Тәуелсіздік – азаттығым, бақ күнім!
Мақсаты: Оқушыларға Тәуелсіздік туралы түсіндіру, егеменді еліміздің толағай табыстарын паш ету, ынтымақ пен татулыққа бірлігіміз жарасқан қазақ елі екенімізді мақтана айтуға, елін, туған жерін сүюге тәрбиелеу, тәуелсіздікті аңсаған ата-баба аманатына адал болуға, ұлтжандылыққа, діні мен тілін сүйе білуге үйрету, баулу.
Жүргізуші: Армысыздар құрметті ұстаздар мен оқушылар! Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік –азаттығым, бақ күнім» атты әдеби музыкалық кешімізді бастаймыз. Тәуелсіздігімізге 24 жыл толуына орай №253 орта мектеп кітапханасының ұйымдастыруымен өткізгелі отырған бүгінгі кешімізге қош келдіңіздер. Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16- желтоқсанда өз тәуелсіздігін алып дербес мемлекет болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз. Қазақстан Туымен тұғырлы, елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. (Әнұран орындалады)
Жүргізуші:
Ән: «Тойбастар»
Кітапханашының сөзі: Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі геосаяси кеңістікте танылып, дүниежүзінің саяси картасынан егемен мемлекет ретінде нық орын алды. Қазіргі кезде Қазақстан егеменді ел, тәуелсіз мемлекет ретінде әлемнің көптеген елдерімен саяси, экономикалық және мәдени байланыстарын жүзеге асыруда. Қазақстан Республикасы Президентінің 1991 жылы 16- желтоқсанда Тәуелсіздік туралы жарлығы жарияланысымен-ақ дүниежүзінің құлағы елең етіп, егемендігін алған ерікті Қазақстанды әлем мойындай бастады. Халықтың өніп-өскен топырағы Отанды қорғау қашанда ең ардақты іс болып саналған. Адамның азаматтылығы, рух биіктігінің деңгейі ата-бабасынан қалған асыл мұрасы –Атамекенін, ұлттық келбеті –ана тілін, салт-дәстүрін, өнерін қастерлеумен, осынау ұлттық игіліктердің бөгденің табанына тапталып жойылмауын қамтамасыз ететін мемлекеттік тәуелсіздікті қорғаудағы еңбегіне қарай бағаланбақ. Бұл күнде Қазақстан әлемнің өзге өркениетті елдері сияқты жаңа ғасырдың табалдырығын тең аттап отырған ел. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындата білген рухы биік қайсар елдің мекені. Тәуелсіздік! Қандай киелі сөз. Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізбек, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтардың ұрпақтарына қалдырған аманаты екені сөзсіз. Тәуелсіздіктің ең басты жемісі- еркіндік. Біз ежелден ер деген даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз, ел бірлігі жолында әрқашан намысын бермеген халықтың ұланымыз. Біз алтын күн бедерленген көк байрағын әлем биіктерінде желбіреткен бейбітшілік елдің азаматтарымыз, кең байтақ жерінде бірлігі жарасқан алуан ұлт-ұлыстардан тұратын біртұтас халықпыз! Ата-бабамыз аңсаған азаттық таң, армандаған тәуелсіз күн арайлап атып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Тәуелсіз – елдіктің киелі кепілі, келелі келешегіміздің, ұлттық татулығымыздың нышаны.
1-оқушы:
Тәуелсіздік –рухы күшті ғажап күн.
Бізге оңай келген жоқ қой азат күн.
Еркіндіктің желбіретер көк туын
Біз жастармыз, болашағы қазақтың.
Еркін елміз азаттықты аңсаған,
Тәуелсіздік, тәубе деймін мен саған.
Сақтайық деп тіл мен дінді басқадан,
Барша қазақ, мен сендерге жар салам!
2-оқушы:
«Егемен болмай ел болмас» С.Сұлтанова
Егемен болмай, ел болмас,
Егесіз жатқан жер болмас!
Сөзінен бұл бабаның,
Үлкен ғибрат табамын.
Қазақпыз біз ар-намысты, саналы,
Бір-біріне қадірлі де бағалы.
Бабалардың батасымен көгеріп,
Ұстатпаған дұшпанына жағаны.
Қазақпыз біз білмейтін бір тарлықты,
Қойдай жуас көтеретін барлықты.
Тура бидей тура жолды аңсаған,
Қазағымнан тумады ма бар мықты.
Батыр ма, би ме әлде ақындар ма.
Ғалымдар ма, шешен бе, ақылдар ма.
Қазақтың ақ сүтін берген аналары,
Қасиетін сарқып берген асылдарға.
Ата-баба жолымен салып кеткен,
Жүрген ұрпақ жеңіске қолы жеткен.
Тәуелсіз ел таңынан ол шырайлы,
Тұғырының биіктігін сұрайды.
Қазақты бүгін танып ал,
Он алты миллион саны бар.
Отыз елмен теңесер,
Жоспары бар танымал.
Жат көңілде болса-дағы сан күдік,
Қазақ үшін атты бүгін таң күліп.
Қазақ елін бар әлемге танытқан,
Тәуелсіздік жасай берсін мәңгілік!
Жүргізуші:
Алматы қаласындағы Республика алаңы –Тәуелсіздіктің тал бесігі. Осы жерде 1986 жылғы 16,17,18- желтоқсанда қанды оқиға болды. Қаншама қазақ жастары Қазақстанды ұзақ жылдар басқарып келген Дінмұхамед Қонаевтың орнына ресейлік Г.Колбиннің тағайындалуына қарсылық білдірді. Ағаларымыз тепкі көрді. Апаларымыздың бұрымынан сүйреді. Ұлттық арымызға өшпес таңба түсті. Қайрат, Ерболдай ағаларымыз, Сәбира, Ләззат апаларымыз қазақтай батыр елдің баласы екендерін бүкіл әлемге танытып құрбан болды. Сондықтан Тәуелсіздік күні көп мейрамның бірі емес. Ол ұлт намысының рухы асқақтаған күн. Ол ұмытылмайтын тарих. Қазақ жастарының ерлігі мен қайсарлығы кейінгі ұрпаққа үлгі.
Енді сіздердің назарларыңызға «Желтоқсан желі» әніне түсірілген видео слайдты бірге көрейік.
3- оқушы:
Жас арудың жанарында –Желтоқсан,
Қанды ғасыр табанында –Желтоқсан.
Қаралы өмір қайыстырған халқымның
Қара тұман қабағында –Желтоқсан.
Желтоқсан –ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке.
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсан-ау, жеткіздің ақ тілекке!
4-оқушы:
Желтоқсанның ызғарына қатысқан,
Қарапайым қазақ халқы алысқан.
Алға ұмтылған ардақты да аяулы,
Саясатқа көз бұрған.
Талай қазақ қыздары мен ұлдары
Келешектің қамын ойлап тартысқан.
Желтоқсанның құрбандарын әрқашан
Еске аламыз алаулаған оттай қып.
Қаншама адам осы үшін күресіп,
Өмірге бір басын сүйреп алысқан.
Құрбандарға бас иеміз бәріміз!
5- оқушы:
«Желтоқсан алаңы» М.Шаханов
Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер.
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер.
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға алакөк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін дара тұлға, дара бет.
Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп.
Жоқ!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылған тары боп.
Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сені бақыт, не сор іздеп табады.
..Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас. Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.
Жүргізуші: Ән «Қазақ елі осындай »
6-оқушы:
Таңғажайып атың да дәл табылды,
Табылды да талай жұртқа танылды.
Қазақ елі, көкке жетті көк туың,
Сен – тәуелсіз мемлекетсің кәдімгі!
Атты бүгін азаттықтың ақ таңы,
23 жыл Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы.
Елі текті, киелі, қасиетті, жерімнің
Құтты болсын еркіндігі, ата-баба арманы
7-оқушы:
Бойымда қайрат, тұрғанда сенім,
Құрбаның болам жолыңда сенің.
Құлпырып мәңгі жасай бер, жаса,
Сүйікті Отан, сүйкімді елім!
Қазақстан Республикам менің!
Мен қазақ болып туғаныма мақтанамын.
Өйткені мен тәуелсіз, еркін елдің ұланымын.
Бақ жұлдызым сөнбейтұғын маңдайдағы,
Тәуелсіздік тәтті ұғым таңдайдағы.
Қазақстан қарыштап күннен күнге,
Азат елдің қыраны самғайды әлі.
8 -оқушы:
Қазақ елі. Жетіскен Мәкеналы
Қазақ елі
Бейнеті мен арылмаған,
Қат күнде де пейілі тарылмаған.
Тіліне де, қарамай түріне де,
Күні түссе досындай қабылдаған.
Мәрт халық екі сөйлеп, екі өлмеген,
Жерұйыққа айналса бекер ме екен.
Қазақ жері-бақыттың Бәйтерегі,
Саясында сан адам мекендеген.
Туған жерге байланған кіндігінен,
Сығалаған Ай нұры түндігінен.
Қазақ елі қазаны ортаймаған,
Таңғалдырған әлемді бірлігімен.
Көкбөрі көгендеуге көнеді ме?!
Қазағым жетті ақыры дегеніне.
Елбасының ғажайып ерлігімен,
Толысып келе жатыр кемеліне.
Тектіліктен жаралған дерегіміз,
Ар ойлаған халықпыз, себебі, біз.
Ұрпағы бар ұлтым дер – сенеріміз,
Осындай, Қазақ елі дегеніміз!!!
Жүргізуші:
Тәуелсіз елдің тілегі – бейбітшілік, тыныштық, тірегі- татулық, болашағы – білімді ұрпақ. «Тәуелсіздік» деген – тәтті ұғым, қастерлі сөз. Әлемде соңғы 24 жылдың ішінде Тәуелсіздік туын биік ұстап алға басқан ел- Қазақстан! Ғасырлар бойы ата-бабамыздың аңсап кеткен, біздің қолымыз әрең жеткен Ұлы мерекеміз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты да қайырлы болсын!
Би: «Адай»
9 -оқушы:
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.
Ел намысын ешбір жанға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз.
Егемендік иесі – мен деген сөз,
Көптен бері естілмеген ерен сөз.
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,
Көркем жігіт болып өссе көген сөз.
Егемендік – ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
Егемендік деген сөзден естілер
Ата жұрттың арғысы мен бергісі.
10-оқушы:
Тәуелсіздік, тәуелсіздік жыр, әнім
Ел іргесі берік болсын ұраным,
Тәуелсіздік өзіңді еркін сезіну
Салт-дәстүрі қолдан түспес ұраным
Тәуелсіздік!
Не деп оны түсіндік,
Тәуелсіздік ар-ожданың кісілік
Адамға адам жолдас, бауыр, туыс боп
Ел жұртының алма құнын түсіріп.
11-оқушы:
Тәуелсіздік!
Менің байтақ Отаным.
Бір өзіңдей Мұхтар, Абай, Шоқаным
Тәуелсіздік сәбиімнің шаттығы
Тәуелсіздік ақ батасы атаңның
Тәуелсіздік!
Тәуелсіздік жыр әнім
Көк байрақ пен Елтаңба, Әнұраным
Мен өзіңнен Тәуелсіздік айналдым
Қолда еліңді, қасиетті құраным
12-оқушы:
«Мен қазақпын» Ж.Молдағалиев
Респубдика! Ерікті ел –Қазақстан,
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.
Келді алыстан аңсатып, апмандатып,
Торды бұзған мен де бір мәз арыстан.
Желдей еркін, түздей кең, таңдай азат,
Мен қазақпын деген де қандай ғажап!
Мақтан етсін халықтар халықтығын,
Жетер сан жыл шеккені малдай азап!
«Қазақпын» деп досқа айтам ұғысатын,
Мақтан етсін атақты туыс атын.
«Қазақпын» деп жауға айтам қасақана,
Біліп қойсын болса ойы жұғысатын.
Мен қазақпын қаныммен, сүйегіммен,
Сән-салтанат салтымды сүйемін мен.
Бақ орнатам басына моланың да,
Мұрагермін, оған да иемін мен.
Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.
Жүргізуші:
Бүгін біздің дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті еркін мемлекетімізді құрып Қазақстан Республикасы атанып, көк байрақ туымызды желбіретіп, әлемге әйгілі болуымыздың өзі осы Тәуелсіздікке қол жеткізуіміздің арқасы. Тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай, оны ең қымбат бұйымымыздай етіп құрметтеп, ақша қардай кіршіксіз күйінде болашақ ұрпақтар қолына аманат етіп тапсыруға тиіспіз. Тек сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болып қалмақ.
Ән: «Қазақ осы»
Жүргізуші: Келесі кезекті Тәуелсіздік мерекесіне арнап өз шығармашылықтарынан шашу шашатын жас ақындарымызды ортаға шақырамыз.
( Оқушылар өздерінің тәуелсіздік тақырыбында шығарған өз өлеңдерін оқиды)
Ән :«Жаса Қазақстан»
13- оқушы:
Мерекең құтты болсын егемен ел,
Терезең бпрлық елмен тең ерен ел.
Мерейің құтты болсын, Қазақстан,
Ғасырлар тойы болшы келе берер!
Бостпандық құтты болсын, ерікті ел,
Айдын көл, көк майсалы, көрікті жер.
Бостандықты аңсаған батырлардың
Әруағына бас ұрып тәу еткен жер.
Ел болдық егемендік, теңдік алып,
Бар әлем қазақ елін болды танып.
Қойнауы кенге толы Қазақ елі,
Жыл сайын келеді өсіп қанат жайып.
14- оқушы:
Көк жүзінде қалықтаған қыранмын,
Бейбітшілік пен бостандық – жыр –әнім.
Самғап жүрсек бостандықта, биікте
Шырқайды кең көлемде бұл әнім.
Бақтың құсы әр адамға қонып бір,
О,Тәңірім, бізді баққа жолықтыр.
Бүгін міне, Тәуелсіздік, пғайын,
Әр қазақтың жүрегі боп соғып тұр!
14-оқушы:
«Тәуелсіздік» Қ.Сарин
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше менің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
Қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшенді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Ән: «Қазағым»
Жүргізуші:
Туған халқымыздың тарихын, батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеріміздің байтақтығын, байлығын ақын ағаларымыз жырлап келеді, сол жырларды жаттап, көкейге түйіп, елімізге лайықты азамат болып өсуге міндеттіміз, басқаша болуға біздің құқығымыз жоқ, бүгінгі бақытты күніміз үшін қаншама ерлер тер төкті, жанын қиды. Сол батырларымыздың армандаған ұрпағы біздер білімді, дені сау, Отанымыздың лайықты ұл-қызы болып өсуіміз қажет.
Тәуелсіздікке қол жеткізген 24 жылдық мерекелеріңіз құтты болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Тәуелсіздік күніне арналған патриоттық кешімізді аяқтаймыз. Қош сау болыңыздар!
А Н Ы Қ Т А М А
Қызылорда қаласы
№253 орта мектебі 15.12.2015 жыл
Тақырыбы: «Тәуелсіздік – азаттығым, бақ күнім»
(16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне арналған патриоттық кеш)
Мақсаты: Оқушыларға Тәуелсіздік туралы түсіндіру, егеменді еліміздің толағай табыстарын паш ету, ынтымақ пен татулыққа бірлігіміз жарасқан қазақ елі екенімізді мақтана айтуға, елін, туған жерін сүюге тәрбиелеу, тәуелсіздікті аңсаған ата-баба аманатына адал болуға, ұлтжандылыққа, діні мен тілін сүйе білуге үйрету, баулу.
Көрнекілігі: кітап көрмесі, бейне слайд
Патриоттық кештің өтілу барысы:
Мереке 11 сынып оқушыларының орындауында «Тойбастар» әнімен ашылды.
Құттықтау сөз мектеп директорының орынбасары Ә.Жалғасбаев және мектеп кітапханашысы А.Сейдахметоваларға берілді.
Кезек оқушылардың Тәуелсіздік жайындағы өлең-жырларына берілді
Тәуелсіздік бізге желтоқсан оқиғасы арқылы келді. Осы орайда «Желтоқсан желі» әніне түсірілген видео слайд көрсетілді.
М.Шахановтың «Желтоқсан алаңы» өлеңі оқылды.
Ән «Қазақ елі осындай» 7-сынып оқушыларының орындауында
Кезек тағыда тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдерде болды.
«Адай» биі 8 сынып оқушыларының орындауында
Тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдер өрбіді.
Ән «Қазақ осы» 7 сынып оқушысы Серікбай Асылдың орындауында
Тәуелсіздік мерекесіне арнап оқушылар өз жанынан шығарған шығармашылықтарынан шашу шашты
Ән «Жаса Қазақстан» оқушысы Жантөре Даниярдың орындауында болды
Кезек тағыда Тәуелсіздік тақырыбындағы өлеңдерде болды.
Ән «Қазағым» 11 сынып оқушылары Ерлан Бегасыл мен Серікұлы Дамирдың орындауында.
Кешті директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ә.Жалғасбаев ағай қорытындылап, оқушыларға өзінің тұжырымды ойларын жеткізді.
Патриоттық кешімізге 7,8,11 сынып оқушылары атсалыса қатысты. Мектеп кітапханашысы А.Сейдахметова кітапхана оқырмандарына үлкен рахметін айтты.
Төраға: Жалғасбаев Ә
Хатшы: А.Жолаева