Өлеңті жалпы орта білім беретін мектебі
Тақырып: ОЙЫН ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП, ОҚУШЫЛАРДЫҢ
ЗЕЙІНІ МЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ
Орындаған: Ибраев Б.Е.
ОЙЫН ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП, ОҚУШЫЛАРДЫҢ
ЗЕЙІНІ МЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ
Егеменді елдің ертеңі оқу – білімнің тереңдігімен өлшенеді. Толассыз өзгеріп тұрған заман қабілет пен қажеттіліктерді үздіксіз дамытуды талап етеді. Егеменді еліміздің еңсесін тік ұстап, ел мерейін үстем етіп, оны әлем елдерімен терезесін тең дәрежеде дамытатын бүгінгі оқушы- ертеңгі азамат деп сенім артатындықтан, сапалы білімді, саналы азамат тәрбиелеу ісі- білім беру саласының еншісінде. Сапалы білім ел экономикасын, саясатын әлем алдында бәсекеге қабілетті қоғам болуға апаратын бірден - бір жол. Бұл бағытта білім берудің әр түрлі нұсқаудағы мазмұны, құрылымы ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялары, технологиялары бар. Осы жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру және оқытудың әдіс- тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру мұғалімдерге қойылатын басты талаптардың бірі.
Қазіргі мұғалім әрбір сабаққа, тақырыпқа және әр топтың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқытудың әр түрлі әдістері мен формаларын таңдай білуі қажет. Сонымен қатар оқушыларды өзіндік жұмысқа үйрету, олардың ізденісін ұйымдастыру және кейбір материалдарды кең көлемде беріп, тәрбиелік мақсатқа жету үшін де оқыту формаларын таңдай білу керек. Бір сабақтың өзінде қолданатын әдістерді кезектестіріп, оқушыларды шаршатпай, материалды қызықты жеткізе білуді де ескерген жөн. Мамандықтың қайсысы болмасын физиканы оқыту маңызды әрі міндетті пән болып табылады. Оқушылардың ой- өрісін көтеру, дүниетанымын қалыптастыруда бұл пәннің маңызы зор. Дегенмен, оқушыларының физикаға деген көзқарасы біршама төмендеп, қызығып оқымайтын пәндер қатарында. Осы жағдайдан арылу мақсатында физика курсын оқытуда ойын әдісін пайдаланған жөн деп есептеймін.
Ойынның сабақ барысындағы басты мақсаты - білім беруді ойынмен ұштастыру. Оқушының ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды.
Ойын арқылы оқушы:
- Қисынды ой- қабілетін дамытады;
- Өздігінен жұмыс істеуге үйренеді;
- Есте сақтау қабілеті дамиды;
- Зейіні қалыптасады;
- Байқампаздығы артады;
- Ойынның ережесін бұзбау, яғни тәртіптілікке үйренеді;
- Бір- біріне деген сенімдері артады, достыққа, ынтымақтастыққа баулиды;
- Ең бастысы сабаққа қызығушылығы артады;
Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері - мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ілтипатпен тыңдап, жемісті, сапалы меңгеруіне сенімді көмекші бола алады. Өйткені, оқушылар жас ерекшеліктеріне байланысты, әсіресе бірінші курс оқушылары ойынға өте ынталы келеді. Балалар тез сергіп, тапсырмаларды тез әрі қызығып орындайтын болады. Ойын технологиялары әлі де білім беру саласында жаңа инновация болып табылады.
Педагогикалық технология ұғымы түрлі педагогикалық ойын түрлерін педагогикалық процесте әдістер мен тәсілдердің кең көлемді топтарын біріктіреді, оның жалпы ойындардан ерекшелігі оқытуда нақты мақсатының қойылуымен және оның оқу-танымдық бағыты сипатталған, негізі салынған педагогикалық нәтижесіне сай анықталады. Негізгі бетбұрыс оқушы білімінің сапасын арттыру, ол дегеніміз түпкі нәтижені көре білу, яғни окушыға берген біліміміздің қайтарымын көру. Ол үшін сабаққа топтағы оқушының барлығын қызықтыра отырып қатыстыру қажет. Ал ойын элементтері кез-келген оқушының қызығушылығын тудырады. Тіпті нашар оқитын оқушының өзі ойын арқылы берілген тапсырмаларды асқан қызығушылықпен, белсенділікпен орындайды.
Ойын сабақтың басында – өткен сабақты еске түсіреді, ортасында көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Соңында тақырыпты бекіту, сабақта алған білімді жинақтау мақсатын көздейді. Ойындар оқушылардың ой - өрісін дамытып, ойлау қабілетін арттырумен қатар, үйретілген, өтілген тақырыптарды саналы да берік меңгеруге үлкен әсер етеді. Ойын оқу пәндерінің мазмұнымен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана дұрыс нәтижелер береді.
Ойын арқылы оқушылар:
- Нақты қызмет тәжірибесін меңгереді;
- Оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса отырып, қиын есептерді өз бетінше шешуге үйренеді;
- Уақытты үнемдеуге үйренеді;
- Оқушылар үшін психологиялық жағымды;
- Ойын нәтижесі, өз жетістіктері, алған әсерлері, білімі, дағдысы жөнінде оқушылар ата- аналарымен, өзге достарымен, мұғалімдермен көбірек әңгімелеседі, кітапханада өз бетімен ізденуге, қажетті материалдарды іріктей білуге үйренеді.
Өз тәжірибемде оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту барысында интерактивті тақтаны пайдалана отырып түрлі ойын ұйымдастырамын. Мысалы «Бұл кім?» ойыны ғалымдардың портреттерін көрсету арқылы қай ғалым, ол жайында не білетіні, қандай заңдылықты ашқандығы туралы сұралады, ал «Кім жылдам?» ойынын пайдаланып формуланың қатесін тез табу, түзету немесе формуланың оң жағы мен сол жағын табу арқылы дұрыс формуланы табу оқушыны шапшаң ойлауға жаттықтыру болып табылады.
«Сөзжұмбақ» шешуді жиі пайдаланамын. Тарауды оқып болған соң, сол тарауға қатысты сұрақтармен сөзжұмбақ құрастырылады. Бірінші болып дұрыс шешкен оқушы бағаланып отырды, сондықтан балалар бәрінен бұрын жауабын табуға тырысып, ол үшін өтілген материалды үнемі қайталап жүруді әдетке айналдырады. Тіпті кейде сұрақ дұрыс қойылмаса немесе түсініксіз болса дұрыс жолын ұсынуға ұмтылады. Олардың шеберлігі артып өздері де үйде сөзжұмбақ құрастырып оны сабақта пайдаланамыз. Оқушылардың сөзжұмбақтарды көптеп құрастыруы және шешуі нәтижесінде олардың алғырлық, тапқырлық шеберлігі шыңдалып, өз бетінше жұмыс істеу дағдысы қалыптасып, сабаққа деген ынтасы артады.
Халық жасаған мұралар сан алуан. Солардың бірі ұлт ойындары. Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қарау керек. Ұлт ойындары отбасы тәрбиесінен бастап, жеке пәндерді оқыту барысында қосымша материал үшін, оқушының сол пәнге қызығушылығын арттыру үшін пайдалануға болады. Физика сабағында халықтық педагогика негізінде ұлттық салт-дәстүрлерді уағыздап, жас ұқпақ санасына дарытуды, осы арқылы пәнге деген қызығушылығын арттыруды мақсат етемін. Біріншіден ойын сергіту сәті болса, екіншіден оқушылар ойынға қатысу үшін өз білімдерін үнемі толықтырып отырады. Үшіншіден өтілген материалды қайталау тұрақты түрде жүзеге асады. Бұдан оқушы есінде көп нәрсе қалары сөзсіз. Себебі, қайталау – оқу анасы. Қалай десек те, оқушылар санасында халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерін қалыптастыру үшін және оқушылардың ғылымға, білімге деген ынталарын арттыру үшін де физика сабағында ұлттық ойындарды пайдаланудың берері көп, маңызы зор. Енді осы ойындарды қалай өткізуге болатынына тоқталайын.
1. «Алтын қақпа» ойыны. Ойын үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі «Темір қақпа» сұрағы жеңілдеу болады. Екінші кезеңі «Күміс қақпа» ол екінші деңгейлік сұрақтан тұрады.Үшінші кезеңі «Алтын қақпа» үшінші деңгейлі сұрақтан құралады. Үш қақпа сұрағын тапқан оқушы жеңімпаз атанады.
2. «Аламан бәйге» жарысы. Ойынға барлық оқушы қатысады. Сұрақ барлық оқушыға қойылады, кім бұрын қол көтерсе, сол жауап береді. Әр дұрыс жауапқа бір ұпайдан беріледі. Немесе осы ойынды басқа түрде өткізіге де болады. Әрбір оқушы қағазға физикалық шамалар мен формулалар жазады. Ойынға 5 не7 минут уақыт беріледі. Уақыт біткенде кімнің көп жазғанына байланысты баға қойылып, қорытындыланады. Ең көп жазған оқушы бәйгенің жеңімпазы болып есептеледі.
3. «Арқан тартыс» ортаға екі жаққа теңдей сұрақтар беріледі, қай топ көп сұраққа жауап берсе, сол топтың күші басым екені айқындалады. Сонымен, ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды. Ал мұғалімнің міндеті - балаларды ойынға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету. Ойын мен адам мәдениетінің өзара байланысы ғылыми түрде анықталды. Олардың тұлғаны дамытудағы маңызы анықталды, оның психологиялық және әлеуметтік факторлармен келісімі жөнінде кең қарастырылуда. Бүгінгі оқушы кешегі оқушы емес, олар айналада болып жатқан құбылыстар мен өзгерістердің бәрінің себебін білгісі келеді. Ал оны түсіндіру, мұғалімнен білімділік пен біліктілікті талап етеді.
Өзінің саналық ғұмырын ағарту ісіне арнаған ұлтымыздың ұлы ұстазы А. Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыру дағдысы»- деп бағалаған еді. Ол үшін мұғалім қазіргі заманға лайық, өзінің білім беру ісінде рухани , шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технологияларды меңгерген, білімі мен білігі жоғары ұлағатты тұлға болуы міндет.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қалығұлов А.Ж. «Физиканы оқыту методикасы»
2. Петров А. В. «Ойын әрекеті арқылы белсенділікке баулу»