щербак «Весьма вероятно, что оғуз (огуз) относится к числу древнейших заимствоаний из индоевропейских языков» - деп Г.Клаусонның пікірін қостайды. Оғуз сөзі баста малдың піштірілген, піштірілмегендігіне қарамастан, еркек малға қатысты айтылған болуы керек, ал орта ғасырлардан бастап түркі тілдерінде бұқа атауы кеңірек қолданыла бастағандықтан өгіз атауының қолданылу аясы тарылып, қазір тілімізде пайдаланып жүрген мазмұнға сәйкес келсе керек. Өгіз атауымен тіркесіп жас мөлшерінің әр түрлі кезеңін білдіретін атаулар өгізше, жай өгіз, құнан өгіз, дөнен өгіз, ажан өгіз т.б. [2]

Енді осы сиыр малының жасына қарай талдап көрсек, қашып кеткен үлкен сиыр буаз сиыр, қашпаған сиыр қысыр сиыр, ал ересек бұзау қашар деп аталады. Үлкен еркегі – бұқа, жасы – бұқаша, ал піштірілген үлкені – бұқаша деп аталады. Еркек бұзау екі жасында піштіріледі. Бұқаның қашыратын кезеңі маусымнан бастап, тамызға дейін созылады. Бір бұқа сегіз сиырға дейін қашырады. Сиыр қашып кеткеннен кейін он айдан соң бұзаулайды. Жаңа туған төл бұзау деп аталады. Үш жасында бұқаны мініске, сол сияқты ауыр жүк артуға үйретеді. Бұқа қашыруға екі жасында, ал қашар бір жасында жарамды болады. Сиыр сегіз ай бойына сауылады. Сүті әр түрлі күйінде қолданылады. Оны шикі күйінде ішеді, қатық ұйытады, одан соң оған су қосып, не қоспай қою күйінде ішеді. Қаймағынан май алынады. Сиырдың екі жасында алғашқы екі тісі, үш жасында жоғарғы жағынан екі тісі, одан соң жыл сайын екі тісі түседі. Осылайша, сегіз жасқа қарай сиырдың бүкіл алғашқы тістері жаңа тістермен алмасады. Сиыр мен бұқаның өмірінің ұзақтығы жиырма жасқа дейін жетеді.

Сонымен қатар, түйе «ащы өсімдікті» жақсы жесе, жылқы мен мүйізді ірі қараның, яғни сиыр малының тек қана «ақ өсімдікпен» қоректенетінін айту керек. Сиыр, бұқаға қыста ескі қиды шашып, төсеніш жасап, сол кезде қар үстіне жатқызбау керек, әйтпеген жағдайда олар жүдей береді, одан соң ауырып, арам қатады. Сиыр бес жасында толық пісіп жетіліп, өз күшіне келеді.




2. Ірі қара малға қатысты қазақ тіліндегі аталымдар, тұрақты теңеулер, фразеологиялық теңеулер.

Зеңгі баба тұқымы сиыр сөзінің қандай мағына беретінін талдай кетсек. Сиыр сөзі түркі тілдерінде кең тарағандығына қарамастан, кейбір тілдерде өзгеше дыбысталатынын мына төменде келтірілген мысалдардан көруге болады.Зеңгібаба – сиыр түлігін меңзейтін атау. Н.Ізтелеуов «Рустем дастанында» зеңгі-түр-түсі қара халық, негрлер, үндістандықтар да зеңгі деп аталады –деп түсіндірген. Ал біздің «зеңгібаба» дегенді осы «зеңгі» сөзінің дыбыстық өзгрісті арқылы ауысқан сөз . Сонда «зеңгібаба» деген тіркесті қазақи ұғымға сәйкестендірсек, «түрі-түсі қара халықтардың бабасы, екінші сөзбен айтқанда, сиыр үнділердің бабасы» деп аударуға тура келеді. Көне түркілік тілімізде «сиыр судан жаралған» деген тұрақты тіркесі бар. Үнді діннің мүрәсімдерінің көбі дария бойында өтеді, сумен қатысты. Осыған қарағанда Үнді діні сиырдың ерекшелігін негізгі тұтқа еткен дін деп айтуға болатын сияқты. Халық даналары: «жаман сиыр өрешіл» деп, «құдай сүзеген сиырға мүйіз бермейді » деген, «сиыр сипағанды білмейді» деп, сиыр мінез- теріс, шадырмінезді кісілерді осылай атаған екен. «Мүйіздескен сиырдай» тіркесі- жанжалдасу, өзара қастасу мағынасында жұмсалады. «Осырған сиырдай қылды»- әбден ұялтты, масқаралады деген ұғымды білдіреді, ал «Сиырдың бүйрегіндей бытырады» бұл – бет-бетіне, жан-жаққа тарап кетті мағынасында. «Сиыр құйымшақтатты» -аяқсыз қалдырып берекесіз етті соңы сұйылып кетті мағынасында қолданылатын сөз тіркесі. «Сау сиырдың боғы емес» тұрақты тіркесі бір бәлесі, сұмдығы бар деген мағына беріп тұр. «Сиырдың жорғасы секілденіп» - еп қуып, майда жүріске салыну ұғымын білдіреді. «Сиыр мінезі сүйкімсіз қылық» –көрінген нәрсеге орынсыз соқтыққанда айтылады, «Сиыр тектес»- жөн сөйлемейтін, қисық, қыңыр адамды айтады. «Сиыр сәске» (түс) тұс болуға таянған мезгілді білдіретін халықтың уақыт өлшемі, «Үлкен сәске» –күн қызған шақ. «Сиырма құйрық» (диалект)- өтірік шығарып салма, жалтартпа сөз дегенді білдіреді. «Сиыр бүйрек»-бөлек-бөлек болып жатқан ұғымды білдіреді, «сиыр соқпағы»- а) шағын дау, аса ұзақ емес жол, б) дау дамай талас, «сиыр тілді»-ретсіз, жөнсіз, артық сөйлейтін адам, «сиыр көз»- көзі аларған, ақшиған адам мағынасын ашады. «Тұлыпқа мөніреген сиырдай»- бос алданып, көңіл жұбанышына сену, алданыш ету, жұбану, «сиыршыла»- орнынан әрен ,зорға тұру дегенді түсіндіреді. «Сиыр» -1. сөйлес, ысыру, сыпыру, 2) сыдыру, аршу мағынасын білдіреді. Қазақ тілінде кездесетін Зеңгі бабаның қорғаушысы сиыр малына қатысты тұрақты тіркестерге көз жіберейік. Сиыр малына қатысты тұрақты тіркестер негізінен осы Зеңгі бабаның ұрпағының жақсы қасиеттерін мадақтайды. Осы қасиетті малдың ағылған мол балдай тәтті сүті мен етін және сонымен қатар, мінсе көлікке жарайтынын, күшін көрсетеді. Мәселен, кісі түшкіргенде қалжың, әзіл-сықақ ретінде айтылатын тілек: Ақ тұш, ақ сиырдың сүтін іш! немесе Ақ тұш, ақ сиырдың майын іш! Бұл қалжың ретінде айтылатын тілек әзіл-сықақ ретінде айтылса да, шындықтың бір бөлігі бар. Ақ сиырдың сүтін іш деп тек жақсы сыйлы адамдарға тілеп жатады.

Тана көз – мөлдіреп, жайнап тұратын үлкен көзді айтады.

Сиыр өзен жағалаған егінші, отырықшы елге жайлы, жағымды болғанымен көшпелі елде онша бағаланбаған. Өйткені жүріске кем, жүні тықыр сиыр малына ерекше бағым-күтім қажет. Ол жазда жайылым талғайды, қыста қолға қарайды. Оған жылы қора, жиюлы шөп керек, шөлге де шыдамсыз. Сондықтан басқа малдарға қарағанда көшпелі ел сиырды аз ұстаған. Қайсыбір жайсыз адамдардың жағымсыз мінез-қылықтарын сынағанда да Сиыр мінез, Сиырдай мүйіздесті деп сиырды ұнамсыз кейіпте таниды.

Сиырдай мүйіздесті - өзара қырылысты, түртпектесті. Өзара ынтымағы, бірлігі, татулығы жоқ халық, әлеуметтік топ қолдағы барынан айрылады, бар байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді.

Сиырдың бүйрегіндей бытырады – бет-бетіне жан-жаққа тарап кетті, басы қосылмады, берекесі кетті.

Сиырдың бүйрегіндей бытырау тұрақты тіркесінің идиоэтникалық семантикасы аңызда әдетте былай сипатталады: «Барлық жан-жануарды жаратып, оларға бүйрек үлестіргенде қашанғы сол жай басарлығымен кешігіп келген сиырға жетпей қалыпты. Ол бұл жалғанда енді бүйрексіз қайтіп күн көрем деп, азан-қазан болып өкіріп жылапты. Сиыр сорлының көз жасын көрген жануарлар қабырғалары қайысып, оның көңілін аулаудан бөтен көмек көрсете алмайды. Ең соңында сиыр оларға бүйрек алып бүйірлерің шығып тұрған жансыңдар ғой, тым болмаса құр қалған туыстарыңа берер жылуларың жоқ па дейді. Оның бұл сөзін жөн көрген жылқы, түйе, қой т.б. жануарлардың әрқайсысы сиырға бір жапырақтан бүйрек жиып беріпті. Сонымен сиырдың бүйрегі басқа жануарлардың бүйректерінен бөлек бұжыр-бұжыр, қырық құрау бүйрек екен. Сиырдың қилы-қилы мінездері осы қырық қиқымнан құралған без бүйрегінің белгісі деп аңыз етеді».

Ірі қара малға қатысты тұрақты теңеулер маңызы

Атан өгіздей құнажын сиырдай, құнан өгіздей - үлкен

Аусыл сиырдай- сиырда болатын ауру

әукесі түсті (әуке сиыр малының мойын астында

салбыраған бұғақ терісі) ұнжырғасы түсті, жүдеп-жадады,

байлаулы бұзаудай- өз үйінен шықпай отыра беретін адам, тәуелді.

бесті бұқадай- ірі, бойларының биіктігі шамалас

бұзау қорадай- іші тар

бұқадай жуан мойын- жуан мойын

бұқаша қарау- жас бұқа, бұқаша қарау

бұқаша көз аларту- көзін сүзе қарау

бұралқы өгіздей – иесіз қалған, қаңғыбас

егінге түскен сиырдай жайпау –сыпырып- сиырып жеу, тып-типыл ету

жаңа туған бұзаудың көзіндей - өлімсіреген жанарсыз көз

жас бұзаудың басындай- былқ-сылқ

жынданған бұқадай- ашулану


3.Қазақ тілі және ағылшын тіліндегі «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы фразеологялық теңеулер.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің жағымды және жағымсыз коннотациясы жалпы алғанда екі тілде де бірдей, бірақ әр тілде теңеу образы ретінде әр түрлі заттар мен құбылыстардың атаулары пайдаланатыны байқалады. Егер ағылшын тілінде теңеу образы рөлінде құстардың ішінде ауыс, түйеқұс, жапалақ, қаз лексемалары қолданылса, қазақ тілінде аққу, бұлбұл, бүркіт лексемалары қолданылған. Ағылшын тілі теңеулерінде қазақ тіліне қарағанда тарихи адамдар, тарихи оқиғалар, жер атаулары сияқты жалқы есімдер теңеу образы ретінде көбірек қолданыс тапқан.

Екі тілдің фразеологиялық теңеулерін лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғысынан талдау барысында олардан ұлттық дүниетаным ерекшеліктері мен ұқсастықтары бар екені анықталды. Ішкі мәдени танымдық коннотацияның ұқсас не сәйкес келуі, ұлттық дүниетаным деген түсінікпен ұштасып, оның екі халықтың дүниетанымына ортақ болуына байланысты. Ал ұлттық дүниетанымның ерекшелігі, оның тілдегі көрінісі тіл иелерінің өз даму тарихы, әр түрлі табиғи ортасы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілік, шаруашылық түрлері т.б. жағдайларына байланысты деп білеміз.

Қазақ тілінде Сиыр мінез – сүйкімсіз қылық, көрінген нәрсеге орынсыз соқтыққанға айтылады.

Тағы да бір сиыр малын жағымсыз кейіпте көрсететін тұрақты тіркестің бірі – Сиыр құйымшақтатты. Бұл тіркестің мағынасы аяқсыз қалдырып, берекесіз етті, соңы сұйылып кетті дегенді білдіреді. Сонымен қатар, сиыр құйымшақтанып кетті деген нұсқасын да ұсынуға болады. Бұл тіркестің мағынасы – ол құр бос уәде беру, уәдесінде тұрмау дегенді білдіреді.

Енді, Қашпаған қара сиырдың уызына қаратты деген тіркесті талдар болсақ, тура мағынасында қашпаған қара сиыр төлдемейді. Ал, төлдемеген малда уыздың да болмайтыны белгілі. Бұл тіркестің ауыспалы мағынасы - болмаған, болмайтын нәрседен үміттену – парықсыздық, өзін-өзі алдау, қолдан келмейтін іске дәмелендіру, бос сөзбен емексіту.

Құнажын көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын (жібін) үзбейді – бекерден-бекер себепсіз тиіспейді, орынсыз өздігінен ұрынбайды. Кейде бұл тіркесті Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді деп те жатады. Бұл тіркес қыз, әйел жігітке өздігінен тиіскенде әзіл ретінде айтылады.

Өгіз сөзі кездесетін бірнеше сөз тіркестеріне көңіл аударсақ. Өгізді қара күш иесі ретінде көрсетіп тұрған Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, тіркесі. Әдетте, адам өзі үшін бір нәрсе істесе, соған бар күшін жұмсайды, уақыт та табады, керекті қаражат пен қажетті заттарды да табуға да тырысады. Ал, біреу бір нәрсе істеп беруді өтіне қалса, оған аяқ астынан сылтау тауып, орындаудан жалтаруға тырысады. Оның бірде уақыты жоқ болса, енді бірде ол ауырып қалады, бірде қолы тимесе, енді бірде тағы бір себеп табылады.

Өгіз аяң – шабан жүріс, баяу қарқынды іс дегенді білдіреді. Мысалы,

Өгіздей өкірді; өгізше өкірді – қатты айқайлап дауыс шығарды, бақырып жылады дегенді білдіреді.

Өгіздей болып ап – үп-үлкен, дап-дардай бола тұра деген мағынада.

Ханның қара өгізін сойып алғаннан жаман не бар - өктем таптың аяусыз, қаныпезер қылығы туралы айтылады. Ескі заманда ханның малын барымталаған кісі, немесе рулы ел оны әлденеше есе етіп төлеуге мәжбүр болған, ал барымташы кісіні хан үкімімен масқаралап, құртып жіберу дәстүрі болған.

Мұрнын тескен өгіздей – кекесін, көнгіш, ырыққа ергіш, жуас дегенді білдіреді.

Аузын буған өгіздей – жұмған аузын ашпау, тіс жармау, мыңқ етпеу дегенді меңзейді.

Өгіздей өңкиген – денесі ебедейсіз үлкен, еңгезердей деген мағынада.

Ал ағылшын тілінде - «Күштілік» концептісі. Бұл концептіге as strong as a bull (өгіздей күшті сияқты фразеологиялық теңеуге жатады).

«Жағымсыз» мазмұндағы концептілерге жататын фразеологиялық теңеулер адамның ақымақтық, қорқақтық, ашкөздік т.б. сол сияқты жағымсыз жақтарын суреттейді.

«Мінез-құлық» концептісі. like a bull at a gate (сөзбе-сөз: қақпа алдында тұрған бұқадай ашулы) т.б. фразеологиялық теңеулер адамның әр түрлі мінез-құлқын сипаттау үшін қолданылады.

Жоғарыда келтірілген өгізге, сиырға қатысты тұрақты теңеулер, фраезеологиялық теңеулер, тұрақты сөз тіркестеріне көз жіберсеңіз, бұл тіркестерде өгіз, сиыр малын көбіне жағымсыз кейіпте көрсетіп тұрғанын байқауға болады.

Тілімізде бұл ірі қара төңірегінде кездесетін тұрақты сөз тіркестерінің кейбір тұстары міне осындай.


















ІV. Қорытынды

Соңғы жылдары тіл білімінде қазақ тілін генетикалық және типологиялық жағынан зерттеу мәселесі кеңінен өріс алып келеді.

ХХ ғасырдың соңғы жылдары дами бастаған тіл білімінің антропологиялық парадигмаға көшу үрдісі "адам-тіл-мәдениет" және "адам-тіл-ойлау" үштігіне сүйенетін гуманитарлық зерттеулердің жаңа бағыттарына жол ашты. Бұған дейінгі талдау түрде жүргізілген зерттеу жұмыстары құрылымдық-мағыналық бағытта ғана қарастырылып келсе, бүгінгі таңда антропоцентристік бағыттағы уақыт көшінде әртүрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеу ерекше қызығушылық танытуда. Тілді, тілдік бірліктерді адами факторлармен, адами құндылықтармен бірлікте қарастыру қазіргі тіл білімінің алға тартып отырған басты бағыттарының бірі. Бүгінгі күні адами факторларға ерекше мән беріп, тіл иесінің тілдік бірліктерді дұрыс, ұтымды қолдану, мән-мағыналарын терең түсіну мәселесі ғылыми еңбектерде жиі көтерілуде. Осындай зерттеу жұмыстарында ұлттық құндылықтарға қатысты мәдени деректерге көп көңіл бөлініп, тіл тек тұлғалық (формалық) жағынан ғана емес, сонымен қатар ол мағыналық, ұғымдық, мәдени-концептілік тұрғыдан жиі қарастырылып, талданатын болды. Тілді ұлттың тарихымен, мәдениетімен, рухани қазынасымен, яғни дүниетанымымен тығыз қарым-қатынаста, бірлікте алып қарастырылған жағдайда ғана ұлттық тілдің табиғатын шынайы танып білуге жол ашылады.

Жұмыста ірі қара малға қатысты қарастырылған тұрақты теңеу, фразеологиялық теңеу, фразеологиялары жүйеленіп, талданып, маңызы ашылды. Ірі қара малға қатысты қазақ тілінде, ағылшын тілінде де көбінесе жағымсыз жағынан ғана кездесетіні анықталды.

Бұл жұмыспен айналысу барысында өзімнің төрт түлік, әсіресе ірі қара малға қатысты білімімді толықтырып, тұрақты теңеулер, тұрақты тіркестер, фразеологиялық теңеулердің мағыналарын ашып түсіндім, сөз қорымды байытып, салыстырмалы жұмыс жүргізіп, ағылшын тіліндегі тұрақты теңеулер және қазақ тіліндегі тұрақты теңеулер мағыналас екеніне көзім жетті. Қазақ тіліне деген қызығушылығым артып, бұл тақырыпты зерттеуге жалғастыруды көздеймін.

Біздің еліміздің лексикасы бай болғандықтан, оны зерттеуге, басқа туыс емес тілдерінің лексикасымен салыстыру жұмыстарын жүргізу керек. Қорыта айтқанда, біз жоғарыда ірі қара малға қатысты тілімізде қолданылатын тұрақты сөз тіркестерінің этнолингвистикалық сипатын анықтауға тырыстық. Жалпы біздің ойымызша, тіліміздегі қайсыбір болмасын тұрақты тіркестердің табиғатына үңіліп, тілдік заңдылықтарға негіздей отырып қарастыру – халқымыздың дүниетанымын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын тағы да жан-жақты тануымызға мүмкіндік береді деп білеміз. Сол себепті де тіліміздегі қолданылатын төрт түлік малға қатысты тұрақты тіркестер мәселелері әлі баршылық. Біз бұл жұмысымызда тілші ғалымдардың ғылыми еңбектеріне сүйене отырып өз топшылауымызды тілге тиек еттік. Ал бұл тақырыпты зерттеп талдау, өзіндік бағасын беру болашақ тілші ғалымдардың үлесінде болмақ.

Ұсыныстар:

1.Мектепте тіл үйірмелерінде, қазақ әдебиеті сабақтарында, тілге қатысты шараларда қолдануды ұсынамын.

2.Ірі қара малға қатысты фразеологизм, тұрақты теңеулер, фразеологиялық теңеулердің жазушылардың шығармаларында, мақал-мәтелдерде, ақындардың өлеңдерінде қолдануын зерттеу.

3. Ірі қара малға қатысты фразеологизм, тұрақты теңеулер, фразеологиялық теңеулерді қазақ және шет тілдерінде, түркі тілдерімен салыстырмалы түрінде зерттеу жұмысын жүргізу.

4.Фразеолгизм, тұрақты теңеулер, фразеологиялық теңеулерді оқытып, оқушылардың сөз қорын молайту, білімдерін тереңдету, шығармаларды жазу әрекеттерін дамыту арқылы қазақ тілі, мәдениетіне, дәстүрлеріне қызығушылықтарын арттыру.

















V. қолданған әдебиет тізімі


1.8 томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" (1974-1986) ,

2.«Қазақ тілінің сөздігі" (1999),

3."Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі" (І. Кеңесбаев, 1977),

4."Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі" (1966),

4. "Қазақ тілінің тұрақты теңеулері сөздігі" (Т.Қоңыров, 2007,Алматы, Арыс),

5. "Англо-русский фразеологический словарь" (А.Кунин, 1984),

6."Новый большой англо-русский словарь" (в 3-х томах. Под.общ.ред. Ю.Апресяна, 2000),

7."Русско-английский фразеологический словарь "(Д.Квеселевич,2000).

8. Т.Б. Сағатбекқызы «Түркі тілдеріндегі төрт түліктің жасына қатысты атаулардың этнолингвистикалық сипаты», Афтореферат, Алматы, 2005, (16, 17 б.б.)

9. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті, Алматы, 2008, Дайк-Пресс





































VІ.Қосымшалар