Сыр сүлейі - Бұдабай ғылыми жоба

Автор публикации:

Дата публикации:

Краткое описание: ...


Мазмұны

 

І Кіріспе .................................................................................................3

 

ІІ Негізгі бөлім



2. 1 Бұдабай Қабылұлының шығармашылық өмір жолы ................6

 2. 2 Бұдабай айтыстарының көркемдік ерекшеліктері ..................10

 2.3 Ақынның терең мазмұнды насихат жырлары ..........................13

2. 4 Бұдабай Қабылұлының 170 жылдық мерейтойы .....................18

 

ІІІ. Қорытынды ................................................................................21

 

ІҮ Пайдаланылған әдебиеттер ......................................................22



















Аннотация

«№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейі» КММ-нің 4 “Б” сынып оқушысы Аманбердиева Айнұрдың «Сыр сүлейі - Бұдабай» атты ғылыми жобасы XX ғасырдың қайталанбас тұлғасы, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған көркемсөз шебері – Бұдабай Қабылұлының шығармашылық өмір жолын танып-білу, оның ақындық дара тұлғасын зерттеп-зерделеуге арналады.

Жұмыстың мақсаты: Сыр еліне танымал сүлейлеріміздің бірі, дарынды, талантты тұлға Бұдабай Қабылұлының шығармашылық өмір жолымен танысу, оларға талдау жасау, айтыстары мен арнау, насихат өлеңдерін зерттеп, мән-мағынасы терең ақын жырларының қырларын аша отырып,  оларды халыққа паш ету, уақыт өтсе де құнын жоймайтын асыл мұра екендігін көрсету.

Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы: Егер, Бұдабай Қабылұлының өлмес мұралары терең зерттеліп, кеңінен насихатталса, оның жас ұрпақ берер өнегелі, тәлімді сөздері өз дәрежесінде танытыла білсе, онда жас ұрпақтың бойында ата-бабалар рухына деген, олардың атқарған істеріне деген құрметтері артып, таным қабілеттері арта түсер еді.

Зерттеудің теориялық мәнділігі: Бабалар ісін ардақтау, құрметтеу, оларды үнемі есте сақтау қажеттілігінің нәтижелілігі айқындалды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі: зерттеу нәтижесінде жинақталған материалдар болашақта Бұдабай еңбектерін әрі қарай зерттеп, зерделеймін деушіге пайдалы нұсқа, сондай-ақ мектептің тарих, өлкетану, әдебиеттану пәндерінен эллективті курстардың бағдарламасына енгізуге болады.

Зерттеудің дербестік нәтижесі:

  • Сыр сүлейі Бұдабай Қабылұлының шығармашылық өмір жолы кеңінен танытылды;

  • Ақынның танымал айтыстары, жоқтаулары мен насихат жырларын зерттелініп, талданды;

  • Бұдабай шығармашылығына Сыр сүлейлерінің берген бағасы көрсетілді;

  • 170 жылдық ақын мерейтойының маңыздылығы, құндылығы ашылды.

Жұмыстың орындалу әдістері. Ақынның шығармашылық өмірімен танысу, естеліктер жинау, ғылыми ізденіс, зерттеу, тарихи деректер жинау.






Кіріспе


                  Үш-ақ  нәрсе  адамның  қасиеті,
                  ыстық қайрат,
нұрлы  ақыл, жылы жүрек
                                                    А.Құнанбаев.


Қазақ жері – ұлы өркениеттің бастау жері.
Ұлы далада әлемді өзінің өркениетімен, мәдениетімен, өнерімен, тарихымен таң қалдырған, ер жүректігімен, батылдығымен, батырлығымен, жарты әлемді бағындарған ұлы халық мекен еткен. Бұл қаза халқы. Осындай ұлы өркениет иесі болған қазақ халқының болмыс-бітімін, асыл мұраларын, ұмыт болған тарихын қазіргі ұрпақтың жадында жаңғыртатын, санасына сіңіретін, сонымен қатар, ел тарихын барша әлемге паш ететін, өзінің әсемдігі мен жүйелілігі арқылы таңқалдыратын механизмнің бірі - ғылыми жобалар болып табылады.

Өткен тарихымызды танып білмей, болашағымызға бастар жолды айқындау мүмкін емес. Өмірдің сол күйіндегі жанды бір кесек бейнесі - өз өлкесінің өткені мен бүгінгісін көзімен көріп, қолымен ұстаған әрбір адам ертеңге ұмтылатыны анық.

Тақырыптың  өзектілігі: Жергілікті  жердегі туып өскен   талантты  тұлғаларды таныту, жұмбақ  есімдердің  өнерін  дәріптеу, жаңа есімдердің жан-жақты танылуына  байланысты  ой тұжырымдау, ой түю туған жердің төл перзенттеріне, ақын-жазушыларына деген құрмет сезімін ояту, жұртшылыққа таныстыру, адам  бойындағы  кездесетін  асыл да  құнды қасиеттерді  бағалай  білуге  шақыру. Есімі  ел есінде қалғанмен көпшілікке қыр-сыры толық мәлім болмаған  жұмбақ өнер адамына тоқталу, іздену, зерттеу арқылы  жарыққа шығару.

Бұдабай шығарма­лары­ның кең тарай қоймауының ең үлкен себебі – ауызша да, жаз­баша да жазып шығарған оның мол мұрасының сақталып қалғаны шамалы ғана болғандығында еді. Пайғамбар жасы дейтін белестен асқан шағында ауылындағы әл­де­бір дүмше молданың тіліне еріп, өзінде сақтаулы қолжазбаларын өртеп жіберген. Қазір қолға тигені оның ел аузынан жиналған, шы­ғармашылығын жоғары бағалаған жандар кезінде жазып алып өзде­рінде сақтап жүрген, сондай-ақ кейбір әдеби мұра жанашырлары әр кезде Ұлттық ғылым академия­сының Әдебиет және өнер инс­титутына, ғылыми кітапханасына өткізген азын-аулақ қолжазбалар. «Әйекені жоқтау», басқа да өлең­дері және ақынның өміріне қа­тыс­ты тартымды әңгімелер 1980 - 1990 жылдары «Бес ғасыр жыр­лайды», «Боздағым», «Айтыс», «Ел аузынан», «Әй заман-ай, за­ман-ай», 2004 жылы «Жеті ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізіл­ді.

Зерттеу мақсаты: Сыр еліне танымал сүлейлеріміздің бірі, дарынды, талантты тұлға Бұдабай Қабылұлының шығармашылық өмір жолымен танысу, оларға талдау жасау, айтыстары мен арнау, насихат өлеңдерін зерттеп, мән-мағынасы терең ақын жырларының қырларын аша отырып,  оларды халыққа паш ету, уақыт өтсе де құнын жоймайтын асыл мұра екендігін көрсету.

Зерттеудің  міндеті:   

  • Сыр сүлейі Бұдабай Қабылұлының шығармашылық өмір жолын айқындау;

  • Ақынның танымал айтыстары, жоқтаулары мен насихат жырларын зерттеп, талдау;

  • Бұдабай шығармашылығына Сыр сүлейлерінің берген бағасын көрсету;

  • 170 жылдық ақын мерейтойының маңыздылығын, құндылығын ашу.

Зерттеудегі ұстанымым:  

Ізденген  жетер  мұратқа,
       Өмірдің  өзі  сұрақ та,
       Іздене  бер, ерінбей,
       Шыдай  білгін  сынаққа, - демекші, ақын шығармашылығын халыққа таныту арқылы көпшілік  сенімінен  шығу – мен үшін баға жетпес үлкен  бақыт. 


Негізгі бөлім


2. 1 Бұдабай Қабылұлының шығармашылық өмір жолы


Өткенге шегініп, тарих беттерін парақтасақ, елі үшін қызмет етіп, ұлтқа адалдық танытқан, тәуелсіздікті аңсап, оның жолында өздерін құрбан еткен дара тұлға, елі құрметтер ел азаматтары жетерлік. Қазақ халқы қашаннан өнерге, зор мақтанышпен ауыз толтырып айтар өнер иелерінен де кенде емес. Солардың бірі әрі бірегейі – XX ғасырдың қайталанбас тұлғасы, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған көркемсөз шебері – Бұдабай Қабылұлы. Шоқтығы биік Сыр сүлейлерінің ішінде өзіндік орны бар, асыл сөздің дүрі, шын тұлпардың бірі, нұсқалы сөздің кестесі, «...Артында сөзі қалған Бұдабайдың, мергендей көзіне атқан Құралайдың» (Қайыпназар ақын), шешендік өнерге үлес қосқан, даланың даналығынан, даланың данышпандығынан үлгі алған шайырдың өнегелі өмір жолы мен артындағы ұрпақтарға ұлағат етіп қалдырған мұралары қазақ әдебиеті тарихына алтын әріптермен жазылып қалған десек, артық айтқандық емес. Кезінде «Сыр сүлейлері» атанып, айдар таққан бір шоғыр таланттардың қатарынан табылған Бұдабайдың аты өзгелерден оқ бойы оза шапқан. Бұдабай өткір сөзді [link] , сөзге шебер дарынды дүрдің бірі. Сөзіміз салмақты, айтар ойымыз орнықты болуы үшін әңгімені Бұдабай ақын өмірінен бастасақ.

Архив бумаларында Бұдабайдың немере інісі Ордаұлы Қанжар келтірген нақты деректер бойынша ақын 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы жеріндегі Керделі мекенінде туып, 1912 жылы 70 жасында сол Керделіде дүниеден өтеді, сүйегі «Әулие Тораңғыл» деген қорымда.

Қазақы шежіре дәстүрімен таратсақ, Бұдабай – Орта жүздің Қыпшақ ұлысына жатады, оның ішінде – Торы, оның ішінде – Шашты, оның ішінде – Малайдың Бектемір әулетінен. Әкесі – Қабыл, момын, қара шаруадан шыққан адам екен. Өзі айрықша қайырымды, тақуа кісі болған көрінеді. Мәселен, осы Қабылдың мал дегенде жалғыз қара нары бар екен. Отағасы сол қара нарын жетектеп, базар күндері ауылдың ортасына шығып: “Ей, кімге қандай көлік керек? Міне, менің мына қара нарымды ақысыз-пұлсыз пайдалана беріңдер. Күші – сендердікі, сауабы – менікі!” – деп айқайлап тұрады екен [1, 10-б.].

Осындай қайырымды, қарапайым отбасында туып-өскен Бұдабай жасынан алғырлық пен зеректік танытып, ауыл молдасынан оқып, ертерек хат таниды. Шығыс ақындарының өлең, дастандарын қотарып оқи бастайды. Өзінің де он төрт, он бес жасында өлеңшілік, ақындық әуестігі байқалып, ауыл-үй арасындағы той-томалақтарда қыз-қырқынға әзіл айтып, айтысып, тартысып жүреді. Ел ішіндегі аңыздарға қарағанда, оған өлең жастай қонған тәрізді. «Көп сөйлемейтін, бұйығы өскен жас бірде ұйықтап жатса, түсінде бір ақсақал келіп, «балам, өлең аласың ба, көген аласың ба?» деген екен. Ол ойланбастан «өлең аламын» деп жауап берсе керек. Содан оянса, «тау да, тас та өлең болып көкірегінде құйылып тұрған екен» деседі [2, 169-б.].

Мұндай ақындарды халқымыз «киелі, арқалы ақын» деп қадыр тұтып, қастерлеп отырған. Осы жәйтті Бұдабайдың: «Біз едік Бұдабайы орта жүздің» деген өлеңінен көруге болады:

Біз едік Бұдабайы орта жүздің,

Қандырған сөзбен мейірін алқаңыздың.

Қаумалап халық басы құралғанда,

Қозушы еді делебесі арқамыздың... – дейді.

Бұдабай ескіше сауатты болғандықтан, өлеңді жазып та, айтып та шығарады екен. Өкінішке орай, ақынның өзі дүниеден өткен соң көп ұзамай оның үйіндегі сүйек сандықта сақтаулы жатқан бума-бума қолжазбалары ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Осы оқыс оқиға жөнінде ел аузында әртүрлі жорамал бар. Соның бірі мынаған саяды. Бұдабай ақынның ауылындағы Палымбет деген қария бірде бұған келіп: “Жасың пайғамбар жасынан асып барады. Ал сен әлі күнге шейін даңғарыңды қағып, өлеңдетіп жүрсің. Шайтанның ісінен тыйылсаң қайтеді?!” – деп кейістік білдіреді. Діндар, тақуа Қабылдың баласы осы әңгімеден кейін “түзу жолға” түсіп, өлеңнен қол үзіп кеткен еді деседі. Архив дерегіне түскеніне қарағанда, Палымбет молда мен ақын Бұдабайдың арасында осындай бір әңгіменің болғанына күмән келтіру қисынсыз. Әйтеуір, ақынның сандық толы қолжазбасының ұшты-күйлі жоғалып кеткені өкінішті шындық.

Бұдабайдың жары Балторы ақылды, көркем әйел болған екен, үш қыз, бір ұл көтеріпті. Ұлы Бақберді ер жетіп, жігіттік жасқа аяқ басқанда қаза тауыпты, артында ұрпақ қалмаған. Бұдабайдың бір қызынан Кеңестік кезеңдегі белгілі жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыров туады. Ақынның өзі төрт ағайынды: інілерінің аты-жөндері Ордалы, Әйтімбет, Назар. Ақынның көзін көрген көнекөз қариялар оның ұзын бойлы, етжеңді, толық бітімді, ақсары кісі болғаны жөнінде деректер қалдырған. Өзі күнделікті шаруа-тұрмысқа икемсіз, мал жинамаған, кедей торылау өмір кешіпті. Мұны оның ауқатты туыстарына қаратып жазған хаттарынан да аңғару қиын емес. Мәселен, “Мәлібекке” деген өлеңінде:

Мәлібек болысымыз, жаздым арыз,

Көбейіп Бұдабайда кетті қарыз.

Қыз ұзатып, балаға қалың бермек –

Ата мен анасына екен парыз.

Бір келін алайын деп жүруші едім,

Соған да келмей жатыр халім нағыз.

Әр жерге өлең жаздым басты-басты,

Көбейіп қарыз-қауға, қарным ашты.

Жайымды саған айтпай, кімге айтайын,

Әрі бай, әрі болыс, әрі Шашты? –

деп шағынғандай болады. Осындай ақын­дарды осылай сөйлетіп қойған сұм заман-ай!

Жалпы, Бұдабай Қабылұлының мол мұрасы бізге толық жетпегенмен, оның творчествосы өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарының өзінде ғалымдар­дың назарын аударып, ғылыми айналымға кіре бастаған. Сол жылдарда ақынның ел арасынан жиналып, жазылып алынған өлеңдері Қазақстан Ғылым академиясы­ның қолжазба қорына тапсырылыпты. Бұл іске мұрындық болғандардың алғы сапында белгілі түрколог Ә.Қоңыратбаев тұрса, одан кейін О.Шипин, И.Жылқайдаров, М.Байділдаев, Б.Адамбаев т.б. бар еді. Бірақ Бұдабай ақын шығармаларының толық нұсқасы тұңғыш рет 1994 жылы басылып шыққанын айтуымыз керек. (Бұда­бай Қабылұлы. Шығармалары. “Мұрат­тас”, 1994, Алматы).



2. 2 Бұдабай айтыстарының көркемдік ерекшеліктері


Қазақтағы айтыс өнері – өзге халықтарға бұйыра бермеген тәңірдің ұлтымыздың таланына бере салған киелі өнер. Рас, мұндай сөз қағысы, суырыпсалмалық қасиет ежелгі грек жұртында да болғанын тарихи жылнамалар растай алады.

Ел асып, шет жұрт мұраларын атамай-ақ қоныстас, қоралас ағайындардың өнерімен теңдессек те қазақтың суырыпсалмалық қасиеті таразы басып кететінін сала ғұламалары (М.Әуезов, С.Мұханов, Қ.Жұмалиев, т.б.) бұлтарыссыз дәйектермен сан рет сараптаған. Олардың талдауы бойынша қазақтың айтыс ақындары қай дәуірде болмасын сөз жарысы үстінде қоғамдағы әлеуметтік күйкі көріністерді ашық, бұлтартпас дәлелдерді алға тоса отырып, сынап отырған. Айтыс үстіндегі екі ақын бір-бірінің қара басындағы кемшілігін айтумен шектелмей, елдеріндегі болымсыздықтардың бетін ашып, сол арқылы қарсыласының осал тұсын көздеп, қапияда сүріндіруге ұмтылған. Мұндайда айыбын ақтар айғақпен жауап бере алмаған ақын сөзге тоқтап, жолынан жығылған. Қазақ сөзге тоқтады, уәжге бас иді деп осыны айтқан.

Бұдабай да айтыс дегенде шашасына шақ жұқтырмас ақтаңгер еді. Оның ішінде халық арасына кеңірек тарағаны – Бұдабай мен Қарлығаштың сөз бәсекесі. Бір өкініштісі – деректерде әлденеше айларға созылған деп айтылатын осы ұзақ айтыстан біздің заманымызға ауызша жеткені қысқалау үзіндісі ғана. Соның өзінде де Қыпшақ айтыскері Бұдабай мен Қаңлы айтыскері Қарлығаш қыздың уәжге, қалжыңға, уытқа толы ақындық қуаттары анық байқалады.

Қарлығаш айтады:

Жүзіме күлімдеген қуанасың,

Балаша жылап қойған жұбанасың.

Саңдалмай сен тезірек жөніңді айтшы,

Қаңғырып қайдан жүрген дуанасың?

Бұдабай айтады:

Бұдабай менің атым, түбім – Шашты,

Өлеңмен ерітемін қара тасты.

Жарымай әріптеске жүргенімде,

Құдайым кез келтірді Қарлығашты.

Айтыс бірте-бірте өрлей береді.

Қарлығаш айтады:

Дегенде өзіңбісің, Бұдабайым?

Басында жаулығы жоқ құдағайым.

Сен өзің еркекпін деп көп есірме,

Бір күні алып кетер “тәжік” байың.

Бұдабай айтады:

Қарлығаш, бір сөз айтсам қасарасың,

Көзіңе долылықпен жас аларсың.

Кісіні жарап жүрген қатын дейсің,

Адамдай ұстап көрген қасабасын.


Мансұр (Нартайдың ағасы, белгілі ақын, Сыр сүлейі) мен Нартайға ақындық, әншілік өнер нағашы жұртынан, анасының қанынан дарығаны кәміл. Нартайдың өз анасы Бақтыгүл де асқақ әнші, жүйрік ақын, шашасын шаң шалмас шешен болған. Ол қыз күнінде бүгінгідей тойхана-сахнасы жоқ қазақ ауылдарындағы той-думандарының гүлі болған. Мерекелік басқосулар онсыз тарамайды екен. Ән шырқалған, әзіл-ілмеде де ешкімді ілестірмеген. Қыз-жігіттердің айтысында Бақтыгүлге ешкім шақ келмеген. Сөзімізді сүбелендіре түсу үшін Нартайдың анасының ақындығын айғақтайтын бір мысалды тілге тиек ете отырайық.

Бақтыгүл бірде иінағашқа екі шелек іліп көлден су әкеле жатады. Осы сәт бұрымы бұралып, сызыла басып бара жатқан қызды көріп атақты Бұдабай ақын оны сөзге тарту үшін:

Қамысы мына көлдің буын-буын,

Ойпырмай, мына қыздың мүлдем қуын.

Қолында екі шелек, бір тостаған,

Қоймадың сен-ақ тасып көлдің суын, - деп өлеңдетіп қоя береді.

Егделеу бөгде адамның тосын тіл қатқанына Бақтыгүл әдепкіде таңғалып, іркіліп тұрады да әдеппен былай деп жауап береді:

Болғанда азбан - буға, тентек - дұға,

Семірер қайғысыз жан қара суға.

Шешеңнің күбідегі айранындай,

Итаршы ғып кім қойды сені суға?

Өйдөйт деген! Мынадай сөз шыққан анадан асыл бала туар ма?! Тек алтын шыққан жерді белден қазғанның адаспасы анық. Анасы да, баласы да, халқы да адасқан жоқ [2, 7].

Нартай өзінің алдындағы аға буын Бұдабай Қабылұлы және туған ағасы Мәнсүр ақындарды ұстаз тұтқан. Он жеті жасынан жыр төгіп, ән салған. Нартай мектебі шәкірттерінің айту мәнері күллі қазақ арасында өзгеше, дара екені де баршаға мәлім.



2.3 Ақынның терең мазмұнды насихат жырлары


Бұдабайдың бүкіл шығармасын көктей өтіп, зер сала қарасақ, оның өмірі мен өлең-толғаулары ел бірлігі мен татулықты, ізгілік пен достықты, әділдік пен шындықты, жалпы адамгершілікті жырлауға бағытталған. Оның арнау өлеңдері де аз емес. Бірақ соның ешқайсысы қазіргі кейбір ақындарша арзан


Ғылыми жоба жалпы қойылатын талапқа сай дайындалған.Уорд нұсқасы, аңдатпалар, пікірлері, күнделігі және көрнекі жасалынған тұсаукесері (презентация) ғылыми жобаның құрылымы жүйеленген толық нұсқасын құрайды.



Ғылыми жобаның толық нұсқасын talshin.ukoz.net сайты

арқылы ала аласыз!






13