А.М.Горький атындағы мектеп-лицейінің
дене тәрбиесі пәні мұғалімі
Өтелгенова Ләззат Қосайқызы
Мен таңдаған мамандық
Эссе
Мамандықтың бәрі жақсы. Соның ішінде өзіңнің сүйіп таңдаған мамандығыңа жететін шіркін, не бар дейсің?! Мен таңдаған мамандық – ол бала жанының бағбаны мұғалімдік болатын. Бала кезгі арман - дәптер тексеру, үлкен сөмкеге небір қолдан жасалған плакаттарды салып, кез-келген заттан бір пайдаға жарарлық көрнекілік жасау және оны өз шәркірттеріне апарып көрсетіп, риза қылып, әрдайым бір қалыпты киім киініп мектеппен үйдің ортасына жол салған анашымның қалпы еді.
Күндер, жылдар өте мен спорт секцияларына қатысып, жетістіктерге жете бастадым. Міне, осы спорт саласын таңдауыма үздік жаттықтырушы, мектептегі дене тәрбиесі пәнінің өз дәрежесінде өткізілуіне себін тигізген тағы бір керемет адам - Жұмабаев Қанат Қошқарбайұлы болатын. Ұстазға деген құрметті сезіне отырып, өзімнің бала кезгі арманыма қол жеткізетініме сенімді болдым. Осылай дене тәрбиесі пәні мұғалімі мамандығын таңдадым. «Дене тәрбиесі пәні мұғалімі боламын» деген кезде көптеген, мені білетін адамдар немқұрайлы қарады. Бірі: «Ол - мамандық па?» - десе, бірі: « Жарайды ғой...» - деген ишара білдірген болатын. Мен болсам - «Ертең мен мұғалім боламын» - деп, түсіндіріп әуремін.
Мұғалімдік мамандықтың не екенін тек қана оны шын ниетімен жасаған адам ғана білетінін бірінші тәжірибелік сынақтан өткенде түсінген едім. Нағыз еңбекке араласқаныма 2 жылдың жүзі болды. Мен өзімді ерекше сезінемін: өйткені, менің қолымнан барлығы келеді. Мен - сынып жетекшісімін. Қарамағымда - он бес оқушым, оған қоса, ата- аналарым бар. Оқушыларға арнап баскетбол, жеңіл атлетикадан үйірме жүргіземін. Мектепшілік, аудандық, облыстық сайыстарға оқушы дайындап, бәйгеден жүлделі орындарға да қол жеткізіп келемін.
Оның барлығы бір тылсым күштің әсері болар. Өз мамандығын шын сүйген адам міндетті түрде нәтижелі еңбек көрсетеді.Үлкен маман иесі болу үшін, қызметіңді жүрегіңмен сезіне білуің керек. Мен өзімнің математика, қазақ тілі пәнін өз дәрежесінде қаншалықты жүргізе алмасам, сол пән иелері де менің шын ғашық дене тәрбиесі пәнін жүргізе алмайтындығына сендіре аламын.
Әрбір пән иесі өзінше шебер.