Қазақ тілі . 6 сынып. «Көркем шығармадағы портрет» тақырыбында тіл ұстарту сабағы.

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Сабақтың тақырыбы: 6 сынып. Қазақ тілі. «Көркем шығармадағы портрет» тақырыбында тіл ұстарту сабағы.

Жалпы дидактикалық мақсат:

  1. Жаңа білім ақпаратын қабылдау мен түсінуге; ББД(білім , білік дағдыларын) таныс және жаңа оқыту жағдайында қолдана білуге;

  2. ББД жүйесін қабылдау деңгейін тексеруге жағдай туғызу.

Үш бірыңғай дидактикалық мақсат:

Білімділік мақсат:

1. 6-сыныпта оқушылардың пәнге қызығуын, ынтасын арттыратын әлеуметтік, танымдық мотивтердің қалыптасуына жол ашатын, дүниетанымдық көзқарасын тереңдететін, сапалы білім мен іскерлік дағдысын қалыптастырады. Сөз таптары бойынша білімдері интерактивті технология арқылы оқыту қағидалары кешенді жаттығулар мен тапсырмалар арқылы пысықталып, оқушының алған білімін бекітеді, сауаттылығын арттырады.

Дамытушылық мақсат: ББД қалыптастыру мен дамыту оқушы құндылығының негізі:

1.Ақпараттық: әр түрлі ақпараттық құралдармен жұмыс жасай білу; мәтіннен ең негізгі мәселені көре білу; алынған ақпаратты кесте, слайд, тезис түріне айналдыра білу.

2. Коммуникативтік:ауызша сөйлеудің негізгі тәсілдерін меңгере алу: монолог, диалог, сұрақтарға қысқа жауап қайыра білу, полилог деңгейінде өз ойын сауатты, анық , дәлелді жеткізе білу; өз көзқарасын қорғай білу.

3. Оқу-зерттеушілік: жұмысты орындаудың ең тиімді жолдарын өз бетінше орындай алу; оны жүйелей білу.

4. Әлеуметтік: белсенді жеке тұлға рөлін орындау.

5.Технологиялық:тапсырмаларды орындау барысында өзіндік қолтаңбасын (элементін) қалдыру;

6. Рефлексиялық: өзінің оқу іс-әрекетіне талдау жасай алу; өзінің іс-әрекет нәтижесін түсіне отырып, қиындығын (қателігін) таба білу.

Тәрбиелік мақсат:жеке тұлғаның пәнге деген қызығушылығын көтеру, толеранттық , сыйлау, құрметтеу қасиетін тәрбиелеу.

Сабақ типі: аралас

Сабақ түрі: тіл ұстарту ,

Пәнаралық байланыс: әдебиет,музыка, сурет

Қызығушылық іс-әрекетін ұйымдастыру:

  • Жалпылай

  • Жекелей

  • Топпен

Оқыту әдістері:

  • баяндау, иллюстрациялық түсіндіру, сипаттау, салыстыру, сұрыптау, жинақтау, талдау, интерактивті, тірек белгілерін, Қ.Бітібаеваның жобалау технологиясы, топтау стратегиясы,ойын элементтерін пайдалану

  • Көрнекілік(слайдтар, суреттер) интерактивті тақта, on –Iine жүйесі бойынша сабақ өткізу.

  • Практикалық(мәтінмен жұмыс, тапсырмалар орындау)

  • Сабақта енгізілетін терминдер мен түсініктер: «портрет», «мінез»;

  • Сабақтың барысы:

Мұғалімнің кіріспе сөзі: Құрметті сабаққа қатысушы оқушылар, Ұстаздар!Қазақ халқы –ежелден шешендікке әуес, тіл өнеріне жетік халық. Сондықтан әрі анық, әрі көркем сөйлегенді тіл өнерін барынша бағалаған. Бұған «Өнер алды –қызыл тіл», «Сөзі мірдің оғындай», «Тіл қылыштан өткір»сияқты мақал-мәтелдер дәлел. Осындай тамаша өнерді игеру, тіл байлығының мұрагері болу-ана тілін ардақтайтын әр адамның абройлы ісі десек бүгінгі сабағымызды да осы мәселе төңірегіне арнадық. Адамның мәдениеттілігі білімімен, дүниетанымының кеңдігімен, еңбектегі қол жеткен табыстарымен ғана шектеліп қоймайды. Сөйлеу және жазу тілінің тазалығымен, байлығымен,өткірлігімен де өлшенетінін естен шығармағанымыз дұрыс. Олай болса, іске сәт!

«Әдемі сөйлеу» дегенді қалай түсінеміз?-қызығушылықты ояту.

1-тапсырма:Бұрын оқылған шығармалардағы кейіпкерлерді еске түсір және сәйкестендір:

Авторы

Шығарма аты

кейіпкер

Б.Майлин

«Даудың басы-Дайрабайдың көк сиыры»

Әмір, Әйгерім

М.Әуезов

«Біржан сал Абай ауылында»

Дайрабай

Б.Момышұлы

«Жауынгердің тұлғасы»

Мөңке

Ә.Нұрпейісов

«Балықшылар»

Полковник Серебряков

Б.Соқпақбаев

«Менің атым Қожа»

Тұрар

Ш.Мұртаза

«Тұтқын бала»

Майқанова


2-тапсырма:Үзіндіде кімнің портреті берілген?

...Бір түрлі болды нұсқасы,

Кеудесі болды кепедей,

Мұрны болды төбедей,

Күрек тісі кетпендей,

Кеңірдегінің тесігі

Жүгімен түйе өткендей...


Жауабы:

  • Ол-...(Біржан) «Біржан сал Абай ауылында» М.Әуезов

  • Ол- (Федоров) «Балықшылар» Ә.Нұрпейісов

  • Ол-Еламан «Балықшылар» Ә.Нұрпейісов

  • Ол-Қожа «Менің атым -Қожа» Б.Соқпақбаев

Ол-Ұлтан «Алпамыс батыр»

Кейіпкердің портретін оның сырт бейнесі: бет пішіні, дене бітімі, киім киісі т.б. құрайды. Кейіпкердің портретін әсіресе оның көзге көрінетін бейнесі, қимыл-қозғалысы, жүрісі, бет қимылы, өзін-өзі ұстау әдебі көрсетеді.

3- тапсырма:Мәтін бойынша жұмыс а) Мәтінді мәнерлеп оқу.

...Хамит-ұзынша бойлы, жауырынды, тіп-тік сұр жігіт. Қырлы мұрынды, шүңіректеу көзді қаракер тобылғы көзді, қырқып жүретін сақалы, мұрты бар. Жасы жиырма бес, жиырма алтылар шамасында. Сом сұлу денесі ылғи сіңірмен шиырылған күшті көк етті еді. Бар денесі серіппелі көктемірден құйып жасалғандай.Түйіліп жазылған қиғаштау қасы мен тұңғиықтау көзі Хамитте зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін көрсетеді. Бет аузы бүркіттің бетіндей. Қыран бүркіттің түрпілі саусақтарындай, күшті темірдей жұдырықтарын түйіп, кәрін тігіп кіжініп:

-А-а.Қандай қылайын!-деп төніп келсе, өлген кісінің аруағы ұшып кететіндей азамат.

(«Бандыны қуған Хамит» Сәкен Сейфуллин)

Мәтін бойынша талдау

Мәтінде кімнің портреті суреттелген? Қалай суреттелген? Нені байқадық?

Оқушы жауабы: Бұл мәтінде Хамиттің портреті берілген. Хамиттің сырт тұлғасы бүгінгі замандағы кинода кездесетін роботтарды еске түсіреді. Оны қыран бүркітке ұқсатады. Денесін құйып жасалған көк темірге ұқсатады. Осы суреттеуден Хамиттің мықтылығын, ер жүректілігін, қайсарлығын, батылдығын аңғаруға болады.

4-тапсырма Хамитті суреттеуде пайдаланылған сөздерді кесте бойынша жүйеле.

қырлы мұрынды


Сіңірмен шиырылған күшті

кәрін тігіп кіжініп

шүңіректеу қаракер тобылғы көзді

сом сұлу

Ұзынша бойлы

қиғаштау қасы


Серіппелі көк темірдей

жауырынды

тұңғиықтау көзі

Қыран бүркіттің түрпілі саусақтарындай

Тіп-тік

бет аузы бүркіттің бетіндей


Темірдей жұдырықты

25-26-лар шамасында

сұр жігіт


қырқып жүретін сақал, мұрты




1сұрақ: Хамиттің портретінде оның еркіндігін, ешкімге бас имейтін қайсарлығын қай сөйлемнен байқауға болады?

Жалпы шығамаларда қаһарманның сырт бейнесін оның ішкі жан дүниесімен, тағдырымен, өмірімен тығыз байланыста алады. Жазушы назарына іліккен кез келген сөзден бет пішініндегі өзгерістерді, мимикасын, жымиысын т.б. кейіпкердің мінез-құлқын тануға, түсінуге әсер етіп тұрады.

Ал портрет-мінездемеде адамның сырт бейнесін суреттеу арқылы оның ішкі жан дүниесін байқауға да болады.Мысалы оны мына сөйлемнен көреміз:

5-тапсырма: Түйіліп жазылған қиғаштау қасы мен тұңғиықтау көзі Хамитте зор қайрат, үлкен қайсарлық бар екенін көрсетеді.-осы сөйлемге морфологиялық талдау жасау.

Түйіліп-түбірі түй- нег етістік, -іл-ырықсыз ет жұрнағы, -іп-көс жұрнағы, салт, дара, туынды.

Жазылған-түбірі жаз-нег ет, -ыл-ырықсыз ет.жұрнағы,-ған-есімше жұрнағы, салт, дара, туынды.

Қиғаштау-түб қи-нег.ет.-ғаш-сын е.жұрнақ, -та-ет.жұрнақ,-у-тұйық ет жұранғы, дара, туынды.

Қасы-түб қас-зат есім, -ы тәуелд.ж. 3жағы. дара, негізгі, жалпы, деректі.

Мен-жіктеу есімдігінің 1 жағы, жекеше.

тұңғиықтау –түб тұңғиық-сын есім, -тау-сын есімнен сын есім тудыр жұр.қатыстық сын есім, дара, туынды.

көзі-түб. көз-зат есім, -і-тәуелдік жалғауының 3жағы, жалпы есім, дара, негізгі, деректі.

Хамитте-түб. Хамит-зат есім, -те-жатыс септік, жалқы есім, дара, негізгі, деректі.

Зор-түбір сын есім, нег, дара, сапалық.

қайрат-түб зат есім, дара, нег, дерексіз, жалпы.

үлкен –түб сын есім, сапалық, дара, негізгі.

қайсарлық –түб-қайсар-сын есім, -лық-зат есім жұрнағы, дара, туынды.

бар –бейтарап сөз

екенін-көмекші етістік.

көрсетеді-түб көр-нег. болымды ет.-се-жұрнақ, -т-өзгелік етіс жұрнағы, е-көсемше жұрнағы, ді-жіктік жалғауының 3жағы.дара, туынды, сабақты.

6-тапсырма:Адамның түр-тұрпатын, мінез-құлқын сипаттайтын қандай фразеологизмдерді Хамиттің портретін жасауға, мінезін бейнелеуге қолданар едің?

1.Азуын айға білеген-мейлінше батыл, қайратты,

айылын жимау-қорықпау,

азуы алты қарыс-қаһарлы,

жаны сіріден жаралған-мықты,

жүзіктің көзінен өткендей-сұлу,

жүрегінің түгі бар-қорықпайды,

кәріне міну-қаһарлану,

жайдың атқан тасындай-аса мықты,

қадалған жерінен қан алу-дегеніне жету,

қайрауы жеткен-бабына келген.

7- тапсырма: Осы фразеологизмдерді қатыстырып сөйлем құра.

Жүзіктің көзінен өткендей сұлу Хамиттің мінезі де жайдары.

Хамиттің күш-қуаты жайдың атқан тасындай.


8-тапсырма:Оқушылардың шығармашылық жұмысы 1. Өз портретіңді немесе досыңның портретін суреттеп жаз.

Шыңғыс: Менің өзімнің тұрпатымды жаңа ғана бой көтеріп келе жатқан жас бәйтерекке ұқсатамын. Бет пішінім ақ сұр, қысыңқылау қой көзді, жазық маңдай. Денем қаңылтақ болғанымен жүрегімде жалын атқан жігерім бар. Заман тынысын, өмір ағысын сезініп болашақта өз жолымды табу үшін, мақсатыма жету үшін еңбектеніп жүрген жайым бар.

Аягүл : Талшыбықтай бұралған өң келбетім

Жұқа ерін, қыр мұрынды, шұңғыл бетім,

Ақтығым су маржаны- меруерттей,

Мінекей менің осы портретім.

9-тапсырма: Өз ойыңды дәл жеткізу үшін сөздерді дұрыс қолданып, сөйлемдерді дұрыс құра білуіміз қажет. Ендеше қазір біз мына тапсырманы орындаймыз. Сендер Қарағанды қаласындағы сурет көрмесіне барып, суретші Майса Ықыласованың суретін көрдіңдер. Осы көрген суреттеріңді аналарыңа, әпкелеріңе қалай суреттеп жеткізер едіңдер? Бұл суретті мүлдем көрмеген адам сол суретті өзі көргендей болуы қажет.

Қазақстан Республикасының суретшісі Майса Ықыласованың шығармашылығы туралы. Ол өте жан-жақты суретші. Суретші бейнелеу өнерінің ішіндегі бірнеше саланы алып жүр. Батик, кескіндеме, графика салаларының әрқайсысында суретші өзінің шығармашылық құрылымын шынайы бере біледі. Майса Ықыласова адам сезімінің қыр-сырын шығармаларындағы лирикамен ұштастырады. Ол өзінің әрбір шығармасында жазу сызықтарын жеңіл қолданып, бояу түстерін үйлесімділікпен таңдайды. Мысалы, портреттеріндегі бояулар адамның ішкі дүниесін шебер бейнелейді. Суретші өз шығармаларындағы символикалық белгілер мен сұлу қыздың суреті арқылы ақындар жыр ететін өлең жолдарын қылқаламның ұшымен жеткізгісі келгендей. [pic]


Мен өз ойымды мына өлең жолдарымен жеткізер едім. Менің ойымша бұл сурет өлеңмен өрілген. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» өлеңін оқып береді.

Нұртас :Мен өзімнің көркемсурет галереясынан көрген сурет бойынша өз ойымды анама былайша айтар едім. Анашым, мен бүгін көрмеде бір тамаша жас сұлу қыздың портретін көрдім. Мен бұл портреттегі қыздың сұлулығын батырлар жырында жырланатын Құртқа, Гүлбаршын сұлуларға ұқсай ма деп ойладым. Олай дейтін себебім толқын шашты бұрымы жер сызады, белі қылдай, қарақат көз, қиғаш қас, нәзік қыз. Қазақтың ұлттық киімі: үкілі камшат бөркі, бүрмелі етек көйлегі, камзолы тал бойына жарасып-ақ тұр. Сақина-жүзік, білезік, шашбаулары да адамның көзін тартады. Сұлу қыздың сыртқы сұлулығы ішкі жан дүниесінің сұлулығымен де ұштасып жатқандай. Және тағы бұл суретті сізге ұқсаттым, анашым.

Үйге тапсырма:

  • 1-деңгей: Ғ. Мүсіреповтің “Талпақ танау” шығармасы бойынша көркемдегіш кұралдарды жүйелеп келу.

  • 2-деңгей: Ғ. Мүсіреповтің “Талпақ танау” шығармасы бойынша портреттерді табу.

  • 3-деңгей: ”Жан сұлулығы” дегенді қалай түсінесің?-эссе жазу.

Рефлексия

  • Портрет-адамдардың кескін, келбетін, пішінін, тұлғасын суреттеу.

  • Мінез-шығарма кейіпкерлерінің сыртқы портретімен қатар ішкі портретін-мінезін, наным-сенімін, сезімін, дүниге көзқарасын суреттеу.

Мұғалімнің қорытынды сөзі:

Оқушының жеке тұлға ретіндегі мәдениеті, ой-өрісі, дүниетанымы әдеби тілде сауатты сөйлей білуі – болашақта өз жолын адаспай табуының кепілі.. Олай болса, қазақ халқының ақиық ақыны М.Жұмабаев айтқандай: "Баланың маңайында сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті. Және баланың маңайындағы адамдардың жүріс- тұрыстары да әдепті, сұлу болуға тиісті.Сұлу дене, сұлу қозғалысты көріп өскен баланың денесі де, қозғалысы да сұлу болады". Қашанда жандарыңның сұлулыққа құштар болуына тілектеспін!

Оспанова К.К.

Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

Аршалы ауданы,Турген ауылы

Тургенев орта мектебі

7