Мұғалім – жалпы білім беретін оқу орындарында оқушыларды оқытып, тәрбиелеу қызметін атқаратын маман. Мұғалім қоғамдық тәжірибені жас ұрпаққа жеткізуде және оларға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ежелгі шығыс елдерінде мұғалім негізінен абыздардан болатын. Орта ғасырда мектеп дінмен тығыз байланыста болып, мұғалім міндетін дін қызметшілері атқарады. Мекетеп ісінің дамуы нәтижесінде мұғалімдік кәсіп кеңінен тарап, өз алдына мамандық болып қалыптасты.
Мұғалім адамды адам етіп тәрбиелейтін маман иесі. Тәрбие дейтін ата ұғымынан пайда болғаннан бері бұл қызметтің ең беделді, ең білгір адамға тапсырылатыны сондықтан. Мұғалімнің қызметі өте күрделі және көп салалы. Сондықтан мұғалімнен жан-жақты ғылыми терең білім, жоғары педагогикалық шеберлік, саяси моральдық қасиет, табанды ерік-жігер, парасатты мінез-құлық талап етеді.
Қазіргі кезде мұғалім мамандығына қойылатын талаптардың бірі оның өзі тарапынан оқушы мен ата-ана, әріптестермен демократиялық, гуманитарлық педагогикалық ынтымақтастықты жүзеге асыра білуі. Мұғалім жас ұрпақты жаңаша ойлауға адамзат тарихында ғасырлар бойы жиналған байлықты білуге және бүгінгі күнде өмірімізде орын алған рухани ждамдықтан арылуға ықпал жасаушы мамандық. Ортамызға қайта оралған халқымыздың рухани байлығының көл перзенттері Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймаутов т.б еңбектері мұғалімнің сана-сезімін, дүниетанымын жаңартуға бағыт береді. Қазіргі заман мұғалімі ең басты ерекшеліктерінің бірі жастарға рухани тұрғыдан ықпал жасауды күшейту, сол арқылы еліміздің нағыз белсенді азаматын және отанды қорғаушысын тәрбиелеп шығару. Бұл үшін мұғалім табиғат, қоғам, адам, айнала қоршаған дүние туралы ең жаңа ғылыми біліммен қаруланған болуы шарт. Мұғалім еңбегі өте ептілікті, сезгіштікті, шыдамдылықты талап етеді. Мұғалім бала жанын сезе білуге бейім болуы керек. Мұғалімнің балаға шынайы сезіммен, құрметпен қарауы, балада да мұғалімге деген сезімін тудырады. Мұғалім еңбегінің ерекшеліктері оның баламен үнемі қарым-қатынаста болуымен сипатталады. Сондықтан мұғалімнің жалпы дәрежелі болуы оның интеллектуалдық мүмкіндігі, ой-өрісінің кеңдігі, рухани байлығы педагогикалық процесті тиімді ұйымдастыруға зор ықпал жасайды. Мұғалім өз заманының білімді, мәдениетті адамы бола отырып оқушыны оқи білуге, білім ала білуге үйретеді.
Педагогикалық істің шебері болу шарттары:
1) Кәсіптік білім 2) Кәсіптік қабілет немесе педагогикалық қабілет
3) Педагогикалық әдеп 4) Педагогикалық техника
Мұғалімнің әдістемелік жұмысының қандай түрін таңдаса да соңғы нәтижеде оның тиімділігі мұғалімнің өз бетінше өз білімін көтеруге байланысты болмақ. Сондықтан да үздіксіз білім беру процесін жоғары оқу орны – мұғалімдер білімін жетілдіру институты – семинар, курс, практикум және т.б. оқу түрлерімен шектеуге болмайды, оған осы оқу түрлерінің арасындағы тынымсыз ой еңбегін де жеткізу керек. Ересек адамның өз білімін көтеруі барынша даралығымен ерекшеленеді, содан да мұғалімнің өз білімін көтеру жұмысына тәжірибелі әріптесі, беделді мектеп басшысы тарапынан тиянақты көмек қажет.
Мұғалімнің өзінің педагогикалық білімін көтеру оның өз бетінше педагогикалық құндылықтар, технология, шығармашылық тәжірибелерді игеруі қарастырылады. Оның мазмұны психологиялық – педагогикалық және арнайы білімдердің, педагогикалық жұмысты ғылыми ұйымдастырудың негіздерін, жалпы педагогикалық мәдениетті қамтиды.
Әрбір мұғалімнің өздігінен білімін көтеруі ой еңбегінің техникасын білу ақыл-ой әрекетінің дербес ерекшеліктерін ескеру негізінде құралады. Мұғалімнің өздігінен білімін көтеруі оның бос уақытын дқрыс ұйымдастыру, дербес жұмыс жоспар жүргізіп, оны іске асыра алуына тікелей байланысты.
Мұғалімдер, тәрбиешілер, мектеп жетекшілерінің біліктілігін көтеруге басшылық – білім саласындағы басқару қызметі бағыттарының маңызды да мәнділерінің бірі. Бұл қызмет төмендегідей аса маңызды әрі қажетті бірліктерден құралады:
мұғалімдер мен тәрбиешілердің оқушылармен жүргізетін оқу-тәрбие жұмыстарының формалары мен әдістерін пайдалану және қолдану шеберлігін жетілдіру, үздіксіз күрделене дамудағы білім мазмұнын меңгеруін қамтамасыз ету;
мектептегі оқу-тәрбие процесінің мүмкіндігінше жоғары деңгейде жабдықталуы мен барша деңгейдегі жаңашыл-жасампаз іс-әрекеттердің орындалуына жағдай жасау;
мектептің даму бағытын айқындауға байланысты педагогикалық ұжым қызметіне дем беріп, оны жетілдіру;
Кәсіби қызметінің барысында барша мамандар өз педагогикалық шеберлігін арнайы курстарда, семинарларда, біліктілік көтеру мекемелерінде жетілдіріп баруы міндетті. Бұл мақсатта келесідей іс-шаралар ұйымдастырылуы мүмкін:
негізгі жұмыс орнына үзіліссіз өткізілетін қысқа мерзімді тақырыптық оқулар (соңғы емтихан, сынақ не нақты кәсіби қызмет мәселесіне орай реферат қорғаумен бітеді);
сала, ұйым, мекеме деңгейінде жүргізілетін тақырыптық не проблемді орташа мерзімді семинарлар (жұмыстан үзіліссіз);
мамандардың кәсіби қызмет бағытында біліктілік көтеру мекемесінде ұзақ мерзімді оқуы.
Жаңа бағдарламалар бойынша қосымша білім және ептіліктер игеру және кәсіби қызметке орай жаңа мазмұн мен соңғы технологияларды меңгеру үшін кәсіби қайта дайындық (екінші мамандық алу) оқулары ұйымдастырылады.
Қайта дайындық нәтижелері бойынша кәсіби іс-әрекеттің белгілі саласында жұмыс алып бару құқығына кепіл мемлекеттік үлгідегі диплом беріледі.
Ерекше педагогикалық таланты бар мұғалімдер тумысынан дарынды мұғалімдер бар, мұндай мұғалімдер өздерінің оқу тәрбие жұмысындағы бүкіл жолында табысқа жетіп отырады.
Тәжірибеде кез-келген мектептің ұжымымен балаларды қызықтыра білетін, сабақтарында әрдайым тамаша тәртіп болатын, мектепте бәрі солардың айтқанын істейтін, қисық-қыдыр оқушыларды соларға жөнге салуға жіберетін талантты мұғалімдерді табуға болады. Олардың шәкірттері әйтеуір бұлардың беделін бірден мойындап, түйсігімен сезінеді, оған мойын сұнады. Әрине, мұндай мұғалім баланың жүрегінде із қалдырады.
«Шеберлік дегеніміз – қол жеткізуге болатын нәрсе-деп жазды А.С. Макаренко,-атақты шебер токарь тамаша шебер дәрігер болатыны сияқты, педагог та тамаша шебер бола алады және болуға тиіс те. Біздің бәріміз де бірдей адамдар екенімізге мен кәміл сенімдімін. Мен 32 жыл жұмыс істедім, ал азды-көпті ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген әрбір мұғалім, жалқау болмаса, шебер болып алады. Ал сіздердің, жас педагогтардың әрқайсысы біздің ісімізді тастап кетпесе, міндетті түрде шебер бола алады, ал оның шеберлікті қаншалықты меңгеруі – оның табандылығына байланысты болмақ».
Әрине, шеберлік жылдар өткеннен кейін барып келеді. Педагогикалық стаждың әрдайым белгілі дәрежеде мұғалімнің кәсіптік шеберлігін сипаттайтыны тегін емес.
Адамның бойында мұғалім мамандығына деген бейімділіктің болуы педагогикалық шеберлікті меңгеруге көбіне көп әсер етеді.
Педагогикалық әдеп – мұғалімнің аса бағалы педагогикалық қасиеті, бұл қасиет оған педагогикалық әсер ету құралдарын қолдаған кезде өз эмоцияларын білдіру шамасын көрсетеді, ең алдымен оқушылардың психологиясын терең біліп, түсінуге негізделген. Сонымен қатар педагогикалық әдеп- мұғалімнің кәсіптік сапасы және кәсіптік ерекшелік белгісі. Кейбір мұғалім, кәсібін айтпай- ақ, өзінің әділдігімен, ілтипаттылығымен өзінің мамандығын сырт көзге айқындап тұрады. Мұғалімнің ашу үстіндеешқандай шешім қабылдамауы пайдалы. Болашақ ұстаздар өз ісінің ірбір қыр-сырын жетік игеру жолында кәсіптік сапаларды толық меңгерсе, бүгінгі қоғамымызды байытатын, дамытатын, жаңартатын адам тәрбиелеуге мол мүмкіндік ашылатыны күмәнсіз.
Педагогикалық шеберлік те педагогикалық техниканы меңгерудің өте зор маңызы бар. Осы ұғымға байланысты мәселелер А.С. Макаренконың ойынша, жоғары оқу орындарында оқитын педагогтарды басқаша тәрбиелеу керек еді деп көрсетті. Ол қалай тұру, қалай отыру, столдан қалай тұру, дауысты қалай көтеру, қалай жымию, қалай қарау сияқты.
Жақсы шебер мұғалім оқушылармен қарым-қатынастан да белгілі сыңай жасай алады.
«Ұжымдағы қатынас, стиль сыңай» деген еңбегінде А.С. Макаренко былай деп жазды: «Балалармен сөйлескен кезде мұғалім жадырап, жымиып тұруы тиіс, ал бұл күлкісі жасанды болмай, сезімге толы жұмсақ күлкі болуы тиіс».
Ол мұғалімнің сыртқы кейпіне мән береді: «Мен сыртқы кейпіне баса назар аудардым. Сыртқы кейпі адамның өмірінде зор маңыз алады. Лас, салдыр-салақ адам өзінің жүріс-тұрысын қадағалап жүреді деп ойлау қиын».
Педагогикалық шеберліктің мәні – мұғалімнің жеке мәдениетінің, білімінің және ой-өрісінің өзіндік жиынтығы, оның жан-жақты теориялық даярлығы, оқыту және тәрбиенің тәсілдерін, педагогикалық техника мен алдыңғы қатарлы озат тәжірибені меңгеру.
Мінеки, жас педагог класс табалдырығынан алғаш рет аттады делік. Алда оны күрмеуі қиын қаншама оқиғалар күтіп тұр десеңізші! Мұндайда тәжірибесіз ұстаз бірінен соң бірі туындап жататын әрбір педагогикалық ситуацияны таразылай алмай әбден әлекке түседі. Әлбетте, әуелден-ақ ол әрі байсалды, әрі қатал, әрі биязы, әрі талапшыл, әрі сабырлы, әрі ақжарқын ... болуға тырысып бағады. Егер жоғары оқу орнында жүргенде-ақ педагог-ұстаздар осынау қасиеттерді оның бойына сіңіруге көмектессе, онда жас мұғалімнің жолы болғаны. Өкінішке орай мұндай жағдай тым сирек. Ал балалар ешнәрсені күтіп отырмайды. Олардың өз талаптары, өз пайымдаулары бар. Міне осындай сындарлы сәтте жас маман кейде өз еркімен, кейде өз еркінен тыс ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тура тартар жолды таңдайды. Сөйтіп, мінез қырлары көрінеді. Жүйке жұқарады.Екіліктер қойылады. Күнделікте неше түрлі жазулар жазылады. Ата-ананы адамгершілікке шақырған әңгімелер басталады. Класс жетекшілері мен мектеп әкімшілігіне талай-талай шағымдар айтылады. Нәтижесінде балалар мен ұстаз арасындағы қарым-қатынас асқына түседі. Өзінің іс-қимылына сын көзбен қараған жағдайда мұғалім ерте болсын, кеш болсын, әрине оң шешім таба алады. Ал жас маманда өз ісін тезге саларлық қабілет болмаса ше? Міне нақ осындай жағдайда ол өз басындағы күллі қырсықтың түп тамырын тәрбиелеушілердің сапасыздығын іздей бастайды.
Мұғалім профессограммасы – болашақ мұғалім әрекетінің моделін айтады және профессограмма мамандықтың өзіне тән сапалық ерекшелігін көрсету және жүйелеу.
Профессограмманың үлгісі:
Мұғалімнің жеке басы және оларға тән сапалық қасиеті мен белгілері (мұғалімнің ісіне адалдығы, танымы, ынта-ықыласы, кәсібіне сай бағыты, бейімділігі, қабілеті, баланы сүйюі, байқағыштығы, ұйымдастырғыштығы, орынды талап қою, ұстамдылық сенім арту).
Мұғалім қызметінің түрлері: а) Ұстаздық ә) Тәрбиелік б) Қоғамдық в) Қоғамдық, педагогикалық жұмысы.
Мұғалімнің мамандық деңгейін көтеруге қойылатын талаптар (кәсіптік білім, дағды, ізденіс, іске творчестволық мән беру, жаңашыл болу).
Мұғалімнің әдістемелік тұрғыдан көтеру деңгейінде қойылатын талаптар (тәжірибе алмасу, озат жаңашыл мұғалімнің іс-тәжірибелерін зерттейтін оны тарату, оқыту, тәрбиелеу жұмыстарының нәтижесін, тиімділігін анықтау білімін үздіксіз жетілдіріп отыру.
Мұғалімдік мамандықтың өзге мамандықтардан ерекшелік белгілері (жоғарда айтылған барлық белгілер де кіреді).
Оқу орындарында мұғалімдік мамандыққа даярлау жолдары: а) Мектеп қабырғасында мұғалімдік мамандық бойынша бағдар беру ә) Педагогикалық оқу орындарында оқып жүрген кезінде мұғалімдік мамандыққа үйрету б) Мұғалімдік мамандықты меңгеру өз бетінше мамандық шеберліктерін көтеріп отыру жұмыстары.
Студеттердің, мұғалімдердің өз бетінше білімдерін жетілдіру мазмұны (мұғалімнің ғылыми деңгейін көтеру, арнайы методикалық білімдерін жетілдіру, шеберлігін таныту, өз бетімен жүргізетін оқуы, ізденісі).
Мұғалімдік мамандықтың шебері болудың негізгі шарттары (жоғары айтылғандардың барлығы).
Мұғалімдік мамандықты мәңгілік деп айтады. Осыдан 300 жыл бұрын өмір сүрген ғылыми педагогиканың негізін қалаушысы Ян Амос Коменский мұғалімге ең тамаша міндет жүктелген, күн астында одан жоғары тұрған еш нәрсе жоқ деп жазды. Орыстың ұлы педагогы К.Д. Ушинский мұғалім мамандығын былайша бағалады: «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен тарихтағы ең ұлы істің бірі». Педагогикалық мамандықтың ерекшелігі мұғалімнің қоғамдағы орнына қарай айқындалады. Мұғалім мамандығы біздің еліміздегі ең кең тараған мамандықтардың бірі.
Жақсы мұғалім бұл ең әуелі қайғы қуанышқа ортақтасып парасатты әрі адал, балаларды құрметтей білетін және оларға ұқыпты қарайтын жақсы адам. Сонымен қатар мұғалім бейнесі көпшілік мақұлдаған ізгілікті жандардан тұратын бейнебір стандартты өзгермейтін модель ретінде елестетуге болмайды. Адамға тән нәрсенің барлығы мұғалімге жат емес. Алайда болашақ жас педагогтар үшін өзін тәрбиелеудің кәсіптік педагогикалық өзіндік пайдалы сипаттарын білген жөн.
Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен озған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін-өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын. Мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу.