Сөзмерген сөз сайысы (5-6 сынып оқушыларына)

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


ЖББ А.Оразбаева атындағы негізгі мектеп








«Сөзмерген»

сөз сайысы


Тақырыбы: «Ана тілің – арың бұл»

Өткізген:А. М. Кожасова











Жәнібек, 2014 жыл

«Сөзмерген» сөз сайысы


Тақырыбы: «Ана тілің – арың бұл»

Мақсаты: Оқушыларды сайыстыра отырып, шешендікке, алғырлыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу. Қазақ тілінің әдемілігіне, байлығына көз жеткіздіру.

Әдісі: сайыс

Барысы:

Ұйымдастыру бөлімі.

Қатысушыларды екі топқа бөлу.

«Сұңқар» тобы (5-сынып) «Тұлпар» тобы (6-сынып)


Негізгі бөлім.

Жүргізуші:

Менің тілім – даналықтан жаралған,

Менің тілім – балалықтан нәр алған.

Менің тілім мәңгілікке асқақтап,

Биіктердің биігі боп саналған!

Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар! Тіл апталығы аясында өткізілгелі отырған «Ана тілің – арың бұл» тақырыбындағы «Сөзмерген» сөз сайысына қош келдіңіздер!

Тіл – асыл ойдың бұлағы!

Тіл – өрісі кең әлем!

Тіл – еліміздің іргетасы!

Тіл – баға жетпес мұра!

Ендеше бүгін біздер сол дара да дана тіліміздің кемеріне жетіп, оқушылардың қаншалықты тіл білгірі екендігіне көз жеткізетін боламыз. Қатысушы топтарды қарсы алайық!

5-сынып оқушыларынан құралған «Сұңқар» тобы

6-сынып оқушыларынан құралған «Тұлпар» тобы

Сайыс ережесімен таныс болсақ. Сайыс үш кезеңнен тұрады:

1) Мықты болсаң – тауып көр (Тұрақты тіркестерді табу)

2) Жүйрік болсаң – шауып көр (Мақалдарды табу)

3) Ойлы болсаң – озып көр (Берілген сөзді анықтау)

Әр кезеңнің сұрағына әр топ кезектесіп жауап береді. Жауап бере алмаған жағдайда қарсыласқа жол беріледі. Әр жауаптың бағасы – 5 ұпайдан.

Сайыс ережесі түсінікті болса, бастайық! Іске сәт, оқушылар!

1-кезең: «Мықты болсаң – тауып көр»

Қой аузынан шөп алмас – момын, жуас адам

Қамшының сабындай – қысқа

Тайға таңба басқандай – анық, айқын

Жүрегінің түгі бар – батыл, өжет

Тіл қату – сөйлеу

Бармағын тістеді - өкінді

Қолы ашық – жомарт, мырза

Сау басына сақина тілеп алу – өзіне бәле тілеу

Көзі ілінбеу – ұйықтамау

2-кезең: «Жүйрік болсаң – шауып көр»

Талаптыға нұр жауар

Туған жерге туың тік

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі

Ерді намыс өлтіреді,

Қоянды қамыс өлтіреді.

Ел болам десең, бесігіңді түзе.

Әдепті бала – арлы бала,
Әдепсіз бала – сорлы бала.

Біреу тойып секіреді,
Біреу тоңып секіреді.

Аяз би, әліңді біл,
Құмырсқа, жолыңды біл.

Сөз тапқанға қолқа жоқ.

3-кезең: «Ойлы болсаң – озып көр»

Қорамсақ – садақтың жебесін салып белге байлайтын жеке-жеке ұясы бар оқсалғыш

Саптама – ішінен киіз байпақ киетін, қонышы жуан, қара санға жететін қазақы былғары етік

Адырна – садақтың керме қайысы

Шыбыртқы – үш-төрт өрім қамшы

Қасаба – қазақ қыз-келіншектері киетін бас киім


Жүргізуші: Сайыс кезеңдері аяқталды. Ендеше қорытындысын білейік!

(Сайыс қорытындысын шығару. Сайыскерлерді марапаттау.)


Тарайды үні ғасырларға, жылдарға,

Биіктігі асқақ-асқақ шыңдарға.

Мен қаламын мәңгілікке тірі боп,

Ана тілім – қазақ тілі, сен барда!

Саңлақ сара жандардың қалдығының, дана ұрпақтың барлығының белгісіндей болған туған тіліміз – қазақ тілі жасай берсін деген тілекпен сайысымызды аяқтаймыз! Келесі кездескенше сау болыңыздар!