Әлеуметтік желінің қажеттілігі тақырыбында дебат (пікір - талас) 8 сынып

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Пікір-сайыс тақырыбы«Әлеуметтік желінің қажеттілігі...» 

Сабақтың мақсаты: Оқушыларды әлеуметтік желі туралы білімдерін кеңейту.
[pic]

Білімділік: Әлеуметтік желі – интернетке байланысты оқушылардың алған білімдерін нығайту, тиянақтау, бір жүйеге келтіріп, қорытындылау;

Тәрбиелік: Оқушыларды өз ойларын тиянақты айта білуге, сахнада өздерін сабырлы әрі тәртіпті ұстауға ескеріп, қарсыластарын тыңдай білуге баулу;
Дамытушылық: Оқушыларды өз көзқарасын білдіруге, оқушыларды тапқырлыққа, ізденімпаздыққа, шығармашылық қасиеттерін дамыту, пәнге қызығушылығын арттыру;
Сабақтың түрі: дебат /пікір-талас/
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап /ситуация туғызу, шешу жолын айту, нақты дәлелдер келтіру/
Сабақтың көрнекілігі:  бейнеролик, слайд
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
1. Сәлемдесу.
2. Топ мүшелермен және сарапшылармен таныстыру.

Жүргізуші:

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар,оқушылар!

Әлеуметтік желілер бүгінде адам өмірінде елеулі орынға ие болды және сол өмірде ұзағынан қалуды ұйғарған секілді. Адамдар арасында бөгетті бұзған әлеуметтік желілер біздің қарым-қатынас құруымыз үшін шексіз мүмкіндік беруде. Дегенмен, әлеуметтік желілер феноменінің басқа жағы да бар. "Жақсы" мен "жаманды" айырғанымыз емес, бар болғаны фактілерді ұсынбақпыз.

Ойын толқын, айналған қатты ағысқа
Табылғандай танымда,жат дауыста.
Біреу озып келеді қатарынан,
Біреу қалып жатады асығыста.
Ойын толқын жатқанда асып,тасып,
Біреу ығым,біреулер шалыс басып.
Бұл жарыстан өтеді ғұлама ойлар,
Жеңсеңде, жеңілсеңде қалма жасып.

Көрермен жиналған бұл семинарға,
Құр қарап жай отыру жараса ма?
Туыс, досқа,сыныптас, танысқа емес
Соқ қолыңды білімді таланттарға
 дей келе 8 сынып оқушылары арасындағы«Әлеуметтік желінің қажеттілігі..»  атты пікір-таласты ашық деп жариялаймын.
Бүгінгі дебатың элементтерін пайдалана отырып пікір-таластың ойын-шарттарымен таныстырып өтейік:

1.Әр топ өздерін таныстырады (1 минут)
2.Пікір-таласу (3 минут)
3.Екі топ өзара сұрақ алмасады (2 минут)
4.Көрермендердің топ мүшелеріне сұрақтары. Жауап беру (2 минут).
5. Сарапшыларды тыңдаймыз (3 минут)

Бүгінгі сайысымыздың сарапшылары:

1.Мектеп директоры Мұхтар Досмаханұлы.

2.Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сарсембетова Ботакөз.

Дебатқа қатысушы топтармен таныс болыңыздар: 8 «Б» сыныбынан құралған даттаушы «Жалын» тобы

1 спикер: Базарбаева Райхан

2 спикер: Елемесова Аружан

3 спикер: Ауғанбай Бақыт

8 «А» сыныбынан құралған жақтаушы «Достық» тобы

1 спикер: Бабахан Фатима

2 спикер: Арипжанова Диера

3 спикер: Асқарова Жанел

Жарайды, танысып болсақ пікір – таласымызды бастаймыз.

Жақтаушы жақтың спикері:(Достық тобы) – Бабахан Фатима

Салеметсіздер ме құрметті көрермендер!Біздің ұстанып отырған позициямыз бойынша әлеуметтік желі керек және өмірімізде маңызды орынға ие. Әлеуметтік желілер - ермектері бірдей адамдардың  [link]  сайтына келетін болсақ, Желіде.кз сайты 2011 жылдың тамыз айында ашылды, сондай аз уақыт ішінде 10000-нан аса қолданушы жинап үлгерді. Бұл ҚАЗНЕТ үшін өте жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Алдымен, әлеуметтік желі арқылы сіз таныстарыңызды, достарыңызды, әріптестеріңізді тауып, олармен байланыста бола аласыз. Сондай-ақ желідегі әр түрлі топтарға тіркеліп, өз қызығушылықтарыңызбен, ойларыңызбен, көзқарасыңызбен бөлісе аласыз.Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

Даттаушы жақтың спикері: (Жалын тобы)-  Базарбаева Райхан   

   Сәлем бердік қауымға! Әлеуметтік желі дерт пе әлде қажеттілік пе? Қазіргі қоғамда, әсіресе, жастар арасында өршіп тұрған дерттің бірі әлеуметтік желі екені белгілі. «Уақыттың бос өткені - өмірдің бос кеткені» деп келген қазақ қазірде экранға телмірумен өмірін өткізіп жатқаны жасырын емес. Қазірде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы тілдеседі екен. Әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатады. Бұл әсіресе, жастар арасындағы күрделі проблема болып отыр. Күн ұзаққа желіде отыратын бала адамдармен шынайы араласа алмайды, тұйықталып, ғаламторға тәуелді болады. Әлеуметтік желілер - уақыт ұрлаушылар. Адамның желіге тәуелділігі сондай, бас алмастан отырып минуттардың, оның артынан сағаттардың қалай жылжып кеткенін байқамай да қалады.
Әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың ажырасуына себепкер екен. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді.
 
Тыңдағандарыңызға рахмет.

Жақтаушы жақтың спикері:(Достық тобы) – Арипжанова Диера

Сәлем бердім карсыластарыма. Сонымен қатар қазір әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар баршылық. Өйткені, бұл - ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Өндірушілер өз тауарларын жариялап жатса, жұлдыздар суреттерін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Тіпті қазір осы желі арқылы кімнің қайда, кіммен отырғанына дейін білеміз. Қайда барса да, телефонына телміріп отырғаны. Сондай-ақ компаниялар өздеріне жұмыскер іздеуде осы әлеуметтік желінің көмегіне жүгініп жүр. Жаңалықтар адамдарға басқа каналдар арқылы әсіресе әлеуметтік желілер арқылы келетін болғандықтан әлемдік 25 газеттің 24-інде тираж саны азайған. Facebook бар болғаны бір жыл ішінде 200 миллион қолданушы жинаған, ал телеөндіріске 60 миллион көрермен жинауға 13 жыл уақыт кетті. Бүгінде 5 компанияның төртеуі жұмысшыларды іздеу кезінде әлеуметтік желілердің көмегіне жүгінеді.

Даттаушы жақтың спикері: (Жалын тобы) – Елемесова Аружан

Сәлем бердік көрерменге! Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес. Ал әлемде жыл сайын шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады екен. Жақында ақпаратық порталдардың бірінде ғалымдардың әлеуметтік желі туралы зерттеулері жазылды. Онда «Инстаграмм» желісі депрессияға ұрындыратын желі деп айтылған. Ал «В Контакте», мамандардың пікірінше, суицидке апаратын желі болып шықты. Кім біледі, оның еліміздегі жасөспірімдер арасында суицидтің белең алып тұрғанына да ықпалы бар шығар.Әлеуметтік желіге тіркелгендер көп жағдайда өзі туралы мәліметті ашық жаза береді. Ал мұндай мәліметті қылмыскерлер пайдаланып кетуі ғажап емес. «Ертең мен ауылға кетемін, дүйсенбіде кездескенше, достар!» деп парақшасына жазып кеткен бір аңқау жігіт ауылдан оралса, үйін тонап кетіпті. Дүние кетсе мейлі, өмірімен қоштасып жатқандар да жоқ емес. Әлеуметтік желі арқылы өзіне ұқсайтын жалғызбасты әйелді тапқан қылмыскер онымен достасып алған. Кейін әбден сеніміне кіріп алған соң үйіне барып өлтіреді, аты-жөнін, дүние-мүлкін иемденеді. Статистикалық мәліметтерге сенсек, жыл сайын әлемде шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады екен.
Иә, интернет – қауіпті. Жеке азаматтарға төніп тұрған қауіп өз алдына, бір ғана адам бір мемлекеттің тағдырына ықпал ете алады. Мысалы, Мысырдағы бас көтерулерге қатысы бар деген айыппен Google компаниясының топ-менеджері Ваэль Гоним тұтқындалған. Әлеуметтік желіде бас көтеруге шақыратын парақша ашып, толқуларға ықпал еткенін оның өзі де мойындаған. Бұл айыптының анықталғаны. Ал оның анықталмағаны қанша?
Назарларыңызға рахмет.

Жақтаушы жақтың спикері:(Достық тобы) – Асқарова Жанел

Осыдан 15-20 жылдай уақыт бұрын негізгі қарым-қатынас құралы тек үй телефоны ғана болатын. Содан кейін мобильді құрылғылар келіп, одан соң пайда болған скайп бағдарламасы ғаламдық байланыс туралы көзқарасты түп-тамырымен өзгертіп жіберді. Енді қарым-қатынасқа түсу үшін артық ақша төлеудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желілер адамның ажырамас бөлігіне айналып үлгерді.

Енді достарыңызға немесе туыстарыңызға хат жолдау үшін сізге конверт пен марка сатып алудың қажеті жоқ. Енді олармен байланысқа түсу үшін электронды жәшік қызметтерін пайдаланасыз. Бұлар хатыңызды бірнеше секунд ішінде жеткізеді.Адамдар әлемнің әр нүктесінде жүрсе де, бір-бірімен әруақыт байланыста болуға мүмкіндік беретін әлеуметтік желілердің артықшылығы осы. Әрине, жылдам дамып келе жатқан бұл қоғамда ғаламтор адам баласына аз уақытта мол ақпарат алуға көмектеседі. Мысалы, қолайлы демалыс орындарын таңдау, ұшаққа билет брондау немесе қонақ үйден бір бөлмеге тапсырыс беру секілді әрекеттер жылдам әрі сапалы орындалады. Мәселен, белгілі бір мекендегі қонақ үйге тапсырыс бергіңіз келсе, сол қонақ үйдің ресми сайтына тіркеліп, тапсырыс бере аласыз. Бұл бар болғаны сіздің бес минут уақытыңызды алады. Ал жүктелген суреттер сізге дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бередіҚұлақ қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

Даттаушы жақтың спикері: (Жалын тобы )- Ауғанбай Бақыт

Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңін оқып отырып, еріксіз таңданасың.

Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, – деп келетін жолдары бар. Өлеңін нақ бір қазіргі технологияның мүмкіндігіне тамсанып жазып отырғандай.
Рас, қазір үйде отырып-ақ әлемнің кез келген түкпіріндегі адаммен әп-сәтте хабарласа аласыз. Байланыстың түрі де көп. Телефонмен, интернет арқылы, тіпті бейнебайланыс арқылы өзімен тікелей сөйлесе бересіз. Бұл бүгінгі технологияның адамзатқа сыйлап отырған мүмкіндігі. «Бұрын ұялы телефон, интернет болмаған кезде адамдар қалай өмір сүрген а?!» деп таңданып қоятынымыз бар. Иә, жұмысымызды жеңілдеткен технологияның мүмкіндіктері мол. Бірақ біз олардың көлеңкелі тұсына мән бермей жүрміз.
Ұялы телефонның зияны жайында көп айтылып келеді. Жиі қолданатын адамды ми ісігіне ұшыратуы мүмкін деген сияқты қорқынышты мәліметтерді ғалымдар алға тартуда. Ал интернеттен келетін қауіп – одан да қорқынышты.
Қазіргі таңда интернет жастардың басты ермегіне айналды. Кез келген уақытта, кез келген жерде қосылып алып, өз алдына виртуалды әлемде жүретіндер көбейді. Сөздің, достың қадірі жоғалып барады. Әлеуметтік желілерде байланыс орнатудың түрі көбейген сайын оған қызыға түскендердің қатары артуда. Әлеуметтік желіде мың досы бар жандардың шынайы өмірде сыр бөлісе алатын жалғыз жолдасы да жоқ. Оған өкінбейтіндері де кем емес. Виртуалды әлемді өзі танымайтын, өзі көрмеген досының мақтауына семіріп, өзін керемет жан сезінетіндер жұртпен араласудан қалып барады. Қалай сөйлесу керектігін де ұмыта бастағандай.
Әлеуметтік желі деген де ауру-дың бір түріне айналып бара жатқан секілді. Көбінесе жастар ешкім кедергі келтірмесін деген оймен интернетке, әлеуметтік желіге түнде көбірек қосылады. Соның салдары-нан күндіз меңіреу, селқос жанның күйіне түседі. Ұйқысы қанбай, күн тәртібі бұзылады. Уақтылы тамақтануға, жеке гигиенаға көңіл бөлуге де уақыт жетпейді. Интернетке бір күн қосылмай қалса, әлемнің үлкен жаңалығынан құр қалғандай мазасыздана бастайды, тіпті қолы немесе аяғы жоқ жарымжан адамдай күйге түседі. Әрине, көпшілігі компьютер немесе ұялы телефонға ұзақ телмірудің денсаулыққа зиян екенін біледі. Бірақ оны қолданудан бас тартатындары өте сирек. Керісінше, интернетке тәуелділік артып барады. Өкінішке қарай, интернетке қосылудың түрлі тәсілі пайда болған бүгінгі күнде арандатушылық бағытта парақша ашқандарды қолға түсіру немесе оларға шектеу қою оңай шаруа емес. Арам ойын асырғысы келгендер кез келген нүктеден қосылып, ойына келген сөзді әлеуметтік желілер арқылы таратып жіберуі мүмкін. Ізін жасыру үшін бөтен адамның атымен тіркелу, біреудің құпиясөзін бұзып кіру, бақылау орнатылмаған интернет орталықтарынан қосылу секілді тәсілдерге жүгінеді.
Мына бір дерекке қараңыз: Сирияда әскери шиеленістерге қатысқан сарбаздардың 2 мыңнан астамын олар әлеуметтік желі арқылы түрлі елдерден жинап алған екен. Өкініштісі сол, оның ішінде қандастарымыз да бар көрінеді. 2013 жылдың қазан айында «YouTube» сайтында Сирияға жиһадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар жайында бейнеролик жарық көрді. «Шам жеріне жиһадқа келдік» дейді олар. Олар расымен Қазақстан азаматтары ма? Сирияға бүкіл отбасыларымен қалай өтіп кетіп жүр? Бұл сұрақтар жауапсыз қалды. ҚР Сыртқы істер министрлігі Сирияда түсіріліп алынған және интернет желілерінде таратылған бейнематериалдардағы адамдардың Қазақстан азаматтығына қатысы бар екенін растаған жоқ, теріске де шығармады.
Әлеуметтік желіні кім қалай пайдаланамын десе, өз еркі. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Әйтсе де, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, оның пайдасы да, зияны да бар. Жаманына жоламай, жақсы тұсын тиімді пайдаланғанға не жетсін.Тыңдағандарыңызға рахмет!

Жүргізуші сөзі: 3- бөлімге кезек берсек дейміз. Бұл бөлімде жақтаушы жақ және даттаушы жақ сұрақ-жауаптармен алмасады. Уақыттарыңыз – 2 мин. «Даттаушы» жақ тобының спикері:Ауғанбай Бақыт сіздің Достық тобының спикерлеріне қоятын сұрағыңыз.

Жүргізуші сөзі: «Жақтаушы» жақ тобының спикері: Асқарова Жанел сіздің Жалын тобының спикерлеріне қоятын сұрағыңыз. Уақыттарыңыз – 2 мин.

Жүргізуші: Екі фракция спикерлері  өз ойларын толық жеткізе білді деп  ойлаймын. Енді   ұсыныстарыңыз бар ма? Даттаушы жақ ұсынысыңыз бар ма? Уақытыңыз -2 минут.

Даттаушы   жақ спикерлерің ұсыныстары айтылады.

   

Жүргізуші: «Достық тобы» жақтаушы жақ ұсыныстарыңыз бар ма?

Жақтаушы жақ уақытыңыз — 2минут. Жақтаушы жақ спикерлердің ұсыныстары айтылады.   



Жүргізуші: Екі фракция мүшелері ойларын толық жеткізді деп ойлаймын. Қөрермендердің «Жалын» тобы мен «Достық» тобына сұрақтары қойылады.



Жүргізуші: Сөз кезегі сарапшыларымызға беріледі.Мектер директорының қорытынды сөзі.

Жүргізуші:

Дегенменде «таяқтың екі ұшы бар» дегендей интернет де жаман- жақсы тұстары бар. Санасы бар адам баласы саралап тура жолдан таймай  өзіне қажеттісін алып, қалғанын сызып тастап отырса ұрпақымызды мәңгүрттік жазылмас ауруға ұшыратпас деп ойлаймыз.

Мағжан Жұмабаевтың   «Мен  жастарға сенемін» атты өлеңінде осы заман айғағы ретінде  бейнелеген.

Тау суындай гүрілдеп,

Айбынды алаш елім дер

Алтын арқа жерім дер

Мен жастарға сенемін!

Қажу бар ма сұңқарға

Талу бар ма тұлпарға

Иман  күшті оларда

Мен жастарға сенемін!

Алаш айбынды  ұраны,

Қасиетті  құраны.

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемін.

Мен сенемін жастарға

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда

Мен жастарға сенемін – дегендей ,ХХІ ғасыр – жастардың жаңа ақпараттық технологиялардың ғасыры. Ендеше ғасырдың сыйынан қалыс қалмайық. Еңсесі биік, егеменді еліміздің адалдықты ту еткен алғыр ойлы адал азамат ұл- қыздары көп болғай. Біз сіздермен қоштаспаймыз, келесі кездескенше сау болыңыздар –дейміз.

«Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің Ғ.Мұратбаев атындағы

17 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі








«Әлеуметтік желінің қажеттілігі..»

дебат (пікір – талас)



Сыныптар: 8 «А, Б»

Дайындаған: тарих пәнінің мұғалімі Т.Н.Бекбергенов

























Тараз қаласы