№3 Сарамандық жұмыс
«Қазақстанның екі аумағының климат көрсеткіштерін салыстыру»
Қазақстанның ең жылы айы – шілде (оқулықтан шілде айының орташа температурасы картасын қараңдар). Шілденің орташа температурасы республиканың солтүстігінде (Петропавл) +19°С, оңтүстігінде (Дарбаза) +28–30°С. Жазда жылудың таралуына күн сәулесінің түсу бұрышы мен жер бетін қыздыру қарқыны әсерін тигізеді. Сондықтан оңтүстікке барған сайын ыстық арта түседі. Ең жоғарғы температура солтүстікте +41°С, ал оңтүстікте +47°С-тан аспайды. Биік таулы аймақтарда жоғары көтерілген сайын шілденің орташа температурасы төмендейді. Мысалы, Алматыда ол +22,3°С, Медеуде +18,5°, Күйгенсайда +14,6°С, Үлкен Алматы көлі ауданында +11,4°С болады. Тауларда орташа айлық температураның қоршаған ортаның жылы болатындығына қарамастан, кейбір кездері температура 0°С-тан төмендеп, салқын түсіп, үсік жүретін күндер де кездеседі.
Жылдық орташа температуралық ауытқуы (амплитуда) республиканың солтүстігінде 38–40° болса, оңтүстікте ол 30–35°. Қазақстанның солтүстігінде температураның тәуліктік ауытқуы едәуір. Қаңтар айының орташа тәуліктік ауытқуы – 9°С, ал жазда ол +13°С-қа дейін көтеріледі. Оңтүстігінде орташа тәуліктік ауытқу қаңтар айында – 9°С, шілде айында +19°С. Жаздағы ең үлкен тәуліктік ауытқу шөлдерде байқалады, онда 30°С-қа дейін жетеді.
Қазақстанның жылы маусымдағы температуралық режимі оның мезгіл-мезгіл ауытқып отыратынына қарамастан егін шаруашылығына қолайлы.
Жаңа сабақты бекіту 1. Алматы, Петропавл, Қызылорда қалаларының жылдық температурасы мен жауын-шашынның өзгеру диаграммаларын салыстыру. Айырма себептерін түсіндіру.
2. Оқулықтың 99 бетіндегі сурет бойынша Қазақстанның бірнеше қалаларындағы ылғалдану коэффициентін анықтау.
Қорытындылау
1. Қазақстан аумағында жауын-шашын мөлшері қанша мм аралығында ауытқиды?
2. Ең аз мөлшері қанша және қай жерде, ең көп мөлшері қанша және қай жерде? 3. Қандай атмосфералық құбылыстарды білесіңдер?
Тапсырмалар:
Тақырыпты қайталау сұрақтары мен тапсырмалары:
1) Қазақстанның климатын қалыптастырушы факторларын анықтаңдар.
2) Қазақстанның аумағы қандай климаттық белдеуде жатыр?
3) Қазақстанның климатын қандай ауа массаларының типтері қалыптастырады?
4) Қазақстанда қандай ең жоғарғы (максимум) және ең төменгі (минимум) температура байқалады?
5) Қазақстанның әр аймақтарында жыл маусымдарына байланысты жауын-шашын қалай таралған? Неліктен?
6) Қазақстанның қай аймағында жауын-шашын көбірек, қай аймағында азырақ түседі? Неліктен?
7) Биік таулы аймақтардағы климаттың қандай ерекшеліктері бар?
8) Климат адам өмірі мен шаруашылық әрекетіне қалай әсер етеді?
9) Климатпен байланысты қандай қауіпті атмосфералық құбылыстарды білесіңдер?
10) Агроклиматтық қорлар дегеніміз не? Олар қалай пайдаланылады?
11) Республика жерінде қандай ауыл шаруашылық дақылдары өсіріледі?
2. Дәптерлеріне карта бойынша климат сипаттамаларын жазады.
Үйге тапсырма:
1. Қазақстанда ауа температурасының өзгеруі.
2. Қазақстан аумағында орташа жылдық температураның таралуы, оның себептері
3. Климат картасына қарай отырыпең суық және ең жылы айлардағы ауа температурасының таралу заңдылығын анықтау