Мероприятие на тему «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні»

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Қызылорда қаласы, №267 орта мектебі.

Математика пәнінің мұғалімі Байманова А.

Тақырыбы: «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні»

Мақсаты:

1. Оқушыларға Наурыз мейрамының пайда болу тарихы және қазақ халқының салт-дәстүрімен таныстыра отырып халқымыздың әдеп-ғұрпы, мәдениеті туралы толық мәлімет беру.

2. Оқушыларды халқымыздың дәстүріне, әдеп-ғұрыпқа байланысты ұлағатты сөздерінің мәніне қарай және жақсылық пен ақ ниетке толы бабалар жолын жалғастыруға баулу.

3. Оқушыларды елін, Отанын сүюге, патриоттық рухта және ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: газет, нақыл, қанатты сөздер, дастархан, суреттер көрмесі, кітаптар көрмесі

Барысы:

1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, жер жүзіндегі халықтардың бәрінің де түрлі мейрамдары бар. Шығыс халықтарының сондай мейрамдарының бірі-Наурыз.

Дәстүрімізге айналған Ұлыстың ұлы күні –Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа жыл келді. Той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін!

2-жүргізуші: Досқа құшақ ашайық,

Өлең-жырға басайық.

Қазақтың бір салты деп

Тойға шашу шашайық.

Уа, халайық, халайық!

Ақ сандықты ашайық,

Бұл мереке бұл тойдың

Шашуларын шашайық! (шашу шашылады)

1-жүргізуші: Наурыз –көктем мен еңбектің ежелгі мерекесі. Тәжіктер мұны Гүлнавруз, татарлар Нардуган, өзбектер Новруз, гректер Патрих деп атаған.Шығыс күн парағы бойынша күн мен түн теңеледі де 22-наурыз Ұлыстың ұлы күні басталады.

2-жүргізуші: Енді қазақ елі Наурызды қалай қарсы алғандығына тоқталайық. Жаңа жылда Қызыр баба үйге кірсе, ол үй ауру сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін адамдар үйін қағып-сілкіп, тазартып қоятын болған.

1-жүргізуші: 21-наурыз түні даланы Қызыр баба аралайды. Сондықтан әр отбасы дәулет дарып, бақ қонсын деген мақсатпен есіктерін ашып қойған.

(Киіз үйдің құрылымына тапсырмалар арқылы тоқталады)


Керегенің суреті. Сұрақ: Наурыз күні дегенді қалай түсінесің?

Жауабы: Наурыз –ежелгі мәдениеті дамыған елдің бірі парсының «нау» (жаңа), «руз» (күн), яғни «жаңа күн» деген сөзінен шыққан. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22-сіне сәйкес келеді.

Шаңырақ суреті. Сұрақ: Наурызнама деген не?

Жауабы: Наурызнама –шат-шадыман ойын-сауық, той. Кей жерлерде наурыз тойы деп те аталады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынады. Тойда ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі болады. Айтыс, түрлі ойындар ұйымдастырылып, көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Үлкендерден бата алынады.

Уықтың суреті. Сұрақ: Наурыз төл деген не?

Жауабы: Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады.

Есіктің суреті. Сұрақ: Наурызек деген не?

Жауабы: Наурызек – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурызегім, келдің бе?» деп шақырып жем шашады.

2- жүргізуші: Киіз үйді құрып болдық, ендеше наурыз тойымызды бастайық.

(Күй орындалады. )

1-оқушы: Наурыз түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттеріне соғымның етінен пісірілген «Ұйқыашар» деп аталатын дәм дайындаған.

2-оқушы: Ал жігіттер қыздарға айна, тарақ, иіссудан тұратын сыйлықтар сыйлаған. Оны «Селтеткізер», «Діреткізер» деп атаған.

1-жүргізуші: Наурыз жыры – наурыз мерекесінде айтылатын халық ауыз әдебиетінің бір саласы. Жыр, өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады.

(екі жақтан әзіл немесе жыр, ән,тілек айтылады)

2- жүргізуші: Наурыз жұмбақ –табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осылай аталған.Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарда жұмбақтап, өлеңдеп айтысатын болған.

(жұмбақтар жасырылады)

  1. Наурыз шешек деген не?

Жауабы: Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік. Оны үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.

  1. Қандай ырым мен тыйым сөздер білесіңдер?

Жауабы: малды теппе, ақты төкпе. Отты шашпа, күлді баспа, бүйіріңді таянба, жағыңды таянба,бос бесікті тербетпе, бесікті ашық қалдырма т.б.

  1. Наурызша деген не?

Жауабы: Наурыз айында жұп-жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық наурызша деп атайды.

  1. Сүттен жасалатын тағамдарды ата.

Жауабы: айран, ірімшік, құрт, қатық, шұбат, қымыз, іркіт т.б.

  1. жүргізуші: Наурыз тойы күні түрлі ұлттық ойындар ойнатылады. Ендеше бізде ұлттық ойын ойнайық.

(ойын ойналады)

2-жүргізуші: Бұл күні Самарқанның көк тасы жібиді дейді. Бұл да наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар.

  1. Аңызда әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22-наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді.

  2. Бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және сұраған адамы кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «Бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен.

Күй орындалады.

1 –жүргізуші: Наурыз көже- наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған тағам. Оны ет, тұз, су, тары, жеміс, құрт, сүт тағы сол сияқты тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқтыларды қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Біздің де қонақтарға арналған наурыз көжеміз бар. Соңынан дәм татыңыздар.

2-жүргізуші: Наурыз бата. Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі –осы наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы да басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата берген.

Бата беріледі.

1-жүргізуші: наурызым ғажап туысың,

Ұлыстың ұлы күнісің.

Жылыттың жердің жүрегін,

Жүрегі елдің жылысын.

2-жүргізуші: Жыр сыйлаған,нұр сыйлаған тірлікке,

Қастерледік қадіріңді білдік те.

Құтты болсын Ұлыс күні, жұмылдырған

Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке.

1-жүргізуші: наурызым –тойлы нұрлы күн,

Мерейің асып тұр бүгін.

Жерімнің жүзін жылыттың,

Елімнің сақта бірлігін. – Сынып сағатымыз осымен аяқталды. Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын. Сау саламатта болайық.