Научная статья Ұлы дала перзенті

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Ұлы дала перзенті


Ұлы дала перзенті Шолпан Иманбаеваның творчествосының ерекшелігі - қазақ тарихында Шолпаннан бұрын жеке кітап болып өлеңі басылғын бірде-бір қазақ қызы болған емес. Шолпанның творчествосына Абай поэзиясының ықпалы болса да, ол өзінің ақындық дарынын, даралығын сақтап қалды. Оны ұмыт қалдырғанымыз өкінішті-ақ. Туған поэзиямыздың көгінде таңғы жұлдыздай жарқ етті. Біз осы Ш.Иманбаева шығармашылығы бір бөлігі болатын өзіміздің мәдение мұрамызды ұмытпауымыз керек, жадымызда сақтап, жаңғыртуымыз керек.

Ақынның шығармашылығы туралы деректер өте аз. Жұмыс барысында ізденушілік жұмыстары жүргізілді, ақынға қатысты сұрақтардан сауалнама өткіздік. Өкініштісі алған нәтижеміз өте нашар, сауалнамаға қатысқан адамдар ақынның кім екенің жете білмейді. Шолпан Иманбаева туралы қазақ тілі пәнінің мұғалімдері ғана біледі екен. Сөйтіп ғылыми жұмысымызды маңызды да көкейтесті мәселе деп қарастыруға болады.

Совет өкіметінің алғашқы жылдарында өзінің талантты жырларымен оқырман жүрегін баураған қазақтың қаламгер қыздарының бірі — Шолпан Иманбаева. Шолпан Иманбаева - қазақ халқының талантты ақын қызы. Қазақтың тарихында Шолпаннан бұрын жеке кітап болып өлеңі басылған бірде-бір қазақ ақын қызы болған емес. Шолпанның туған жері бұрынғы Ақмола үйезі, нұрбай болысы-1904 жылы. Жоқшылық байлаған әкесі Иманбай 1918 жылы Шопанды Алдоңғардың Бекейі дегенге тоқалдыққа береді. Жасы әлдеқайда үлкен Бекей он төрт жасар Шолпанға жар болады. Бекейдің үйінде Шолпан көп қиыншылықтарды, азаптарды кешеді. Шолпан осындай қорлықта, зорлықта, еріксіздікте шындалған шын ақын. Сондықтан оның өлеңдері өткір, тартымды келеді. Шолпан ақынның өлеңдерін оқығанда таклай әйелдің өткен күні, көрген қорлығы есіне түсіп, көз алдына түсетіні даусыз.Шолпан жүрегіне байланып, кеудесіне толған шерді шын жанымен толғанып төккен. Ол 1921 жылы теңдікке қолы жетіп, бостандық туын тауып Бекейден босатылады. Адам баласының көзі мен көкірегін ашатын оқу екенін ұғынады.

«Арманым жалғандағы өнер-ғылым» деп іздене бастайды. Сол арманға жетпек үшін Ақмола қаласына келіп, ондағы алты айлық сауат ашу мектебіне түседі. Аз ғана уақыт алты айдың ішінде сауатты адамдардың қатарына қосылады. Өз ойын өз қолымен жаза алатын дәрежеге жетеді. Бұл Шолпанды қатты қуантады, талаптанса талайға жететіне сендіреді. Надандықтың қара шымылдығын жыртып кеудесін кере дем алады. Әділдікті, шындықты өз көзімен көріп қуанады.

«Біз секілді күнделіктегі сорлылар,

Теңдік алды міне бүгін қараңыз,

Бірте-бірте жолды танып түзулік,

Ашылмақшы атқан таңдай санамыз» -

деп, жыр толғап желпінеді. Жаңа дүние, жаңа бақыт, жаңа өмір ақындықтың кілтін бұрап, творчестволық шабытын қозғайды. Өз өміріндегі ғажайып өзгерісті, жемісті еңбекті, бостандық сүйгіш халықтың социалистік құрылысының зор қуатпен алға қарай өрлеуін көрді. Мұның өзі ақын Шолпанның рухани мәдениетінің өсуіне жол ашты. Ол мектеп жанындағы комсомол ұйымының белсенді мүшесі болды. Түрлі қоғам жұмыстарына араласып жұртшылықтың көзіне түсе бастады. Оның сергектігі мен сезгіштігі көпшіліктің назарын аударады. Түрлі тақырыптарға жазған бірнеше өлеңдері қабырға газетіне шығады. Кейбір өлеңдері ауыздан-ауызға тарап, оқушылар жатқа айтатын болады. Әсіресе, әйелдері туралы жазылған өлеңдерін әнге қосып айтушылар көбейеді.

1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Шолпанның «Жолаушы мен жұмыскер» атты өлеңі басылады. Бұл өлеңді газетке Шолпан жіберген жоқ. Бұрын баспа бетінде ақын әйелді көрмек түгіл естімеген ел Шолпан өлеңін көріп таңданды. Тамсана оқыды. Сөйтіп, Шолпан өлеңі халқымыздың соны ойына сонардай етіп із түсірді. Өз өлеңін өлкелік газетте көрген Шолпан дария шалқар көлдің жағасына қонған қаздай қанатын қағып, шарықтай жөнелді. Болашақ өміріне үңіле қарап алға ұмтылды. Ойын өрістетіп, білімін кеңейтуге талпынды. Ол өзіне тән өзгешелік іздеді. Бұрынғы қазақ ақындарының соқпақты жолына еліктеуден қашты. Ғасырлар бойы ауызға алынбай келген езілген әйелдер өмірін жырына желі, өлеңіне өрнек етті. Қысқа мерзімнің ішінде үлкен ойдың жаңа кестесін сызды. Оны ақынның өлеңдерінен көруге болады.

Шолпанның дарынды ақын екенің, келешегінен күтетін көп үміттің ізі жатқанын «Еңбекші қазақ» газетінде басылған бірінші өленінен-ақ халқымыз байқап қалған-ды. Шолпан өлеңдері осыдан бастап өлкелік газет, журналдарында жиі басыла бастады. Жаңа көріне бастаған жас ақынның өлеңін жұртшылық сүйсіне оқитын болады. Әсіресе бостандыққа қолы жетпей жүрген әйелдер, өз басындағы мұң мен зарды Шолпан өлеңдерінен көреді. Коммунист партиясы мен совет үкіметі езілген әйелдердің шын досы екеніне көздері жетеді. Шолпан жеткен бақытқа, бостандыққа қалай жетудің жолдарын іздейді. Шолпан өмірін өздеріне үлгі етеді.

Шолпан алты айлық сауат ашу мектебін бітіргеннен кейін Ақмола қаласындағы балалар коммунасында тәрбиеші болып істеді. Балалар туралы бірнеше өлеңдер жазады.

1924 жылы өлкелік әйелдер бөлімі жанынан бір жылдық әйелдер курсы ашылады. Оған жер-жердегі теңдікке қолы жеткен, әлеумет жұмысына арласа бастаған әйелдерді шақырады. Сол шақырылғандардың бірі Шолпан болады. Шолпан Орынборға келіп әйелдер курсында оқиды. Білімге сусаған жас ақын бар ынта-жігерін сала алға ұмтылады. Курсқа келген отыз шақты әйелдердің алдыңғысы болады. Курстың жанындағы қабырға газетінің редакторы, көркем-өнер үйірмесінің жетекшісі болады.

Шолпан көп оқып білімін кеңейте алмай 1924 жылдың аяғында ауруға шалдығады. Жастай көрген бейнет, қайғы-зор оның жас өкпесін жаралайды, ол туберкулездің торына түседі. Дәрігерлердің кеңесі, жолдастарының айтқан ақылы бір жыл елге барып таза ауада тынығып қайтуға көндіреді. 1925 жылы март айында Шолпан туған ауылына қайтады. Сөйтіп Шолпан Иманбаева 1926 жылы 18 қыркүйек күні 22 жасында дүние салды.

Өлеңдерің талдау. Шолпанның өлеңдері көбінесе бостандық жайлы. Мысалы, Шолпан 1921 жылы Қорғалжын өлкесіне жұмыс бабымен келген өкілдерге шағым айтып, мұндай өлеңмен мұн шағады.

Далба-дұлба, шоқпыт-шоқпыт киімім,

Ауыр тұрмыс көрдім талай қиынын.

Өмір өтіп зарлау-жылау қайғыда,

Жеңе алмадым көңілдің жас түйінін -

деп, осындай өзінің аянышты өмірін өткір тілмен жеткізеді. Тереңнен тербеніп шыққан мұндай көркем өлеңнің маңызы ешуақытта да жоғалмақ емес.

Шолпан өлеңмен айналысқан үш жыл ішінде 50-60 өлең жазады. Бірақ оның көбі жарық көрмеді. 1926 жылы Шолпан қайтыс болғаннан кейін өлеңдерінің көбін жинастыратын жанашыр адамның дер кезінде шықпағандығынан жоғалып кетті. Шолпанның бізге белгілі 21 өлеңі ғана. Ол 1927 жылы Қызылордада басылып шыққан «Шолпанның таңдамалы өлеңдері» атты кітабында басылып шықты.

«Жолаушы мен жұмыскер» өлеңі газетте жарияланып, бүкіл қазақ даласына тарайды. Күн шығыс әйелдерінің бас бостандығы, азаттығы туралы: «Қазақ әйелдеріне», «Жалшы әйелдер аузынан»

Жолаушы:

Шаттық, қызық мынау сайран елдікі,

Гүл, бәйшешек жасыл ала жердікі.

Жан-жағына бойын түзеп ырғалған,

Жөн сұраймын бұл қызыл ту кімдікі?

Жұмыскер:

Үж жүз жылдай тұрдым тордың ішінде,

Енді сендім жұмыр білек күшіне, -

деп, еңбекші таптың ұлы бостандығын жырлады. Шолпанның бұл жырларынан саяси сауаты ашыла бастаған жаңа заманның жарқын жаршысының күшін сеземіз.

Шолпан өлеңдерінің көпшілігі Қазан революциясы жеңісі мен жаңа заман жемісіне арналады. Қалың малдың құруына арналған әртүрлі саяси тақырыптарға арнап жазған өлеңдері «Әйел теңдігі» газетінде үздіксіз жарияланып отырады. «Жамал жолдасқа» деген өлеңі:

Замандас көп қажыма қиял ойлап,

Ой түбі, бір терең сай кетсең бойлап.

«Сары алтын сабыр түбі» деген сөз бар,

Сабырлылық ақырында бәрін жоймақ,

деп, Жамалды өмірге, өнер өріне ұмтылуға дем береді. Әсерін қайрап, көңілін көтереді. Көтере отырып, сол өлеңнің жалғасында:

Еш қажып қайыспаған бабаң Ленин,

Жүрсе де бейнет көріп дұшпан айдап.

Тұманнан шығып кету қиын емес,

Табиғат рахым етсе күні жайнап,-

деп ауруханада жатса да қатары мол сабырлы, өмір үшін күрескен Шолпан бейнесінен қазақ қыздарының, алдыңғы сапындағы қарлығаштарының бірі екендігін айқын көреміз.

Оның «Октябрь мейрамына» деген соңғы өлеңі «Әйел теңдігі» журналында шықты. Қыршынынан қиылған Шолпанның қажырлы өлеңдері жастардың келешек жолына арналды. Шолпанның көзі тірісінде кітабы жарық көрмеген.

Жолдасыма


Неше жыл байлар таптаған, Тұрмыстың көрген талқысын

Дүниені тұман қаптаған, Жанын қимақ халық үшін,

Ол күннің үзген шынжырын, Нашарға берер тәрбие,

Езілген жарлы жолдасым. Жас қамқоры жолдасым!


Талпынып нашар табынан, Майданында білімнің,

Тілеген тілек ағынан, Жемісін шаш ғылымның,

Ерінбей еңбек сіңірер, Ұрандап жарлы ұлдарын

Шың еңбекші жолдасым. Бастарын қос жолдасым!

Бұл өлеңді Шолпан Иманбаева жолдасына арнаған яғни, қанша жыл бойы байлар қаптап, дүниені тұман басып, осыларға қарсы болған жолдасы, бұл байлардың істегендері дұрыс емес, оған ешқашан жол бермейміз деп, көп еңбек сіңірген жолдасы болатын. Жолдасы халқы үшін жанын қиып, нашар адамға тәрбие беріп, жастарға қамқор болған. Яғни, жолдасына жастарға білім үйрет, ғылымның жемісін көрсін, жастардың басын қос деп Шолпан апамыз осылай жырлап кеткен.

«Жеттік міне» өліңіңде адамның қасірет, қайғы, көргені, бас бостандығының болмағаны, содан соң еріксіз болып, бостандық алғаны жайлы. Өлең шумақтарында жетімнің қорлығы, құл сияқты өмір сүргенін байқаймыз. Ата-анасынан айрылған жетім, қанатсыз құс тәрізді. Ол осы қасіреттен құтылғаның баяндайды. Бұл өлеңде Шолпан Иманбаева өзінің заманындағы қазақ елінің надандығын, байлар мен болыстардың жетімдерге деген көзқарасын, жетімдердің сол кездегі жағдайы туралы айтылған.

Шолпан Иманбаева ағартушы, демократ Ленинің өлімі туралы, Ленинге арнап жазған өлеңі – «Естірту». Қажымайтын, мықты, күшті жаңа өмірге жол ашқан Лениннің өлімі көптеген ақын-азаматтарға, әсіресе қарапайым халыққа қатты әсер етті. Ленин жауыздарды жылатты, бай үкіметті құлатты, мәңгілікке кеңес орнатты. Қаншама адамдардың көз жасын тыйған, кедей халық үшін жаның қиған, қараңғы, қатал өмірде әділдік орнатқан. Ленин өлсе де оның аты ешқашан өлмейді. Қаншама жас жүрек жастар Ленинді ұран етеді, қарапайым халықтың ол қыраны. Шолпан Ленинді пайғамбарға теңейді. Ол өлсе де сөзі өлмейді, салған жолы өзгермейді деп Шолпан өзінің Ленинге деген ризалығын осы өлең жолдары арқылы бейнелейді.

1927 жылы «Шолпанның таңдамалы өлеңдері» атты жинағы жарық көрген. Ақын Шолпан Иманбаева есімі өмірден өшпек емес.

Шолпан ақын туралы жарияланбаған материалдардың бар екені анық. Шолпан апайдың еңбектерін жаңа материалдармен, жаңадан табылған өлеңдерін қосып, толықтырып, қайта басып шығару міндетті түрде қажет. Он мыңдаған оқушы жастар, жас мұғалімдер Шолпанның кім екенін жете білмейді. Оларға ақынды толық таныстыратын әдебиет құралы жоқтың қасы. Бұдан бұрын шыққан жинағын іздеп таппайтыны да анық. Мысалы, Шолпан ақынның еңбегі мен өмірі туралы диплом жазатын студенттер есік-есіктен өтіп, материал іздеп қысылып жүретіндері шындық.

Шолпан әдебиет майданына не бары үш-ақ жыл қатысты. Осы аз ғана уақыттың ішінде білімінің аздығына қарамай бірқатар еңбек істеді. Шолпан қазақ совет әдебиетінің бүгінгі үлкен арнасына тұңғыш рет жол тартқандардың бірі. Оның жалынды жырлары біздің әдебиетіміздің бағалы қазынасына қосылатын құнды мұра.

Астанамыздың бір көшесі 1962 жылдан бастап Ш.Иманбаева көшесі болып аталып келеді. Ақынның жастарға арналған өлеңдері 1971 жылы «Жазушы» баспасынан 27000 тиражбен «Ініме» деген атпен суретті кітапша шықты. Ақын апамыздың өмірінен поэма, повесть жазған ақын, жазушыларымыз да бар. 1968 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде М.Қалмықов деген суретші «Ақын Шолпан Иманбаева» деген еңбегңн жариялаған болатын. Бір өкініштісі, біздің қала кітапханаларында Шолпанның өлеңдер жинағы, ол туралы жазылға еңбектер де жоқ деп айтуға болады.

Осы күні Шолпан апамыз армандағандай, әйелдер еркектермен қатар еңбектеніп, ерекше құрметке ие болып отыр.


Шолпан Иманбаеваға

Өлді деуге болама апамызды

Өлмей тұғын артында із қалдырған!

Шолпан апам таң қалдырған бәрімізді,

Өлеңін біз ықыласпен оқыған.


Ақынның аты өлмейді деген сөз бар,

Сол сөздің қасиетті мәнісі бар.

Шолпандай Қазақстан деген елімізде

Аяулы ең алғашқы қарлығаш бар.


Ең алғашқы қарлығаштың бүгін міне

Жүз бесінші жылдығы толып отыр.

Шолпанға еңбек еткен өз еліне

Халқымыз риза оған болып отыр!


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:



  1. Қирабаев С. «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», Алматы, 1998 ж

  2. Қоңыратбаев Ә., «Шолпанның ақындығы», Алматы. 1956

  3. Шығармалары және естеліктер А., ҚМКӘБ, 1950

4. Мұратбекова Л. «Шолпан Иманбаева»

5. Хакімжанова М. «Шығармалары»












6