Аутизм туралы не білеміз?
Әрбір адам перзенті өмірге келгеннен кейін, оның денсаулығы мықты болғаның қалайды. Ата-ана баланың басқан әрбір қадамын, алғашқы шығарған дыбысына, айтқан сөзіне қуанады. Әр бала қоршаған ортанының қамқорлығын қажет етеді. Бірақ кейбір балалар қоршаған ортадан алыстап, өз әлемінде өмір сүреді. Бұл аутизм ауруына шалдыққан балалар. Аутизм - (гр. autos - өзім) - адамның сырткы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл күйі.
Аутизм – бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Симптомы ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл жағдайды ерте балалық аутизм (БЕА) синдромы дейді. Ол болса психикалық даму зақымдалуының бір нұсқасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. Нақты симптом ретінде 2-3 жасқа қарай қалыптасуы мүмкін.
Ең алғаш аутизм деген терминді 1912 жылы швейцар психиатрі Э.Блейлер ұсынған. Аутизм ауруын бірінші ашып зерттеген америка психиатрі – Лео Каннер. Балалық аутизмі әртүрлі болады және зиятпен сөйлеу дамуының деңгейлері әртүрлі болады. Л.Каннер аутизмді нақты психикалық дамудың бұзылуы деп тапқан және келесі көрсеткіштерін ажыратқан:
жалғыздықты жақсы көру
ешқашан адаммен көзбе-көз кездеспеу
бағытының шарттары тұрақты болуы, бәрі біркелкі болып өзгермеуі керек
эмоциялық тұрғыдан ешкіммен араласпау
біркелкі қимылдарды қайталай береді
Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша аутизм мен ауырған балалардың себебі орталық жүйке жүйесінің бұзылуы салдарынан болады.Тұқымқуалаушылық фактордың әсері мол екенін көптеген зерттеушілер мойындайды.Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі.
Аутизмге шалдыққан балалардың тәрбиесі күрделі, әрі арнайы дайындықты қажет етеді. Біздің №3 арнайы жалпы білім беру мектебінде аутизм диагнозы бар 10 жастағы ұл бала бірінші сыныптан бастап оқыды. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезде зейіні шашыраңқы, ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеті төмен болды. Психологтар мен дефектологтардың, ата-анасының, мұғалімдердің бірлесіп жұмыс істеу нәтижесінде оқушы сандарды тани бастады, логикалық тапсырмаларды орындап, тақпақ айтуға дағдыланып, жалпы адамдармен қарым-қатынас жасай бастады. Оқушы таза, ұқыпты өз-өзіне қызмет ете алады, қарым-қатынаста адам таңдайды, сабақ үстінде кісінің көзіне тура қарамайды. Әлі де оңаша отырғанды ұнатады. Еңбек дағдысы қалыптасқан, мұғалімнің жетекшілігін қажет етеді. Сонымен бірге ата-ананың да бала тәрбиесіндегі ролін атап кетуге болады. Туған-туысқандары мойымай, сабырлықпен мектеп әкімшілігімен, мұғалімдермен тығыз байланыста болып баланың дамуына өз үлестерін қосуда. Арнайы мектептің негізгі мақсаты оқушыны оқыту барысында еңбекке дұрыс көзқарас қалыптастыра отырып баулу және баланы қоғамға бейімдеу. Бұл оқушыны тек еңбек құралдарын дұрыс пайдалануға емес, ұжымда дұрыс еңбек ете білуге, жұмыс үстінде тәртіп сақтауға, еңбек құралдарын күтіп ұстауға тәрбиелеу болса, осы оқушыны оқыту, тәрбиелеу барысында мектеп ұжымы осы мақсатқа жетіп отыр. Осы мақсатта біздің мектепте мүмкіндігі шектеулі балалардың дамып жетілуіне ,оның ішінде аутист балаларды оқу-тәрбие арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстары ұйымдастырылып отырады. Арнайы түзеу мектептеріндегі тәжірибелі ұстаздардың көмегімен осындай диагнозы бар балаларды оқытып, белгілі бір мақсатқа жетуге болады.
Ақсу қаласының №3 арнайы жалпы білім беру мектеп-интернаты
үйден оқытатын мұғалім Ибраева А.А